Аймақтар • 30 Желтоқсан, 2020

Сағынтаев Алматының тарихи орталығындағы құрылысты тоқтататыны туралы мәлімдеді

272 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев тарихи ғимараттарды сақтап қалу мақсатында ерекше аймақтарда құрылыс жүргізуді реттейтін арнайы ережелер әзірленетіні туралы мәлімдеді.

Сағынтаев Алматының тарихи орталығындағы құрылысты тоқтататыны туралы мәлімдеді

Ережеде жер учаскелерін игеру, оның ішінде бұған дейін алынған оң шешімдер мен рұқсат құжаттарды дұрыс пайдалану қарастырылған.

Ереженің негізгі тармақтары қаланы дамытуға арналған қала құрылысы талаптарын бекітуге бағытталатын болады. Сонымен қатар, тарихи ғимараттарды сақтау және осы аймақтарда құрылысты ретке келтіру (аймақтандыру) мақсатында ерекше қала құрылысын аймағы белгіленеді.

Мұнда Тарихи орталықтың шекараларын анықтау маңызды. Сондай-ақ, қаланың басқа аудандарындағы жекелеген аймақтар да Ережеде қарастырылған мысалы, ықшамаудандар мен тыныш аудандар.

Сондай-ақ, тарихи маңызы бар нысандарды анықтау да қарастырылған, олардың жанынан кез келген құрылысты жүргізу қоғамдық талқылаудан кейін ғана мүмкін болады.

Қала құрылысын ерекше реттеу аймақтарында ғимараттардың тығыздығы мен биіктігі ескеріледі. Мысалы, жаңа ғимараттың биіктігі іргелес салынған нысаннан 1/3 биік болмауы тиіс. Бұдан өзге, ережелерде аэрация режимін жақсарту, көгалдандыру, қалалық ортаны сақтау мен жайлылығын арттыру талаптары жазылады. Тарихи келбетті сақтау үшін ғимараттар мен құрылыстардың қасбеттеріне қойылатын талаптар да ескеріледі.

Қала тұрғындарын, қоғам белсенділер мен сарапшыларды кеңінен тарта отырып, қоғамдық талқылау өткізу тетіктерін әзірлеу маңызды.

Жүргізілген сараптамалар мен тұрғындардың пікірін жинақтау барысында тарихи орталық аумағында 36 жер телімінің жеке меншікте екені анықталды. Бұл учаскелер екі топқа бөлінді: құрылыс басталған және бос жатқан жерлер. 14 учаскеде құрылыс басталған, оның ішінде 3 нысанның құрылысы тоқтатылды әрі рұқсат құжаттары қайтарылды. Тұрғындардың өтініштері бойынша 11 нысанға ұсыным берілді, мұнда қозғалыс сызбасын ұйымдастыру, абаттандыру, қабаттар саны және тағы басқа мәселелер ескерілмек.

Бос жатқан жер телімдері бойынша, оның ішінде 8 учаскені қайтару (сатып алу) қарастырылуда, мұнда абаттандырылған және көгалдандырылған қоғамдық кеңістіктер құрылады. 14 учаскеге жасыл желектерді кесуге тыйым салу, бұрыннан бар нысандарды ескере отырып, қабаттар санын және функционалды пайдалануды азайту бойынша қала құрылысын жүргізуге шектеу қойылды.