Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Әкесі дүние салғаннан кейінгі Дәулеткерейдің тағдырына қатысты басылым беттерінде бірнеше таласты мақала жарияланды. Мысалы, музыкатанушы, Дәулеткерейдің өмірі мен күйлерін зерттеуші Петр Аравиннің «Даулеткерей и казахская музыка ХІХ века» кітабында: «...судя по архивным документам, молодые годы Даулеткерея прошли в семье его двоюродного брата Мендигирея Букейханова, который в 1827 году стал правителем рода серкеш и увез мальчика с собой» (...архив құжаттарына қарағанда, Дәулеткерейдің жастық шағы оның немере ағасы, 1827 жылы шеркеш руының басқарушысы болған соң баланы өз қолына алған Меңдігерей Бөкейхановтың үйінде өткен тәрізді) деп келтіреді.
Ал тарихшы Исатай Кенжалиев «Орал өңірі» газетінің 1997 жылы 30 қаңтардағы санына шыққан «Дәулеткерей өмірбаянын мұқият зерттейік» деген мақаласында: «Әкесі өлгесін бес-алты жасар Дәуекең Меңдігерей Бөкеевтің тәрбиесіне берілді деген сөз де шындықтан шалғай. Бұл, әсіресе, П.Аравинде қисынсыз. Алматыда тұрған Дүйсенғали Үрпеков деген азамат: «...Шығайдың немесе біз Сығай дейміз, 7-8 баласы болған, әрі Дәуекеңнің өз анасы тірі, олардың көбі оқыған, ел билеген, ауқатты адамдар. Олай болса, баласын шетке бақтыру салтымызға жатпайды ғой, деген еді» деп жазады.
И.С.Иванов 1901 жылы Астраханский листок басылымында шыққан «К столетнему юбилею Внутренней (Букеевской) киргиз-кайсацкой орды» (Ішкі қазақ (Бөкей) ордасының 100 жылдық мерейтойына орай) деген еңбегінде: «Букей имел трех жен. От первой у него было два сына, Тауке и Адиль. Вторая жена его была Атан, от которой родился сын Джангер. От третьей жены Джумы, киргизки черкесского рода, у Букея был сын Менгли-Гирей. На ханше Джуме, после смерти Букея, по киргизскому обычаю женился брат его Шигай, имевший от этого брака сына Даулет-Гирея», (Бөкейдің үш әйелі болған. Бәйбішеден екі ұл – Тәуке мен Әділ. Екінші әйелі Атаннан – Жәңгір. Үшінші әйелі, шеркеш руының қызы Жұмадан – Меңлігерей туған. Бөкей өлген соң қазақ салты – әмеңгерлік жолымен Жұма ханымды Шығай сұлтан алады. Бұлардан Дәулеткерей туған) деп жазады.
Жоғарыда көрсетілген деректерге қарасақ, Меңдігерей мен Дәулеткерей бір шешеден туған, әкелері – бір атаның балалары. Қазақта он үште отау иесі дегендей, жас болса да, анасы мен бауырын қамқорлығына алған кезде Меңдігерей 15 жаста болған екен. Кейін Жәңгір ханның жарлығымен Жамантау (Боғда) жағын мекендеген шеркеш руын басқаруға жіберіледі. Дәулеткерейдің балалық шағы сол жақта өтсе керек, мәңгілік мекенін де сол жақтан тапты. 1842 жылғы 11 қарашадағы құжатта Ішкі ордадағы әр рудан зекет жинауға тағайындалған сұлтандар, старшындар мен билер туралы құжатта: «...в черкесском роде: султаны Давлет-Гирей Шигаев, Миндигирей Букеев, советник хана Чултыр Бекмамбетев, бии Утяу Тунгачин, Фейзулла Бекбулатов и Сатай Баймуратов» (шеркеш руына сұлтан Дәулеткерей Шығаев, Меңдігерей Бөкеев, хан кеңесшісі Шолтыр Бекмәмбетов, билер Өтеу Тұнғашин, Файзолла Бекболатов, Сатай Баймұратов) деп жазылған.
