Саясат • 25 Желтоқсан, 2020

Сыртқы саяси зерттеулер институты қызметінің 2020 жылға арналған қорытындылары қаралды

266 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Сыртқы саяси зерттеулер институты» АҚ-ның 2020 жылғы жұмыс нәтижелері туралы қорытынды отырысы болды. Оған Институттың директорлар кеңесін басқаратын Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров және Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сыртқы саяси зерттеулер институты қызметінің 2020 жылға арналған қорытындылары қаралды

Шара аясында «ССЗИ» АҚ Басқарма Төрағасы Айымдос Бозжігітов Қазақстан үшін елеулі қызығушылық тудыратын өзекті проблемалар бойынша ағымдағы жылы Институт жүргізген көлемді және жан-жақты ғылыми-талдау жұмысы туралы хабардар етті.

Еліміздің сыртқы саясатының өзекті бағыттарын іске асыру бойынша практикалық ұсынымдарды әзірлеу кезінде басшылыққа үнемі ұсынылатын және назарға алынатын болжамдық-талдау құжаттарының сипаты сөз болды.

Аталған құжаттардың ауқымы геосаясат, экономика, энергетика, адам құқықтары, экология, көші-қон, қауіпсіздік салаларын, екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың басқа да бағыттарын қамтыды.

Сенат Төрағасының орынбасары өз сөзінде Институттың жұмысына оң баға беріп, тәжірибелі дипломаттардан, соның ішінде төтенше және өкілетті елшілерден тұратын оның ұжымының жоғары кәсібилігін атап өтті.

Аталған жұмыс елдің 2020-2030 жылдарға арналған сыртқы саясат тұжырымдамасының ережелеріне негізделеді, ол қазіргі заманғы сын-қатерлер тұрғысынан алғанда іс-қимыл бағдарламасы болып табылады. Осыған байланысты алдағы жылы Институт ел басшылығы қойған міндеттер аясында жұмыстың басым бағыттарын анықтауға тиіс.

ТМД мемлекет басшылары кеңесінің отырысында сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің өзектілігін атап өтіп, «мемлекетаралық қатынастардың шиеленісу және өзара сенімсіздік жағдайында орнықты даму мен ілгерілеу мүмкін емес» екенін атап өтті.

«Қалыптасып отырған жағдайда аумақтық тұтастық пен егемендікті қамтамасыз ету, әсіресе оларды мазмұндық тұрғыдан байыту мәселелері ерекше назар аударуды талап етеді. Шекара маңы байланыстары, трансшекаралық су ресурстарын бірлесіп пайдалану, есірткі трафигіне қарсы күрес, адам саудасы желісі бойынша өңірлік ынтымақтастықты жетілдіру де аса маңызды. Жоғарыда аталған күн тәртібі Мемлекет басшысының АӨСШК-ті Азиядағы қауіпсіздік пен даму жөніндегі толыққанды ұйымға айналдыру жоспары аясында ерекше маңызға ие болып отыр», - деді А.Шәкіров.

Министр М.Тілеуберді жыл қорытындысын шығара отырып, Институттың жаһандық саясаттағы, әлемдік экономикадағы және халықаралық қауіпсіздіктегі өзекті трендтерді зерттеудегі қызметінің жоғары нәтижелерін атап өтті. Сондай-ақ, елдің ұлттық мүдделерін тиімді қорғау үшін әлемдік және өңірлік процестерге жоғары сапалы ғылыми-зерттеу сараптамасын жүргізудің маңыздылығына тоқталды.

Институтқа ҚР-ның шетелдердегі мекемелерімен, сондай-ақ ұқсас шетелдік зерттеу орталықтарымен тығыз және тұрақты байланыс орнату ұсынылды.

Кездесу қорытындысы бойынша «ССЗИ» АҚ өзін елдің сыртқы саяси бағытын сараптамалық тұрғыда қолдау жөніндегі «ақыл-ой орталығы» ретінде көрсете білді деген ортақ пікір айтылды.