Қоғам • 06 Қаңтар, 2021

Баспа саласында басы ашылмаған мәселе көп

965 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Әлемдік статистика бойынша киноиндустрия мен кітап саудасын салыстырсақ, кітап шығару әлдеқайда көбірек пайда әкеледі. Бұл тұжырымды естіп, біл­генімізбен еліміздегі баспа саласы мен кітап нарығының жағ­дайы оңалар емес. Мәселен, қазір­гі таңда 300-ге жуық баспа мен 800-ге тарта баспахана жұмыс істей­ді. Сонда да қоғамда кітап өндірі­сінің имиджі төмен. Оған себеп, кітап басып шығаруда нақты жүйе мен маркетингтің жоқтығы. Со­дан болар, кітап сатудан түсетін табыс­тың тек 25 пайызы ғана отан­дық өнімге тиесілі.

Баспа саласында басы ашылмаған мәселе көп

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Қазақстан баспаларынан шығатын кітап өнімдерінің 80 пайызын оқулықтар құ­ра­й­ды. Ал нарықтағы өзге кітап­тардың 80 пайызы – Ресей бас­паларынан шыққан кітаптар. Отандық кітаптар аз таралыммен шығатындықтан, сатылымда көп кездеспейді. Өйткені коммерциялық бағытта кітап нарығы дамымай отыр.

Ал жаңа шығып жатқан қазақша кітаптардың көп бөлігі мемлекеттік мекемелерге үлес­тіріледі. Соңғы уақытта ғана қазақ авторларының жинақтары  бірді-екілі кі­тап дүкендерінде сатылып, қазақ кітап дүкенінің контенті қалып­таса бастағандай. Алайда бұл бөркімізді аспанға атып қуана­тындай нәтиже емес.

Кеңестік кезеңде кітапты Үкімет өзі шығарып, өзі сатып және одан қыруар ақша табатын. Ал біз қызыға һәм тамсана еске алатын авторға беретін қаламақы – сол түскен пайданың бір бөлігі ғана. Өйткені биліктің өзі кітап оқуды, қазіргі тілмен айтқанда, трендке айналдыра білді. Бүгінгі қоғамда ол жүйе жоқ. Десе де кітап шығарудағы сол көне саясаттың ізімен қазір баспалар да, ақын-жазушылар да табыс көзі ретінде Үкіметті ғана таниды. «Түйенің танығаны жапырақ». Әлқисса.

Кітап палатасының мәлі­ме­тіне сүйенсек, 2019 жылы елі­міз­де шыққан кітаптың жалпы таралымы – 22 миллион 563 мың дана. Яғни 268 баспадан 4 439 кітап аталымы басылып шыққан. Оның 1874-і қазақ тілінде, 1604-і орыс тілінде және 961-і шет тілінде. Сондай-ақ аталған кітап­тардың 193-і проза, 139-ы поэ­зия жа­нрында жазылған (дра­матургияда бір де бір кітап шық­па­ған). Ал 2020 жылы 3020 кітап тіркелген (бұл нақты саны емес, жыл ақпан айында жабылады). Оның 1222-сі қазақ, 1014-і орыс, 784-і шет тілдерінде. Яғни былтыр 205 баспадан проза жанрында 194, поэзиялық 117, драматургия бо­йынша 6 кітап жарық көрген.

Айта кетейік, бізде қазір кітап шығаратын жалғыз бағдарлама бар. Ол екі бағыт бойынша, яғни сатып алу және шығару мен тарату салалары аясында жүргізіледі. Сатып алу бағытында автор құ­қығы 3 немесе 5 жылға сатып алынып, әр баспатабағына 255 мың теңгеден қаламақы төленеді. Сондай-ақ автор баспаны өзі таңдай алмайды. Ал шығару мен тарату бағытында автор өзі баспа таңдап (таңдамаған жағ­дайда баспалар арасында конкурс жарияланып, яғни тендер өткізілді), келісімшартқа отырады. Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Баспа ісі басқармасының басшысы Әлия Бекбатырованың айтуынша, бұл бағыттағы баспа мен автор арасындағы қаламақы мәселесіне министрлік араласа алмайды. «Баспа өкілдері авторға қанша қаламақы беретінін өздері шешеді. Аталған бағыттағы бағ­дарлама бойынша, мәселен көр­кем әдебиет жанрына бір шартты баспатабаққа (түрлі-түсті емес) 270 мың теңге бөлінеді. Ал түр­лі-түсті кітапқа қойылған сома бұ­дан көбірек. Тарихи, танымдық, т.б. жанрлардың баспатабағына бөлінетін қаржы әртүрлі», деді Әлия Мұхтарқызы.