Дәулеткерей 1852 жылдың басында ноғай руының басшысы болып тағайындалады. Музыкатанушы П.В.Аравиннің «Даулеткерей и казахская музыка ХІХ века» («Дәулеткерей және ХІХ ғасырдағы қазақ музыкасы») кітабының 18-19 беттерінде: Список управляющих родов Внутренней Киргизской Орды, составленный Временным советом по управлению Внутренней ордой в 1853 году: «14. Султан Давлеткерей Шигаев, возраст от роду 33, управляет ногаевским родом временно с 21 февраля 1852 года» (Ішкі орданы басқару жөніндегі Уақытша кеңестің 1853 жылы жасалған Ішкі қазақ ордасындағы руларды басқарушылардың тізімінде: 14. Сұлтан Дәулеткерей Шығаев, 33 жаста, 1852 жылдың 21 ақпанынан бері ноғай руын басқарады) деп жазылған. Бұл мәлімет Қазақ Мемлекеттік Орталық мұрағатының 78-қор, 2-тізім, 1 010-істің 5-бетінде сақталған.
1859 жылдың 12 маусымында Шекара комиссиясының ұсынысымен үш жүздің сұлтандарынан Санкт-Петербургке баратын депутация құрамы бекітілді. Ішкі ордалықтан Дәулеткерей Шығайұлы мен ноғай руының басқарушысы, Неплюев кадет корпусының түлегі, орыс тілінде еркін сөйлейтін Едіге Сүйінішқалиев жіберіледі. Бөкей ордасы 5 қисым мен 2 округке бөлінген кезде, Дәулеткерей Қалмақ қисымының әкімі (правителі) болып тағайындалады. Ішкі Қазақ Ордасын басқару жөніндегі Уақытша Кеңеске басқарушы болып тағайындалған Г.В.Ващенко, одан кейінгі К.И.Герн Дәулеткерейдің қызметіне қолдау көрсетті, көмектесіп отырды. Бұлардан кейінгі келген басшы Шығаевтарды басқару ісінен біртіндеп шеттете бастады. 1862 жылы Дәулеткерей, кейін ағасы Тоғым биліктен босатылды.
Бұдан кейінгі жылдар ең ауыр жылдар болды. Бұл туралы П.В.Аравиннің жоғарыда аталған еңбегінде: Не успел Даулеткерей оправиться от этого удара, как на него свалились еще более тяжелые испытания. В 1863 году в возрасте 39 лет умирает его младший брат Мирхайдар. Через три года в старом деревянном домике около ватаги Коневской на прибрежье Каспия, где прошли детские годы Даулеткерея, скончался старший брат Тугум, а вслед за ним смерть унесла и другого брата – Кушаккали, который долгие годы был самым близким другом и верным наставником молодого Даулеткерея. В те же годы (1863 год) Даулеткерей потерял и своего товарища Тюремурата Азербаева, замечательного домбриста, именем которого назван один из кюев Курмангазы. Тюремурат был выходцем из рода туленгут, в течение нескольких лет он выполнял обязанности старшины Калмыцкой части, правителем которой в то время был Даулеткерей. Вместе со своими сородичами Тюремурат проживал по соседству с зимовкой Даулеткерея (Дәулеткерей бұл соққыдан ес жимай жатып, одан да ауыр сынақтарға тап болды. 1863 жылы 39 жасында інісі Мірхайдар қайтыс болды. Үш жылдан кейін Конев батағасының маңында, Дәулеткерейдің жастық шағы өткен ескі қарағай үйде үлкен ағасы Тоғым, одан кейін іле-шала тағы бір ағасы, Дәулеткерейдің жасынан әрі ұстаз, әрі ең жақын досы болған Көшекқали дүние салды. Сол (1863) жылдары Дәулеткерейдің жақын досы, мықты күйші, Құрманғазының өзі бір күйін арнаған Төремұрат Әзербаевтан айырылған еді. Төремұрат төлеңгіт руынан шыққан, Дәулеткерей Қалмақ қисымын басқарып тұрған кезде, Төремұрат старшын болған. Төремұрат өз руластарымен бірге Дәулеткерейдің қыстауымен көршілес отыратын) деп жазады.
