Оқиға • 30 Желтоқсан, 2020

Жауапсыз ата-ана бақылауға алынады

352 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысында тұрмыстық зорлық-зомбылық пен жасөс­пірімдер арасындағы құқық бұзу­шылықтың алдын алу, бала тәрбиесі алаңдатарлық отбасы­лардағы жағдайды қадағалау мақсатында «Отбасы» акциясы өтіп жатыр.

Жауапсыз ата-ана бақылауға алынады

Жыл соңына дейін созылатын іс-шаралар барысында полиция мен қалалық білім беру мекемелері қыз­меткерлерінен құралған топ тіркеуде тұрған қолайсыз отбасылар, поли­ция есебіне алынған кәмелетке тол­маған жасөспірімдермен жеке-дара жұмыс жүргізеді. Қала­лық білім беру мекемелерінің қыз­меткерлері мен мектептердің әлеу­меттік педа­гогтерінен құралған топ өгей бала тәр­биелеп отырған от­ба­сы­лардың үйлерін аралауды да жос­парға енгізді.

Айта кету керек, Ақтөбе облысында 186 қолайсыз отбасы, құқық бұзушылыққа бейімдігі үшін полиция есебіне алынған 150 кәмелетке толмаған жасөспірім тіркеуде тұр. Сонымен қатар 350 отбасында 600-ге жуық өгей бала тәрбиеленіп жатыр. Биылғы күз-қыс мезгілінде жас­өс­пірімдердің түнгі уақытта ата-аналарының қарауынсыз көшеде жүру деректері жиілеп кетті. Оның үстіне, қашықтан оқытуға байланыс­ты мектеп мұғалімдері оқушыларды бұрынғыдай жеткілікті деңгейде бақылай алмай отыр. Бала тәртібі мен тәрбиесі үшін ең алдымен ата-анасы жауапты болса да, жағдайды бақылаудан шығарып алған ата-аналар қатары көбейіп бара жатқаны алаңдатады. Соның бір дәлелі, осы жылдың соңғы тоқсанында ата-аналық міндетін толық орындамаған 7 ата-ана ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 11 тұрмысы нашар отбасы есепке қойылды. Мұнымен бірге кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия қарауына 23 іс жіберілді. Облыстық Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі бас­қар­масы Жаңа жыл мерекесі мен оқушылардың қысқы канику­лы кезінде мектеп пен колледж оқу­шылары арасындағы құқықбұзу­шылықтың алдын алу мақ­сатында жедел-профилактикалық іс-ша­раларды күшейтуді жоспарлап отыр.

 

Ақтөбе облысы