Тіл нормасы сақталмаған әдебиет – толыққанды әдебиет емес. Өнердің ішіндегі сахнаға шығатын драмалық шығармалар мен ән мәтіндері де талай сүзгіден өткен әдебиеттің бір түрі. Тіпті Парламент қабылдайтын заң жобалары түгелге жуық орыс тілінде даярланып, барлық алқалы жиындар баяғы Колбин, Храпуновтар «курметти жолдастар» деп жиынды қазақ тілінде бастаған болатындары сияқты қазіргі шенеуніктер қазақша екі-үш сөйлеммен бастап, әрі қарай Ресейдің мемлекеттік тілінде сайрай жөнелетіндеріне не деуге болады?
Осындайда еске түседі екен. Өткен ғасырдың 60-жылдары, жеткіншек шағымызда, ұжымшардың өндіріс жиналысына кейде қатысамыз. Сонда ұжымшар басқармасының төрағасы: «Ұлы халықтың өкілі Кузьма ұста отырғандықтан баяндамамды орысша жасайын», – деп шала-шарпы білетін орыс тілінде баяндамасын бір-екі рет оқи бастағаны бар. Сонда залдағы жалғыз қазғуар орыс Кузьма ұстаның: «Әй, Кәке, мен казакша жаксы билемин гой. Оз тилинде айта берсенши» деген сөзі есте қалыпты. Заманына қарай «бейімделу» деген және «жаппай бейімделу» деген осылай басталған екен ғой...
Жоғарыдан төменге дейін мемлекеттік тілді көтеру жөнінде жалынды ұрандар айтылып, қаулылар қабылданып жатса да қазақ тілінің мәртебесін көтергісі келетін топтар мен ұйымдар құрылып, миллиондаған қаржы бөлініп жатса да, бұл келелі мәселенің оңайшылықпен шешілер түрі көрінбейді. «Қорқамын кейінгі жас балалардан» дегендейін, ірі қалалардағы қазақ мектептерінде оқитын шәкірт атаулының көбінің сабақта қазақша сөйлегенмен, сыныптан шыға салып, өзара орысша әңгімелесетіндері, ақ басты әжелер мен аталардың ертіп жүрген немерелеріне: «Сержик, Аскарчик, Заринатай, Алина (есімдерінің өзі заманының озық үлгісі болса керек), туда нельзя», деп тәрбиелейтіндері, көптеген ауыл-кенттердің, қала көшелерінің атаулары әлі күнге дейін белгілі мемлекет, қоғам, әдебиет, өнер қайраткерлерімен қатар, орыс-казак атамандары мен помещик кулактардың есімдерімен аталып, оны өзгертуге ешкімнің пәрмен жасай алмайтыны т.б. қорқытады. Неткен бойкүйез, ертеңімізге салғырт қарайтын жұрт едік?! Әлде қазақ тілін шын мәніндегі мемлекеттік дәрежеге жеткізу үшін тағы бір 30-40 жыл керек пе екен?! Әй, қайдам, мына түрімізбен солай шығар деп қорқамын.
Ұлыбританияның тіл зерттеушісі Дэвид Кристалл «Тілдер ажалы» деген атауының өзі ат үркітердей кітабында: «Әлемде 6 мыңнан астам тіл болса, оның 2700-і негізгі тіл, 4000-ға жуығы сол тілдердің диалектісі, 600-і жойылу алдында тұр», дейді. Айтқан жерден аулақ, 600-ге біздің тіліміз әзірге қосыла қоймас. Ол тағы да «Сол тілде сөйлейтін ұрпақ өз тілінен безінген кезде тіл өледі» дейді. Осы сөзді ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлы: «Бүгін тіліміз жоғалса, ертең өзіміз жоғаламыз» деп, тағы да: «...Тіл – ұлттың жаны» деп айтқанындай кезеңге келмесек болғаны. Ғасырға жуық уақыт бұрын ол ұлтын – қазағын қалай сақтандырған, бодандық құрсауындағы жұртының болашағын көріпкелдей қалай ғана тап басып айтқан десеңізші. Осының тура дәлелі деп 1917 жылы Кеңес үкіметіне қарасты 194 ұлт пен ұлыс болса, соның 70 жылда 50%-ы жоғалған екен. Олардың алдымен тілі, сонан соң ұлт ретінде өздері құрып біткен. Былайша айтқанда, ассимилизацияланып (кірігіп), тек қана өңдері мен түстері бұрынғыша қалған. Ібір-Сібірдегі аз ұлттардың есімдеріне дейін Федор Николаевич, Варвара Ивановна болып келулері осының айғағы.