Біз Бөкейліктегі көне қорымдарды зерттеген ғылыми-зерттеу экспедицияларының бірінде бұрынғы Қалмақ қисымына қарасты Соналы елді мекенінен аталған Төремұраттың құлпытасын таптық. Бұл мекен кейін Молотов колхозы болған, қазір аудан орталығы Сайқын ауылдық округіне қарасты.
Құлпытаста:
1.Бұл әлмарқад әлмарқұм
2.хан төленгіт руының
3.ыстаршынасы Төремұрат
4.Әзірбай баласы офат болды
5.46 жасында 1863 руми жылы
6.бұл тасты жаздырып қойды
7.баласы Биғара мырза және Есен мырза.
Төменде таңба салынған.
Аравин көрсеткендей, Төремұрат ағайын-туыстарымен осы жерлерді мекендегенін келесі құлпытас жазулары дәлелдесе керек:
1.Бұл қабір марқұм төленгіт руы Нұралы
3.хан тайпасының Ішкі ордалық уәләйатында
4.Шор Әзірбай баласы уа матбур ыстаршыны Хожамұрад
5.офат болды 55 жасында 1869-ыншы руми
6.жылы бірінші сәуірде бұл тасты жаздырып қойды
7.баласы Бимұрад мырза һәм Хажымұрад мырза деп, төменде таңба салынған.
Дәулеткерейдің отбасына түскен қайғы бұлты мұнымен тына салмады. 1871 жылы 37 жасында Мұхамед-Салық дүниеден өтеді. Оның жұбайы Ғазиза – Меңдігерейдің қызы болатын, сондықтан Мұхамед-Салықтың жас балаларына қамқоршылыққа сұлтан Арыслангерей Бөкейханов тағайындалады. Арыслангерей 1876 жылдың 8 желтоқсанында Ішкі Қазақ Ордасын басқару жөніндегі Уақытша Кеңеске өзінің денсаулығына байланысты және Бабажановтың аға-інілерінен қауіптенетіндігін жазып, ағасы сұлтан Дәулеткерейді қоса тағайындауды сұрап өтініш жолдайды. (Музей-қорық №3026/20-21в). Сөйтіп, Дәулеткерей Мұхамед-Салықтың балаларының қамқоршысы болып тағайындалады. 1888 жылдың 30 сәуірінде Мұхамед-Салықтың ұлы Мұқан Бабажанов Ішкі Қазақ ордасын басқару жөніндегі Уақытша Кеңеске: После смерти родителя и родительницы моей имуществом оставшимися после них назначены были опекунами сотник Араслангирей Букейханов и Давлетгирей Шигаев, и это имущество до настоящей поры мне законным порядком не сданы; а потому я почтительнейше прошу распоряжения Временного Совета об удовлетворении меня так как опекуны скончались, сотник Араслангирей скончался в недавнее время и имущество последняго частным путем делются между наследниками. А потому прошу скорого распоряжения чтобы оставшееся имущество его не было истрачены. Для сей подачи просьбы доверяю родственнику Балтабаю Бабаджанову (Ата-анамның қазасынан кейін менің мүлкіме қамқоршы болып жүзбасы Арыслангерей Бөкейханов пен Дәулеткерей Шығаев бекітілген, осы мүлік бүгінге дейін маған заң тәртібімен берілген жоқ. Уақытша Кеңестен өтініп сұраймын: жақында жүзбасы Арыслангерей қайтыс болды, оның дүние-мүлкін мұрагерлері өзара бөлісуде. Марқұмның қалған мүлкі де таратылып кетпеуі үшін жедел қаулы шығаруды сұраймын. Осы өтінішті беру үшін туысым Балтабай Бабажановқа сенім білдіремін) деп хат жолдаған. Дәулеткерейдің дүние салғанына көп бола қоймаған болса керек. П.Аравин 1883-1885 жылдардағы мұрағат құжаттарын «Астраханские губернские ведомости» басылымының 1887 жылғы 21 сәуірдегі нөміріндегі Дәулеткерейдің шеркеш руының старшыны болған деген жазбаны негізге ала отырып, 1887 жылдың 15 сәуірі мен 4 мамыры аралығында Қарамола елді мекенінде, қыстауында дүниеден өтті дейді.
