ЛОНДОН – Биыл бұған дейінгі сәтсіз әрекетіміздің сазайын тарттық. Коронавирус пандемиясы көктен түскен жай оғындай оқиға емес. Керісінше, ол – адамзаттың қолынан жасаған апат, өте нашар және қауіпті дағдыларымыз бен шектен шыққан әрекетіміздің салдары.
Бәрін былай қойғанда, коронавирустың жарқанаттардан адамдарға жұғуы – жаппай урбанизацияның, жан-жануарлардың өмір сүретін ортасын қиратуымыздың «жемісі». Ал індеттің тез таралуы шектен шыққан индустриализация, тоқтаусыз сауда және заманауи саяхат дағдыларына тікелей қатысты. Сондай-ақ әлем елдерінің тізе қосып, бірлесе әрекет ете отырып дағдарысты еңсере алмауы да биліктің гипер-жаһанданудан әлдеқайда кейін қалғанын көрсетеді.
Мұндай сәтсіздіктер пандемия басталмай тұрып-ақ белгілі еді. Көптеген елде халық ұлтшылдарды, популистік ұстанымдағы басшыларды қолдап, олардың бейберекет әлемге қатысты шешімдерді уәде еткеніне сенді. Бірақ биыл өте қиын жыл болғанына қарамастан, 2021 жылдан мол үміт күттіретін 5 себеп бар.
Біріншісі және ең бастысы – АҚШ президенті Дональд Трамптың сайлауда жеңілуі. Таңертең оянғанда әлемдегі ең әлеуетті адам туиттердегі парақшасында ұйықтап жатқаныңда тағы не жазып қойды екен деп уайымдамаудың өзі бір ғанибет. Көп ұзамай АҚШ тізгіні сенімді қолға тиеді. Оған қоса президенттікке сайланған Джо Байденнің жеңісі Американың әрекетін болжауға мүмкіндік жасап, әр шешіміне жауапкершілікпен қарауына әсер етіп қана қоймай, әлемнің түкпір-түкпіріндегі демократияны өркендетуге үлес қосады.
Еуропаның өз Трамптары – Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан мен Польша премьер-министрінің орынбасары, де-факто басшысы Ярослав Качиньский Трамптың жеңілісінен кейін жетім қалғандай күй кешті. Еуропалықтарды келер жылы бірнеше саяси дода күтіп тұр. 2021 жылы Нидерланд пен Германияда, 2022 жылы Францияда сайлау өтеді. Осы бәсекелерде популистік партиялардың тарих толқынына жармасуына мүмкіндігі аз. Ұлыбританияда майталман саяси флюгер, премьер-министр Борис Джонсон жаңа саяси желге ілесіп, бағытын өзгертуге кірісті. Трамптың жеңілісінен кейін ол ақырында «Брексит» бойынша популистік гуру атанған Доминик Куммингсті қызметінен босатты. Сөйтіп, Трамптан кейінгі әлемде жаңа бағыт ұстанатынын аңғартты.
Келер жылдан күтетін тағы бір үміт – COVID-19 вакциналары қолдануға әзір. Екпе егу бірден бұрынғы қарапайым өмірімізге біртіндеп оралуға жағдай жасайды. Оған қоса вакциналарды әзірлеудегі әрекетіміз халықаралық ынтымақтастықты қолдауға тағы бір себеп. Ең алғашқы екпені әзірлеген BioNTech компаниясы екенін көргеннің өзі ерекше сәт. Өйткені компанияны Еуропалық одақ қаржыландырады, негізін қалаған түбі түрік Германияның екі ғалымы. Кейінгі кезде жиі талқыланып жүрген «вакцина ұлтшылдығы» қаупін ескерсек, адамдардың өзімшілдік емес, халықаралық ынтымақ осы індет пен басқа да жаһандық дағдарыстардан шығатын жол екенін көргені маңызды.