Бұл айтып отырғанымыз, әбден сөзжауыр болған қазақ тілінің ертеңгі болашағы, қайткенде мемлекеттік дәрежесі бар тілімізді жерімізде мекендеп отырған басқа ұлттар мен ұлыстарды «тілімізді үйренбеді» деп реніш білдірмей-ақ, өз жұртымыз оның қадіріне жетіп, толық мән бере алады дейтін мәселе. Біз қазір ана тілімізді жетік меңгеру жолындағы ең басты шарттардың бірі де, бірегейі ұғынықты да, жатық сөйлеу мен сауатты жаза білу жайындағы ойға түйген кей мәселелерге тоқталғым келеді.
Сөйлеу білу дегеніміз – орфоэпиялық нормалардың сақталуы ғой. Өкінішке қарай, естілер сөздің тыңдарманның құлағына жағымды болып жетуі үшін ең алдымен, сөйлем мүшелерінің өз орнында тұруы, яғни сөйлемнің дұрыс құрылуы, – үндестік заңы (сингармонизм), әуезділігін (музыкалылығын) сақтау, басқа тілдің (орысша) сөздерін орнымен ғана қолдану, қазақ тіліндегі әбден қалыптасқан сөздерді бұзбай айту т.б. жайлар өзекті мәселеге айналғаны рас. Алмас қылыштай өткір сөзіміз бен шұрайлы тілімізді біздің жасық теміртектей дәрежеге жеткізіп жүргеніміз де өтірік емес.
Жиындарда, әртүрлі мәжілістерде сөз алғандардың баяғы қара сөзді жырдай ғып, мақалдап-мәтелдеп, қажет жерінде екпін түсіре ұйқастыра сөйлейтін Төле, Қазыбек, Әйтекелерді айтпағанда, би деген дәрежелері барлардың барлығы дерліктей сөз қадірін оқып-білмесе де, көкейлеріне тоқып, сөйлеу өнерінің биігіне көтерген дала Демосфендеріндей болыңдар деп ешкім талап қоя алмас. Қазір шешендік мектептерінің мүлде көзден бұл-бұл ұшқандарын мойындайық. Рас, әңгімелерінің мағыналы, мәнді болуларымен бірге, сөйлемдердің әуенділігін сақтай отырып сөйлейтін Зейнолла Қабдолов, Кәкімжан Қазыбаев, Әбіш Кекілбаев, Асқар Тоқпанов, Асқар Сүлейменов, Ақселеу Сейдімбек сынды ділмәр шешендердің дәрістерін, сөздерін тамсана отырып тыңдағанбыз. Олар қағаздан оқып отырғандай жаңылмай сөйлер еді. Қазір де ондай азаматтар бар. Дұрыс сөйлеу дегеніміз тілді өз қалауынша, білгенінше пайдаланбай, тыңдарманға тілдің барша заңдылықтарын сақтай отырып, жеткізе білу болып табылады. Орта мектепте оқып жүргенімізде қазақ әдебиетінен сабақ берген марқұм Қатыш Хасенова тапсырманы айтып тұрғаныңда дұрыс сөйлемесең аузыңнан қағып, қате сөйлеміңді қолма-қол ескертіп: «Ертең үлкен өмірмен араласқанда дұрыс сөйлей білу әрқайсыңның борыштарың» деп отырар еді. Әрине, бәріміз де одан ділмар шешен бола қойған жоқпыз. Алайда ол кісінің ақылы естен шықпайды. Жиындарда, теле-радио хабарларында, басқасын қойғанда, дәрежелі шенеуніктердің өздері «жаңағы, сонан соңын» қайталап, аузынан сөзі түсіп тұрғандарын көргенде, апайымыздың сол сөзі еске түсе береді. Қазіргі, әсіресе әдебиет пен тілдің, тіпті барлық пәннің мұғалімдері, балабақша тәрбиешілерінен бастап, жеткіншектерді дұрыс сөйлеуге бейімдей берсе деген ой келеді. Сөзді дұрыс сөйлей алмай жүруіміздің басты себебі – тілімізге, оны айта білу мәдениетіне жауапсыздық пен немқұрайлылықтың салдары. Сонан соң мектептерде тіл нормаларын, сөйлеу мәдениетін үйретудің жоқтың қасы екендігінде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетінде берген сұхбатында қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне айналдыруды насихаттау қажеттілігін айтқан еді. Бұл – мемлекетіміздің болашақта орындалуы тиісті басты міндеті. Ол міндет орындалуы үшін өз қазағымыз етек-жеңін жинап, тілімізге орынды-орынсыз «жаңалықтарды» енгізуге қарсы үлкен күресті бастайтын уақыт жеткендей.
Қалай сөйлеп жүрміз? Қазір орынсыз, тіпті жосықсыз сөздерді біреулер ойлап тапқан соң, «жұқпалы дерттей» тез таралып кетуіне ең алдымен өзіміз кінәліміз. Олай дейтінім мен туып-өскен Зайсанымда да бұрын айтылмайтын кірме сөздер қазір жайлап алыпты. Таңғалдым. Тіпті ол жер ғана емес, басқа өлкелерде де. Тіпті теледидар, радио хабарларында да жиі қайталанатын болды. Бұл – «отырмыз, тұрмыз» сияқты әбден қалыптасқан етістіктерді «жаңалықпен жаңартқан» – «отырық, тұрық» сияқты жекеше, көпше жалғаусыз, сүйкімсіз сөздер көбейді. «Қазір қайдасың?» десең, «пәлен жерде тұрық» немесе «пәлен үйде отырық» деп жауап береді. Жалғыз отыр ма, әлде біреулермен отыр ма, біліп болмайды. Қандай, қай «данышпанның» ойлап тапқанын біле алмайсың? Ұят болғанда теледидардан жоғары шенді вице-министр сияқтылардың да «отырық, тұрығын» естідік қой. Сол сияқты «Бола ма? Келе ме?» дейтін сөйлемнің соңынан келетін сұрақты «бола(ды) ма? келе(ді) ме?» деп өзгеріске ұшыратыпты. Бұл жерде -ды, -ді жалғауларын не үшін қосып сөйлеп жүргеніміз түсініксіз. Керісінше, бұл жерде артық жалғау жалғанса, оның «келет пе? барат па?» деген үндестік заңына балта шапқандай қысқартып айту үрдісі де пайда болыпты. Бұрындары оңтүстік өңірде ертеден қалыптастырып алған «қай жақ? ол жақ, бұл жақ» дейтін пысықтауыштарды мейлінше қысқартып «қай йақ? бұ йақ?» деп сөйлеу үрдісін де үйреніп ала қоюшылардың көбейе түскені байқалады. Ежелдің ен күнінен «туған күн» деп айтылып, жазылушы еді, қазір «туылған күн» деп ырықсыз біреу тудырғандай «жаңа нұсқаның» қалай пайда болғаны таңғалдырады. Жаңаша сөйлеу бұл мысалдармен шектелсе жөн ғой. Қазір бұл сөздерді бұзып айту сәнге айналды. «Көше басына бардым» немесе «үй басына кіріп шықтым» деудің орнына «көше басыға, үй басыға» деп сөйлейтін болдық.
