Саясат • 28 Желтоқсан, 2020

Жемісті жылдар, жеңісті жолдар немесе цифрлар сөйлесе...

339 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Зулаған уақыт... Күні кеше сияқты еді, депутаттық көк куә­лік­ті қолға ұстап, өзімізге бөлінген кабинеттерге орналасып, Парламентке жаңа келген әріптестерімізбен танысып, етене араласып-құраласып жатқанымыз. Жаңа шақырылымдағы алғашқы кеңейтілген отырыс, алғашқы комитет жиналысы, алғашқы жұмыс тобы, алғашқы фракция жиналысы... Бәрі де көз алдымызда. Келесі жылдың басында, қазіргі Мәжілістің өкілеттік мерзімі бітіп, жаңа сайлау өткізілген кезде сол күндерге дәл бес жыл толады екен. Жалпы, кезекті шақырылымдағы Мәжілістің өкілеттігі оның бірінші сессиясы ашылған күннен басталып, жаңа шақырылған Мәжілістің бірін­ші сессиясының жұмысы басталған күні тоқтатылатыны белгілі. Жұмысымыз жалғасып жатыр. Әйтсе де, жаңа жылдың алдында тұрғанда өткен кезеңге қайта бір қайырыла қарап, алдын ала қорытындыларды шығара бастауға қазірдің өзінде әбден болады деп те ойлаймын.

Жемісті жылдар, жеңісті жолдар немесе цифрлар сөйлесе...

Өмірдің қай саласында да уақыт деген зулап өтеді ғой, ал оның осындай жауапты қыз­мет­те жүргеніңде тіпті бө­лек­­ше сезі­летінін анық айтамын. Пар­ла­мент елдің барша халқы мен өңір­лерінің өкілдерінен сай­­ланған өкі­летті орган екені белгілі, сон­дық­тан да биліктің үш тар­ма­ғы­ның бірі ретінде мұнда жұ­мыс­тың қайнап жататынын бұ­рын­нан мемлекеттік қызметкер бол­ғандықтан жақсы білетінмін. Соның өзінде де парламенттік қызмет­тің қаншалықты қауырт­тығын, қаншалықты жауапты­лы­ғын дәл осы жылдарда сон­ша­лық­ты сергек сезіндім дей ала­мын.

Әрине Мәжіліс сынды аса ауқымды құрылымның жұмысын бір адамның көзімен ғана қарап сөз ету қиын-ақ. Сондықтан тек цифрларды сөйлетіп көрейік.

Алтыншы шақырылым ке­зін­де Парламенттің қос пала­та­­сының 23 бірлескен отыры­сы өткізіліпті. Оларда Қазақ­с­тан Республикасының Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назар­баев­тың, Мемлекет бас­­шы­­­сы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың Қазақстан халқына Жол­дау­лары жария етілгені, ел өмі­ріндегі ең маңызды мәселе­лер­дің қарал­ға­ны, сондықтан да орны бөлек екені белгілі. Осы жылдарда Мәжілісте 61 рет «Үкімет сағаты», 6 рет Парламенттік тың­­дау, 70 дөңгелек үстел, 18 кон­ференция өткізілген екен. Мұн­дай ірі ауқымды іс-ша­ра­­лардың әрқайсысы қандай­лық тыңғылықты дайындықты талап еткенін көзіқарақты әрбір адам біледі. Бүгінде бұл тетік­тер Мәжіліске атқарушы би­лік­тің жұмысына бақылау жа­сау құқын барынша тиімді пай­да­ла­нуға мүмкіндік беріп отыр дей аламыз. Осы арқылы Мем­ле­кет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаевтың пәрменді Пар­ла­мент қалыптастыру туралы тұжы­рым­дамалық тапсырмасы тың­ғы­лықты орындала бастады деу­дің артықтығы болмайды. Бұл бағыт­тағы жұмыстың алда­ғы шақыр­ылымда да жалғаса түсе­рі­не сенеміз.

