Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
Жинақ Әбу Насырдың әл-Фарабидің әр жылдары жазған бірқатар еңбегінен алынған.
Хакімнің ол дүниелері кезінде Джамал ад-дин әл-Қифти (1167-1248), Ибн Әби Усайбиға (1203-1270) тізіп берген еңбектері ішінде шынында да бар. Жинаққа үңілейік. Оны құрастырушылар Ж.Сандыбаев, Ы.Палтөре данышпанның нақыл сөздерін «Адам», «Қоғам», «Өркениет» деген үлкен үш тарауға бөлген. Әуелі Әбу Насырдың өлмес, өшпес еңбегінің араб, сосын қазақ, одан кейін орыс тіліндегі аудармаларын берген. Әуелі басты тақырып «Адам» мәселесіне тоқталайық. Мұнда Әбу Насырдың адам баласы толыққанды адам болу мәселесін сөз ететін 44-ке жуық даналық ойлары жинақталған. Адам адам деген ардақты атқа жету жолында «бақытқа жетелейтін ұстазға мұқтаж». Өте орынды айтылған. Сондай-ақ «адам білімді және тәжірибелі болмай тұрып, көптеген нәрсені терістеп, негізсіз деп табады, оларды абсурд деп ойлайды, ал ғылымды меңгеріп, тәжірибесін молайтқан шағында ол үшін олар қажетті нәрселерге айналады. Сөйтіп өзі бұрын абсурд деп ойлаған атына қайран қалады», дейді Отырарлық данышпан. Бұған алып, қосар ештеңе жоқ қой деп ойлаймын.
«Адам білімді болу үшін оқу мен білімге атүсті қарамайды» деген Әбу Насыр әрі қарай өз ойын «Адам оқуға атүсті қарамауы керек. Сократтың шәкірттері болған, Платон мен Аристотельде де шәкірт болған. Өйткені ғылым – көміліп жатқан қазына, оған Алла жолын жеңілдеткен адам ғана қол жеткізе алады», деп тұжырымдайды. Отырар перзенті тағы бір нақыл сөзінде «білімге жетуі ең кемел болған адам ең жоғары рахатқа ие болады. Жаны ең кемел әрі ізгі білімге жеткен адамның алатын әрбір рахаты ең толық әрі кемел рахат саналмақ» дейді. Әбу Насыр әл-Фарабиді адам баласының жетілуі, нағыз адам деген атқа лайық болуы әрқашан толғандырған. Оны бұл мәселе грек ғалымдары Сократ пен Аристотель сияқты үнемі терең ойға жетелеген.
Адам іздену, ғылым, білімге ұмтылып, жетістікке жетуі үшін шынында да оны зерттей және терең пайымдай алуы қажет. Осы ізденіс жолында ол «олардың кейбірінің сенімді және мығым, ал кейбірінің әлсіз және маңызсыз екендігін көреді». Сол себепті де адам баласы білімге ұмтылыс кезінде мақсатын айқындай алуының маңызы зор. Себебі «адам өзі үшін қажетті және өзі үшін міндетті етуі тиіс білім – нақты білім». Сондай-ақ «адам ең жоғарғы кемелділікке жету үшін оның мінезі мен табиғаты және әрекеттерімен бірге тағы практикалық және теориялық ойлау күштері қажет». Бұл дәл де орынды айтылған пікір.
Адам ғылым, білім жолында адаспас үшін не керек? Ол үшін Әбу Насыр әл-Фараби «адамның ақыл-ойы өзінің кемелдік шегіне жетсе, онда мәні бойынша [әрекетшіл] ақыл-ойдың мәніне жақын болады» деумен қатар «адам бақытты тек теориялық ақыл-ой күші арқылы ғана танып-біледі, басқа ешқандай күш арқылы емес» дейді. Адам баласының негізгі мұраты игілікті іс істеп, бақытты өмір сүру десек, Әбу Насыр әл-Фарабидің бұл мәселеде де өзіндік айтар-берері бар. «Егер адам бақытқа жетіп, танып, бірақ оны өзінің мұраты қылмаса, оны көңілі қаламай немесе селқос қараса, сөйтіп өзіне басқа нәрсені өмірлік мақсат қылып, соған жету үшін бар күшін салса, онда бұдан абсолют зұлымдық туады» немесе «Егер адам өмірінің мақсаты бақытқа – ең жоғарғы кемелділікке жету болса, онда ол қабілетіне сәйкес соған жетуіне көмегі тиетін нәрсенің бәрін алуы тиіс», дейді. Абай да бес нәрсеге асық, бес нәрседен қашық болуды айтқан. Соған қарағанда бұл шығыс даналарының бәрі ұстанған басты қағидалар деуге болады.
Бақыт туралы 10 жерде сөз еткен ол адам өзі жеке дара кемелділікке жетіп, бақытты бола алмайтынын, адам баласы өзара ықпалдаса, біріне-бірі сүйеу, медеу бола білуі арқасында ғана биік белеске шыға алатынына көңіл бөле келе «әрбір адам өзінің шамасына қарай кемелділікке жетуі үшін басқа адамдардың қоршауында болуға және солармен бірігуге мұқтаж» дейді және «адам жаратылысынан өзі тектес қауым өкілдерінің арасынан пана іздейді, солардың қоршауында тұруды көздейді», сондай-ақ өз ойын «бақыт дегеніміз – абсолюттік ізгілік» дей отырып «шын бақыт деген – бұл ізгілік, сұлулық пен жақсылық, ал осыдан басқаның барлығы зұлымдық, жамандық пен күнәһарлық» деп түйіндейді.
«Кейбір адамдар бақытты байлық деп есептейді, басқалар бақыт деп рахаттануды айтады, кебіреулер билікті бақыт деп санайды, енді басқалары бақыт деп ғылымды айтса, бағзы біреулер бақытты басқа нәрсе деп таниды». Осылай Әбу Насыр бұл мәселеде таңдауды адамның өзіне қалдырады. Бірақ ол шын бақытты байлықтан, рахаттан іздемеуге шақырып тұрған сияқты. Біле білгенге ізгі ойлы, игі мақсатты ғылымнан тап деп тұрғандай. Әбу Насырдың өзі де бақытты ғылымнан тапты деп ойлаймын.
Әбу Насыр әл-Фарабидің тағы бір нақыл сөзі кімді болса да ойлантпай қоймайды. Ол «қайсыбір салада оң нәтижеге қол жеткізуге қабілеті мол адам қабілеті жоқ адамға басшы болады» дейді. Қолыңнан келмейтін істе, білімсіздерге білімді адам жетекшілік етуі керек деп есептейді үлкен ойшыл. Оның бұл сөзінің дұрыстығына ғылым, білім саласын алар болсақ та көз жеткізуге болады. Мен руханият саласынан оқу, ғылым саласына келгелі 7 жыл ішінде 5 министр, 5-тен астам ғылым комитетінің төрағалары ауысты.
Бұл ойланарлық жайт емес пе? Әбу Насыр «біз нақты сенімді болмағандықтан жақсы деп ойлап жүрген адамымыз сұмпайы әрі өтірікші болып шығуы мүмкін немесе өзімізді алдап, мазақ етіп жүрген адамды білмей қолдап жүруіміз де ықтимал» дейді. Бұл өмір көрген тәжірибелі адамның сөзі.
Ислам діні ұстаз және тәрбие арқылы алған білімде қайыр бар деп есептейді. Осы пікірді Әбу Насыр әл-Фараби де айтқан. Ол «Адамның барлығы бірдей жаратылысынан «бақыт» ұғымын және білуі тиіс басқа да нәрселерді біле бермейді». Ол үшін ақылгөй ұстаз әрі тәлімгер керек» деп есептейді. Әбу Насыр сондай-ақ «адамдар ішіндегі ең таңдаулы жан бірінші басшы болуға тиіс, ол тегінде, көпшілікке қажет деп есептелетін біліммен әсте шектеліп қалмайды» деген Отырар ойшылы білім алуда шек жоқ, ұмтыл, білім ал, білімің кемел болсын дейтін сияқты.