Тіліміздің ережесінде «Сан есімнен кейін бастауыш сөзге көптік жалғау жалғанбайды», деп жазылған. Сөз білетін жұрт тіпті де олай сөйлемейді. Қазір «Пәленбайдың шаруа қожалығында 154 сиыр(лар) бар» дейтін сөзді жиі еститін, тіпті қайсыбір баспасөздерде солай жазылатынын да көріп жүрміз. Олардың бәрі де үйреншікті сөз саптау үлгісіне айналып отыр. «Анау жерде анау осылай деді, мынау былай жазды» деп мысал келтіріп жатпадық. Соңғы кездері сөздердің мағынасын керісінше өзгертіп пайдаланатын әдет те қылаң бере бастады. «Жолдың қиындығының арқасында төрт-бес сағат кешігіп келдік» немесе «Қазіргі дағдарыстың арқасында кейбір жоспарларымыз орындалмай қалды» деп сөйлейтін болдық. Бұл жерде «арқасында» емес, «салдарынан» немесе «себепті» деу керек қой. «Арқасында» дейтін сөз жақсы нәтижені анықтаса, оның антимағынасы «салдарынан», «кесірінен» деген сияқты мағынаны бермейтін бе еді. Бұл жай ғана келтірілген бірер мысал ғана. Әйтпесе бүгіндері осылайша сөз саптау үлгісі молығып тұр. Демек, сөздің мағынасына мән бермей айта салу – бұл да сөз бұзудың бір көрінісі. Тіл де заманына қарай жаңа сөздермен толығып, жетіліп отыруы заңды құбылыс. Қазір ондай сөздерді көптеп келтіруге болады, Алайда мән-мағынасыз, «тілбұзар» сөздерді орынды-орынсыз пайдаланбайық дегіміз келеді.
Бұлайша кете берсек, егер ХІХ ғасырда өмір сүрген бабаларымыз тіріліп келсе, біздің өздерінің ұрпақтары екенімізге дау жоқ, күмәнданар еді.
Сөздерді бұзып сөйлеу қазақша қалыптасқан атауы немесе мағынасы бола тұра орыс тілінен калька жасап аудару үрдісінен әзірге құтылар түріміз көрінбейді. Айталық, «мүйізді ірі қара» деп айтып та, жазып та жүрміз. Сонда мүйізсіз ірі қарасы жылқы түлігі болар. Қазір кәсіпкерлер шет жұрттардан тоқал сиырлардың тұқымын көптеп әкеле бастады. Сонда оларды қалай атайды екен? Өзіміздің сиыр, жылқы, қой, ешкі деген атауымыз тұрғанда «рогатый» сөзін аударып, неге азаптандық екен? Сиырды сиыр деп, жылқыны жылқы деп атасақ, бұл жануарлардың беделдері түсіп қала ма екен? Бұл атаулар аз болса, тілімізді төрт түліктің әрқайсысының түріне, жасына қарай ондаған атаулары бар. Тіл байлығымыздың барлық саладағы ересен молдығы жөнінен еш ұлттың таласа алмасы анық. Тіпті жұртымызға жат жануар шошқа атаулары оны асырап жүрген жұрттан молдау екен. Орыстар «свиноматка» дей салса, оны бізде «мегежін» деп айдарлапты. Осы «матька» дейтін де біздің кей түлігімізге де аударып, теліп жүру де жиі кездеседі. Қазақтың «саулық қой» деген атауы тұрғанда неліктен «аналық қой» деп қиналып жүргеніміз түсініксіз. Сібір бұғыларын орысша «олень» деп, біздің жеріміздегі бұл жануардың жабайы және қолға үйретілген түрін жалпылама «бұғы, марал» деп атап жүр. Тілімізде бұл жануардың аталығын «бұғы» деп, ал аналығын «марал» деп атаған. «Тайынша бұғы, он екі салалы (мүйізін айтады), бұғы» деп, ал төлін бұзау емес, арқардың төлін «қозықа» дейтін сияқты «бұзауқа» деп атаған. Балықтардың «көксерке, табан, шортан, ұшқыш, мәлім» т.