Осы бес жылға жуық уақыт ішінде Мәжілістің 186 кеңей­тіл­ген отырысында 1207 заң жоба­ларына тікелей қатысты мәсе­ле қаралыпты. 1207 мәсе­ле... Бір сан, бір сөз. Тіпті сөйлем деуге де ауыз толмайды. Ал осы­лар­дың әрқайсысы қан­шама қиын­дық­қа түсетінін, қаншалықты дайынға қажет ететінін, жүйке жұқар­та­тынын шамалау қиын емес. Солардың ішінде алты бірдей кодекстің қабылданғанын ерекше атау керек. Әлеуметтік салаға осы жылдары бөлекше назар аударылды, көп балалы отбасыларға жаңа жәрдемақылар белгіленді, атау­лы әлеуметтік көмектің пішіні өзгертілді, педагог мәртебесі тура­­лы, бейбіт жиналыстар туралы заңдар қабылданды. Заң жобасын салалық комитеттің (Мәжілісте жеті комитет бар) отырысының өзіне дайындау үшін қаншалықты жұмыс атқарылатынын көзге елестетіп қараңыз: тапсырылған тақырыпты шұқшия зерттеп, арнаулы әдебиетті оқып, тиісті министрліктен талдамалы материалдар алдыртып, мамандарды шақыртып, ақылдасып жатамыз, лауазымды тұлғаларға сұрақ қойып, жауап алып, бір жауапқа көңіл толып, бір жауапқа көңіл толмай, кейде тіпті қайтадан жиналамыз. Ал Парламент депута­ты ретінде Мәжілістің кеңей­тілген отырысына мәселе дайын­дау­дың, қаралатын заң жобасын жеріне жеткізіп әкелудің жауапкершілігі тіпті басқа. Жо­баны жеріне жеткізудің қан­ша­лықты қиындығын мынадай мысалдармен-ақ айтуға болады. Жекелеген заң жобалары бойынша жұмыс тобының отырыстары қырықтан астам рет өткізілген кездер бар. Бұл не деген сөз? Бұл сол жұмыс тобының апта сайынғы отырыстары шамамен бүкіл сессия бойына, яғни он­ шақты айға созылған деген сөз. Экологиялық кодекс солай да­­­йындалды. Әр жұмыс тобының отырысы аз дегенде екі жарым-үш сағаттай уақыт алатынын (төрт сағатқа созылған отырыс­тар­ды да білеміз) ескерсек, сонда бір заңның жобасын алдын ала талқылауға 120-дан астам сағат уақыт кеткен болып шы­ға­ды. Бұл айтуға ғана оңай. Ол оты­рыстардың стенограммалары жүздеген бетті құрайды. Кейбір заң жобаларына депутаттар тара­пы­нан енгізілген түзетулер саны 900-ге жуықтаған екен. Халықты қатты толғандырған маңызды құжат Денсаулық сақтау кодексі болды. Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Зәуре Аман­жо­лова жетекшілік еткен жұмыс тобы Үкіметтен келген жобаға 715 түзету енгізген. Оның сыртында ілеспе заңдарға енгізілген 160 түзету тағы бар. Мәселенің көкейкестілігіне байланысты аз уа­қыттың аясында жұмыс тобы­ның 42 отырысы өткізілген. Қатты талқыланған сондай жобалардың бірі – Экологиялық кодекске 715 түзету енгізілген.

Заң жобасына мұншама көп түзету енгізілуі екі жайды көрсе­те­ді. Біріншісі – Үкімет тара­пынан келіп түскен жоба­ның шикілігін, екін­шісі – депутаттардың жауап­тылығын. Бір ғана мысал кел­тірейік. Күні кеше ғана, 23 жел­тоқсанда өткізілген кеңей­тіл­ген отырыста Мәжіліс Төра­ға­сы Нұрлан Нығматулин мем­ле­кеттік сатып алу туралы заң­ның Үкіметтен түскен жобасына түзетулер енгізу арқылы өткі­­зіл­меген деп табылған сатып алу бойынша бір көзден сатып алу жөнінде шарт жасасу мүмкіндігін жоюға тура келгенін айтып, салалық министрді сынады. Нұрлан Зайроллаұлы бұған шенеуніктердің конкурстық құ­жат­­тамаларды сапасыз дайын­дауы­ның салдарынан жол беріле­ті­нін, конкурсты өткізілмеді деп тану арқылы бір көзден сатып алуға жол ашылатынын қадап айтып, заңға депутаттар енгізген түзетулер мемлекеттік сатып алу­­дың тиімділігін арттыратынын, түптеп келгенде сыбайлас жемқорлықтың жолын кесетінін атап көрсетті. Жалпы, Төрағаның әр мәселеге егжей-тегжейлі қа­рай­­тыны, қай тақырыпты да қо­па­ра зерттейтіні, әр сөзін шегелеп сөйлейтіні біздің бәріміз үшін мемлекетшілдіктің мағыналы мектебі болды деп разылықпен айта аламыз. Ол кісінің биылғы «Үздік парламентарий» атануы осы сөзіміздің бір дәлелі дер едік. Төрағаның іскерлігі мен беделі 2019 жылғы күзде Еуропа мен Азия елдері парламенттері спикерлерінің IV кеңесін өткізу кезінде де келісті көрінді. Сол алқалы жиынға қос құрлықтың 65 елінен парламенттік делегациялар келгені, олардың 41-ін парламент спикерлері басқарғаны, сондай-ақ 14 халықаралық парламенттік ұйымдар басшылары қатысқаны көп жайды аңғарта алады.

