Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
Қаражатын алуға кімдердің мүмкіндігі бар?
Бірақ ақшаның тиыннан құралатыны сияқты тұрғын үй де туған-туыстың қолғабысымен қолжетімді болмақ. Яғни отбасы мүшелеріне жеке-жеке жинағындағы алуға болатын қаржыны біріктіріп, ортақ мақсатқа пайдалануға мүмкіндік жасалып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған бұл бастама кең талқылауға ұсынылып, жан-жақты ойластырылып, тиімді тәсілдері қарастырылды. Біздің елде бұрын-соңды болмаған тың іс-шараның жүзеге асырылуы заң жүзінде нақтыланды.
Президент биылғы Жолдауында «Менің тапсырмам бойынша ел тұрғындарының зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мәселесі пысықталды. Бұл, әсіресе, қазір ерекше маңызды. 2021 жылдың өзінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 700 мың салымшысы өз жинағының бір бөлігін тұрғын үй алуға, емделуге жұмсай алады немесе басқарушы компаниялардың иелігіне береді. Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін барлық қажетті нормативтік-құқықтық актілерді қабылдап, дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырамын. Бұл реформа еңбек қатынастарын ашық әрі заңды жүргізіп, зейнетақы жүйесіне қатысуға ынталандыратын пәрменді құралға айналады», деп атап көрсетті.
Аталған мақсатта «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы аясында қажетті заңнамалық түзетулер пысықталып, 23 желтоқсанда Парламент құжатты қабылдады. Заңға сәйкес, 2021 жылдан бастап қазақстандықтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, қымбат тұратын емделуге ақы төлеуге немесе жеке басқарушы компанияларға басқаруға беруге пайдалану құқығы беріледі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасов бастаманың іске асырылу барысын түсіндіріп, зейнетақы жинағын пайдалануға үміткер азаматтар үш санатқа бөлінетінін айтты.
Оның айтуынша, біріншіден, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ) жинағы бар, тиісті жаста «жеткілікті шегінен» асатын сомасы бар жұмыс істейтін азаматтарға жинағының бір бөлігін пайдалана алатын құқық беріледі. Елімізде осындай 760 мың шамасында азамат бар. Орта есеппен бір адамға 2,3 млн теңгеден келеді. Белгілі бір сома салымшының шотында қалуы тиіс.
Екінші санат – зейнеткерлер. Олар зейнетақы жинағының 50 пайызын алуына болады. Бұл үшін базалық зейнетақы мен мемлекет тарапынан қосылатын зейнетақыны қоса есептегендегі сома зейнетке шығар алдындағы табыстың 40 пайызынан кем болмауы керек. Мұндай қазақстандықтардың саны – 170 мыңға жуық. Орта есеппен әрқайсысына – жарты млн теңгеден.
Үшінші санат – зейнетақы аннуитетін ресімдеген және БЖЗҚ-да жинағы бар азаматтар. Онда орта есеппен 23 мың адамның әрқайсысына 2,5 млн теңгеден келеді.
«Жалпы, осы үш санат бойынша шамамен 1 млн адам зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға, алуға құқылы. Осы ретте зейнетақы жинағының негізгі мақсаты қартайған шақта тұрақты кірістермен қамтамасыз ету екенін атап өткім келеді. Сондықтан барлық азаматқа зейнетақы жинақтарының ахуалын және отбасының қажеттілігін ескере отырып, оларды алып қою мәселесіне байыпты қарау ұсынылады. Үкімет зейнетақы төлемдерін мақсатты пайдалану жөніндегі өкілетті операторды айқындайды. Бірінші кезеңде «Отбасы банкті» белгілеу ұсынылады. Барлық тетіктер ережелерде көрсетіледі. Тұрғын үй жағдайларын жақсарту жөніндегі қағидаларды Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, емделуге ақы төлеу мәселелері бойынша Денсаулық сақтау министрлігі бекітеді. Тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр, қаңтар айында заңға байланысты барлық нормативтік-құқықтық актілер қабылданып, азаматтарға зейнетақы жинағының бір бөлігін беру тетігін толығымен іске қосу жоспарланған», деді А.Сарбасов.
