Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров азаматтарды тексеру және оларды сайлаушылар тізіміне енгізу бойынша жүргізілген жұмыс жөнінде баяндады. Отырыс қорытындысы бойынша ОСК-ның сайлаушыларға арналған үндеуі мен сайлаушылар тізіміне енгізу тәртібі туралы БАҚ-та, өңірлердегі қоғамдық орындарда, ресми интернет-ресурстарда жарияланған ақпараттық плакаттар қабылданды. Биылғы 10 қараша мен 10 желтоқсан аралығында «азаматтарды сайлаушылар тізіміне енгізу туралы» бейнеролик республикалық телеарналарда 623 рет, ал радиостансалардың эфирінде 642 рет жарық көрген. Бұдан бөлек, халықты құлақтандыратын ақпарат баспасөз беттерінде және интернет-ресурстарда жарияланған. Бұл ақпарат 47,6 млн рет онлайн қаралған.
Өңірлерде жергілікті атқарушы органдар азаматтарға өзінің сайлаушылар тізіміне енгені туралы ақпарат алатын call-орталықтар ашқан. Call-орталықтар сайлау науқаны басталғаннан бері жұмыс істеп келеді, осы уақыт ішінде оларға 42 мыңға жуық өтініш келіп түсті. К.Петров осы жылдың 26 желтоқсанынан бастап әрбір азамат тиісті сайлау комиссияларының сайлаушылар тізімінен өзі туралы деректерді тексеруге құқылы екенін хабарлады. Азаматтар тізімге енгізілмегені, тізімнен шығып қалғаны немесе сайлаушы туралы деректерде қате кеткеніне шағымдана алады. Дауыстарды санау басталғаннан кейін сайлаушылар тізіміне өзгерістер енгізуге тыйым салынады. Демалыс үйлері, санаторийлер, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелері, алыс мал шаруашылығы учаскелеріндегі, тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау изоляторларындағы, сондай-ақ шет мемлекеттердегі Қазақстан Республикасының өкілдіктері жанындағы сайлаушылар тізімдері сайлаушыларға танысу үшін дауыс беретін күнге дейін бес күн бұрын беріледі және бір күн бұрын нақтылануы тиіс.
Отырыстың екінші мәселесі бойынша ОСК мүшесі Анастасия Щегорцова баяндама жасады. Оның сөзіне қарағанда, 2020 жылғы 22 қазанда сайлауды халықаралық бақылау институты ашылған сәттен бастап Орталық сайлау комиссиясы 4 халықаралық ұйымнан және 5 шет мемлекеттен 86 байқаушыны тіркеген. 22 желтоқсандағы жағдай бойынша Орталық сайлау комиссиясына Сыртқы істер министрлігінен аккредиттеуге 4 халықаралық ұйымнан және 14 шет мемлекеттен тағы 190 бай-
қаушының кандидатурасы ұсынылды. 4 халықаралық ұйымнан барлығы 167 байқаушы бар. Олардың ішінде ТМД байқаушылары Миссиясының құрамында – 142 байқаушы, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының құрамында – 9 байқаушы, ЕҚЫҰ/ДИАҚБ сайлауды байқау жөніндегі шектеулі Миссиясында – 2 байқаушы; ШЫҰ-дан бақылаушылар Миссиясында 14 байқаушы бар.
14 мемлекеттен аккредиттеуге 23 үміткер ұсынылды, оның ішінде: Әзербайжан, Мажарстан, Испания Корольдігі, Норвегия Корольдігі, Ресей Федерациясы мен Франциядан – 1 байқаушыдан, Армения, Индонезия, Өзбекстан, Түркия, Үндістан, Филиппин және Швейцариядан – 2 байқаушыдан, ал Румыниядан 3 байқаушыны тіркеуден өткізу ұсынылған. Жиын соңында ОСК мүшелері халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің байқаушыларын аккредиттеу туралы қаулы қабылдады. Осылайша, 2020 жылғы 22 желтоқсандағы жағдай бойынша 276 халықаралық байқаушы тіркелді.