Кино • 05 Қаңтар, 2021

Президент мақаласы киногерлердің назарын өзіне аударды

165 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетіне шыққан мақаласы отандық кино қауымдастығының ерекше назарын өзіне аударды. Президенттің айтқан тезистерінің өзектілігі арта түсті, себебі, дәл бүгін Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы жаңа питчингке қатысу үшін өтінімдер қабылдауды ашық деп жариялаған.  

Президент мақаласы киногерлердің назарын өзіне аударды

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы тарихи маңызды оқиғаларды зерттеуге көп көңіл бөлуді тапсырды және олар жайлы кино түсіру қажеттігін атап өтті. Осы салаға мемлекеттік тапсырыстың белгілі бір бөлігі бағытталатын болады.  

Тоқаевтың пікірінше, осындай маңызды тақырыптардың қатарында миллиондаған қазақтарды қазаға ұшыратқан 1921-1922 жылдардағы ашаршылық бар. Мемлекет басшысының ойынша, ашаршылық болмағанда «халқымыздың саны қазіргіден әлденеше есе көп болар еді», - деп хабарлайды Egemen.kz. газетіндегі өз мақаласында.

«Миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті. Сол зұлматтың кесірінен қырылып қалмағанда, халқымыздың саны қазіргіден әлденеше есе көп болар еді.

Тарихымыздың осы ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келеді. Тіпті, ғалымдардың арасында ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқ. Ала-құла деректер және оның себеп-салдары жайлы әртүрлі көзқарастар қоғамды адастырады. Тиісті тарихи құжаттарды, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеу керек. 

Білікті мамандар жүйелі зерттеумен айналысып, соған сәйкес ашаршылық мәселесіне мемлекет тарапынан баға берілгені жөн. Біз бұл күрделі мәселеге ұстамдылықпен және жауапкершілікпен қарауымыз қажет», - деп жазды Тоқаев.

1921-1922 жылдардағы ашаршылықтан басқа, Тоқаев өзге де тарихи мәселелерді жүйелі зерттеп, оларды қалың жұртшылыққа түсінікті және қолжетімді ету және олар жайлы кино түсіру қажеттігін атап өтті. Осы салаға мемлекеттік тапсырыстың белгілі бір бөлігі бағытталатын болады.

«Бүгінде әлемдік киноиндустрияда тарих тақырыбындағы сценарийлерге сұраныс жоғары. Американың да, Еуропаның да айтулы оқиғалары туралы фильмдер өте көп. Қазір Netfliх, HBO және басқа да алпауыт кинокомпаниялар Азияға бет бұруда. Осы орайда біздің де шежіремізде ауқымды фильмдерге арқау болатын маңызды белестер мен оқиғалар баршылық. Мысалы, әлемдегі ең қуатты империялардың бірі болған Алтын орда тарихы дайын тұрған жоқ па?! Бұл мәселеге болашақта кино саласының мамандары баса назар аударғаны жөн.

Биыл әйгілі Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толады. 1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде Тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні зор. Бұл орайда, азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек», - деді ол.

Тоқаев Қазақстанның жаңа тарихын ұмытпау қажеттігін атап өтті. Мысалға, 2021 жылы біз Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойын атап өтеміз. Сондай-ақ, Семей ядролық полигонының жабылғанына да 30 жыл толады.  

«Біз тығырықтан шығар жолдың саңылауы да көрінбейтін қиын күндерден қақтығыс пен қантөгіске ұрынбай аман шығып, ешкімге есемізді жібермей, жаңа сипаттағы Қазақ мемлекетін құрдық. Бүгінгі және болашақ ұрпақ мұны әрдайым біліп отыруы керек. Сол үшін Қазақстанның жаңа тарихын да жүйелі зерттеген жөн.

Шынына келсек, Тәуелсіздік жылдарында бірнеше рет қолға алынғанына қарамастан, ұлттық мүддемізге сай келетін көп томдық жаңа тарихымыз әлі толық жазылған жоқ. Оның тұжырымдамасын бұған дейінгі олқылықтарды ескере отырып қайта қарап, жаңа ғылыми ұстанымдар мен жаңалықтардың негізінде тыңнан жазатын уақыт әлдеқашан келді. Барлық оқулықтар осындай іргелі еңбекке негізделіп әзірленеді. Бұл – ұлт шежіресін дәріптеу тұрғысынан алғанда стратегиялық маңызы бар мәселе. Сондықтан, Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазуды дереу бастау керек. Түптеп келгенде, тарихи сананы жаңғырту мәселесінің түйіні – осы. Бұл іске беделді тарихшыларымызды тарту қажет.

Сонымен қатар, шетел аудиториясына арналған Қазақстанның қысқаша тарихын жазып, әлемнің негізгі тілдеріне аударуды ұсынамын. Бұл – қазақтың сан ғасырлық шынайы тарихын әлемге танытудың бірден-бір жолы», - деп түйіндеді Тоқаев.

Сонымен қатар, Президент Қазақстанның аумақтық тұтастығына күмән келтіретіндердің арандатушылық іс-әрекеттеріне ресми және қоғамдық деңгейде, ұстамдылықпен тойтарыс беруге шақырды.

 

Соңғы жаңалықтар