Аталған шара 24-25 желтоқсан күндері Түркиядағы Тоныкөк ескерткішінің 1300 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-онлайн симпозиум аясында өткізіліп отыр. Айта кетейік, симпозиумды ЮНЕСКО Түркия Ұлттық комиссиясы және Памуккале университеті ұйымдастырған.
Ғалым Мырзатай Жолдасбековтің түрік тіліне аударылған бұл кітабында Ұлы дала әдебиетінің көне дәуірдегі арғы тегі мен даму кезеңдері, кейіннен кемелденген жауһар мұра ретінде жер-жаһанға танылуы, жанрлық түрлері байып, жаңа заманға ұласқан сөз өнеріміздің алуан түрлі дәстүр сабақтастығы терең зерттеліп, жан-жақты пайымдалады. Автор Ұлы дала әдебиетінің мың жылдан астам бұрынғы тасқа таңбаланған ежелгі мәтіндерін, қағазға түскен орта ғасырлардағы нұсқаларын, сонымен бірге ХХ ғасыр бедерінде ауызша үлгіде дамыған төкпе ақын-жыраулық поэзияның тұңғиық табиғатын кешенді түрде жүйелеп, сараптайды.
Бес бөлімнен тұратын бұл еңбекті түрік тіліне Түркияның Памуккале университетінің оқытушысы PhD докторы Жазира Отызбаева тәржімалаған. Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы бастамасымен іске асқан аударма жұмыстарын Еуразия Жазушылар одағы басып шығарған.
Тұсаукесер рәсіміне Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор, белгілі ғалым Шәкір Ибраев, филология ғылымдарының докторы, профессор Шаймерденова Нұрилә, PhD докторы Гүлім Шәдиева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қобызшы Әлқуат Қазақбаев, т.б. зиялы қауым өкілдері қатысты.