Өткен ғасырлардың да өзегін талдырған обалар, індеттер, дерттер болды. Әр жүз жыл сайын қайыра соғып, қабырға сөккендей болған сол індеттер де өз кезеңінің қаламына азық еді. Дүниежүзі әдебиетінде сол зауалдар жайлы біршама шығармалар жазылды. Солардың жаңғырығы, адамзат қиялында дамып, жетіліп, өсіп, өркен жайған нұсқалары – жер бетіндегі тіршілік иелерін жойып, я болмаса өзгертіп, құбылтып, мутацияға ұшыратып, зомбиге айналдырып барынша талданды, талқыға түсті, жазушы мен сценарийшілерге талғажау болды.
Ақпарат алмасудың асып дамыған уақытында адамзат баласының әлемдік эпидемия, жаһандық пандемия дерлік вируспен бетпе-бет жолығып отырғаны жаңа. Сондықтан да осы бір жылдың ең басты тақырыбы – коронавирус індеті болуы таңғалатын жайт емес. Бірінші дүниежүзілік соғыстың тұсындағы испан тұмауынан кейінгі жойқын жау да осы болып отыр. Бұқаралық ақпарат құралдары, кино өндірісі, әлеуметтік желі, қаламгерлер қауымын біріктірген, бір идея төңірегіне ұйыстырып, бір тақырып ауанында айналсоқтатқан да осы індет.
Біз әлі соғыстың ішіндеміз, біз әлі жолдамыз, тәңірі қалап осы дерт тыйылған соң да әдебиетте берісі – елу жыл, әрісі – ғасырға азық болар тақырыбыңыз да осы шығар. Сол тоқсан тараулы тақырыпты кім ашып, кім осы кезеңге сөзден ең ұлы ескерткіш тұрғызады екен?! Мәселе – сонда.
Ерлан ЖҮНІС, Маржан Әбіш,
«Egemen Qazaqstan»