Оңтайлы онлайн платформа іске қосылады
«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басқарма төрағасы Жанат Құрмановтың айтуынша, 2020 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша 761 мыңнан аса адам зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын пайдалану құқығын қолдана алады, олардың шоттарында 2,4 трлн теңгеден аса қаражат бар.
«Жинағының бір бөлігін алу туралы шешім қабылдаған азаматтар Үкімет айқындайтын тұрғын үй сатып алу және емдеу мәселелері жөніндегі уәкілетті операторға жүгіне алады. Мұндай оператор «Отбасы банк» ТҚЖБ болады деп болжануда. Уәкілетті оператордан хабарлама алғаннан кейін БЖЗҚ зейнетақы жинақтарын уәкілетті оператордың арнайы шоттарына салу үшін аударуды жүзеге асырады. Бұл ретте салымшы бірден жеке табыс салығын (ЖТС) төлеу тәсілдерінің бірін таңдауы тиіс. Жаңа Салық кодексіне сәйкес, азаматтар ЖТС екі жолмен төлейді: жинақтарды алған кезде толық көлемде төлеу немесе мерзімін ұзарту, ЖТС зейнеткерлік жасқа жеткен кезде бөліп төленеді. Одан әрі БЖЗҚ зейнетақы жинақтарының барлық критерийлерге және алу талаптарына сәйкестігін тексереді», деп түсіндірді зейнетақы қорының басшысы.
Яғни уәкілетті оператордан хабарлама алғаннан кейін БЖЗҚ бес жұмыс күні ішінде уәкілетті операторға зейнетақы жинақтарынан тиісті аударымды жүзеге асырады. Банк өз кезегінде бір жұмыс күні ішінде салымшының жинақтарын арнайы шоттарға аударады, онда ақша 45 жұмыс күн бойы сақталады. Егер салымшы белгіленген мерзімде қаржыны пайдалану мақсатын таңдамаса, ақша кері қайтарылады. Зейнетақы жинақтарының қолжетімді сомасын БЖЗҚ сайтындағы жеке кабинеттен немесе мобильдік қосымшадан білуге болады.
Осынау рәсімдерді орындау үшін уәкілетті оператор ретінде Отбасы банкі белгіленіп отырғанын айттық. Сенім білдіріліп, тапсырылған істі тиімді үйлестіру үшін банк барынша ыңғайлы тәсілдерді қарастырып, жаңа жылдың басынан бастап арнайы онлайн платформаны іске қосады. Бұл жөнінде «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова кеңінен айтып берді.
Оның айтуынша, онлайн платформа зейнетақы жинағының бір бөлігін шешіп алуға өтініш беруге оңтайлы болмақ. Өтініш беру үшін электронды кілтіңіз болса, жеткілікті. Порталдың жұмысы өте қарапайым екен. Онда азамат өзінің зейнетақы жинағын қандай мақсатқа жұмсағысы келетінін таңдай алады:
Бірінші мақсат – жеке баспана сатып алған кез келген азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша толық есеп айырысу. Бұл сатып алу-сату шарты, үлестік қатысу, жекешелендіру, тұрғын үй-құрылыс кооперативіне үлестік қатысу, бөліп төлеу, тұрғын үйді айырбастау туралы келісім болуы мүмкін.
Екінші мақсат – адам жаңа үй сатып алып жатса, онда ақшасын ипотека бойынша алғашқы жарнаны төлеуге жұмсау.
Үшіншісі – кең қолданысқа ие ипотекалық несие бойынша қарызды ішінара немесе толық өтеу.
Төртіншісі – тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша тұрғын үйге ипотекалық несие алу.
Бесіншісі – қайта қаржыландыру.
Алтыншысы – тұрғын үй құрылысы бағдарламалары мен дағдарысқа қарсы бағдарламалар шеңберінде сатып алу құқығымен тұрғын үйді ұзақ мерзімді жалдау шарттары бойынша қарызды толық өтеу.
Жетіншісі – азаматтың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мұқтаж туыстарына беруі.
Сегізіншісі – емделу.
