Пікір • 06 Қаңтар, 2021

Ұлт алдындағы жаңа міндет

278 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласын оқып шықтым. Қазақ халқына шындықты дәлелді айту үшін жазылған терең мағыналы, мазмұнды мақала екен. Қазақстанды басқарып отырған осындай басшының болғанына қуандым.

Ұлт алдындағы жаңа міндет

«...Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз?», «Мемле­кет­тігімізді нығайта түсу үшін тағы не істейміз?» деген сауалдар Пре­зидентті мазалайтынын білеміз.

Халықаралық жағдайда алдына жан салмайтын терең саясаткер Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтай тұлғаны мазалайтын ой көп болар. Одан шығар жолды табатынына да бек сенемін. Қазір мемлекеттер арасындағы тіл табыспау қарапайым халықты бақытсыздыққа апарып жатқанын білеміз. Әр мемлекетпен тіл табысу үшін сол мемлекеттің тілін, тарихын, мінезін білетін білімділік қажет. Ал бұл жағынан келгенде мұндай басшы дамыған  елдерде де көп емес. Біздің еліміз ең қиын жағдайларда тәуелсіздіктің туын берік ұстады.

Мақалада отыз жылда Елба­сымызбен бірге қандай жетіс­тіктерге жеткенімізді, енді мем­ле­кеттігімізді нығайта түсу үшін не жасау керектігімізге тоқ­талған екен. Айтылған ойы да, алдағы ұстаным-бағыттары да  көңілімнен шықты. Мемлекет алдына да, ұлттың алдына да жаңа міндет пен жауапкершілік жүктеліп отыр. Әсіресе шетелде білім алып, өз таланттарымен алпауыт компанияларда  жұмыс істеп жүрген қазақтың талапты ұл-қыздарын көзден де, көңілден де таса қылмай, елдің мақсатына, мемлекеттің дамуына олардың да атсалысып еңбек етуіне мүмкіндік жасаймын дегені ұнады. «...Жырақта жүрген жастарымыздан айырылып қаламыз деп уайымдаудың жөні жоқ. Біздің міндетіміз – олардың бойына мемлекетшілдік рухын сіңіріп, қай жерде жүрсе де туған елдің игілігіне қызмет етуге жұмылдыру. Мысалы, әлемнің ең дамыған елдерінде өз кәсіптерін бастаған және алпауыт компанияларда жұмыс істеп жүрген азаматтарымыздың осындағы замандастарымен байланысын нығайтып, тәлімгерлік етуіне жағ­дай жасауымыз керек», депті ел Президенті.

Қасым-Жомарт Кемелұлы 16 жасында Мәскеуге оқуға кетіп, 40 жасында еліне оралды. Бүкіл білімін, күш-жігерін, жинаған тәжірибесін тәуелсіз Қазақстанның дамуына арнап, сол жолда бар жігерін жұмсап, Ел­басымен бірге адал еңбек етке­нін білеміз.  Көрші елдер  одақ­тың кезінде-ақ жер мен суға дау туғызып отыратын. Ал қазіргі жағдайда көптеген мәселенің тату түрде оңтайын тауып, ұлт үшін дұрыс шешім қабылдап, өзара келісіммен тіл табысып отыру да оңай емес.

Мен Мемлекет басшысының әр қадамын, халыққа жасап жатқан мол мүмкіншілігін көріп, тыңдап, оқып отырамын. Президентіміз «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деп отыр. Тәуелсіз еліміздің мәңгілік ел болуына  бәріміз араласуымыз керек деп ойлаймын. Менің ата-анамнан кейінгі екі ұстазым болды. Бірі – өмір жолының қиындығына төзген, соғысты бастан кешкен, тағ­­дырының ауыртпалығына мойы­маған, отаншыл, детектив жанрының негізін қалаушы Кемел аға Тоқаев еді. Екіншісі – қазақ әдебиетінің көрнекті клас­сигі Ғабит аға Мүсірепов болатын. Осы екі алып тұлғадан көп үйрендім, тәлім тәрбиелерін көр­дім. Мені тәрбиелеген, маған  әке болған ұлы тұлғалар еді.

Мен қазіргі Президенттің сая­сат­керлігімен қоса, оның кез келген әлемдік трибуналарда өз хал­қының мүддесін таптатуға жол бермейтін өжеттігіне, шешен­дігіне қайран қалып отырамын. Аман болсын!!!

 

Әкім ТАРАЗИ,

жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты