Өнер • 05 Қаңтар, 2021

Өнер делдалы (Шығармашылық адамдары елде қалсын десек...)

444 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

– Енді бізге жаңаша ойлау керек. Адамдардың көпшілігі пандемия кетіп, бұрынғы күндерге қайта оралатындығына сенеді. Алайда ол өмір бұрынғыдай болмайды – бір нәрсе міндетті түрде өзгереді. Сондықтан біз қазіргі жағдайға бейімделе отырып, дәстүрлі желіге сандық элемент қосамыз, барлық танымал платформаларды байланыстырамыз. Мысалы, әлі де талай адам өз тауарларын әлеуметтік желілерде қалай сатуға болатынын түсінбейді. Сіз мейлі кәсіпкер, мейлі үй шаруасында болсаңыз да, бәрібір табыс табуыңыз керек, – дейді Алматыда бірінші рет жаңа форматта өткен «Әдемі Бизнес Азия» фестивалінің ұйымдастырушылары.

Өнер делдалы (Шығармашылық адамдары елде қалсын десек...)

Сонымен онлайн+офлайн фести­валінің көрмесіне таныл­ғаны да, таныл­мағаны да бар, кес­кін­­деме, мүсін, киіз тақта жә­не­ қазақтың ежелгі біз кесте жанр­­­ларында іріктелген тоғыз су­­рет­­­ші – Есімғали Жұманов, Ли­лия Поз­днякова, Дәуренбек Бек­назаров, Алмас Нұрғожаев, Дина Буксикова, Ерсайын Жапақ, Гүлжанат Қабижанова, Георгий Ли, Зейнелхан Мұхамеджанның туындылары қойылған.

Тікелей транслацияланған көрменің ашылуында өнер адамдары елдегі шығармашылық кластерінің алдында тұрған түйткілдерді алға тартып, әлемдік өнер нарығына қосылу қажеттілі­гін айтады. Ол үшін қазір Батыспен бәсекелестікке төтеп бере алатын жо­ғары білім беру жүйесін жетілдіру қа­жет. «Егер біз шығармашылық адам­дары елде қалсын десек, бұл салаға көп көңіл бөлуіміз керек», дейді суретшілер.

1

Қазірдің өзінде қазақстандық қыл­қалам шеберлері шетелде сұранысқа ие. Пандемияға дейін Қазақстанның 200-ден астам суретшісі Солтүстік Кипрде ірі меценат әрі коллекционер Суат бей Гюнсельдің шақыруымен жұмыс істеп, түркі елдерінің қазіргі заманғы өнер мұражайының қорларын байытуға қызмет еткен. Оның ішінде 68 суретші мадақ-марапатпен оралыпты. Осылайша, көне тоқыма тех­никасын жаңғыртқан Зейнелхан Мұхамеджан 2020 жылы Кипрде өткен Халықаралық суретшілер симпозиумының күміс жүлдегері, Алмас Нұрғожаев күміс лауреаты атанған.

Біз өнердің құнын баға­лай­тын өз білгірлеріміз бен коллек­цио­нер­лері­мізді өсіруіміз керек. Мә­де­ниет пен шығармашылыққа деген қы­зы­ғу­шылықтың жалпы деңгейін кө­теруіміз қажет.

Егер көркемөнер нарығы дұрыс дамитын болса, онда кескіндеменің өзі бюджетке пайдалы бола алады. Мәселен, қазір Қатар мемлекеті алтынмен және облигациялармен бірге өнерді ұзақ мерзімді инвестиция ретінде қарастырып сатып алуда. Қазақстанда әзірше «сыйлық», «тәбәрік» өнері басым: картиналар арзан ақшаға сатып алынып, сыйға тартылады. Алайда арнайы сертификаттар мен сараптамасыз мұндай өнер туындысының инвестициялық тартымдылығы нөлге тең.

1

Кездесу барысында біздің су­рет­шілер: «Егер сізде белгілі автор­дың кенептері болса да, оны сату үшін сараптамаға көп ақша жұмсауға тура келеді және оны Қазақстанда жасамайды», дейді.

Өнер делдалы, өнертанушы, Mondial Art халықаралық академия­сы қазылар алқасының мүшесі Ди­на Дуспулова да (Франция) өнер на­рығындағы баға туралы сөз қозғады. Бүгінгі таңда ең үздік қазақстандық шеберлердің бағаларының шегі әлемдегі баға жүйесі бойынша $10 мыңнан аспайды – бұл әлемдік аук­цион нарығындағы барлық транзак­ция­лардың 80 пайызға жуығы тиесілі арзан өнер сегментіне кіреді ($50 мыңға дейін). Бұл орташа сатып алушылар класына арналған. Осы төменгі баға диапазоны мен премиум сегменті (миллион доллардан бастап) арасында орташа диапазон (миллион долларға дейін) бар.

Мәселен, өнертанушы Дина Дус­пулова  Ғани Баяновтың туын­дысы арзан бағаға сатып алынып, аукцион­да 168000 долларға саты­лғанын мы­салға келтіреді. «Қолдан-қолға» кар­тиналарды шеберханада сатып ал­ғанда, сіз жұмыстың инвестициялық тартымдылығын жоғалтасыз. Сарап­тамалық қоры­тынды болуы керек және  түп­нұсқалық сертификат беріледі. Бай адамдар (және олар аз емес) үлкен коллекцияларға ие. Олардың коллекциясы қанша тұратындығын ешкім білмейді», дейді спикер.

Жалпы, фестиваль мақсаты бір алаң­да бизнес-қауымдастық пен кәсіп­­кер­­лікті қолдау инсти­тут­та­­ры­­­ның басын қосу болса, екін­ші жағы­нан«Әдемі Бизнес Азия» фес­тивалінің ұйым­дастырушылары белгілі бір дәрежеде көздеген мақ­сатына жақын­дады.

– Иә, қиындықтарға қарамастан, біз фестивальды екі форматта – оф­лайн және онлайн режімінде өт­кізіп отырмыз. Бизнеспен айналысатын адамдар қашан да әдемі. Сондықтан фестивальдың атауы да  – «Әдемі Бизнес Азия».

Ең бастысы, соңғы бір жылда бар­лық сала сияқты бейнелеу өнері де бірегей тәжірибе жинақтады. Енді әрекетсіз жата алмайды. Пандемия әлемді айтарлықтай өзгертті.

 

АЛМАТЫ