Білім • 05 Қаңтар, 2021

Өнерге баулитын онлайн дәріс

342 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазіргі білім беру саласында жаңа қоғам мүддесіне лайықты, жан-жақты жетілген, ұлттық санасы қалыптасқан ұрпақ тәрбиелеуге басымдық беру маңызды. Осы тұрғыда Мәдениет және спорт министрлігінің «Ұлағатты ұрпақ» онлайн-оқыту бағдарламасы қолға алынды. Мұндай жоба Қазақстанның мәдениетінің дамуына, сонымен қатар білім беру саласының өркендеуіне үздіксіз үлес қосуда.

Өнерге баулитын онлайн дәріс

«Ұлағатты ұрпақ» жобасының артықшылығы – кез келген уақыт­та және кез келген жерде қол­же­тім­ділігі. Мұнда сіз Қазақ­стан­ның қасиетті жерлеріне виртуалды экскурсиялармен бірге опе­ра, балет, драмалық өнердің үздік үлгілерін, қызықты отандық және шетелдік фильмдер мен мультфильмдерді көре аласыз және таңғажайып музыкалық туындыларды тыңдай аласыз. Жас көрермендерге ұзақтығы 15 минуттан аспайтын бейнесабақтар, оның ішінде теориялық дәрістер мен практикалық тапсырмалар ұсынылады. Бұл – оқушылар үшін керемет мүмкіндік. Тоқсан сайын жаңа сабақтар енгізіледі. Мысалы, екінші тоқсанда хал­қы­мыз­дың ұлттық аспаптары домбыра мен қобыз үйретілсе, келесі тоқсанда қолөнер сабағынан қышпен құмыра жасау дәрістері қосылады.

Оқушыларға музыка өнері ба­ғы­ты бойынша әлемдік және қазақ музыкасының дамуы мен қалыптасуы, алуан түрлі аспап­тардың шығу тарихы, онда­ғы ұлтттық музыка сала­сын­ың өркендеуіне үлес қосқан атақ­ты сазгерлер мен талантты өнер­паз­дар туралы Қазақстанның Еңбек Ері, Халық әртісі А.Мұсаход­жае­ва, Халық әртісі Г.Мыр­за­бекова, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Т.Заби­ро­ва, С.Нұрмолдаев сынды кәсіп­қой музыканттардың лекцияларында айтылады. Музыка өнерін зерттеп, қызығушылық танытқан әр балаға бұл жан-жақты ақпарат береді.

Бейнелеу өнері бағытында кес­кіндеме, мүсін, графика түр­ле­рін үйренуге мүмкіндік мол. Көркем өнердің бұл саласы оқушыларға дүниені байқау, бақылау, көру, сезіну нәтижесінде әсем бейне жасауды түсіндіреді. Сонымен қатар балаларға акварель, гуаш бояуларымен сурет салу және ермексазбен мү­сін жасау әдістері үйретіледі. Оқу­шы бейнелеу өнерінің тарихымен, әлемге әйгілі қылқалам шебер­ле­рінің таңғажайып туындыларымен, оның ішінде қазақ бейнелеу өнерінің негізін қалаған, Қазақстанның Халық суретшісі Әбілхан Қастеевтен бастап қазіргі заманауи отандық суретшілердің жұмыстарымен таныса алады. Бейне-дәрістерде жер шарының түкпір-түкпірінде орналасқан түрлі музейлерге саяхаттайды. Айтылатын көне деректер мен тың ақпараттар Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы профессоры О.Батурина, музыкатанушы И.Дружинина және Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайы қызметкерлері Г.Жұбанова, А.Елеуова және Г.Қайырбекова сияқты кәсіби мамандардың лекцияларында толығырақ айтылады.

Кине­матография бағы­тын­­да­ әлем киносының­ тарихы, қазақ кинематография­сы, «Қазақфильм» кинос­тудия­­сы­ның алғашқы фильмдері, кино алаңы дең­гейінің түр­лен­уі Қазақ­станның киносыншы­лар қа­уымдастығының пре­зиден­ті Г.Әбікеева, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткерлері А.Мае­ми­ров, А.Бермұхамбетова, Б.Айтжанов, Ә.Ахметов, А.Нөгер­бек, А.Өтепберген сынды кино­маман­дардың лекцияларында қамтылады. Ескі кинотаспалар мен жаңа бейнематериалдар, анимациялық мультфильмдер оқушылар назарына ұсынылады.

Театр өнері бағыты бойынша оқушылар театр, режиссура, драматургия, спектакль, сценограф-суретшілер, сонымен қатар қазақ театрының қалыптасуы тарихына қанығып, театр саласының дамуына елеулі үлес қосқан тұлғалардың шығармашылығы мен актерлік шеберлігінен мағлұмат алады. Театр әлемінің сиқырға толы мекеніне сапар шегеді. Жаңа терминдер мен қызықты ақпараттар Қазақстанның Еңбек сіңірген қайрат­керлері Ә.Рахимов, А.Кәкі­шова, Б.Әбділманов, Мәде­ниет қайраткері М.Жакенова және басқа да танымал өнер адам­да­ры­ның лекцияларында айтылады.

Бұл жобаның сәтті жүзеге асуына еліміздің маңдайалды мәдениет ошақтарының бәрі бел­сен­ді атсалысып келе жатыр. «Ұла­ғатты ұрпақ» онлайн-оқыту пор­та­лының аудиториясы күн санап көбейіп келеді. Тек 4 қазаннан бастап ­1 желтоқсанға дейін портал­да­ғы бейнедәрістердің жалпы қаралымы 1 млн 300 мыңнан асып кеткен. Ал бүгінге дейін онлайн-оқыту бағдарламасына 10 мыңға жуық мектеп оқушылары тіркелген.

Осындай жобалардың негі­зін­де оқушылар ғасырлар бойы жинақталған, уақыт сынынан өтіп, сараланған әлемдік өнердің бай қазынасын, мол тәжіри­бе­сін бойына сіңіреді. Өйткені жастар әлемдік ақыл-ойдың мәде­ниеті мен дәстүрлі негіздерін мең­гер­ген­де ғана озық ойлау жүйесі қалыптасатыны анық.

 

Наргиз ТАМАБЕКҚЫЗЫ,

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры музейінің жетекшісі