Осы орайда, көпшілікке танымал мына бір суреттің тарихына тоқталып отырмыз. Екі солдат жас жiгiттiң қос қолын артына қайырып, бұйра шашынан уыстап тартып, желкелеп әкетiп барады...
Аталған фото газет-журналдарда көп жарық көрдi, телеэкрандардан талай көрсетiлдi. «Бұл жiгiт кiм болды екен?» деген сұрақ санаға сан рет оралды. Сөйтсек, бұл азамат астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық-драма театрының әртiсi Мейрам Қайсанов екен. Кешегі желтоқсаншы, бүгінгі танымал әртіс осындағы тарихи фото жайлы былай деді:
– 1986 жылдың 16 желтоқсаны болатын. Сол күнi жатақханаға кешеуiлдеп оралдым. Келсем, бiрге тұратын жолдастарым Бақтыбек Құрманғожаев, Құрманғазы Айтмұрзаев, Сағындық Жұмадiловтер отыр екен. Бұлар менен бiр-екi ит көйлектi бұрын тоздырған сақа жiгiттер. Өзара бiрдеңелердi талқылап жатқанға ұқсайды. Сәлден кейiн бөлмеге Мұхтар Қапалбаев кiрiп келдi. Өңi абыржулы. «Студенттер жиналып, көшеге шығып жатыр», дедi аптығып. Бiз де дайындалдық. Көркем сурет кескiндеме факультетiнiң жiгiттерi дереу лозунгтер даярлап шығарды. Оған «Әр елдiң өз көсемi болу керек» деп жазып та қойдық. Сөйтiп, ынтығу мен үрей арасында көз iлiндiрiп алдық. Кiм бiлген, осындай тәттi ұйқының көпке дейiн арман болып қалатынын...
Таңғы сағат алты-жетiлер шамасы. Бiр топ студент жатақхана маңына жиналдық. Жолай ҚазМУ, Медицина институтын аралап, iлесем деушілерді қосып алып, Брежнев алаңына беттедiк. Денi жастар. Ештеңеден тартынар емес. Бойларын намыс билеп алған. «Өз елiмiзде өз ұлтымыздың азаматы басшы болсын!», «Әр ұлттың өз көсемi болсын!» деп айғайға басып тұрмыз. Бiр кезде жастар Шәмшiнiң «Менiң Қазақстаным» әнiн шырқай жөнелдi. Асқақ ән жастар рухын көтерiп, намысын қайрай түскен тәрiздi, шеру екпiндеп кетті. Бiрақ тәртiп бұзған жоқ.
Шерушілер бір орында толқып тұрмай, қаланы аралауға кiрiстi. Абай көшесiн бойлай отырып, Ленин (Достық) даңғылына қарай өттiк. Ленин даңғылынан төмен қарай жылжыдық. Адамдар әр жақтан бiзге қосылып жатты. ҚазПИ-ге келдiк. Әскери адамдар есiктi жауып ұстап тұр екен. Оларды қақ жарып өтiп, iштегiлердiң шығуына жәрдемдестiк. Сыртқа шыққандар бiзге қосылды.
Түс ауа сап түзеген әскерилер алаңға жиналған жастарды тықсыра бастады. Оған қарап тұрған біз жоқ. Бейтаныс бiреу келiп, менi мойнына мiнгiзiп алды. Қолымда ұран жазылған лозунгтың бiр шетi. Лозунгтың екiншi шетiн менен бір курс жоғары оқитын Жеңіс деген жiгiт ұстады. Ол да біреудің мойнына мініп алған. Кейін осы жігіт 2,5 жылға сотталып кеттi. Ашынған жұрт тарқар емес. «Қонаев қайда кеттi, өз еркiмен кеттi ме? Шақырыңдар. Өз аузынан естиiк», деп айғайлаған дауыстан құлақ тұнады. Бiрақ қарсы жақтан еш жауап жоқ. Бiз мiнбеге жақындап, баспалдақпен жоғары өрледiк. Сол кезде байқадық, ақ үй жақтан самсаған әскер алаңды бетке алып келе жатыр екен. Мұздай қаруланыпты. Олар қолында ешбiр қаруы жоқ жандарға шабуыл жасайды деп әсте ойламаппыз. Бiз ес жиып үлгергенше, қарсы жақтан «Алға!» деген қатқыл бұйрық естiлiп, әлгiлер бiзге лап бердi. Қиян-кескi қақтығыс басталды да кеттi. Алаң у-шу. Қып-қызыл қанға боялған. Жан ұшырған шыңғырыс. Қаңсырап жатқан адамдарды әскерилер одан сайын мертiктiрiп, алаңның сыртына қарай сүйреп әкетiп жатты... Менiң де жайым шамалы едi. Екi бүйiрден қатар тиген соққы есiмдi тандырды. Есiмдi жисам, әлдекiмдер шашымнан тартып, сүйрелеп барады. Қарсы алдымда шақырайған жап-жарық бірнәрсе көз аштырмайды. Мына сурет осы оқиғаның қалт еткен бір сәті.