Алдағы жылдан күтетін үшінші үмітім – климаттың өзгеруіне қатысты серпіліс бар. Көптеген сарапшы атап өткендей, климаттың өзгеруі коронавирустан да қиын дағдарысқа әкелуі мүмкін. Биыл парникті газдың 7 пайызға азаюы, келешекте мұндай қадамға бара алатынымызды көрсетті. Билік өкілдері төтенше жағдайда бәрін жұмсауға қабілетті екенін дәлелдегендіктен, алдағы уақытта олар таза энергияға қажетті технологияларға инвестиция салуға мәжбүр болады.
Үміт күттіретін төртінші себеп – билікке сенімнің оралуы. COVID-19 індеті мемлекеттік басқарудың құндылығын қайта еске салып өтті. Сондай-ақ табысты бөлуге жаңа көзқарас қалыптастырды. 2008 жылғы қаржылық дағдарыстан кейін көпшілік басымдыққа ие ортодоксты неолиберализм сахнадан кетіп, оның орнын әлеуметтік демократия басып, экономикаға саяси бақылау күшейеді деп күткен. Оның орнына, банктерге қаржы құйылып, «байларға социализм, кедейлерге капитализм» ұстанымының басқа да «озық» мысалдарына куә болдық.
Он жылға созылған үнемдеу мен одан туындаған саяси төңкерістерден кейін билік ақыр аяғында қоғамдық әл-ауқат үшін үлкен жауапкершілік алды. Негізгі партиялар, соның ішінде АҚШ-тағы демократтар бар, жұмысшылар мен орта тапты қолдау саясатын алға тартып, көпшілікте «артта қалу» сезімін қалыптастыратын құрылымдық теңсіздік шешіледі деп үміттенеді.
Бұл соңғы үмітке жетелейді. Пандемия ғаламдық жүйені қайта қарауға түрткі болды. Реттелмеген гипер-жаһандану орнында көптеген жетекші державалар арзан тауарларға, алдыңғы қатарлы технологияларға және ішкі істерге үлкен бақылау жасап, сауданың басқа да артықшылықтарын қолданудың жолын іздеуге кірісті. АҚШ-тағы «бөліну», Қытайдағы «қос айналым» немесе Еуропадағы «стратегиялық автономия» туралы әңгіме қозғалса да, ұзақ мерзімге созылатын саяси пікірталас басталып кетті.
Мен үшін еуропалық пікірталас өзекті көрінеді. Өйткені онда өзін құртатын әсіре ұлтшылдыққа жол бермейтін тәсілдерді бақылауға ерекше көңіл бөлінген. Еуропалық одақтың егемендік жөніндегі ұстанымы бес бағытты қамтыған (экономика, қаржылық мәселелер, қоғамдық денсаулық, цифрлану, климат саясаты және қауіпсіздік). Еуропалықтар осының бәрінде зор табысқа жетті. Құны 750 миллион еуроны құрайтын қалпына келтіру қорын құру Германия секілді елдердің ниеттестігін көрсету үшін өзіне қажет мол қаражатты қалтасынан санап берді.
Әрине, қазір індетпен күресімізде жеңіске жеттік деп айтуға әлі ерте. Байден Республикашылардың қарсыласуы мен бір полярлы елді басқаруда қарсылыққа тап келеді. Вакцинаны бүкіл әлемге жеткізу ауыр логистикалық қиындық туғызады. Бақталас державалар қарашада Глазгода өтетін COP26 климат саммитінің күн тәртібін бұзуы мүмкін. Рецессия қаупі және қарыздық дағдарыс теңсіздікті күшейтіп, зиянды саясатқа қайта оралуды күшейтуі ықтимал. Еуропалық арманның қайта өрлеуі үлкен дау тудырған ұлттық сайлаудың нәтижесіне байланысты.
Бірақ 2021 жыл жақындаған сайын кейінгі бірнеше айға қарағанда жағдай әлдеқайда түзелгені байқалады. Енді, Жаңа жылды тойлауымызға бес үлкен себеп бар.
Марк ЛЕОНАРД,
Сыртқы саясат жөніндегі Еуропалық кеңестің директоры
Copyright: Project Syndicate, 2020.
www.project-syndicate.org