Саясат • 29 Желтоқсан, 2020

Меркельдің орнын кім басады?

241 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Германияның «Христиан демократиялық одағы» партиясы (CDU) 2021 жылғы қаңтарда конгресс өткізіп, партияның жаңа көшбасшысын сайлайды. Сондай-ақ жаңа басшы келер жылы өтетін канцлерді сайлауға түседі. Қысқасы, немістер қаңтар айында канцлер Ангела Меркельдің ізбасарын анықтайды.

Меркельдің орнын кім басады?

Бір қызығы, Меркель ханымның мерзімі аяқталып келе жатқанымен, Германияда оның танымалдылығы бірнеше есе арта түсті. Мәселен, өт­кен айда жүргізілген сауалдамаға сүйенсек, оны қолдайтындар саны 70 пайыз­дан асып түсіпті. Жауап берген­дер­дің көпшілігі канцлердің коронавируспен күрестегі еңбегін жоғары бағалаған.

Дегенмен, 2021 жылдың қазанында Ангела Меркельдің өкілеттігі аяқ­талады. Содан кейін ел тізгінін кім ұста­­мақ? Оның ізбасары кім болмақ? Қазір Германияны осы сұрақ мазалап тұр. Әсіресе таяуда телеарналардың бірі­не сұхбат берген канцлердің сөзі пікір­таласты одан әрі дамыта түсті. Сұх­бат барысында журналист «Бәлкім, кей­де осы қызметте қала бергенім дұ­рыс болар еді деген ой келе ме?» деген сұрағына Меркель «жоқ» деп қыс­қа қа­йырған. Осылайша, ізбасарға қатыс­ты болжам қызу талқыға ұласып жатыр.

Әу баста қазіргі канцлер өзінің ізбасары ретінде қорғаныс министрі Аннеграт Крамп-Карренбауэрді таң­даған еді. Бірақ CDU партиясының ішін­де қолдауға ие болмағандықтан, ол ұсы­ныстан бас тартты. Негізі Аннеграт ханым 2017 жылдан бері партияның төрағасы қызметін атқарып келген еді. Осылайша, CDU-дің тізгінін ұстауға тартыс қыза түсті.

Қазіргі таңда Меркельдің жолын жал­ғаудан үміткер үшеу. Олар: Гер­манияның ең халқы көп өңірі – Сол­түстік Рин-Вестпалия премьер-министрі Армин Ласчет, Бундестаг­тың сыртқы істер комитеті төрағасы Норберт Роеттген және заңгер Фридрих Мерц.

Жалпы, «Христиан демократиялық одағы» партиясының көшбасшысын таңдау қиынға соғып тұр. Аннеграт Крамп-Карренбауэр лауазымынан бас тартқаннан кейін көп ұзамай коронавирус пандемиясы басталып, партия ішілік сайлау жайына қалды.

Жоғарыда Меркельдің ізін жалғай­тын үш кандидаттың тізімін келтірдік. Дәл қазір солардың қайсысы озып шығатынын дөп басып айту қиын. Жалпы, Ангела ханым Армин Ласчетті дұрыс көреді. Коронавирус індеті жаппай тарағанға дейін ол туралы ел ішінде жылы пікір қалыптасқан-тұғын.

Бірақ пандемия бәрін өзгертіп кетті. Мәселен, Солтүстік Рин-Вестпалия штаты вирустан қатты зардап шекті. Аймақта дертке шалдыққандар саны күн санап артып жатқан кезде Ласчет локдаун енгізуге асыққан жоқ. Оның үстіне, алғашқылардың бірі болып ка­ран­тиндік шектеу шараларын жеңіл­детуге кірісті. Осылайша әп-сәтте тұр­ғындардың наразылығына ұшырады.

Сарапшылардың пайымдауынша, Ласчеттің коронавирусқа жол бермеу жөніндегі әрекеттері оның көшбасшылық қабілетіне нұқсан келтірді. Нәтижесінде, оның партия төрағасына сайлану ықтималдылығы күрт төмендеген.

Норберт Реттген мен Фридрих Мерцтің де асығы алшысынан түсіп тұрғаны шамалы. Әйтсе де кейінгісі сауалдамаларда қарсыластарына қара­ғанда бір саты жоғары тұр. Оның үстіне, Мерц өзінінің либералды көз­қарасымен белгілі. Бірақ партияның ішінде аса танымал емес.

Қысқасы, Германияның келесі канц­лері кім болатыны әзірге жұмбақ. Өйт­кені Ангела Меркель секілді  сая­сат­керді алмастыру екінің бірінің қолы­нан келе бермейтіні белгілі. Бас­қасын айтпағанда, ірі халықаралық жиын­дарда, жоғары деңгейдегі кездесу­лерде үнемі қызғылт-сары бешпет, қара шалбар киіп жүретін Ангела Меркельді әлемдік қоғамдастық салмақты саясаткер, қажымайтын қайраткер ретінде жақсы біледі.

Кез келген мәселеде өз елінің мүд­десі­мен қатар, Германия мүше болып табылатын Еуропалық одақ­тың да мүддесін қорғаудан әсте шарша­ған емес. Сондықтан болар, оның ұсыны­сы­мен одақ құрамындағы елдердің басшылары да санасады.

Ангела Меркель Германия тарихында канцлерлік қызметке сайланған тұңғыш әйел және ол осы жоғары лауазымды атқарғандардың ішіндегі ең жасы. Сондай-ақ саясаткер ГФР канцлері болып төрт мәрте, «Христиан-демократиялық одағы» партиясының жетекшілігіне қатарынан тоғыз рет сайланған тұлға.