Парламент жұмысы ана­ғұр­лым ашық бола түсті. Мысалы, қазір жұмыс топтарының отырыстарына депутаттар ғана қа­тыс­пайды. Соңғы төрт жылда заң жобаларын талқылайтын жұмыс топтарының құрамына саяси партиялардың өкілдері, азаматтық қоғам белсен­ділері, салалық мамандар, сарап­шы­лар тартылып, олардың пікір­ле­рі ескеріліп жүр. Кейінгі кезде Мәжілістің кеңейтілген отырыс­тары ғана емес, салалық коми­тет­тердің отырыстары да жекелеген сайттарда, порталдарда онлайн түрде көрсетіледі. Үйде немесе жұмыста интернет қосып қойып, Мәжілісте қандай мәселе қарастырылып, кімнің нендей пікір білдіріп жатқанын, қай минис­­трдің сұ­рақ­тарға қалай жа­уап беріп тұр­ға­нын тікелей бақылап отыра аласыз. Заң шығару процесі көз алдыңызда өтіп жатады. Заң жобаларын жетілдіру барысын­да тек бұқаралық ақпарат құрал­да­рындағы айтылған ойлар ғана емес, әлеуметтік желілердегі ком­менттер де ескеріледі. Неге? Бұл – заң. Құқықтық мемлекет заңмен өмір сүреді. Заң да­йындау барысында сөйлемнен, сөзден тұрмақ, үтірден қате­ле­су­ге болмайды. Иә, орнымен қо­йыл­маған үтірдің өзі заң мәтіні сияқты аса маңызды құжатта мағынаны бұрмалап тұруы әбден мүмкін. Сондықтан да депутаттар заң жобаларына барынша ықтияттылықпен, жауап­ты­лықпен қарайды. Бір бап­тың төңірегінде бірнеше сағат­қа созы­латын пікір алмасу, тіпті кейде қызба-қызу таласқа түсу бо­лып тұрады. Сон­дай жағ­дай­да да халық қалау­лы­ла­ры­ның дискуссия мәдение­ті­нің шегінен шыққан кезін көрген емеспіз. Оны мен Мәжілістегі депутаттық этика жөніндегі комиссияның жетекшісі ретінде жақсы білемін.

Өткен мерзімде Мәжіліс ұзын саны 487 заң жобасын қа­рас­тыр­ған, соның 431-і қабыл­да­нып, Сенатқа жіберілген. Олардың 390-на Мемлекет басшысы қол қойып, күшіне енген. Бұл – ұлан-ғайыр, ұшан-теңіз жұмыс.

Депутаттардың ортақ іске жана­­­шырлығы уақыт талап ете­тін заңдарға қозғау салудан да кө­­рінеді. Айталық, осыдан біраз жыл бұрын бір топ депутаттар «Волонтерлік қызмет туралы» заңның қажеттілігі жөнін­­де мәселе көтерген еді. Ондай заң­на­маны құрудың өзек­ті­лігі мен уақтылылығы осы институт­тың қарқынды дамуымен және бұл қыз­меттің жеткілікті дәреже­де но­р­мативтік-құқықтық рет­тел­­меуімен байланысты еді. Кейін­нен ол заң дайындалды да, қабылданды да. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды Волонтер жылы деп жариялады. Жаһанды жайлаған пандемия жағдайында еліміздегі волонтерлер қозғалысының қан­дай­лық пайда көрсеткенін бәріміз білеміз.

Мәжілістегі пар­­тиялық фрак­ция­лардың рөлі ар­ту­да. Пар­ла­мент­тік плюрализм орнығып келе­ді. Же­келеген заң жобалары бо­йын­ша белгілі бір саяси фракция мүше­лерінің қарсы дауыс беруі де қалыпты жай деп қараймыз. Бар­лық мәселеде бірауызды болу міндетті де емес. Сондықтан да Мәжіліс регламентіне жа­қын­­да енгізілген өзге­рістер мен тү­зе­ту­лерде «пар­ламенттік көп­ші­лік» және «парламенттік оппо­зи­ция» ұғым­дары ойластырылып отыр. Қа­­зақстан халқы Ассамб­лея­сы­ның 30 адамдық депутат­тық тобы Парламентте елеулі ұйыстырушылық міндет атқа­ру­да. Оның құрамына бар­лық фрак­ция­лардың өкілдері, еш­қандай партияда жоқ депутаттар енген.

