Сайлау • 11 Қаңтар, 2021

Байқаушылар жоғары бағалады

218 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Қазақстандағы Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауына қатысқан шетелдік тәуелсіз байқаушылар күрделі кезеңде өткен саяси доданың өте жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына көз жеткізді. Сондай-ақ олар жергілікті халықтың саяси белсенділігін де ерекше атап өтті. Еуропаның маңдайалды елдері пандемия жағдайында «сайлауды қалай өткіземіз» деп бас қатырып жатқанда, Қазақстанның батыл қадамға баруы қарт құрлыққа үлгі болғанын жеткізді. Мұны шетелден келген мәртебелі меймандар да мойындады. Ендеше, шетелдік байқаушылардың сайлау жайлы пікірлеріне назар аударалық.

Байқаушылар жоғары бағалады

Халықаралық нормалар қатаң сақталды

 

Тьерри МАРИАНИ,

Еуропалық Парламент депутаты (Франция):

– Қазақстандағы сайлаулардың бәрінде халықаралық нормалар қатаң сақталады. Саяси додалар демократия талаптарына сай өтеді. 15 жылдай Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының мүшесі болдым. Орталық Азия бойынша жұмыс істедім. Сондықтан бұл өңірдегі жағдайды өте жақсы білемін және Қазақстанға алғаш рет келіп отырған жоқпын. Орталық Азиядағы елдерде сайлаудың қалай өтетінін де салыстырып бере аламын. Бұл ретте Қазақстан даму тұрғысынан Орталық Азияда бірінші орынға ие.

Ең алғаш рет бұл елге 1995 жылы келдім. Одан бері Қазақстан көп өзгерді. Оның Орталық Азия елдерінің ішінен бірінші болып Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына төра­ға­лық етуінің өзі көп жайды аңғартады.

Биыл Қазақстанның Тәуелсіздік алғанына – 30 жыл. Осы уақыт ішінде бұл мемлекеттің жеткен жетістіктеріне бәріміз таңданумен келеміз. Қазақстан экономика тұрғысынан да, демократия тұрғысынан да үлкен қадамдар жасады. Әлбетте, оның бастауында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тұр. Ол – барша мемлекеттерге үлгі бо­лар­лық тұлға.  

Сайлауға келер болсақ, санитарлық талаптар қатаң сақталды. Сайлаушылардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінді. Қа­зақ­стан пандемияға қарамастан сайлау­ды жоғары деңгейде өткізді. Сөйтіп, әлем елдеріне үлгі болды. Олай дейтінім, Фран­циядағы өңірлік сайлаулар пандемия салдарынан кейінге қалдырылды. Ал Қа­зақстан саяси доданы кейінге шегермей, шараны өз деңгейінде атқарып шықты.

 

Күрделі кезеңде сайлау өткізу оңай емес

 

Сыдалы Зеки ХАКАН,

Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің депутаты, Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының мүшесі:

– Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассам­блеясының мүшесі ретінде көпте­ген елде сайлаулардың барысын ба­қы­ладым. Қазақстанға байқаушы ретінде екінші мәрте келіп отырмын. Бұған дейін Қазақстандағы Пре­зидент сайлауына байқаушы ретінде қатыс­қан едім.

Қазақстан демократияға деген ұмтылысын күшейтіп келеді. Сайлау – демократияның көрсеткіші. Сайлау – адамдарға берілген мүмкіндік. Оны тиімді пайдалану керек. Сайлаудан кейін Парламентте оппозиция өкілдеріне көп орын бұйырады деген ойдамын. Оппозиция халықтың ойын білдіре алатындай мүмкіндікке ие болуы керек.

Тәуелсіз байқаушы ретінде Нұр-Сұлтан қаласындағы бірнеше сайлау учас­кесіне бардым. Сайлау ашық, транс­парентті түрде өтті. Жалпы, саяси дода қиын кезеңде – коронавирус пандемиясы жағдайында ұйымдастырылды. Мұндай жағдайда сайлау секілді ауқымды сая­си шараны өткізу оңай емес. Бірақ Қазақ­стан бұл міндетті ойдағыдай орындады. Сайлаудың жоғары деңгейде ұйым­дас­тырылғанына көз жеткіздік. Санитарлық талаптар қатаң сақталды.

Халықтың жауапкершілігінің де жоғары екенін байқадық. Мүмкіндігі шек­теулі адамдар үшін де арнайы дауыс беру орындары жасалған. Қысқасы, бар­лығы ескерілген. Тыңғылықты дайын­дық жүргізілген. Жергілікті, шетелдік бай­қау­шылармен де тілдестік. Олар да сайлаудың барысына оң баға берді. Сон­дықтан сайлау демократиялық жағдайда өтті деп айтуға толық негіз бар.

Қазақстан бұл сайлау арқылы демо­кратияға қарай үлкен қадам жасады. Бұл жағдай демократия жолына енді түскен өзге мемлекеттерге үлгі болары даусыз.

 

Тыңғылықты дайындалған

Евгений ШЕВЧЕНКО,

Украина Жоғары Радасының депутаты,

«Украина-Қазақстан» парламентаралық ынтымақтастық тобының жетекшісі:

– Қазақстандағы Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауына тәуелсіз бай­қау­шы ретінде қатысу – біз үшін үлкен абы­рой. Қазақстан бізді әдеттегідей жы­лы қабылдады. Жергілікті халықтың да Украинаға деген құрметін байқадық.

Бірнеше сайлау учаскесін аралап шықтық. Жалпы алғанда Қазақстандағы демократиялық процестің құндылықтары жоғары. Сайлау учаскелеріне кіріп-шығу бойынша ешқандай шектеу жоқ. Адам­дардың да елдің саяси өмірі­не жауап­кер­шілік­пен қарайтыны байқал­ды. Мұны дауыс беруге ағылған халық­тың нөпірінен-ақ аңғардық. Әдетте сайлау­дың алғашқы сағаттарында мұндай белсенділік өте сирек орын алады.

Біз Қазақстанға бейсенбі күні, яғни 7 қаңтарда келдік. Жұма күнгі үгіт-наси­хат жұмыстарын бақылауға тырыстық. Үгіт-насихат науқанының соңғы күні болған соң ба, Нұр-Сұлтан қаласының көшелерінен анау айтқандай белсенділік байқалмады. Жергілікті телеарналар­ды қарап үлгермедік. Тыныштық күнін­де де тиісті талаптардың ойдағыдай сақталғанына куә болдық. Украинада тыныштық күнінің өзінде астыртын үгіт-насихат жұмыстары жалғасып жатады. Қазақстанда мұндай жағдайды көрмедік. Жалпы, қазақстандықтар – тәртіпті, жауапкершілікті жоғары қоятын халық. Бұл қасиеттерді кез келген істен байқауға болады. Бұл жақсы, әрине. Қазақстан халқынан алатын үлгі-өнегенің бірі осы.

Сайлау учаскелерінің бірінде ресейлік байқаушылармен кездесіп қалдық. Олар да сайлау барысының заң бұзушы­лық­тарынсыз өтіп жатқанын айтты.

Иә, әлеуметтік арақашықтықты сақтау бойынша кішігірім кемшіліктерді көрдік. Бірақ бұған түсіністікпен қарау керек және мұндай кемшіліктер сайлаудың өту барысына ешқандай кедергі келтірген жоқ. Атап өтерлігі, мемлекет есебінен сайлаушылардың бәріне бетперде мен қорғаныш қолғаптары ұсынылды. Бұл Қазақстанның сайлауға тыңғылықты дайындалғанын көрсетеді.

 

Жастар белсенділік танытты

Томаш ЛЕНЦ,

Польша Сеймі депутаты, «Азаматтық платформа» партиясының өкілі:

– Саяси додаға Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің шақыруымен кел­дім. Нұр-Сұлтан қаласындағы бір­неше сайлау учаскесіне бардым. Сайлау учас­келері ашылған алғашқы сағаттар­да-ақ халықтың белсенділігі ерекше байқалды. Әсіресе, жастардың белсенділігі сүйсінтті. Өйткені «жастар саясатқа қызықпайды» деген әңгіме бар. Қазақстан жастары осы тұжырымды теріске шығарғандай. Олар­дың саяси белсенділігі тым жоғары. Демек, олар елдің болашағына үлкен жауапкершілікпен қарайды.

Биылғы Парламент сайлауының қазақ­стандықтар үшін маңызы жоғары. Өйткені сайлауға 5 саяси партия қатысты. Білуімше, тізімде де жаңа есімдер көп.

Тағы бір аңғарғаным – қазақстан­дықтардың сайлауға үлкен жауапкерші­лік­пен қарауы. Биылғы сайлауда қазақ­стандық бақылаушылардың саны өте көп. Әр учаскеде әр партияның өкілі саяси доданы бақылап отырды. Бұл халықтың саяси белсенділігін көрсетеді. Әрине, COVID-19 пандемиясына байланысты шетелден келген байқаушылар­дың саны аздау болды. Десе де, жергілікті бақылаушылардың өзі жағдайды мұқият назарда ұстады.

 

Жоғары деңгейде ұйымдастырды

Войтех ФИЛИП,

Чех Республикасы Парламенті депутаттар палатасы Төрағасының орынбасары:

– Халықаралық байқаушы ретінде Қазақстанға алғаш рет келіп отырған жоқпын. Сондықтан Қазақстанның мұн­дай саяси додаларды жоғары деңгейде ұйым­дастыратынын жақсы білемін. Бір­неше сайлау учаскесін аралап, осы­ған тағы бір мәрте көз жеткіздім. Ара­лап шыққан сайлау учаскелерінде ешқандай заң бұзушылықтар тіркелген жоқ. Сайлаушылардың да белсенділігі жоғары. Таңертеңнен бері таңдау жасауға ағылған жұртты көріп сүйсіндік. Сондай-ақ саяси партиялардың белсенділігін де атап өтуге тиіспін. Партиялардың мүд­десін қорғайтын жергілікті байқау­шылар сайлаудың өту барысын мұқият бақылады.

 

Демократия жолындағы маңызды қадам

Тугрул ЧАМАШ,

Түркия Республикасы қоршаған орта және урбанизация министрлігінің кеңесшісі, тәуелсіз сарапшы:

– Қазақстандағы сайлауды бақылау мүм­­кін­дігінің туғанына ризамын. Өйт­кені бұл елдегі жағдайдың бәрін жіті назар­да ұстай­мыз. Биыл Қазақстанның Тәуел­сіздік алға­нына – 30 жыл. Осы уақыт аралығында Қазақ­стан өзін қуатты мем­лекет ретінде таныт­ты. Елдің дамуы­на ба­ғыт­талған реформа­маларды сәтті жалғас­тырып келеді. Бұл ретте, Қазақстан тұрақ­т­ылық пен даму тұрғысынан көп елге үлгі болып отыр. Қазақстан демократия жолында маңызды қадамдар жасауда. Соның бір дәлелі – біз бақылаған сайлау. Бауырлас мемлекет осы сайлау арқылы алдағы жылдардағы даму бағдарын ай­қын­дап алмақ. Айтпақшы, жуырда рес­пуб­ликалық «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласын оқыдым. Прези­денттің мақаласынан Қазақстанның қан­дай жолдан өткенін аңғаруға болады және бұл ел барлық салада табысты дамып келеді. Біз Қазақстанның әр жетістігіне қуанамыз.

 

Өзге елдерге үлгі болды

Фульфио МАРТУШЕЛЛО,

Еуропалық Парламенттің депутаты (Италия):

– Батыс елдері үшін Қазақстан страте­гиялық мемлекет. Сондықтан бұл елдегі қоғамдық-саяси процестердің бәрі Еуропа үшін айтарлықтай маңызға ие. Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауына да кәрі құрлық елдері көз тігумен болды.

Саяси шара күні бірнеше сайлау учас­кесіне бардым. Менің есебімше, ондағы сайлаушылардың дені түске дейін да­уыс беріп үлгерді. Халық сайлауға ерік­ті түр­де қатысты. Бұл олардың бола­шақ ал­дындағы жауапкершілікті жете се­зін­гені екені анық. Сондай-ақ сайлау­шы­­лардың көптеп келуі халықтың пандемиядан кейін қалыпты өмірге түсе бастағандығын көрсетеді.

Қазақстандағы сайлау күрделі кезең­де өткені белгілі. Соған қарамастан қауіп­сіздік шаралары қатаң сақталды. Есіктен кір­геннен адамның қызуын өлшейді, әлеу­меттік арақашық­тық сақталады, қол­ды дезинфекциялау­ға болады. Сайлау учас­ке­леріндегі қызметкерлер мен сайлаушылар арасын­дағы арақашықтық та нормаға сай. Сон­дықтан саяси шара жоғары деңгейде ұйым­дастырылды деп айтуға толық негіз бар. Еуропа елдері қазіргідей алмағайып кезең­де сайлау өткізу керек пе, керек емес пе деп бас қатырып отырғанда, Қазақ­станның мұндай батыл қадамға баруы өзге мемлекеттерге үлгі болғаны даусыз.

Аңғарғаным, кандидаттардың ішінде жастар мен әйелдер басым екен. Меніңше, бұл да жақсылықтың нышаны. Олардың елдің қоғамдық-саяси өміріне араласуы – тыңнан қосылған күш. 

Қазақстан халқының сайлаудағы белсенділігі жоғары. Сөзім дәлелді болуы үшін бірнеше мысал келтірейін. Мен сайлау учаскелеріне барғанда ең алдымен сайлаушылармен тілдесемін. Сосын барып ұйымдастырушыларға жақындаймын. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны, орта жастағы әйел адам сайлау учаскесі ашылмай тұрып, дауыс беруге келген. Тағы бір Қазақ­стан азаматы сайлауға қатысу үшін Ыстан­бұлдан ұшып келіпті. Әрбір адам осын­дай жауапкершілік танытуы керек. Қазақ­стандағы сайлауға байқаушы ретінде қатысқанымды мақтан тұтамын.

 

Жақсы әсер қалдырды

Михаил КОРБ,

Эстония Парламентінің депутаты, Эстония Орталық партиясының Бас хатшысы:

– Эстонияда сайлаушылар екі түрлі әдіспен дауыс береді. Яғни сайлау учаске­леріне келу арқылы таңдау жасауға болады және электронды түрде дауыс беру мүмкіндігі бар. Әркім жағдайына қарай екі әдістің бірін таңдайды. Қазақстанда дауыс беру үшін сайлау учаскелеріне бару керек. Күннің салқындығына қарамастан Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары сайлау учаскелері ашылған сәттен бастап бірінен соң бірі келе бастады. Өз басым мұндай белсенділікті күткен жоқ едім.

Жалпы алғанда, Қазақстандағы сайлау жақсы әсер қалдырды. Біз бірнеше сайлау учаскесіне бардық. Жалпы, кар­ти­на­ны көз алдымызға елестету үшін осы­ның өзі жеткілікті болды. Сайлау тех­никалық тұрғыдан мінсіз ұйым­дас­ты­рылған. Әрине, пандемия жағ­дайында мұндай ауқымды шараны өт­кізу қиын. Соған қарамастан Қазақ­стан­­ның жауапты міндетті ойдағы­дай атқар­ғанына куә болдық. Мәселен, кіреберісте дене қызуының өлшенуі, ара­қашықтықтың сақталуы, байқау­шыларға жақсы жағдайдың жасалғаны, бәрі-бәрі тәнті етті. Байқаушылармен де тілдестік. Олардың тарапынан сын-ескертпелер айтылған жоқ.

Сайлау учаскелері тыңғылықты дайындалған. Мән беруге тұрмайды-ау делінген жағдайлардың бәрі ескерілген. Сайлау комиссиясының өкілдері жылы қарсы алды, сұрақтарымызға да толық жауап берді. Сондықтан Қазақстандағы сайлауға жоғары баға бердім.

 

Ешқандай заң бұзушылық болған жоқ

Бермет Дүйшенбиева,

ТМД миссиясының байқаушысы, Қырғыз Республикасының өкілі:

– Біз Алматыда таңғы сағат 7-ден бас­тап, учаскелері ашылған сәттен бері жүр­міз. Сайлау барысында 6 учаскеде бол­дық, брифингтен кейін учаскелерді тағы да ара­лаймыз. Бақылау процедурасы кезін­де ешқандай заң бұзушылықтарды көр­медік. Жалпы, дауыс беру тиянақты өту­де, сайлаушылардың белсенділігі бай­қалады. Өзіміз мониторинг жүргізген бар­лық учаскелерде сайлау процесінің инклю­зив­­тілігі сақталды, яғни барлық жерде мүге­дек­терге арналған пандустар, шақыру нүк­т­елері бар. Сонымен қатар жергілікті, қо­ғам­дық байқаушылардың, саяси партия­лар бай­қау­шыларының өкілдерін де кездестірдік. Жалпы, дауыс беру өте сабырлы өтуде.

Сайлау учаскелері комиссиялары мүше­лерінің және сайлаушылардың бар­лық санитарлық нормалары қатаң сақтал­ғанын көзіміз көрді.

 

Дайындағандар

Фархат ҚАЙРАТҰЛЫ,

Абай АЙМАҒАМБЕТ,

«Egemen Qazaqstan»