Қазақ халқы ежелден бейбітшілікті, татулықты қалайтын толерантты халық. Қазақ бөтеннің жеріне көз тігіп, ешқашан басқыншылық жасамаған. Керісінше, оның жер байлығы әр уақытта сыртқы басқыншыларды қызықтырып, халқымыз азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күресіп келгені тарихтан мәлім.
Еліміздің маңызды стратегиялық аймағы болып табылатын Солтүстік Қазақстан жері мүлдем қоныстанылмаған деген Ресей саясаткерлерінің (Никонов В., Федоров В., Жириновский В.) пікірлері өте ұшқары, қазақ халқының тарихынан хабары жоқ адамның сөздері немесе қасақана айтылған арандатушы жала. Біз олардың пікірлерін терістейтін бірқатар ғылыми пайым келтіргенді жөн көрдік.
Қызылжар өңірі батыл да батыр, қайсар, ақын Қожабергеннің, Сегіз серінің, Құлеке мен Құлсарының, Үкілі Ыбырай, Ақан сері, Мағжан, Сәбит, Ғабит, Смағұл және басқа да рухы биік дарынды да кемеңгер бабаларымыздың атақонысы болған қасиетті жер. Бұл қазақтың ежелден бері қоныстанып келе жатқан атақонысы. Сондықтан «Солтүстік Қазақстан жері мүлдем қоныстанылмаған, Ресейдің Қазақстанға берген сыйы» деген қитұрқы мәлімдемені басқаны айтпағанда орыс ғалымдары Н.Аристов, А.Андреев, Г.Миллерлердің ғылыми зерттеулеріндегі тұжырымды қорытындылардың өзі терістейді. Соның ішінде, жаңа кезеңнің көрнекті зерттеушілерінің бірі Н.А.Аристов Моңғолия жерінен Қазақстанның солтүстік-шығыс аймақтарына арғын, найман, керей, меркіт тайпаларының жаппай қоныстануын былай сипаттайды: «...Шыңғыс хан әскерінен жеңіліс тапқаннан кейін, Моңғолияның түркітілдес тайпалары өздері тұрған жерінен жағрафиялық бағытта батысқа қарай ығыса бастады: алдында наймандар, меркіттер, соңында керейлер. Бұл жағдай аталмыш тайпалардың қырғыз-қазақ даласына таралуына ықпалын тигізді» [Аристов Н.А. Заметки об этническом составе тюркских племен и народностей и сведения об их численности. – СПб, 1897. – 182 с.]. Ал арғын, керейлердің қазіргі қазақ даласына кең жайылып, қоныстанған жерлері Солтүстік Қазақстан екені белгілі.
ХVІІ ғасырдың басында құрастырылған «Строгановтың Сібір жылнамасы» атты деректік материал бертін жазылғанымен, өткен кезеңнің оқиғалары жайында құнды мәліметтер береді. Бұл жылнамада керейдің билеушісі Ван ханның (Тоғұрыл – Ибраева А.) Шыңғыс ханның қудалауынан ығысып, қазіргі Ресейдің Түмен қаласының жеріне орныққаны туралы мынадай нақты мәлімет келтіріледі: «...Шыңғыс, Ван ханның ұлы Тайбұғыны жібер, қай жерде тұрғысы келеді, сол жерде тұрақтасын. Ол Тұра өзенінің бойына келіп, қала тұрғызды, оны Чимгий деп атады, қазір ол жерде Түмен деп аталатын христиан қаласы орналасқан» – деп атап көрсетеді [Андреев А.«Строгановы. Энциклопедическое издание». – М., 2000. – 592 с.].
Осыған ұқсас мәліметтер 1836 жылы Сібір метрополитінің дьякы Савва Есипов құрастырған «Есиповтің Сібір жылнамасында» кездеседі. Онда Көшімнің «Қазақ Ордасынан» шыққандығы былай сипатталады: «...Қазақ ордасының даласынан Көшім хан көп әскерімен келді». Үзіндіден қазақтардың бұл өңірмен тек байланыс жасап қана қоймай, Солтүстік Қазақстан мен Батыс Сібірдің оңтүстіктігінде өмір сүргендігін дәлелдейді. Бұл пікірлер Ресей зерттеушілерінің еңбектерінде де ғылыми негізде пайымдалған.
Қазақ жүздерінің Ресей империясының құрамына қосылумен өлкені жан-жақты зерттеу мақсатында экспедициялар ұйымдастырылғаны белгілі. Соның бірі Сібір жеріне жасақталған академиялық экспедициясының (1733-1743 жж.) мүшесі болған атақты орыс зерттеуші Г.Ф.Миллерді (1705-1783 жж.) атап өтуге болады. Бірнеше жылға созылған экспедицияның тарихи, археологиялық, этнографиялық зерттеу жұмыстарының нәтижесінде ғалымның қаламынан 1750 жылы «Сібір тарихы» атты еңбегі жарық көрді. Бүгін сол еңбекті парақтай отырсақ, осы өңір туралы тіпті кейінгі авторлар қозғамаған мәселелер келтірілгендігіне көз жеткіземіз. Автор оны жазу барысында мұрағат деректеріндегі ресми құжаттарды пайдалана отырып, бұл өңірдің тарихына қатысты маңызды мәліметтер келтіреді.
Былтыр Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орданың 750 жылдығын біздің тарихымызға, мәдениетімізге назарын аудару тұрғысынан атап өту керектігін және бұл мемлекеттің Қазақ хандығының қалыптасуындағы маңызды тарихи өзектілігін ұмытпауымыз керектігін атап өткен еді. Осыған орай, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің А.Плешаков бастаған тарихшы-археолог ғалымдары Павлодар мемлекеттік университетінің «Margulan centre» орталығының Т.Смағұлов бастаған ғалымдарымен бірлесе отырып Солтүстік Қазақстанның Уәлиханов ауданындағы Береке ауылының маңындағы «Қызылоба» деген жерде Алтын Орда хандары мен ханшалары және басқа да ақсүйектері жерленген обаның бар екенін тауып, зерттеуді бастады. Ғалымдардың пайымдауынша, бұл XIV-XVI ғасырларда өмір сүрген Жошы династиясының әулеті өкілдерінің мавзолейлері деп болжады. Сонымен қатар жерлеу орнынан көптеген құнды жәдігер табылған. Бұл құнды ескерткіш, солтүстік аймақтың ерте және кейінгі орта ғасырлардағы тарихын толықтырып, қоғам дамуының ілгері жылжығандығын дәлелдейді.
Моңғол шапқыншылығынан кейін Сібір хандығының құрамында болып, оның этникалық құрамы негізінен көптеген қазақ ұлтының негізін құраған тайпалардан тұрғанын ескере отырып, Сібір хандығының тарихы Қазақстан тарихының құрамдас бір бөлігі екендігіне еш күмән келтіруге болмайды. Мәселен, бұл туралы қазақстандық ғалымдар да талай ғылыми еңбек жазды. Соның ішінде Орта Жүздің ру-тайпалық құрамын зерттеуші ғалым М.С.Мұқанов, Солтүстік Қазақстан және Батыс Сібір жеріне керей тайпаларының алғаш қоныстануын ХІІІ ғасырдың басындағы тарихи оқиғалармен байланыстырады [Муканов М.С. Этнический состав и расселение казахов Среднего Жуза. – Алма-Ата: Наука, 1974. – 200 с.].
Ал белгілі тарихшы ғалым Аманжол Күзембайұлының «Қазақ және Сібір хандықтарының этно-саяси байланыстары» атты мақаласында осы мәселеге қатысты мынадай қызықты мәліметтер келтірген: «Бүгінде қазақ халқының құрамындағы қалың ел керей жұрты деректерге қарағанда Сібір жеріне ХIII ғасырдың алғашқы ширегінде сонау Моңғолия жерінен қоныс аударған сияқты. Сібір түркілерінің тарихына арнап «Тобольские губернские ведомости» газетіне мақала жазған Н.Абрамов деген зерттеуші Сібір керейлерін Ван ханның ұрпағы ретінде көрсетеді. Олар Ібір-Сібір ұлысының негізін қалаған Әбіл ханның немересі Тайбұға екендігіне дәлел жетерлік» – деп жазған [Күзембайұлы А, Әбіл Е. Сібірдегі керейлер мемлекеті // Қазақ тарихы, № 6, 2015. – Б. 13-16.]
Түйіндей келе айтарымыз, қазақтың кейінгі ру-тайпалары және олардың ата-бабалары Қазақстанның солтүстік аймағын сонау ежелден мекен етіп, кейінгілері (керей, уақ, меркіт) Батыс Сібірдің оңтүстік бөлігін кем дегенде XIII ғасырдан қоныстанғанын аңғарамыз. Мұндай құнды мәліметтер бүгінгі күнге дейін жеткен еңбектерден, деректерден алынып отыр. Ал орыс жорықшыларының «каменный поястан» (Орал тауы) бұл жерлерге аяқ басуы тек ХVI ғасырдан кейін ғана болғаны мәлім.
Ақмарал ЫБЫРАЕВА,
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің проректоры,
тарих ғылымдарының докторы, профессор