«Даламыз – кітап.
Беттерін ашқанда кілең,
Терең ол, ерен ғажайып
дастандарымен.
Эпосы,
Эпопеясы қыраттарының
Тұяқтарымен жазылған
пырақтарымның.
Ат тұяқтарының даламда
азан сапты әні,
Ата-бабамның сол еді қаламсаптары.
Сол жазған ерлік эпосын Отырарыма,
Ұлытауымның сандық тас
шоқыларына».
Серік Ақсұңқарұлы жазушы Сәуірбек Бақбергеновке арнаған «Арғымақтар» атты өлеңінде көшпелі халықтың өткені мен бүгінін салыстырады, бұл расында Ілияс Жансүгіров жоқтаған ұлт жады-Құлагер-рухқа қайырыла беруден туған реквием. Ірі ұғымдар, кесек мінез, ұлттық қасиет, этнопсихологиялық менталитетке негізделетін дүниетанымдық-философиялық ерекшеліктен айрылу зары – жоқтау әр ұлттың жаны болып табылатын өнердің көкжиегін шалмай қалмайды.
Серік ақын Төлеужан Ысмаилов, Өтежан Нұрғалиев, Кеңшілік Мырзабеков, Дәуітәлі Стамбеков сияқты дара таланттардың тұлғалық болмысын ардақтап, аруақтарын қастерлеп, рухтарын шынайы өлеңге аманат қылғаны азаматтық парызы және бекзаттық мінезден. Шын асылды бағалауда біздің халық шабан. Жас балаға әліппе жаттатқандай айта бермек артықтық етпейді.
«Уа, Тарих!
Айтсаңшы айқайлап
Өте ме ел осылай, жаным-ай,
Өңшең бір пасыққа жаутаңдап,
Өз ұлын – өздері танымай?!
Қайда сол бұла Ақын?»;
«Халтурщиктер қара құрттай
қаптап бір,
Жұматайың жалғыз
қалды жалғанда...».
Әдебиет бітпес майданның ордасы, оның қаруы алабөтен екенін тек қалам ұстағандар біледі.
Серік Ақсұңқарұлының ««Қызыларай» колхозы 40 әйел...4 еркек» атты балладасы қысқа метражды фильм түсіруге сұранып тұр, оқиға және образдар көз алдыңа елестеп отырады. Дәуір шындығы, соғыс қасіреті, күллі адамзат портреті, оның мәңгі трагикомедиясы, боямасыз жан әлемі, қазақ әйелдеріне біткен рух қандай! Ақын жүрегін жарып шыққан құнарлы жырда реализм айқын.
Негізі бір кітапты түстеп атау немесе бір автор екінші авторды екшеп айту өте маңызды. Қазіргі физикалық дүниеде жарнама қаншалық құдіретті рөл атқарса, «Мен оқып жүрген кітап» аталған айдардың маңызы содан кем емес. Мұның оқырман тартары даусыз. Мысалы, бұрын оқылған көркем туындыны зейін қоя қайталап оқуға ынтықтырудың қас үлгісі міне: «Менің жаныма жақыны – Блоктың «Скифтері». Поэма деген, міне, осындай болса керек-ті! Не деген кең кеңістік! Түбіне өлең ғана бойлайтын тереңдік! Әрі қысқа, әрі нұсқа. Поэманың қазақша атауы – Жыр ғой?», (Серік Ақсұңқар, ғұмырбаяндық эссе. «Барыс жылы туған асау балықпын...». «Адырна» журналы, №8.2020.).
Шығармашылық иесінің ақындық қуатын айғақтар шынайы қолтаңбасы аударма жанрында ерекше анық танылады. Александр Блок өлеңдерін Фариза ақын аудармасында оқып, түпнұсқамен рухы, сарыны өз алдына, тіпті энергетикасына шейін дөп түскеніне қайран қалғаным бар. Серік ақын классикалық поэзияны сол кеңістікте бергені (Пушкиннен) сүйіндірді:
Керуен көшті бастайтын бүгін
келді сәт,
Лирамның шегі –
қайғының легі неліктен?
Қатал ғасырдың қабағын бақпай
ел құсап,
Азаттық!
Сені жырладым азап шегіп мен!
Талақ қыл бәрін...
Тәңірің – көкте,
Ал, асық!
Тәлкекке түспе тәж бенен таққа
таласып,
Мадаққа мәз боп, мазаққа көніп,
санасып,
Қайтесің, Музам,
тантық тобырмен таласып?!
Ақын-жазушының туа дарын екенін айқындайтын бір өлшемім бар. Кітапта эпиграфқа лайық гауһардай жарқыраған сөз кеніші жиі кездессе, менің түйсігімде, сол автор нағыз талант. Бұл қисынмен алса Серік Ақсұңқарұлының қазынасы әбден мол екен. Метафоралар, фольклорлық сарын, мифологиялық өрнектер, діни астар, тарихи жад, романтика, мистика, ғарыштық сана, биіктікке құштарлық, жан тазалығы, жыраулармен үндестік, шалықтау, бақсылық, абыздық, сөз өнерінде не қастерлі, соның бәрі Алаштың азуын айға білеген таңдаулы ақыны, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Серік Ақсұңқардың шығармашылығында тұнып тұр. Көлемі шектеулі мына айдарға ақын шығармашылығы сыя қоймас.
Қарапайым тіршілікке көп қабыспайтын артықшылықты – өмірдің жан тебірентер көркем бейнесін айнытпай кескіндеуге жаралған суреткерлікті еншілеген адамдардың бағы артық екені сүйінішті.
Айгүл Кемелбаева,
жазушы