Оның құрылысына «Теңізшевройл» ЖШС «Игілік» әлеуметтік бағдарламасы арқылы қаржы бөлді. Төрт қабатты жатақхана бөлмелері күнделікті тұрмысқа қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда студенттермен бірге жас отбасылар да тұра алады. Әр қабатта 4 теледидар мен 12 автоматты кір жуу машинкасы бар.
– Өңірдегі 24 техникалық және кәсіптік білім беретін колледждерде 15 мыңнан астам студент білім алады. Олардың жатақханаға сұранысын 2022 жылға дейін шешуді көздеп отырмыз. Елбасының «Бес әлеуметтік бастама» Үндеуіндегі тапсырмасына сәйкес, 2018 жылы арнайы жол картасы қабылданды. Соның аясында екі жатақхананың құрылысы аяқталды. Ал Атырау қаласы және Индер мен Жылыой аудандарында колледж жатақханалары салынып жатыр, – деді аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов.
Қазір аталған колледжде 773 студент оқиды. Оның 189-ы – ауылдық елді мекендердің жастары. Сондай-ақ инженер-оқытушылар құрамындағы 93 маманның жиырмасы өзге өңірлер мен ауылдардан келіпті.