Батыс елдерінде автор таны­мал, өтімді болса һәм өнімді жұ­­­мыс істей алса, ол, сөзсіз та­быс­­ты болады. Отандық бас­па­­­лар да осы жүйеге көшсе дей­міз. Яғни мемлекеттік тендер­ге ғана арқа сүйемей, баспалар өз қара­жатынан авторға қа­ла­мақы төлеп, жазушыны на­си­хат­­таса, сонда ғана баспа өз қар­жысын қайтарады емес пе? Бұл кітап мар­­кетингінің дамуына ықпалын тигізбек. «Арыс» баспасының директоры, профессор Ғарифолла Әнес қазіргі кі­тап нарығында тегін деген дү­ниені түбірімен жою керек дейді. «ХХІ ғасырдың 21 жы­лында қазақ кітабын бәсекеге қа­білетті, нарыққа бейімдел­ген, өзін-өзі ақтайтын өндіріс әрі биз­нес саласына айналдыруымыз керек. Сол үшін де мемлекет мемлекеттік тапсырыс пен оқулықтарды тегін таратуды мүлдем тоқтатуы қажет. Тегіннің жілігі татымайтынын, талан-таражды күшейтетінін, бәсекені болдырмайтынын баршамыз бі­ліп отырмыз. Халық кітапты өз ақшасына сатып алу керек. Ал баспаханаға қажетті қағаз, дәке, желім, қатырма қағаз (картон), ине елімізде өндірілмейді. Оның бәрі шетелден алынады. Дегенмен, баспада негізгі мәселе бұлар емес», деді ол. Сөз-ақ. Алайда, баспагер қомақты қаламақы төлеген күннің өзінде жаңа шығармаларымен көзге түсетін авторлар бар ма екен?..

2020 жылы «Фолиант» бас­пасынан 300-ге жуық түрлі жанр­дағы кітаптар шығыпты. Оның ішінде балаларға арналған кітаптар, көркем әдебиеттер, аудармалар, оқулықтар, жеке авторлардың кітаптары, сондай-ақ мемлекеттік бағдарлама аясында шығарылған кітаптар бар. Баспасының бас редакторы Фарида Тобашалова кітаптың бас­пада дайындалуы мен оқырман қолына жеткенге дейінгі кітапқа кететін шығын өте қымбат екенін айтты. «Авторға немесе мұрагерлерге, суретшілерге, аудармашыларға қаламақы тө­леу, шет тіліндегі шығармалар­дың шетелдік құқығын сатып алу, редакциялық және типо­графиялық шығындарды қоса алғанда, кітап шығару әжептәуір қара­жатты талап етеді. Біз өз мүм­кіндігімізбен жиырма бес жыл бойы кітап шығарып келе­міз. Үкіметтен кітап шыға­рып отыр­ған баспаларға, кітап сататын дүкендерге, типо­гра­фия­ларға салық жеңілдіктері қарас­ты­рыл­са, кітаптың бағасы арзандап, оқыр­манға қолжетімді болар еді. Сондай-ақ басқа елдерде кітап аудару үшін аудармашының қа­лам­ақысын төлеуге үкімет немесе арнайы мекемелер қаржылай қолдау көрсетеді. Мысалы, Гер­ма­ниядағы Гете институты неміс әдебиетіне әрдайым осындай қаржылық қолдау көрсетіп отырады», дей келе шетелдік баспалар сияқты толыққанды маркетингпен айналыса алмайтындарын тілге тиек етті.

Ал елордадағы «Профи Ме­диа» баспасының атқарушы директоры Айсұлу Бәделқызының айтуынша, еліміздегі кітаптар бағасы қымбат екен. «Себебі, баспаханалар технологиялық жа­­ғынан артта қалған. Сонымен қа­тар картон-қағаз өнімдерінен бас­тап, кітап түптейтін жіпке де­йін шеттен тасимыз. Қазақ кітап­­тарының сапасына қатысты сын да жиі айтылады. Мұның себебі баспа және баспахана са­ласына мамандар әзірлеу әлі күн­ге жолға қойылмай келеді. Елі­мізде бірнеше колледж ғана бас­пахана өндірісіне мамандар даярлайды. Ал мұның қазіргі кезде шапшаң дамып келе жат­қан айрықша технологиялар қол­данылатын сала екенін ескерсек, мамандар жоғарғы оқу орын­дарында оқытылуы керек. Баспа ісі бойынша мамандар да санаулы университетте журналистика мамандығымен қоса оқытылады. Баспа ісі мен журналистика бір-біріне үш қайнаса сорпасы қо­сылмайтын мамандықтар екенін ескермей келе жатқанымыз атал­ған саланы көгертпей отыр», дейді.

