Ұлттық орталықтың ғылыми-әдістеме жөніндегі орынбасары Қайыржан Күзембаевтың айтуына қарағанда, 13 ғасыр бұрын жасалған қасиетті кітаптың көшірмесін Түркия елінің Ыстанбұл қаласында ірге тепкен Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу халықаралық ғылыми орталығы (IRCICA) 2018 жылы сыйға тартқан көрінеді.
Бұл жәдігер ауызекі тілде «Оспан құраны» деп аталады. Өйткені, бұл кітап мұсылман әлемінің үшінші халифасы Оспан Аффан тұсында жасалған. Себебі, ислам діні жарты әлемге тарағандықтан, араб емес халықтарға Құранды дұрыс оқыту үшін қырағат қажет болды. Сөйтіп, бірінші халифа Әбу Бәкірдің кезінде хатқа түсіріліп, екінші халифа Омардың қызы Хафсаның қолында сақтаулы тұрған жалғыз Құран жеті нұсқамен (қырағат) көбейтіліп, мұсылман діні жеткен жерлерге жіберілген.
Кезінде бұл кітаптың бір данасы Османлы империясының сарайында, екіншісі Басрада сақталғаны жайлы дерек бар. 1402 жылы Әмір Темір Османлы сұлтаны Баязидті талқандап, қайтарында Басраның орталық медресесінде тұрған кітапты Самарқанға алып келген екен. 1868 жылы қала орыс отарлаушыларының қолына өткен тұста, шіркеу қызметкерлері қасиетті кітапты қолға түсіреді. Кітап ақыры Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы фон Кауфманның қолына тиеді. Ол кітапты Санкт-Петербургтегі Империал қоғамдық кітапханасына жолдайды. Қазан төңкерісінен кейін Құран РСФСР Халық комиссарлары Кеңесінің төрағасы Лениннің шешімімен Бүкілресейлік мұсылман кеңесіне жіберіледі. Одан кейін 1941 жылы кітап Ташкентте Өзбекстан халқының тарихи мұражайына беріліп, мұнда 1989 жылға дейін тұрыпты. Кітаптың тұпнұсқасы қазір Өзбекстан Республикасының діни басқармасы орналасқан Барақ хан медресесінде сақтаулы тұр.
Ал Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының қорында тұрған көшірме Ыстанбұлдың «Топ Капы» мұражайында сақталған нұсқа. Бұл жәдігер куфи каллиграфиясымен жазылған, 408 беттен тұратын, салмағы 10 кило, көлемі 40 х 44,5 сантиметр мөлшерінде – ислам мәдениетінің тарихы үшін аса құнды жәдігер ретінде қадірлі.