Таным • 11 Қаңтар, 2021

Солтүстік Қазақстан – қазақтың ежелгі атақонысы

1619 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бүгінгі дамыған өркениетті қоғамда өмір сүріп жатқанымыз бізді бақытты жандардың санатына қосады. Дегенмен, адамзат қоғамы дамыған сайын мемлекеттер арасындағы түсініс­пеу­шілік, бәсекелестік, бір ымыраға келе алмаушылық, терри­то­риялық талас, гегемондыққа ұмтылу сияқты факторлар этносаралық, конфессияаралық араздық тудырып, негізсіз қақ­тығыстарға, тіпті соғыс қаупіне де әкеліп жатқаны белгілі.

Солтүстік Қазақстан – қазақтың ежелгі атақонысы

Қазақ халқы ежелден бей­біт­ші­лікті, татулықты қалай­тын толерантты халық. Қазақ бө­теннің жеріне көз тігіп, еш­қа­шан басқыншылық жаса­ма­ған. Керісінше, оның жер байлығы әр уақытта сыртқы басқын­шы­лар­ды қызықтырып, халқымыз азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күресіп келгені тарихтан мәлім.

Еліміздің маңызды стра­те­гия­лық аймағы болып табылатын Солтүстік Қазақстан жері мүл­дем қоныстанылмаған деген Ре­сей саясаткерлерінің (Никонов В., Федоров В., Жириновский В.) пікірлері өте ұшқары, қазақ халқының тарихынан хабары жоқ адамның сөздері немесе қасақана айтылған арандатушы жала. Біз олардың пікірлерін терістейтін бірқатар ғылыми па­йым келтіргенді жөн көрдік.

Қызылжар өңірі батыл да батыр, қайсар, ақын Қожабергеннің, Сегіз серінің, Құлеке мен Құл­са­ры­ның, Үкілі Ыбырай, Ақан сері, Мағжан, Сәбит, Ғабит, Смағұл және басқа да рухы биік дарынды да кемеңгер бабаларымыздың ата­қо­нысы болған қасиетті жер. Бұл қазақтың ежелден бері қо­ныс­­танып келе жатқан атақо­ныс­ы. Сондықтан «Сол­түс­­тік­ Қа­­зақ­стан жері мүлдем қоныс­танылмаған, Ресейдің Қазақ­станға берген сыйы» деген қитұр­қы мәлімдемені басқаны айтпағанда орыс ғалымдары Н.Аристов, А.Андреев, Г.Мил­лер­лердің ғылыми зерттеу­ле­рін­дегі тұжырымды қорытын­ды­лардың өзі терістейді. Соның ішінде, жаңа кезеңнің көрнекті зерттеушілерінің бірі Н.А.Арис­тов Моңғолия жерінен Қазақ­станның солтүстік-шығыс аймақ­та­рына арғын, найман, керей, меркіт тайпаларының жаппай қоныстануын былай сипаттайды: «...Шыңғыс хан әскерінен жеңіліс тапқаннан кейін, Моңғолияның түркітілдес тайпалары өздері тұр­ған жерінен жағрафиялық бағытта батысқа қарай ығыса бастады: алдында наймандар, меркіттер, соңында керейлер. Бұл жағдай аталмыш тайпалардың қырғыз-қазақ даласына таралуы­на ықпалын тигізді» [Аристов Н.А. Заметки об этническом составе тюркских племен и народностей и сведения об их численности. – СПб, 1897. – 182 с.]. Ал арғын, керейлердің қазіргі қазақ даласына кең жайылып, қоныстанған жерлері Солтүстік Қазақ­стан екені белгілі.

ХVІІ ғасырдың басында құрастырылған «Строгановтың Сібір жылнамасы» атты деректік материал бертін жазылғанымен, өткен кезеңнің оқиғалары жайында құнды мәліметтер береді. Бұл жылнамада керейдің билеушісі Ван ханның (Тоғұрыл – Ибраева А.) Шыңғыс ханның қудалауынан ығысып, қазіргі Ресейдің Түмен қаласының жеріне орныққаны туралы мынадай нақты мәлімет келтіріледі: «...Шыңғыс, Ван ханның ұлы Тайбұғыны жібер, қай жерде тұрғысы келеді, сол жерде тұрақтасын. Ол Тұра өзе­нінің бойына келіп, қала тұр­ғыз­ды, оны Чимгий деп атады, қазір ол жерде Түмен деп атала­тын христиан қаласы орна­ласқан» – деп атап көрсетеді [Андреев А.«Строгановы. Энцик­ло­педическое издание». – М., 2000. – 592 с.].

Осыған ұқсас мәліметтер 1836 жылы Сібір метрополитінің дьякы Савва Есипов құрастырған «Есиповтің Сібір жылнамасында» кездеседі. Онда Көшімнің «Қазақ Ордасынан» шыққандығы былай сипатталады: «...Қазақ ордасының даласынан Көшім хан көп әскерімен келді». Үзіндіден қазақ­тардың бұл өңірмен тек байланыс жасап қана қоймай, Солтүстік Қазақстан мен Батыс Сі­бірдің оңтүстіктігінде өмір сүр­гендігін дәлелдейді. Бұл пікір­лер Ресей зерттеушілерінің ең­бек­терінде де ғылыми негізде па­йым­далған.

Қазақ жүздерінің Ресей им­пе­рия­сының құрамына қо­сы­лу­мен өлкені жан-жақты зерт­теу мақсатында экспедиция­лар ұйымдастырылғаны белгілі. Соның бірі Сібір жеріне жасақ­талған академиялық экспеди­ция­сы­ның (1733-1743 жж.) мүшесі болған атақты орыс зерттеуші Г.Ф.Миллерді (1705-1783 жж.) атап өтуге болады. Бірнеше жыл­ға созылған экспедицияның тари­хи, археологиялық, этног­ра­фия­лық зерттеу жұмыс­та­рының нәтижесінде ғалымның қаламынан 1750 жылы «Сібір тари­хы» атты еңбегі жарық көрді. Бүгін сол еңбекті парақтай отырсақ, осы өңір туралы тіпті кейінгі авторлар қозғамаған мәселелер келтірілгендігіне көз жеткіземіз. Автор оны жазу барысында мұрағат деректеріндегі ресми құжаттарды пайдалана отырып, бұл өңірдің тарихына қатысты маңызды мәліметтер келтіреді.

Былтыр Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орда­ның 750 жылдығын біздің тарихымызға, мәдениетімізге назарын аудару тұрғысынан атап өту керектігін және бұл мемлекеттің Қазақ хандығының қалыптасуындағы маңызды тарихи өзектілігін ұмытпауымыз керек­тігін атап өткен еді. Осы­ған орай, М.Қозыбаев атын­да­ғы Солтүстік Қазақстан уни­вер­ситетінің А.Плешаков бас­таған тарихшы-археолог ғалым­да­ры Павлодар мемлекеттік уни­вер­ситетінің «Margulan centre» орталығының Т.Смағұлов баста­ған ғалымдарымен бірлесе отырып Солтүстік Қазақстанның Уә­ли­ханов ауданындағы Бере­ке ауы­лының маңындағы «Қызыло­ба» деген жерде Алтын Орда хандары мен ханшалары және басқа да ақсүйектері жерленген обаның бар екенін тауып, зерттеуді бастады. Ғалымдардың па­йымдауынша, бұл XIV-XVI ғасыр­ларда өмір сүрген Жошы динас­тиясының әулеті өкіл­дерінің мавзолейлері деп болжады. Сонымен қатар жерлеу орнынан көптеген құнды жәдігер табылған. Бұл құнды ескерткіш, солтүстік аймақтың ерте және ке­йінгі орта ғасырлардағы тарихын толықтырып, қоғам дамуы­ның іл­ге­рі жылжығандығын дәлел­дейді.

Моңғол шапқыншылығынан кейін Сібір хандығының құра­мын­да болып, оның этникалық құрамы негізінен көптеген қазақ ұлтының негізін құраған тайпалардан тұрғанын ескере отырып, Сібір хандығының тарихы Қазақстан тарихының құрамдас бір бөлігі екендігіне еш күмән келтіруге болмайды. Мәселен, бұл туралы қазақстандық ғалымдар да талай ғылыми еңбек жазды. Соның ішінде Орта Жүздің ру-тайпалық құрамын зерттеуші ғалым М.С.Мұқанов, Солтүстік Қазақстан және Батыс Сібір жеріне керей тайпаларының алғаш қоныс­тануын ХІІІ ғасырдың басын­дағы тарихи оқиғалармен байланыстырады [Муканов М.С. Этнический состав и расселение казахов Среднего Жуза. – Алма-Ата: Наука, 1974. – 200 с.].

Ал белгілі тарихшы ғалым Аманжол Күзембайұлының «Қазақ және Сібір хандықтарының этно-саяси байланыстары» атты мақа­ласында осы мәселеге қатысты мынадай қызықты мәліметтер келтірген: «Бүгінде қазақ халқының құрамындағы қалың ел керей жұрты деректерге қарағанда Сібір жеріне ХIII ғасырдың алғашқы ширегінде сонау Моңғолия жерінен қо­ныс аударған сияқты. Сібір түркі­лерінің тарихына арнап «Тобольские губернские ведомости» газетіне мақала жазған Н.Абрамов деген зерттеуші Сібір керейлерін Ван ханның ұрпағы ретінде көрсетеді. Олар Ібір-Сібір ұлысының негізін қалаған Әбіл ханның немересі Тайбұға екендігіне дәлел жетерлік» – деп жазған [Күзембайұлы А, Әбіл Е. Сібірдегі керейлер мемлекеті // Қазақ тарихы, № 6, 2015. – Б. 13-16.]

Түйіндей келе айтарымыз, қазақтың кейінгі ру-тайпалары және олардың ата-бабалары Қазақ­станның солтүстік аймағын сонау ежелден мекен етіп, кейінгілері (керей, уақ, меркіт) Батыс Сібірдің оңтүстік бөлігін кем дегенде XIII ғасырдан қоныс­тан­ғанын аңғарамыз. Мұндай құнды мәліметтер бүгінгі күнге дейін жеткен еңбектерден, деректерден алынып отыр. Ал орыс жорықшыларының «каменный поястан» (Орал тауы) бұл жерлерге аяқ басуы тек ХVI ғасырдан кейін ғана болғаны мәлім.

 

Ақмарал ЫБЫРАЕВА,

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің проректоры,

тарих ғылымдарының докторы, профессор