Қазақстанда кітап саудасымен айналысатын 137 кәсіпорын тіркелген екен. 2019 жылы еліміз бойынша 13 миллиард теңгеге кітап сатылған. Оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 2 391 632 мың теңгеге, Алматы қаласы бойынша 5 846 836 мың теңгеге, Ақмола облысы бойынша 151 198 мың теңгеге, Шығыс Қазақстан облысы бойынша 697 980 мың теңгеге, Батыс Қазақстан облысы бойынша 70 725 мың теңгеге, Жамбыл облысында 149 634 мың теңгеге, Алматы облысында 674 702 мың теңгеге, Солтүстік Қазақстан облысында 95 584 мың теңгеге, Қарағанды қаласында 1 945 535 мың теңгеге, Қостанай қала­сын­да 152 101 мың теңгеге, Ақтөбе қала­сында 194 786 мың теңгеге, Атырау қаласы бойынша 148 532 мың теңгеге, Қызылорда қаласында 100 188 мың теңгеге, Павлодар қаласында 136 857 мың теңгеге, Маңғыстауда 66 742 мың теңгеге, Түркістан қаласында 35 164 мың теңгеге, Шымкент қаласында 159 283 мың теңгеге кітап саудасы жүргізілген. Қоса кетейік, 2020 жылдың ста­тис­­тикалық деректері алдағы уа­қыт­та есептеледі.

Бүгінгі кітап нарығында «Ме­ломан» дүкенінің үлесі зор екенін де айта кетейік. Бұл дүкенде кітап тез әрі көп өтетіндіктен беделді саналып отыр. Монополия болған соң, тауарларының бағасы да жоғары. Осыдан, шамамен бір жарым жыл уақыт бұрын «Ме­ломанда» қазақ кітаптарына ар­­нал­ған бұрыш ашылды. Сол кез­­дері қазақ әдебиетінің клас­сикалық туындылары сатылымға қойылған еді. Алайда, бұл көр­сеткіш отандық кітап дүкен­нің қазақ авторларына кенде еке­нін байқатады. Ал кейінгі автор­лардың «Меломанға» деген базынасы бөлек. Яғни оған кітап өткізу үшін қаламгердің ЖК немесе ЖШС болуы тиіс. Бұдан бөлек кітабының дизайны мен сапасына ерекше көңіл бөледі. Ал келісімшарты бойын­ша кітап­тың бағалануына байланысты 50-70 пайызға дейін үстеме ақы қосылады. Ал тек қазақша кітаптар сататын «Qazyna» кітап дүкені үш жыл бұрын ашыл­ған болатын. Осы уақыт ішінде кітап дүкені қоғамда қазақ кітап­тарының ортақ бір кеңістігін қалыптастырып келеді.

Кітап дүкенінің директоры Алмас Шәйкен әу баста автор кітаптарына ешқандай талап қой­мағанын, яғни сапасы төмен болса да сатуға ала бергенін айтады. Өйткені, кітап дүкені тек қазақша кітаптар сатуды мақсат тұтқан екен. «Алғаш ашылған уақыттан бастап біз бір жарым жыл бойы тек кітап жинаумен айналыстық. Қазір кітап қорымызда барлық жанрды қосқанда 13 000 кітап бар. Ал кітаптың бағасы автор­лық қаламақы мен кітапты шы­ға­руға кеткен шығынды қос­қан­да құралады. Маржасы 20 па­­йыздан 60 пайызға дейін өсіп отырады, яғни бұл үстеме қо­сылатын бағасы. 2019 жылы 30-40 мың кітап сатылса, 2020 жы­лы 50 мыңдай кітап сатыл­ды. Бұның ішінде ең көп сатыл­ған мотивациялық, танымал пси­хо­логиялық кітаптар болды. Ме­ніңше, алдағы 10-15 жылда қазақ кітаптарының контенті жақсарып, барша жұрт қазақша кітаптарға оралатын сияқты», дейді ол.

Бәлки, қоғамда кітаптың аз оқылуы баспа ісіндегі осы кем­шін тұстардың әсерінен болар. Ол дегеніңіз, уақыт өте келе қ­а­­зақ руханиятының құлды­рауы­на әкеліп соқтырмай ма?.. Эйнштейн: «Бір нәрсені істеуді жал­ғастыра беріп, бірақ одан басқа нәтиже күту бекершілік» деген екен. Баспа өндірісіндегі б­ү­гінгі азды-көпті іс-әрекет бұл қауқарсыз амалдан нәтиже шықпайтынын әлденеше рет көрсетіп отыр. Сон­дықтан аталған мәселеге бастан-аяқ жаңа жүйе һәм тың көзқарас керек-ті.