б. атауларын мүлде жадымыздан «сызып тастап», «судак, леш, щука, ускуч, налим» деп сөйлейтін болдық. Тіпті ас мәзірін қазақша жазып жүрген мейрамханалар да осылай, орысшасын жазады. Ең өкініштісі, орысшадан аударып, қазақшалай салған калька сөздер, тіпті көп-ақ. «Туған күніңмен», «мерекеңмен», «келуіңмен, кетуіңмен» деп сөйлейміз. Ілік септігінің жалғауы жалғанған соң сөздің соңы аяқталмай қалғандай болып, «Сонан соң не болады?» деген сауал көңілде тұрады. Халқымыз «туған күнің құтты болсын», «мереке құтты болсын», «аман-сау келдің бе?» немесе «қош келіпсің», «жолың болсын» деп тілек айтатын. Орысша кейбір оралымдарға әбден бауыр басып алғанымыз сонша, қазақша атаулары бола тұра орысшадан аударып айтуға бейімделіп болдық. Ауызды «ауыз» дейміз. Тағы бір қуыстардың барын ұмытпайық дегендей, «ауыз қуысы» дейтін болдық. Одан әрі үңілгісі келсе, «көмекей, жұтқыншақтарымыз» бар. Басымыздағы бізді жүргізіп, тұрғызып отырған ақыл, қабілет қарымымыздың басқарушысын ми дейміз. Ал оны «бас миы», «сүйек миы» деп бөле-жарудың не қажеті бар. Сүйек миы дегенді «жұлын» демеуші ме едік.
Теледидар хабарларында болған жарнамалардың қазақша нұсқаларында небір жаңаша аудармаларды естисің. Әрине, жарнама деген олар үшін табыс көзі екені рас. Алайда бүкіл халық алдында жауапкершілік болу қажет қой. Тіпті орысша да емес, таңғалғанда айтатын «Вау» сөзін үйреніп ала қойған жастардың осылай деп таңырқайтынын ести бастадық. Қазақтың «оһо, еһе» сияқты одағайлары тұрғанда немесе «ой, бәрекелдісі!» тұрғанда «вауға» біржола байланып кетпесек жарар еді. Жарнама демекші, дінімізге, менталитетімізге, ұлттық болмысымызға мүлде жат әйелдер қауымының күнтимесіне, ерлердің әбүйіріне қатысты көріністерге, оларға қатысты жарнамаларға шектеу қоятын уақыт жеткен сияқты. Мұсылман елі екенімізді ұмытпайық...
Орыс тілінен енген қыстырма, кірме: «сразу, значить, уже, или, пока, почему-то» сияқты ұры сөздердің тілімізге әбден сіңісіп, орнығып алғаны соншалықты, оларды қоспай сөйлей алмайтын дәрежеге жеткеніміз өкінішті. Осынау өзіміз қалыптастырған кірме сөздердің «бірден, демек, әлден, немесе, әзірше-керісінше, өйткені-себебі» сияқты мағыналары бола тұра тілімізге алдымен орысша нұсқасының орала беретіні жауапсыздықтың көрінісі. Сондай-ақ екінің бірі: «печенім, желудогім, почкам... ауырып жүр» деп сөйлеу сәнге айналды.