Осы бөлімде ол адамдағы ақыл күші, жүрек сезімі, ашу мен қатыгездік, көркемдік секілді мінез кемелділігі, ождан, ізгі қасиеттер, мырзалық, қарапайымдылық, ұстамдылық, қайырымдылық, пәктік, материяны да сөз еткен. «Егер адам өз бойында жоқ нәрселерді қалауынша өзіне таңа беретін болса, онда ол адамда көлгірсушілік пайда болады» деу арқылы ол жалған мақтангершілікті, атаққұмарлықты, даңғойлықты айтып тұрған жоқ па? Сондай-ақ ол мемлекет қайраткері бойында болуы тиіс нәрсеге де тоқталған. «Адам» тарауы Әбу Насыр әл-Фарабидің «адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деген даналық сөзімен аяқталған.
Ол ұстаз жайлы: «Ұстаздық мінез-құлық нормасы мынадай болуға тиіс: ол тым қатал да, тым ырыққа да жығыла бермеуі керек. Өйткені тым қаталдық шәкіртті өзінің ұстазына қарсы қояды. Ал тым ырыққа көне беру ұстаздың қадірін кетіреді. Оның берген сабағы мен ғылымына шәкірті селсоқ қарайтын болады», дейді. Бұл айтылғандар ұзақ жылғы ізденіс, ұстаздық жайлы ойлану-толғанудан туғандағы сөзсіз және ол бүгіндері де өзекжарды деп ойлаймыз.
Әбу Насыр әл-Фарабиді адам тәрбиесі оны жетілдіру, рухани байыту әр кез толғандырып отырған. Бұл ретте ойпаз «Ұстаз тарапынан барынша ынта мен табандылық қажет. Өйткені бұлар жұрт айтқандай тамшысымен тас тесетін бейнебір су тәрізді» деген тұжырым жасайды. Бұдан асыра, бұдан тереңірек айту кез келгеннің қолынан келетін іс емес деп ойлаймыз.
«Отағасы отбасы мүшелерінің тәрбиешісі әрі ұстазы болғаны секілді басшы да халықтың тәрбиешісі әрі ұстазы. Дәл сол сияқты балалар мен жасөспірімдерге жауапты адам олардың тәрбиешісі һәм ұстазы. Міне, бұлардың бәрі мейірім және иландырумен тәрбиелесе, енді бірі басқасын мәжбүрлеу арқылы тәрбиелейді. Басшы да осылай тәрбиеленуі тиіс» дейді ол тағы бір беттерде.
Отырар ойшылының «Қоғам» жайлы ойлары да орнықты екендігін айтқан жөн. Ол алдыңғы бөліммен үндес. Мұнда ғылым, парасат, этика, мырзалық, сараңдық, ысырапшылдық, ізгілік, мейірбандық секілді т.б. адам бойындағы қасиеттер тілге тиек болған.
Иә, ұлы ойшылды қоғам мәселесі де ешуақыт бейжай қалдырмаған. «Адам қоғамы ұлы, орташа және шағын қоғамдарға бөлінеді. Ұлы қоғам дегеніміз – бірімен- бірі біріккен және біріне-бірі көмек көрсететін көп халықтың жиынтығы. Орташа қоғам дегеніміз бір халық. Шағын қоғам – бір қаланың төңірегінде топтасқан қоғам. Қоғамның осы үш түрі кәміл қоғам болады» дейді.
Басшы және басқару. Басшы деген кім? Кім басшы бола алатыны мәселесіне ол «басшы – басқаға үйретіп, жол көрсетуге құдіретті адам» деп жауап береді. Сондай-ақ «басқарудың екі түрі бар» дейді ол, «бір түрі шын бақытқа жеткізетін әрекеттерді, мінез-құлықты, ерік қасиеттерін нығайтады және бұл ізгі басқару. Осындай басқаруға бағынатын қалалар мен халықтар ізгі қалалар мен халықтар болып саналды». Мұндай жолдарды Әбу Насыр әл-Фарабидің «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы» атты атақты трактатынан оқимыз. «Қоғам» тарауының тағы бір жерінде отырарлық кемеңгер «басқарудың екінші түрі қалаларда шын бақыт болып саналмайтын қиялдағы бақытқа қол жеткізетін әрекеттер мен қасиеттерді нығайтады, мұндай басқару надан басқару болмақ» дейді. Әділ басшы, әділетті де ізгі қоғам жалпы адам баласы да, ғалымдар мен ойшылдар да ғасырлар бойы армандап келе жатқан жайт. Оның қоғам түрлеріне берілген осындай анықтамасы да, әрине қызық.
Халық. Данагөйдің бұл мәселе туралы айтқаны да көңіл аударарлық. «Бір халықтың екінші халықтан мынадай табиғи айырмашылығы бар: табиғи жаратылысы, табиғи мінез-құлқы және үшіншісі – сөйлейтін тілі».
Бақыт мәселесіне ол бірнеше рет қайрылып отырған және бақытқа жетуді ол қайырымдылықпен байланыстырған. «Қайырымдылық бақытқа жету үшін қажет» деп санайды Әбу Насыр әл-Фараби.
Ал қайырымды қоғам деген не деген сауалға ол: «халқы өзара бақытқа жеткізетін нәрселер үшін бір-біріне көмек беретін қоғам – қайырымды қоғам. Бақытқа қол жеткізу үшін қалалары бір-біріне көмек көрсететін үмбет – қайырымды үмбет» деп жауап берді. Ал адам баласының бақытқа жетуіне не кедергі дегенде ол «зұлымдықты» атайды. Осы ойды ол «қалалар мен халықтарда зұлымдық жойылғанда ғана бақыт орнайтынын» айтқан және де «егер қайсыбір қала тұрғындарының іс-әрекеті бақытқа жетуге бағытталмаған болса, онда ол жамандыққа ұшырайды» дейді. Сол себепті кез келген бақытты өмірге қол жеткізу үшін халқын, қоғамын адал еңбек етуге жетелеуі керек» дейді ол.
Зұлымдық адам баласының және жалпы қоғамның қас жауы екенін бәрі біледі. Сол себепті Ұлы дала перзенті «қалалар мен халықтарда зұлымдық жойылғанда ғана бақыт орнайды» деп санайды. Мемлекетті, қаланы, жалпы елді басқаратын патшаға, сұлтанға, рухани басшы яғни имамға, қазіргі тілмен айтқанда президентке, министр мен әкімге бірінші басшы болу үшін төмендегідей қасиеттер болуы керек деп есептейді отырарлық дана:
«Бұл адам – имам, ізгі қаланың бірінші басшысы. Мұндай жағдайға тек бойында жаратылысынан дарыған он екі қасиеті бар адам ғана жете алады:
1) осы қасиеттердің бірі – оның мүшелері кемшіліксіз және сау болуы, бұл мүшелердің оны және өздеріне қатысты әрекеттерді жасауға қабілетті болуы;
2) ол өзіне айтылған бар нәрсені жақсы түсініп, қабылдау қабілетіне жаратылысынан ие болу керек;
3) түсінген, көрген, естіген, қабылдаған нәрсесін есінде сақтауға қабілетті болуы қажет;
4) көкірек көзі ояу, өте ақылды болуы тиіс;
5) осындағы нәрсені толық жеткізе алатын көркем сөйлеу қабілеті болуы қажет;
6) үйренуді, ізденуді сүюі керек, оған өзін арнауы керек, үйренудің қиыншылықтарын жеңіп, қиындықтарға сабыр етуі тиіс;
7) дұрыстықты, дұрыс адамдарды сүюі керек, жалғанды және өтірікшілерді жек көруі қажет. Рухы биік және намысты болуы тиіс;
8) Ішіп-жеу мен жыныстық ләззатқа ұмтылмайтын, оларды қаламайтын адам болуы керек. Құмардан бойын аулақ салып, ондай нәрселерден туындайтын ләззатты жек көруі қажет;
9) рухы биік болуы керек, намысты, жомарттықты сүюі керек, рухы жаман және төмен нәрселерден жоғары болуы тиіс, ең жоғары нәрселерге қарай ұмтылуы керек;
10) күміс, алтын және сол секілді дүниелік нәрселерді елемеуі қажет;
11) әділетті және әділ адамдарды сүйіп, қысым мен зұлымдықты және осыларды істейтіндерді жек көруі керек;
12) істелуі міндетті деп тапқан нәрсеге байланысты жігерлі, шешімге берік болып, қорқыныш пен әлсіздік танытпай, батылдықпен оны жүзеге асыруы керек.
Шын бақыт деген не? Жұрт оны қалай түсінеді. Ол турал Әбу Насыр: «шын бақыт деген – бұл ізгілік, сұлулық және жақсылық, ал осыдан басқаның барлығы зұлымдық, жамандық және күнәһарлық» дейді. Осылардан ол қашанда қашық болуға шақырады.
Әбу Насыр әл-Фараби трактаттарында әсіресе өркениет мәселесіне де ерекше мән берілген. «Философияның мәні мен маңызы – болмысты зерттеу» деген ол әрі қарай «Платон мен Аристотель – философияны жасаған екі данышпан. Олар философияның бастамасы мен негізін қалап, оның кейбір салаларын соңына жеткізіп тәмамдады. Дара мен жалпыда, ұсақ және маңызды мәселелерде осы екеуіне сілтеме жасалады» дейді де, ғылымның зерттейтін объектілері мен пәні не метафизикалық, не физикалық, не логикалық, не математикалық немесе саясат өнері болады. Ал философия олардан нәтиже шығарып, барлығын қорытып отырады. Сөйтіп әлемде философияның қатысы болмаған зат қалмайды» деп нағыз философ, хакім данаша сөйлеп кетеді.
Философияны Отырар ойшылы «барлық ғылымның әуелгісі» санайды. Ал философияның мәні мен мазмұны не деген сауалға «болмысты зерттеу, ал мақсаты – адам қабілетінің қабілеті кеткенше болмысты тану» деп есептейді.
Жаратушы Иеміз Алла Табарака уа Тағала туралы: «Ол – Жалғыз, Ақиқат барлығын Жаратушы. Онда пайда болу да, жоғалу да жоқ» дейді:
«Аристотель логика ғылымын дамытты әрі Платон бастаған философияның басқа да салаларын толықтырды», «Платон мен Аристотельдің зерттеулері сыртқы көріністе әртүрлі болғанымен, мақсатта бір» дейді. Шынында да солай. Әбу Насыр әл-Фараби осындай көне грек ойшылдарының шығармаларына түсіндірме жасады. Ол өмір сүрген кезде түсіндірме жазу, жасау ғылымның өзекті бір саласы болатын.
Мемлекет басшысы қандай болуы керек? Бұл мәселеге де ол қайырыла соғып отырған. Әбу Насыр әл-Фараби: «басшы – басшыға үйретіп, жол көрсетуге құдіретті адам» және де «абсолюттік мағынада бірінші басшы дегеніміз – басқа біреудің башылығын мүлдем керек етпейтін, ғылымы мен білімінің жетілгені сонша – бұл жөнінде өзіне жол көрсететін басқа адамға мүлдем тәуелді болмайтын адам» деп ой қорытқан. Сондай-ақ ол: «бұрынғы халықтардан жазылып келген заңдардың негізінде қаланы билеуші әкім – жалғастырушы әкім» дейді.
«Әділ (абзал) патша. «Құлқынның құлы болмай, (құлқынын) тыйып ұстаған патша – ең ізгі (абзал) патша», «Патшаларға жақындастыратын ең жақсы нәрсе екі түрлі болмақ: күлімсіреген жүз бен асты тарта жеу». «Патшалар немқұрайдылық танытпауға тиіс үш нәрсе: қалың жұртты (қара халықты) қорғау, әділетсіздікке жол бермей, жіті бақылау жасау, істерінің басы-қасына игі жақсыларды (салих адамдарды) жинау (таңдау)» дейді.
