Еске сала кетейік, былтыр жыл басында «Рухани жаңғыру» ҚҚДИ аясында әлеуметтік жобалар акселераторы іске қосылған болатын. Бұл өз ісін дамытуға, трансформациялауға және масштабтауға сұранысы бар ұйымдарға арналған бағдарлама. «Өзгерістердің сәруарлары» деп аталған бағдарламаның бірінші жылына қатысуға 120 жоба өтініш білдіріп, соның ішінен 20 әлеуметтік бастама іріктеліп алынған. Жоба командалары өз тәжірибелерін аймақтарға кеңейту мақсатында акселераторлар тарапынан әртүрлі сараптамалық қолдау алды. Олардың арасында экологиялық жобалар да бар. Мәселен, «Биопакет» жобасы 100 пайыз өсімдік шикізатынан тұратын, әрі өздігінен ыдырайтын полимерлі пакеттер мен сөмкелер шығарады. Әлбетте, пластикалық ластану бүгінде әлемнің ортақ проблемасы болып тұр. Осы орайда, полиэтиленнің жойылу уақыты шамамен 500 жыл екенін атап өткен дұрыс шығар. Ал оны өртеу экологияға тіптен зиян. Сондықтан әлемде қазірдің өзінде 40-тан астам мемлекетте полиэтилен өнімдерін пайдалануға шектеулер енгізді.
Қазақстандық «Биопакет» жобасы қазірдің өзінде биопакеттердің 10 түрін және бір реттік қолғаптар өндіреді. Сыртқы пішіні мен функциясы кәдімгі полиэтилен пакеттерінен ерекшеленбейтініне қарамастан толығымен қауіпсіз. Жоба жетекшілерінің айтуынша, уақыты жеткен соң биополимерлер су, қарашірік, көмірқышқыл газы сынды зиянсыз компоненттерге ыдырайды екен. «Нұр-Сұлтан қаласының жазғы климаттық жағдайында өсімдік шикізатынан жасалған полимерлер 120 күнде толығымен фрагменттеледі», дейді олар.
Енді акселераторлардың қолдауы арқылы жоба жаңа жылдан бастап еліміздің өзге өңірлеріне де таралатын болады. Жоба жетекшісі Батырхан Жұманов «Биопакет» бастамасы өңірлерге таралумен қатар өндірістік қуаттылықты да арттырады деп отыр.
«Өзгерістің сәруарлары» бағдарламасының тағы бір жобасы – «Теплое ремесло». Бұл жоба киіз басу бойынша дәстүрлі экологиялық қолөнерді қайта жаңғыртуға мүмкіндік береді. Жоба командасы мектептерде «Технология» пәнінің мұғалімдерімен тәжірибе бөлісіп, киіз басудың экологиялық түрлерін үйретеді. Өз кезегінде педагогтер 5-11 сынып оқушыларын қолөнердің осы түріне баулиды. Мәселен, Волонтер жылы аясында «Көшпенділер киізі» жобасы іске қосылып, соның аясында Нұр-Сұлтан қаласында 13 педагог киіз басуды үйреніп шықты. Сондай-ақ киіз басуды бүгінде ауыл әйелдері де үйренуде. Birgemiz: Asyl Mura жобасы аясында 31 әйел осы технологияларды игеріп шыққан. Олардың 17-і әлеуметтік осал топтардың қатарынан. Курс аяқталған соң оқушылар «Киіз басу» клубын құрып, білімдері мен техникаларын одан әрі жетілдіруге ниетті. Жоба жетекшілерінің айтуынша, киіз басу технологиясы экологиялық бұйымдар мен киімдерді сүйетіндер үшін қызықты. Өйткені киіз – экологиялық таза өнім. «Акселерация алға жылжудың келесі қадамдарын жоспарлауға мүмкіндік берді. Жобамызды дамыту мақсатында қажетті серіктестерді анықтадық», дейді олар.
Айта кетелік, жыл басында «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының базасында «Өзгерістің сәруарлары» әлеуметтік жобаларды қолдау бағдарламасы қолға алынып, оған қатысу үшін арнайы конкурс өткізілді. Оған 120 жобадан өтініш түсті. Олардың 46-сы үш айлық қысқа мерзімді акселерациядан өтіп, 39-ы сертификаттарға ие болды. Соның ішінде 20 жоба өңірлерге масштабталуға іріктеліп, акселерацияның толық бағдарламасынан өтті. 20 жобаның бесеуі білім беру, 5-і мәдениет, 8 жоба инклюзия және екеуі экология бағытындағы жоба.