– Қаламызға әр берер айшықты нысандар қатары айбынды тутұғыр алаңымен толықты. Көк байрағымыз көкпен ұштасты. Өз дәуірінде даңқты бабаларымыз бөрлі байрақ ұстап, бағаналы орда құрған. Сондықтан ту біз үшін – қанымызда қайнаған намыс, рухты көтеретін құдірет. Атамекеніміздің төріне алып ту тігу – біз үшін асқан абырой, зор мәртебе. Қаламыздың көркін ашқан байрағымыз еліміздің айбынын асқақтата түсеріне сенемін, – дейді Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов.
Ту орнатылған тұғырдың биіктігі – 91 метр. Алып тудың болаттан жасалған конустық тірегі бар. Ұзындығы 80 метрлік тутұғыр композициясы субұрқақ пен доға пішінді эркерлік композициядан тұрады. Композицияның орта тұсында Қазақстан Республикасының картасы, жоғарғы жағында Елтаңба, ал шеткі бөлігінде Әнұран жазылған. Конус пішінді тұғырға көлемі 29х14,5 метр болатын Ту ілінді. Енді еліміздің мемлекеттік рәміздері орналасқан алаңда маңызды салтанатты шаралар өтетін болады.
Бұл нысанның құрылысы «Теңізшевройл» ЖШС демеушілігімен бой көтерді. Компания басшысы Имер Боннер «Мықтылық, молшылық пен бейбітшілік, сондай-ақ 2021 жылдың жақсылығы көп болсын. Осынау еңселі тұғырдағы Ту ұдайы биікте желбіреп тұрсын», деп Қазақ еліне ізгі тілегін білдірді.
«Кастадор» ЖШС-нің жоба менеджері Эдвард Ильдің айтуынша, құрылыс кезінде сапаны бақылау шаралары күшейтіліпті. Ту орнатылған тұғырды шетелден келген бірнеше маман қайта тексеріп шыққан. Сондай-ақ АҚШ-тың инженерлері тұғырдың компьютерлік моделін жасап, өңірдің ауа райына, атмосфера мен желдің жылдамдығына қатысты төзімділігін сынапты. Сөйтіп, олар техникалық қызмет көрсетудің ең қауіпсіз нұсқасын таңдапты.
Енді монументтің айналасындағы 6500 шаршы метр алаңға бұталы 8500, қылқан жапырақты 44 және жапырақты 70 көшет егіледі. Монументке іргелес аумақ раушан гүлімен безендірілгелі отыр.
Атырау облысы