Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «ЕQ»
Соңғы онжылдықта бірі келсе, бірі кетіп жатты. Мысалы, өткен жылдың соңғы айларында лицензиясынан айырылған Tengri банктің артында тұрған үндістандық Pundjab National Bank активінің көлемі 120 млрд доллар болса да қазақстандық нарықта ойынын жалғастыра беруге тырыспады. Сондай-ақ Ресей банктерінен бөлек, Қытай, Ислам елдерінің банктері де несиелендірудегі пайыздық көрсеткіштері жағынан аса ерекшелене қоймаса да сервисі, технологиясы қазақ банктерінің ұйқыдан оянуына септігін тигізгені анық. Бұл тақырыпқа қатысты айтылып жатқан болжамдардың қайсысының орындалатыны алдағы жартыжылдықта белгілі болады.
Әзірге айтарымыз, 2020 жылдың желтоқсанынан бастап әлемнің қаржы нарығында жұмыс істеп жатқан және орналасқан жері ДСҰ-ға мүше елдердің банктері елімізге келіп жұмыс істеуге құқылы. Олардың келуіне ішінара шектеу салған тыйымның күші өткен жылдың соңында жойылды. Яғни шетелдік банктердің Қазақстанда филиалдарын ашуына бес жылдық тыйым күшін жойды. Сарапшылар енді қаржы нарығында бәсекелестіктің күшеюі мүмкін екенін айтады. Көп көңілінде «несие алар кезде банк комиссиясы төмендеп, депозиттердің сыйақы мөлшерлемесі жоғарылай ма?» деген үміт бар. Себебі сарапшылар шетелдік банктерді қаржыландырушы көз – Ұлттық банк емес, келген елдері қаржыландырса, бұл үміттің орындалатынын айтады: ал біздің тарапымыздан қаржыландырса, банк сервисі, технологиясының жаңғыруына ғана септігін тигізеді.
Сонымен, шетелдік банктерге ДСҰ шеңберінде есік ашылды. Тиісті құжатқа 2020 жылғы 21 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова қол қойды.
Қаулыда Қазақстанда резидент емес банктің филиалын ашуға рұқсат беру тәртібін анықтайтын ережелер көрсетілген. Ережелер резидент емес ислам банктерінің филиалдарына да қолданылады. Қазақстанда филиал ашу үшін резидент емес банк уәкілетті органға белгілі бір құжаттар пакетін ұсынуы керек. Егер барлық қажетті құжаттар ұсынылмаған болса, уәкілетті орган өтінішті 10 жұмыс күні ішінде жібереді. Ережеде резидент емес банктің Қазақстанда филиал ашуға рұқсат беруден бас тарту жағдайлары да көрсетілген.
Ұлттық банк Қазақстанға келетін шетелдік банктерге барлығы бес талап қоятынын өткен жылы айтқан болатын. Филиал ашуға ниет білдірген иегер банк өзінің қадағалаушы органының лицензиясына және 20 млрд доллардан кем емес сомадағы активтерге ие болуға міндетті. Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлағандай, елімізде жұмыс істейтін банк Ақшаның жылыстауына қарсы күрес шараларын дайындау тобында (FATF) болу және Ұлттық банк пен резидент-банк шыққан елдің қаржылай қадағалаушы органы арасында келісім, сонымен бірге шетелдік банктің филиалының бизнес-жоспарында алдағы 5 жылға арналған жылдық қаржы жоспары болуы да міндетті. Бұл дегеніміз – негізгі қаржылай көрсеткіштер есебі, бюджет, бухгалтерлік баланс, кіріс пен шығын туралы есеп, қаржыландыру көлемі, яғни бәрін жайып салуды міндеттейді дегенді білдіреді.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының жетекшісі Елена Бахмутова шетелдік банктердің Қазақстанға келіп, лицензияларға сәйкес жұмыс істеп жатқанын, ДСҰ-мен келісімдер күшіне енгеннен кейін банк филиалдары ресурстарды теңгемен ұсына алатынын айтады.
– Шетелдік банктерден төніп тұрған қауіпті немесе қатал бәсекені көріп тұрған жоқпын. Ресейлік «Сбербанктің» қазақстандық банктермен бірлесе, бәсекелесе жұмыс істеп жатқаны қалыпты жағдайға айналды. Ал шындығында «Сбербанк» те – шетелдік банк. Бірақ босаңсуға болмайды. Halyk Bank және Kaspi сияқты ірі ойыншыларымыз халықаралық нарықтарға өз бетімен шыға бастады. ДСҰ біз үшін үлкен сынақ емес деп айта аламын. Негізінде жергілікті ірі ойыншылар бәсекені жеңе алады, – дейді Е.Бахмутова.
Шетелдіктердің келуі отандық банктердің белсенді жұмыс істеп, бәсекелесуіне мүмкіндік беретінін сезіп отырмыз. Себебі ішкі нарықтағы кәсіби банк қызметкерлерінің бәрі елімізге келіп-кеткен банктерде жұмыс істеп, тәжірибе жинағанын сарапшылар да мойындайды. Нарыққа кірген кез келген ойыншы жергілікті банктердің дамуына көмектеседі, қаржы секторының сүреңсіз ландшафтын өзгертуге ықпал етеді.
Қазақстан шетелдік банктер үшін тартымды екенін, тез дамып келе жатқан нарық болғандықтан халықаралық компанияларды қызықтыратынын айтқан қаржыгер Ерлан Ибрагим олардың оңай шағылатын жаңғақ емес екенін де ескертеді. Сол үшін елге келіп кетіп қалған банктермен байланыстарды ресімдеген кезде алдыңғы келіссөздерде жіберіп алған қателіктерді қайта зерделеу қазір маңызды.
Таңдау мүмкіндігі аз
Елге келген шетелдік банктердің өз клиенттерін қадағалауға толық мүмкіндігі бар. Бірақ қаржыгердің пайымдауынша, 2021 жылдың қаңтар айынан бастап шетелдік банктер елімізге келу үшін кезекте тұрады деп үміттеніп қалуға болмайды. Қазақстанда қаржы саясаты немесе бизнесті жүргізу саласында реттелмеген мәселелер баршылық. Тіпті олар біз күткен деңгейде келмесе де, барының өзі ішкі нарықты билеп-төстеуге үйреніп қалған қазақстандық ойыншыларға бәсекелестік тудыруы әбден мүмкін. Себебі олар шетелде қалыпты жағдай болып көрінетін өркениетті банк мәдениетін елге алып келіп, сервисті жаңғыртады. Сондықтан, жергілікті ойыншыларға қолдағы бар клиенттерін сақтап қалудың заманауи жолдарын қарастырудан өзге амал жоқ. Ал банктік пайыздық мөлшерлеме мәселесі, сарапшының пайымдауынша, Ұлттық банк анықтайтын базалық мөлшерлемеге сәйкес есептеледі және елдегі макроэкономикалық жағдайды басшылыққа алады. Сондықтан бұл тұста шетелдік банктердің келуімен банк секторындағы жағдай батыс стандарттарымен теңеседі деп үміттенудің қажеті жоқ. Бұл экономиканың өсімімен қатар жүретін мәселе.
Несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелер ең алдымен қаржыландыру құнына байланысты. Егер қаржыландыру шетелдік банктің бас компаниясы арқылы жүзеге асырылатын болса, АҚШ долларындағы несие ставкалары төмен болады, өйткені қаржыландыру құны арзан. Бизнесті дамытуға бағытталған долларлық несиелерді алар болсақ, шетелдік банктердің келуі мөлшерлемені азайтуы мүмкін. Олардың ақша алатын қор базалары тәуекелдерді ескерген күннің өзінде әлдеқайда арзандау болатыны белгілі. Сондықтан кәсіпкерлерге арналған арзан несиелердің пайда болуы әбден мүмкін. Егер шетелдік банктің филиалы жергілікті қаржыландыруды қолданса онда несиелеу шарттары отандық банктердікімен бірдей болады.
Қазақстанда филиалдар ашу құқығы Қазақстанның ДСҰ-ға мүше болу шеңберінде берілетінін айтқан Е.Ибрагим 2021 жылды үлкен өзгерістермен қарсы аламыз, қазақтың банк ландршафты өзгереді деген үміттің ішінара ақталғанын айтады. Демек, келем дегендердің елге келіп филиалдарын ашуға нормативтік тұрғыда кедергі жоқ.
– Қазақстандағы негізгі инвесторлар – ШОБ, сосын ірі бизнес. Ұлттық инвесторларды қалыптастыра алмағанымыздың кері жаңғырығы тағы да алдыдан шықты. Жекешелендіру барысында ұлттық инвесторлардың қалыптасуына мүмкіндік беруіміз керек. Ертең қатал бәсекелестік жағдайында өмір сүретін қазақстандық банктерді ұлттық инвестор ғана тығырықтан алып шығады, – дейді Е.Ибрагим.
Ішкі нарық ауқымды емес
Бізде 100 млрд АҚШ доллары айналымда жүрген жергілікті жобалар аз. Елдегі ірі компаниялар қазақстандық банктердің көмегіне жүгінбейтіні бесенеден белгілі. Сондықтан, сарапшылар бірінші кезекте, Грузия, Балтық жағалауындағы кішігірім банктердің келуі мүмкін екенін айтып жатыр. Одан өзге нарық бірінші кезекте Ресей мен Қытай банктері үшін тартымды болуы мүмкін.
Moody’s сараптамалық агенттігінің сарапшысы Семен Исаков өткен жылдың соңында өткен баспасөз-конференциясы кезінде соңғы 10 жылда елден шетелдік ойыншылардың кетуі жиілеп кеткенін айтқан болатын. Олардың түсінігінде Қазақстанның қаржы сегменті Ресей мен Қытай ойыншылары үшін ғана қызықты.
Сарапшының пайымдауынша, соңғы жылдары несиелендіру деңгейі экономиканың өсуімен салыстырғанда төмендеуде, ал өскен негізгі банктік секторлар – тұтынушылық несиелеу және шағын бизнес. Бірақ экономиканы несиелендіру ұлттық валюта – теңгемен ұсыныла бастады. Бұл фактор қазақстандық банктердің өтпелі кезеңде ес жиып алуына мүмкіндік берді.
ХХI ғасыр тек адам капиталы емес, инвестиция үшін күреске толы болатынын алғашқы жиырма жылдық байқатты. Осы ретте сарапшылар Ұлттық банк немесе қаржы нарығын бақылап, реттеп отыратын агенттіктер шетелдік банктерді елде ұстап тұру үшін пайыздық мөлшерлемені өзгертуі мүмкін деген пікірді жиірек айтып жүр. Егер, жағдай осыған қарай ойысса, қазақстандық банктер салымшыларынан айрылып қалуы әбден мүмкін еді. Бірақ бас банкир Ерболат Досаев былтыр журналистермен кездескен кезде нормативтік арбитражды болдырмау және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында шетелдік банктердің филиалдарын реттеу резидент банктерге қолданылатын қолданыстағы реттеуші тәсілдерге негізделетінін айтып, бұл мәселеге нүкте қойды.
– Соңғы 10 жылда шетелдік банктер тіпті қазақстандық нарықтан кетіп қалды. 16 желтоқсаннан бастап шетелдік банктердің елде филиалдарын ашуға рұқсат етілуі шетелдік қаржы институттарының нарыққа қайта кіруге деген ұмтылысына айтарлықтай әсер етпейді. Мұның бірнеше себебі бар. Соңғы 10 жылда Қазақстанның ІЖӨ құрылымындағы несиелендіру үлесі төмендеп кетті. Несиелендіруді қажетсінетін салалар көбейді. Шетелдік банктерде мұндай қаражат әрдайым бола бермейді», деді Moody’s рейтинг агенттігінің қазақстандық банк секторы бойынша жетекші талдаушысы Семен Исаков онлайн-конференцияда.
Қазақстанның қаржы секторы соңғы оншақты жылда біраз өзгерісті бастан кешті. Банктер іріктеліп, жүйе құрушы деген ұғымдар пайда болып, банк секторына біраз өзгеріс алып келді. Бұл банк секторында жауапкершілікті өзіне алған немесе белгілі бір бағыт бойынша бәсекеге төтеп бере алатын банктердің пайда болуының алғышартын қалыптастырды.
– Біз алдағы бірер жылда нарықтың осы сегментінде тек ресейлік немесе қытайлық банктермен ғана бәсекелесе аламыз. Қазір Еуразиялық одақ туралы келісімінің аясында Қазақстан банктері одаққа мүше елдерде, сәйкесінше Ресей, Беларусь банктері Қазақстанда филиалдарын аша алады. Қазақстанда 14 шетелдік банк жұмыс істейді, оның ішінде Ресей, Түркия елдерінің банктері бар. Еуразиялық одақ елдері арасынан Ресейден басқа елдердің банктері келген жоқ. Әрине, коронавирус банктердің бірігу процестерін күшейтеді. ATФ бank-тің Jusan Bank-ті сатып алу туралы келісімі осыны растайды, – дейді сарапшы.
Сонымен жоғарыда айтып өткендей, әзірге болжам көп. Біз қалай болған күннің өзінде ШОБ-тың және клиенттің, ең бастысы экономиканың мүмкіндігіне бейімделген аураның қалыптасқанын қалаймыз.
АЛМАТЫ