Жұмыстағы тағы бір жаңа­лық­ты бөлекше айтқымыз келеді. Бүгінде Мәжіліс Үкіметтен түсе­тін заң жобаларын күтіп отырумен, келген құжаттармен жұмыс істеумен шектелмейді. Соңғы кезде депутаттардың заңға бастама болу өкілеттілігі анағұрлым артып келеді. Негізінде, алтыншы шақырылымда бұл істе шын мәнінде сілкініс болды деудің де еш артығы жоқ. Неге осылай деп сеніммен айтып отырмын? Себебі осы шақырылымда Мәжіліс депутаттарының өздері 60 заң жобасын жазып шықты. Неге «сілкініс» деген сөзді қол­да­нып отырмын? Өйткені осы бір шақырылымдағы депутаттар жазған заңдар саны бұнан бұрынғы бес шақырылымның бәрін қосқандағы депутаттар жазған заңдардың санынан да артық... Бұған қосымша тү­сі­нік­те­ме беріп жату қажетсіз, әрине.

Парламенттік қызметтің нақ­ты танылар бір қыры – де­пу­­тат­тық сауалдар. Үкіметке жол­­­дан­­ған 1149 сауалдың әр­қай­сы­сын­да соны дайындаған халық қалаулыларының мәселені ба­йыппен зерттеуі, көпшілік үшін көкейкесті мәселені дөп ба­сып табуы, проблеманы дер кезінде көтере білуі жа­­тыр. Әріптестеріміз Нұр­тай Сабильянов, Омархан Өк­сікбаев, Кәрібай Мұсырман, Артур Платонов, Павел Казанцев, Аманжан Жамалов, Мұрат Темір­жанов, Ирина Аронова, Азат Перуашев, Меруерт Қаз­бекова, Ирина Смирнова, Айқын Қоңыров, Шакир Хахазов жолдаған са­уалдар дәйім кәсі­би деңгейінің биіктігімен ерекше­ле­ніп тұрады. Сауалдарға қайтары­ла­тын жа­уаптар да нақтылы, пәр­менді бола түсуде. Жылжытпа жауап­тарға қа­нағаттанбаған жағ­дай­да мәсе­ле­ні нақтырақ қарауды талап етіп, қайтадан жауап алдыртатын депутаттар да баршылық. Мен осы мақаланы жазу үшін аппараттан сұратқан мәліметтердің ішінде депутаттарға келген хаттар саны да бар еді. Бұл жағынан да қыруар шаруа атқарылыпты – депутаттар атына 23700 хат түсіп, олардың бәрі де тиісті орындарға жолданған, тиісті жауаптар алын­ған, хат иелері хабардар етіл­ген. Осы бес жылда өңірлерге 14 рет шығып, ұзын саны 17 мыңнан астам кездесу өткізген екенбіз, оларға 1 миллион 140 мың адам қатысыпты. Елмен етене араласуымыз биылғы пандемияға байланысты біршама бәсеңсігені рас, бірақ бұған қылар қайран да болмай тұр. Айтқандай, Мәжіліс аппараты күрделі эпидемиялық ахуал жағдайында да күнделікті жұмыстың кідіріссіз жүруіне қа­жет­ті жағдайдың бәрін жасады. Zoom жүйесі арқылы жұмыс топтарында, комитеттер отырыс­та­рында тиісті министрліктер, ко­митеттер өкілдерімен байла­ны­суымыз, баяндамаларын тың­дауы­­мыз, сұрақ қойып, жауап алуы­мыз қиындыққа түспеді.