Алда латын әліпбиіне көшкелі отырмыз. Ғалымдар мен тіл жанашырлары біраздан бері талқылаумен, талдаумен келеді. Бұны мәдени, тіпті рухани өміріміздегі нағыз өтпелі кезең деп білген жөн. Мәселе әріптердің санында немесе оларды қалай таңбалауда ғана емес, жаңа әліпбиге көшкен кезде орфографиялық сөздерді жазудың жаңа ережелерін, заңын сақтауға да күш салу қажет. Орыс тілінен, шет тілдерінен енген сөздерді өзіміздің тілдік нормаларға бейімдеп жазуды қолға алса дұрыс болар. Айталық, директор, трактор, профессор сияқты сөздерді қазақшаға аударудың қажеті болмас. Тіліміздің әуезділігіне сай деректір, трактір, пропессір деп жазсақ сингармонизм заңдылығын сақтап қалар едік. Басқа тілдерден ауысқан сөздер ғана емес, өз тіліміздегі біраз сөздер қалай жазылса, солай айтамыз деп, құлаққа жағымсыз естілетін тілдің «ққ»-ламай, «тты-ламай» жұмсақтап айтуды да ұмытып барамыз. Мысалы, «Амангелді» деп айтудың орнына жазылғанындай «Аманкелді» деп сөйлейтін болдық. Сол сияқты «атақоныс» деп жазылып, «атағоныс» деп айтылады. «Жаңа киім – жаңа гиім» т.б. дауысты дыбыстан аяқталатын тіркестің бірінші сөзі екінші сөздің басындағы -қ, -к қатаң дыбыспен басталғанда екінші сөз -ғ, -г дыбыстарынан басталып, ұяңданып айтылатынын да ұмытып барамыз. Марқұм академик Рәбиға Сыздық: «Орфоэпия нормаларының жазудың құлдығына ұшырау қаупі бар» деп тегіннен-тегін жазбаса керек.
Қазақ тілі жалғамалы тіл болғандықтан жалғау, жалғаулық жұрнақтар арқылы жаңа мағынада сөз жасалады. «Төр-аға, жақсы-лық, ала-көз, қара-көз, жеті-қат» т.б. сияқты біріккен қос сөздер сөйлем мүшелерінің екі түрі қосылып, жаңа сөйлем мүшесін құрайды немесе жалғау, жалғаулық арқылы мүлде басқа мағынадағы сөз пайда болады. Бұлар қос сөзден немесе жалғау, жалғаулық арқылы бірге жазылып, басқа мағынада туындайтын сөздер. Ал анықтауыш пен анықталатын қалқан құлақ, анықтауыш пен бастауыш, пысықтауыш пен баяндауыш тас жол, көк аспан, толықтауыш пен баяндауыш, бастауыш пен баяндауыш арқылы үйге келдік, тез келді, ұзын қайың, Барсакелмес т.б. бөлек жазылатын сөздердің ұяңданып айтылатынын да ескеріп жүрген жоқпыз. Сөздерді жазылу нұсқасында айту сөз сазын, әуезділігін жоғалтып, қатқылдандырып айтуды, әр сөзді нақтылап, арасына тыныс бермей әңгімелеу сөйлемнің ырғағын құлаққа жағымды естілуіне нұқсан келтіреді.
Жасырып-жаппай айтар болсақ, орта мектепті айтпағанда, жоғары оқу орнын бітірген дипломды жастарымыздың дені өмірбаянын да қатесіз жаза алмайтыны шындық. Қазір түрлі-түрлі жаңа пәндер қосылып жатқаны рас. Бәрі де керек шығар. Шәкірттерге сапалы білім беру жолындағы ізденістер ғой. Алайда қазақ мектептерінде қазақ әдебиеті мен қазақ тілі ұзақ оқытылатын пәндердің қатарында болып, соңғы сыныптарға дейін тиянақты оқытылуға тиіс деп ойлаймыз. Сауатсыз оқу бітіруші – салауатты маман бола алмайды.
Қысқаша айтқанда, тіл – қарым-қатынас құралы, білім мен парасатымыздың дәл көрсеткіші. Ол рухани байлық ретіндегі ұлттық қазынамыз. Смағұл Сәдуақасов осыдан бір ғасыр бұрын: «Мемлекеттік тіл – бір-екі төренің ісі емес, әрбір қазақтың намысына байлаулы іс» деп жазыпты. Сондықтан тіл тазармай ұлт тазармайды дегіміз келеді.
Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ,
жазушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері