Оқиға • 30 Желтоқсан, 2020

Жаңғырту үдерістерін іске асыруға қызмет етеді

297 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше елордада Қазақстан Респуб­ликасы Конституциялық Кеңесінің 25 жылдығына арналған «Нұрсұлтан Назарбаевтың Конституциялық парадигмасы жаһандық сын-қатерлерге жауап» атты халықаралық онлайн дөңгелек үстел өтті.

Жаңғырту үдерістерін іске асыруға қызмет етеді

Нұрсұлтан Назарбаев Қорының қолдауымен Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі, Абай атын­дағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Қазақстан-Сорбонна инс­титуты ұйымдастырған іс-шараға рес­публикамыздан және шетелден мемлекет қайраткерлері қатысты.

Олардың арасында Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңе­сінің төрағасы Қайрат Мәми, Нұрсұл­тан Назарбаев Қорының атқарушы директорының орынбасары, Қазақстан Респуб­ликасынан Еуропа Кеңесі Вене­циялық комиссиясының мүшесі Игорь Рогов, Қазақстан Республикасы  Жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асанов, Нұр-Сұлтандағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің басшысы Дьердь Сабо, Грузия Конституциялық сотының халық­аралық кеңесшісі, экс-төраға Геор­гий Папуашвили, Ресей, Қырғыз Респуб­ликасы жоғары оқу орындарының басшылары, профессорлары және т. б. бар.

Дөңгелек үстел барысында қаты­су­шылар Конституцияның негізгі бө­лім­­деріне, олардың Тұңғыш Прези­дент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшы­лығымен мемлекеттік басқаруда қол­данылуы, сондай-ақ Елбасының жаңа Қазақ­станды құрудағы рөліне тоқталып, талдау жасады.

Форумды алғысөзбен ашқан Конс­титуциялық Кеңестің төрағасы Қайрат Мәми биылғы жылы Негізгі Заңның мерейтойы Конституциялық Кеңестің 25 жылдығымен тұспа-тұс келгенін атап өтті. Осы жылдарда Конституциялық Кеңес қызметі конституциялық құнды­лықтарды іске асыруға бағытталды. Оның шешімдері қазіргі қазақстандық мемлекеттіліктің барлық құрамдас бөліктерін толық түсінуге және іске асыруға ықпал етті. Осы кезеңде перспек­тивалы бағыттардың бірі заңдардың конс­титуциялығын тексеру туралы ұсыныстармен бірге соттардың кеңеске жүгінуі институтының тиімділігін арттыру болды. Конституциялық қағидаттар тұрғысынан заңға түсінік беру де өзекті, деп сөзін түйіндеді Қайрат Мәми.

Іс-шара модераторы Игорь Рогов қордың атқарушы директоры Қанат Жұмабаевтың үндеуін оқы­ды: «Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған даму­дың саяси векторының идеологиясы мен ұлттық рухани құндылықтар елі­міздің Негізгі Заңында көрініс тауып қана қоймай, шынайы өмірде толық көлемде іске асырылды. Елба­сы­­ның сындарлы саясатын нақты ұста­нуының, ұлтаралық татулық пен келісімді, Қазақстанның ашықтығын және халықаралық ынтымақтастыққа дайын­дығын қамтамасыз етуге ұмты­лысының арқасында мемлекетіміз жоғары халықаралық беделге ие болып, елдің әсерлі дамуын қамтамасыз етті».

Оның айтуынша, Қазақстан Консти­туциясын бұлжытпай орындау, сондай-ақ Конституциялық Кеңестің оның басты ережелеріне сәйкес келетін заңдардың қабылдануын қамтамасыз етуге нақты бақылау жүргізуі мемлекеттің үдемелі дамуының маңызды негізіне айналды.

Бұл ойды онлайн-кездесудің басқа да қатысушылары растады. Олар Конституциялық Кеңес қызметінің 25 жыл ішінде конституциялық бақылау функциялары сәтті орындалғанын атап өтті. «Бұл азаматтардың бірлі­гін нығайтуға, құқықтары мен бостан­дықтарын қорғауға ықпал етті», деп атап өтті спикерлер.

Дөңгелек үстелді талқылау кезінде еліміздің Негізгі Заңы Қазақстанның тәуелсіздік таңындағы қауіп-қатерлер мен қыр көрсетулерге шын мәнінде батыл «жауабы» болғаны туралы ой басқосудың негізгі өзегіне айналды. Республика құндылықтарды, басым­дықтарды айқындап және оларды Конституцияда баянды ете отырып, өзі­нің даму жолын таңдады.

Шетелдік сарапшылар Негізгі Заңның іргелі негіздері бүгінгі күні де мемлекеттің қазіргі және болашақ жаңғырту үдерістерін іске асыруға қызмет етеді деген ойларымен бөлісті.