Осы бес жылда ауыз толтырып айтарлық жақсы жаңалық, жанымызды жадыратар жетістік – Мәжілістің мемлекеттік тілді қол­дануында шын мәнінде бет­бұ­рыс жасалғандығы. Алтыншы шақырылымда Мәжілісте қазақ тілінің қолданылуы 64 пайызға жетті. Иә, бұл – шын мәніндегі бетбұрыс. Мысалы, төртінші ша­қырылымда бұл көрсеткіш 40 пайыз болған екен. Тағы да құр­ғақ сандардың өзін сөйлетейік. Тағы да салыстыра айтайық. Осы бес жылда Мәжілістегі 550 баян­да­маның 495-і мемлекеттік тілде жасалыпты. Бұл – 90 пайыз­дық көрсеткіш. Баяндамалар бо­йын­ша мұндай көрсеткіш төр­тінші шақырылымда 60 пайыз, бесінші шақырылымда 70 пайыз болыпты. Қосымша баяндаманың 550-нің 392-сі мемлекеттік тілде жасалыпты. Бұл – 71 пайыздық көрсеткіш. 3020 сұрақтың 1632-сі қазақша қойылыпты, яғни 54 пайызы. Төртінші ша­қы­рылымда 1151 сұрақтың 362-сі (23 пайызы), бесінші шақы­ры­лымда 1891 сұрақтың 702-сі (37 пайызы) қазақша болған екен. Айтқандай сұрағын мемле­кет­тік тілде қоятын өзге тілді әріп­тес­теріміздің қатары да қалың­дай түсуде. Мысалы, Ирина Унжакова, Снежанна Имашева, Наталья Жұмаділдаева, Наринэ Микаелян сұрақтарын қазақ тілінде қойып, қазақ тілінде сөй­леулері үйреншікті жағдай бол­ды. Сол депутаттардың бі­­рі­­­­нің сұрағына орысша жа­­уап қай­тарған қазақ азаматына Нұрлан Зайроллаұлы: «Өзіңіз ойлап қараңызшы, сізге кім қай тілде сұрақ қойып тұр, ал сіз қай тілде жауап қайтарып тұрсыз? Намыс бар ма өзі?» дегенде залда отырған біздің жүзіміз ұяттан жанып кетіп еді. Қазақша таза сөйлейтін Геннадий Шиповских, Шаймардан Нурумов, Фах­рид­дин Қаратаев сияқты ба­уыр­ларымыз да мемлекеттік тілдің беделін көтере түсуге септесуде. Тиісінше қазақша қойылған сұраққа қа­зақ­ша жауап қайтару да артып келеді: 1202 рет жауап қазақша қай­тарылған. Бұл – 40 пайыздық көрсеткіш. Мұндай көрсеткіш төртінші шақы­ры­лымда 20 пайыз, бесінші шақы­рылымда 28 пайыз болып­ты. Өсім айқын. Айырма көзге ұрып тұр. Сонымен бірге қазақ­ша қойылған сұрақ пен қа­зақша қайтарылған жауаптың па­йыздық айырмасы (54 пай­­­­­ыз­ ­­­бен 40 пайыз) анық көрінеді. Мұнда екі себеп бар. Біріншісі – объективті. Өзге тілді лауазым иелерінің бәрі бірдей жауапты қазақша қайтаруға қабілетті емес қазірше. Ол түсінікті жай. Екіншісі – субъективті. Ұлты қа­зақ лауазымды тұлғалардың арасында да беті шімірікпей, «Разрешите мне ответить на русском языке...» деп бастап, баяғы салып алған соқпағымен тарта беретіндері баршылық. Сондайлардың бірі «Я отвечу на доступном, понятном языке» деп сөйлей жөнелгенінде әріптесіміз Сауытбек Абдрахмановтың сол ме­зетте сөз сұрап, «Қазақ тілі мы­на сіздейлер үшін ғана «қол­же­тім­сіз, түсініксіз» тіл» деп тыйып тастағаны есімізде. Ал­дағы кезде де елім деген, тілім деген депутаттар осы ұста­ным­нан айнымайтынына сенеміз. Әрине біз келтірген деректердің мемлекеттік тілдің Парламенттегі қолданысы жылдан-жылға артып келе жатқанын, әсіресе соңғы бес жылда бұл істе едәуір сілкініс болғанын даусыз дәлелдейтіні анық.

Сырттан қарағанда бәрі оңай көрінеді. Парламенттегі жұ­мыс­ты да жеңіл санайтындар табылады. Депутаттық мін­дет­тің салмағын Парламент мү­ше­сінің міндетін бірнеше жыл қата­рынан атқарған адам ретінде өзім­нің нақты білеті­нім анық. Сондықтан да бұл эстафетаны біздің қолымыздан алатын бола­шақ депутаттардың баршасына мемлекетшілдік, аза­мат­тық бел­сен­ділік, кәсіби іскерлік, қоғам­дық жауапкершілік тілей­мін. Осы жылдарда біздің бәрі­міз үшін өнегелі өмір мек­тебі болған Мәжіліске разы­лы­ғымызды біл­ді­реміз, алда­ғы кезде де сая­сат­­тағы сабақ­тас­тық сақталып, отан­дық пар­ла­ментаризмнің Елба­сымыз қалыптастырып берген дәстүрлері дами беретініне сене­міз.

 

Қуаныш СҰЛТАНОВ,

Мәжіліс депутаты