Енді осылардың ішінен кейбір мәселелерге нақтырақ тоқталып кеткен жөн. Өйткені көпшіліктің әлі де толық түсінбейтін тұстары баршылық. Мысалы, кейбір азаматтарды «Зейнетақы жинағының бір бөлігін үлестіруге жауапты Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, яғни Отбасы банкі болғандықтан басқа банктер арқылы ипотека рәсімдеуге немесе бар ипотекасын өтеуге бола ма?» деген сауал толғандырады. Осы ретте зейнетақы төлемдерін кез келген қазақстандық екінші деңгейлі банкте ипотека алу үшін бастапқы жарна ретінде немесе қолданыстағы ипотекалық қырызды өтеу үшін де пайдалануға болатынын нақты атап өту керек.
Сонымен қатар зейнетақы жинақтарын жақын туыстарға талаптарда көрсетілген мақсаттар үшін пайдалануға табыстауға болады. Ерлі-зайыптылар мен жақын туыстар зейнетақы төлемдерін тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында одан әрі пайдалану үшін біріктіре алады. Алайда жылжымайтын мүлікті жұбайыңыздан немесе басқа жақын туыстарыңыздан сатып алуға тыйым салынады. Бұл жалған келісімдердің алдын алу үшін жасалған. Бұған қоса 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы төлемдерін қолданып сатып алынған жылжымайтын мүлікті оған меншік құқығы тіркелген күннен бастап 5 жыл ішінде сатуға болмайды. Бұл талап Президент айтқандай, зейнетақы жинақтарын қолма-қол ақшаға айналдыру арқылы пайда көрудің, алыпсатарлық амалдардың алдын алу үшін және тұрғын үй бағасының негізсіз өсуіне әсер етпеуі үшін қолданылады. Ал жаңа жылға дейін рәсімделген, зейнетақы төлемдері арқылы ипотекалық қарызы өтелген тұрғын үйді сатуға болады.
Зейнетақы жинағына байыпты қарауға бастайды
Жаңа заң аясында қазақстандықтарға зейнетақы жинақтарын инвестициялаудың балама саясаты ұсынылады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиева жинақтардың бір бөлігін қаржы ұйымына беру мүмкіндігі қарастырылған нормалар туралы түсіндірді.
Оның айтуынша, ведомство ай сайын жоба қатысушылары өз жинақтарын акцияларына жұмсағысы келетін жеке басқарушы компаниялардың тізілімін жасайды. Негізгі критерийлер – жеке портфельдің болуы және нарықта кемінде екі жылдық жұмыс өтілі болуы керек. Егер жеке компанияның жұмысы салымшыға ұнамаса, ол саланы өзгерте алады немесе ақшасын зейнетақы шотына қайтара алады.
«Зейнеткерлік жасқа жеткеннен кейін инвестициялық кірісті ескере отырып, жинақтар деректері де Ұлттық банктің басқаруына қайтарылады және одан әрі бұл жинақтар кесте бойынша немесе зейнетақы аннуитеті шарты жасалғанға дейін төлемдер үшін пайдаланылады. Яғни жеке басқарудағы бұл ақша зейнетақы жүйесінен шықпайды және салымшының еңбекке жарамсыз болған жаста өмірлік әрекетін қамтамасыз етеді. Бұған қоса компанияның қаржылық тұрақтылығының сақталуын қамтамасыз ету үшін жеке капитал, зейнетақы активтерінің ең төменгі кірістілігі, инвестициялық портфельді басқару тәжірибесі және зейнетақы портфелі шеңберінде сатып алынуы мүмкін қаржы құралдарының тізбесі бойынша талаптар енгізілді. Егер басқарушы компания ұсынатын нақты кірістілік нормативтік-құқықтық акт деңгейінде белгіленетін кірістіліктен аз болса, басқарушы компания заңнама шеңберінде салымшыға өз қаражаты есебінен туындаған айырманы өтейтін болады. Бұл бір жағынан салымшы үшін қосымша кепілдік белгілеуге, екінші жағынан инфляция бойынша мемлекет кепілдіктерін іске асыру бөлігінде бюджеттің әлеуетті міндеттемелерін қысқартуға мүмкіндік береді», деді М.Хаджиева.
Түптеп келгенде, бұл Президент айтқандай, еңбек қатынастарын ашық әрі заңды жүргізіп, зейнетақы жүйесіне қатысуға ынталандыратын пәрменді құралға айналады деп сенеміз.