Батырдың әкесінің құрметіне қойылған «Момыш» бұлағы күні бүгінге дейін бар. Бұл жер бүгінде көпшіліктің келіп, тәу ететін жеріне айналған. Енді батырдың мерейтойына орай, аталған бұлақ басына баратын бір шақырымға жуық жолға шағалтас төселіп, тегістелді. Бұлақ басы қоршалып, сән ағаштары отырғызылған. Мұның бәрі де демеушілердің көмегімен жүзеге асып отыр. Сондай-ақ мұнда арнайы бой көтерген стелланың ашылу салтанаты өтті. Шара барысында «Жуалы» мешітінің имамы Сейітқазы қажы Медетбек қасиетті Құран аяттарын оқып, батыр рухына дұға жасады. Ал ауданның Құрметті азаматы Аманжол қажы Дүрәліұлы көпшілікке ақ батасын берді.
Сонымен қатар Жуалы ауданының аумағында орналасқан Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Жамбыл облыстық департаментіне қарасты «Бауыржан Момышұлы» атындағы шекара бөлімшесінде батыр бюсті ашылды. Жиында шекара бөлімшесінің жеке құрамы мерекелік сапқа тұрғызылып, Мемлекеттік Гимн шырқалды. Шараға қатысқан Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Талғат Мамаев, Жуалы ауданының әкімі Нарбай Ергебеков, Шекара қызметі Жамбыл облыстық департаментінің басқарма бастығы Қанатбек Тыныбеков шекарашылар мен жиналған жұртшылықты Бауыржан Момышұлының 110 жылдығымен құттықтады. Сондай-ақ батыр бюстінің лентасы қиылды.
Жамбыл облысы