Әбу Насыр әл-Фарабидің жоғарыда арнайы сөз болған даналық сөздері, ой мен ғибратты сөздері Отырар перзенті шығармаларымен сусындағысы, ол жайлы таным білігін тереңдеткісі, ілім-білімінен үйренгісі келетіндерге мол мағлұмат, тың серпін беретіндігі сөзсіз.
Бұл еңбек cөйтіп асыл баба мұрасымен халқын тағы бір рет қауыштырған ғибратты да өнегелі, есте сақтар іс болды.
Әбу Насыр әл-Фараби руханият пен түрлі ғылым салаларын өзара ұштастыра, үйлестіре терең ой қозғап, салиқалы ой-пікірлер айта білген Ұлы даланың шын мәніндегі қайталанбас дара тұлғасы.
Осы күндері құндылықтар өзгеріп, капитал атқа мініп, ғылым, білімге деген ұмтылыс, талпыныс азайған, жұрт ғылым, білім үйренуде кім үлгі болуы керектігі мәселесі күн тәртібіне көтерілген кезде, тіл үйрену, ғылым, білім, алуда жастарымыз ғана емес, жасампаздарымыз үшін де Әбу Насыр әл-Фараби бізге адастырмас бағдар болатын нағыз жарық жұлдыз.
Әбу Насыр ұлы ғалым, терең пайым, парасат иесі болғандықтан да ғылым мәселесіне тереңірек үңілді, оған аса мән бере қарады. «Ғылым екіге бөлінеді: біреуінің мақсаты ізгілікке жету, екіншісінің мақсаты пайдаға ие болу» (кенелу – Ә.Д.) деген ол әрі қарай мақсаты тек ізгілікке жету өнері философия деп аталады және ол абсолют мағынада – адами даналық» дейді.
Философтарды ол жалған өресіз, дүмбілез деп бөледі.
Әбу Насыр әл-Фарабиді, сондай-ақ мінез мәселесі де қызықтырған. «Жаман мінез-құлық – рухани дерт. Бұл дерттен айығу үшін тән кеселін емдеуде қолданатын дәрігердің тәжірибесіне еліктеуің керек» деп есептейді. Ұлы ұстаздың осылай тәрбие мәселесін бірінші орынға қойғанына риза боласың.
Әбу Насыр әл-Фарабидің өсиет сөздері тек осылармен шектеліп қалмаған. Ол сондай-ақ әдеп, әдептілік, сабыр ету, кісіге жақсылық жасау, әділдік, қызғаныш, ақыл, опасыздық, надандық, жәбір көрсету, ұят, ашу, әзіл, құлқының құлы болмау, адал достық мәселесін де сөз етуді ұмытпаған.
Жақсылық. «Жақсылық жасаған адам жасағанын сол сәтте ұмытуға тырыссын. Жақсылық көрген адам оны ешқашан есінен шығармасын», «Адамға жақсылық етсең қарымта күтпе» деп ескертеді.
Надандық. «Өз пікірін өзгеге (адамдарға) күштеп таңу – надандықтың белгісі» дейді. Мұны да есте болар өсиет деген жөн.
Өз тарапымыздан біз Әбу Насыр әл-Фараби сияқты дана, көреген ойшыл ғалым тудырған және дана перзентінің ұсыныс-пікірлеріне құлақ қоя білген, оны тиянақты орындаған – бақытты адам, бақытты қоғам, өркениетті ел деп қорытындылар едік.
Сөйтіп адам, қоғам, өркениет бөлімдерінің өз айтар, берері, тәлім тәрбиесі, ғибратты ой-пікірі бар деуге толық негіз бар. Отырар перзентінің ой мен өнегеге толы осындай жолдарын тек жоғарыда аталған шығармаларынан ғана емес, өзге де дүниелерінен табуға болады.
Әбсаттар қажы Дербісәлі,
ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор