Саясат • 12 Қаңтар, 2021

Әділеттілік – тәуелсіздіктің темірқазығы

485 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

2021 жыл біз үшін ерекше. Осы жылы біз ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған, қасиетті Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына қадам бастық. Осы қасиетті жылдың басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің жетістіктерін ой елегінен өткізіп, бүгінгі таңда қоғамды алаңдатып отырған, әрбір қазақстандықтың көкейіндегі өзекті мәселелерді дөп басып, оны толық, жан-жақты түсіндіріп, алда тұрған мақсаттарды анықтап, шешу жолдарын көрсетіп берді.

Әділеттілік – тәуелсіздіктің темірқазығы

Президент алдағы төртінші онжылдықтың басты міндеті дәл қазір ел күтіп, қоғам талап етіп отырған əді­летті қоғам мен тиімді мемлекет құру екенін, кез келген істі əділдік қа­ғи­­датын басшылыққа алып атқарсақ, мақ­сатымызға толық жететініміз туралы айтты.«Мысалы, тұр­ғындардың тұр­мысын жақ­сарта түспесек, еліміздің жетістік­тері мен халықаралық табыстарын мақтан ету артық. Азамат­тары­мыз экономикалық өсімнің игілігін сезіне алмаса, одан еш қайыр жоқ. Мен əрбір шешімді қабылдар сəтте осы ұстанымды басшылыққа аламын. Біз халық­тың əлеуметтік жағдайын жақ­сартумен қатар, барлық аза­маттардың мүддесін бірдей қорғаймыз. Менің ұғымымдағы əділетті мемлекет дегеніміз осы», деп атап өтті Президент.

Қ.Тоқаев Қазақстан Прези­денті болып сайланғаннан бастап өзінің бас­ты ұстанымы əділеттілік екенін, онсыз қоғам ешқашан дамымайтынын айтып келеді. «Əділеттілік салтанат құр­ма­ған қоғамда тек қайшылық, қиыншы­­лық, құлдырау үстемдік ететіні бел­гілі. Оны жоғалтып алу адамзат үшін де, ұлт үшін де өзін өзі жоғалтып алумен бірдей. Сондықтан əділетсіздікпен мем­ле­кет, қоғам, əр адам күн сайын бірігіп күресуіміз керек. Хал­қымыз айтқандай, «Əді­лет жолы – ауыр жол», бірақ ауыр болса да одан басқа тура жол жоқ», деген болатын Президент өзінің сайлауалды бағдарламасында.

Қоғам əділеттілік салтанат құрғанда ғана жаңарады, дамиды. Қоғамда болып жатқан барлық келеңсіз жағдайлар: сыбайлас жемқорлық, байлар мен кедейлер табыстарының алшақтығы, ұлттық байлықтың теңдей жəне əділ бөлінбеуі, азаматтардың құқық­тарының қорғалмауы, қол­даныстағы заңдардың то­лық­қанды орындалмауы билік­тің жүргізген саясатының əділет­тілігіне байланысты. Сондық­тан да басты мəселе – қазақ қо­ғамының əділетті жолмен дамуы­нда. Тəуелсіз еліміздің тұғы­рының биіктігі, мызғымастығы қоғамдағы əділеттілік деңгейімен өлшенеді. Еліміздің алға дамуы үшін келісім мен ынтымақ, ауызбіршілік керек екені бəрі­мізге аян болса, ол тек əділет­тілік бар жерде ғана болады. Əді­­лет­тілік – тəуелсіздіктің темір­­­қазығы. Әділетсіздік белең алған кез келген қоғам тығы­рыққа тіреледі, тоқырауға ұшы­райды. Сондай жағдай орын алса, тəуел­сіздігімізге қауіп төнеді, мем­лекеттілігімізге деген сенім төмендейді, билікке наразы­лық күшейеді. Сондықтан əділет­сіздікпен аяусыз күресу біздің бас­ты міндетіміз болуы керек.

Мемлекет басшысы еге­мен­дігіміздің мәңгілік ұштағаны кең-байтақ жеріміз, қасиетті де, қас­терлі тіліміз және барлық қиын­дықтан сүрінбей алып келе жатқан халқымыздың бірлігі туралы айта келіп: «біз осы үш құндылықты көздің қара­шы­ғындай сақтаймыз. Бізге осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ. Бұл жер – ежелден қазақтың атақонысы, қастерлі мекені», деді. Еліміздің қауіпсіздігін нығайтудың негізгі шарттарының бірі ұлан-ғайыр шекарамызды шегендеу. Ол үшін шекара маңындағы шұрайлы жерлерді игеріп, агроқалашықтар салу, елді мекендерді өркендетіп дамыту, халық санын көбейту үшін кешенді шаралар қабылдау қажет. Шекара аумағын дамыту ту­ралы арнайы заң, мемлекет­тік бағ­­дарлама қабылдап, оңтүс­тік­тің жұр­тын солай қарай қоныс­тандыруға барынша қолай­лы жағдай жасау, бұған қоса соң­ғы жылдары түрлі себептермен бәсеңдеп қалған қандастар көшін барынша қолдап, оларды сол­түс­тік, шығыс өңірлеріне ор­на­лас­тырып, олардың тұрақ­тануына, кəсіпкерлікпен айна­лысуы­на жеңілдік жасап, көмек­те­суіміз қажет. Иә, бұлар страте­гия­лық өте маңызды əрі еліміздің қауіпсіздігіне қатысты өзекті мə­селелер, сондықтан да оған кезек­ті науқан ретінде қарамай, арнайы мемлекеттік бағдарлама жасап, орындалуын қатаң бақылауға алу керек. Осы өңірлердің ауыл, аудан, қала, облыс әкімдерінің жұмыс нәтижелерінің өлшемі шекара аумағында халық санының өсуі мен олардың өмір сүру дең­гейі болуы тиіс. Құрлықта да, теңізде де бекем бекітілген, бабалар аманат еткен қасиетті ұлан-ғайыр жерімізге ешкім көз аларта алмайтындай болуы керек. Жеріміз еш­қандай шетелдіктердің мен­шігіне берілмейді, ешқашан сатыл­­майды деп қадап айтқан Қ.Тоқаев: «Аумақтық тұтас­тығы­мызға күмəн келтіріп, тату көршілік қатынастарға сына қаққысы келетін кейбір шетел азаматтарының арандатушылық іс-əрекеттеріне ресми жəне қоғамдық деңгейде тойтарыс бере отырып, ағартушылық жұмыс­тарын ұстамдылықпен жүргізген жөн. Біз ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғауға дайын болу қажеттігін тағы да баса айтқым келеді», деді.

Саяси реформаға тоқталып, оның бір күннің немесе бір жылдың шаруасы емес екенін, оны ел іргесін шайқалтпай, береке-бірлігін бұзбай, байыппен жəне біртіндеп іске асыруымыз керектігін айтқан Мемлекет басшысы: «Бірақ реформаны соза беруге де болмайды. Билік халықтың алдындағы өз жауап­кершілігін сезінгені жөн. Сол себеп­ті біз ауыл жəне кент əкімдерін сай­лауға көшеміз. Осы арқылы ең төменгі деңгейден бастап жергілікті өзін өзі басқару жүйесін нығайтамыз. Бұл қадам өзекті мəселелерді тұрғындар мен жергілікті биліктің бірлесіп шешуі үшін қажет. Содан кейін аудан əкімдерін сайлаймыз. Жаңа жүйе өзінің тиімділігін көрсетсе, бұдан да жоғары деңгейдегі əкімдерді сайлайтын боламыз», деп әкімдер сайлауы басталғанын және оның төменнен жоғары қарай жалғаса беретінін мәлімдеді.

Президентіміз өз мақаласында бұрын айтыла бермейтін азаттық жолында құрбан болған Алаш арыстарының тарихымыздағы ерен еңбегін жастарымызға жəне бүкіл əлемге паш ету керектігі, миллиондаған адамды қазаға ұшыратқан, тірі қалғанын босып кетуге мəжбүр еткен алапат ашаршылық, азаттықтың ақ таңын жақындата түскен Желтоқсан оқиғасы сияқты тарихымыздың ақтаңдақ беттері əлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келе жатқандығы туралы айта келе, мұның бəрі біздің тарихымыз, ал тарихты дəріптеу – баршамыздың абырой­лы міндетіміз, сол себепті ұлтымыз­дың өткеніне тəуелсіз көзқараспен қарай­тын кез келгенін, ал тарихи зерттеулер­ді ұраншылдық пен даңғазасыз, таза ғылыми ұстаныммен жүргізу қажеттігін атап өтті.

Президенттің мақаласын жіті қарап, оқып шықтым. Мақалада тәуелсіз елі­міздің мүддесін қорғайтын, бола­ша­ғын айқындап берген түйінді, батыл ойлар айтылған, халқымыздың, ұлтымыздың көкейінде жүрген өткір сұрақтарға нақты жауаптар берілген. Бұған дейін билік тарапынан халық көңілінен шыққан мұндай терең ойлар, идеялар ашық айтылған емес.

Мемлекет басшысының мақа­ласы мынау алмағайып заман­да, елімізге жан-жақтан көз­дерін алартып, арандату­шы­лық ақпараттар беріліп жат­қанда, көпшілік билік не айтар екен, қандай бағыт ұстар екен, қандай реакция болар екен деп алаңдап отырған кезеңде, әрбір қазақ­стандықтың санасына сілкініс жасап, бағдар беретін, бағдар­лама­лық құжат болды деп ойлаймын. Президентіміз айтқан «Тәуел­сіздік бәрінен қымбат» деген сөз әрқайсымыздың жү­регі­мізден орын алып, рухымызды ас­қақ­тататын ұранға айналуы тиіс.

 

Қуаныш АЙТАХАНОВ,

қоғам қайраткері