Содан бәрiмiздi бiр машинаға тиеп, алып кеттi. Қайда екендiгiн ешкiм бiлмейдi. Әйтеуiр бiр жерге келiп тоқтадық. Iшi дым тартқан, иісі қолқаны қабатын тар бөлмеге әкеп қамап қойды. Кешікпей бiр-бiрден тергеуге шақырды. Менiң де кезегiм келдi. Жау түсіргендей қаһарлы айдауыл алдына салып айдап келеді. Дәлізді бойлап жүріп келемін. Темiрмен торланған көне есiктiң ар жағынан «Менiң Қазақстаным» әнi естiлдi. Кенет жүрегiме қуат құйылғандай болды. Қайраттана түстiм. Қандай қиындық көрсем де мойымауға бел будым.
Содан ұзақ-сонар тергеу басталды. Алғашқы күні: «Аты-жөнiң кiм? Мекен-жайың қайда? Қайда тұрасың? Алаңдағы оқиғаға қатысың бар ма?» деген әдеттегі сұрақ болды. Уақыт өткен сайын теугеушілер ауыса берді. Менi бiр емес, бiрнеше тергеушi тергедi. Солардың iшiнде Ақкөзов деген фамилия ғана есiмде қалыпты. Тергеу осылай жалғаса бергенде сөзсіз сотталатын едім. Кездойсоқ жағдай мені құтқарып қалды. Жатақханада бiрге тұратын жiгiттер бiрiгiп, менің атыма телевизор жалға алған едік. Телевизор жалдаған мекеме менің паспортымды алып қалып: «институтыңа барып анықтама қағаз әкел де, паспортыңды ал» деп, қоя берген-тін. Сол анықтаманы қалтама салып қойғам. Камерада бірге отырған жігіттер жоспар құрдық: «Бәріміз сотталғанша, ебін тауып құтылуды ойлайық. Мейрам сен мына «анықтаманы» көрсетіп, шеруге ешқандай қатысым жоқ, телевизор алуға кетіп бара жатқам», деп тергеушіге жауап бер, деді. Келесi күнi тергеу басталғанда: «Менiң шеруге ешқандай қатысым жоқ. Өз жайыммен анықтама қағазын өткiзуге бара жатқанмын. Алаңда жиналған адамдарды көрiп, «не болып жатыр» деген қызығушылықпен барып, қолға түстiм», деуден бiр танбадым. Тергеушi қазақ менiң айтқанымды тыңдап алды да: «Балам, бұл өтiрiгiң ұйқасты екен, осы сөзiңнен танба» дегені. Ақыры, өтiрiгiм сәттi шығып, қамаудан босадым. Қақпадан шыққан соң денем тiтiркенiп кеттi. Аяғымды iлбiп басып, жатақханаға әрең жеттiм.
Осымен тергеу бітті деп жүргенімде, 1986 жылдың соңғы 31 желтоқсан күні қайыра шақырған «повестка» келдi. Екінші рет тергеу жаңадан басталды. Баяғы бiр сарынды сұрақтар. Тергеуші қайталаудан жалықпайды, мен өз айтқанымнан танбаймын. Бірақ өтірігім әшкерелендi. Шеру кезінде түсірілген бейнетаспаларды сүзіп қарап шыққан екен, бір жігіттің мойнына мініп алған қолымда жалынды ұран, айғайды салып мен жүрмін. Не iстеймiн? Бұлтартпас дәлел. Мойындаудан басқа амал жоқ.
Бір күні сырттан сыптығырлау келген қазақ жігіті кіріп келді. Ол да тергеуші екен. Маған жақсылап қарап алды да: «Осы сен Қайраттың iнiсi емессiң бе?» дедi. «Иә, Қайраттың iнiсiмiн, ол – менiң ағам». Сөйтіп, ойда-жоқта ағамның тергеуші досының көмегі тиіп, аман қалдым. Бәрібір ұран көтерiп, ұрысқа шыққаным iзсiз қалмады. Оқудан шығарып жіберді. Артынан Рабиға Қаныбаева, Асылбек Ықсанов сынды шарапаты мол жайсаң ұстаздарымның арқасында оқуға қайта қабылданып, аман-есен бітіріп шықтым ...
Желтоқсаншы Мейрам Иебекұлы қазір өнер қайраткері, танымал әртіс, Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалы драма театрында қызмет істеп жүр. 30- дан астам қойылымда негізгі рөлдерді сомдады. Кешегі солдат сүйреген бұйра шашы бүгін бурыл тартқан. Жан жары Гүлмирамен бірге Жапар атты ұлын өсіріп, Арқаның саумал ауасын жұтып, аман-есен жүріп жатыр.