Дәулеткерейдің жерленген жері Қарамолада оның жұбайы Саржанның құлпытасы сақталған. Қарамолаға барған сапарымызда қорымдағы екіге бөлініп шалқасынан жатқан құлпытасты тазалап оқығанымызда:
1-бөлікте:
1-жол: Саржан
2-жол: Дәулеткерей
2-бөлікте:
1-жол: (халалы офат) болды
2-жол: 52 жасында 187
3-жол: 6-ншы жылда бұ та-
4-жол: сты жаз-
5-жол: дырушы баласы
6-жол: Азаматкерей
Төменде: төре таңбасы.
Құлпытастың жоғарғы бөлігі табылмады. Дәулеткерейдің жұбайы Саржан төре тұқымынан шыққандығын құлпытасына салынған таңбасынан анық көрінеді. «Орал өңірі» газетінің 15 мамыр 1997 жылғы нөміріндегі «Ұлы сазгер Дәулеткерей» деген мақаласында З.Шарафутдинов: «... Бәйбішесі Саржан Ұлмекен сұлтанның қызы» деп жазады. Төрелер тарихын зерттеуші Арман Қият: «Ұлмекен сұлтан Қарабай сұлтанның ұлы» деп көрсетеді.
П.В.Аравин Дәулеткерейдің Азаматкерей (1846 жылы туған), Саламаткерей (1849 жылы туған), Салауаткерей (1851 жылы туған) деген ұлдары және Шахзада есімді қызы болған. Екінші әйелі Зифа Насанова деп жазады. Тарихшы И.Кенжәлиев: «Дәулеткерей қайда туып, өсті екен?» деген мақаласында: Өзінен (Дәулеткерейден – автор) Саламаткерей, Азаматкерей, Салауаткерей, Сағадаткерей деген төрт ұл болған», дей келе, «Сағадаткерейден – Қадым, одан – Мұхит, Мәкен, соңғыдан – Шамила, Айтқаным, Күләш, Мақаш. Азаматкерей Шығаевтан – Сүлеймен, Сүлейменнен Қасен, Мөкеш, Ғұбби, Бәтима. Қасеннен – Мырзаш, Бақытжан» деп Дәулеткерей ұрпағын өрбітеді.
Башқұртстан Республикасының Уфа қаласынан әкелінген Бөкей ордасы бойынша толтырылған 1871 жылғы метіркелік кітапта: «Ер бала Сейіткерей 25-саратанда дүниеге келді. Әкесі төре руының Нұралы хан тайпасынан Азаматкерей Дәулеткерейұлы, анасы Мәрия. Торғай көлінің шығыс жағында туды» деп жазылған. Дәулеткерей ұрпақтары туралы деректерден Сейіткерей есімін кезіктірмедік.
Қарамоладағы қорымда Саламаткерейдің құлпытасы бар. Оны бұрынырақ барып көргендер Салауаткерейдің құлпытасы деп көрсеткен. Құлпытаста:
Жоғарғы жағын айналдыра:
Абу-бакр Лә иләһа илә Аллаһ
Ортасында:
Мухамад расул Аллаһ
1-жол: бұл қабір марқұм
2-жол: Шыңғыс нәсілінен Нұр-
3-жол: алы хан тайпасынан Салама-
4-жол: ткерей Дәулеткерей ұлы о-
5-жол: пат болды 1919-ыншы жылында
6-жол: 69 жасында мұны қойған
7-жол: баласы Хасан. Ғафар
8-жол: Аллаһ занубуһама
Төменде төре таңбасы қойылған.
Осы құлпытасты бұрын оқыған кезде: мұны қойған балалары Хасан Ғафар деп атап өтеді, негізі «ғафар Аллаһ занубуһа» деген тіркес «Алла оның күнәларын кешірсін» деген мағынаны білдіреді. Демек, бұл құлпытас Дәулеткерейдің Саламаткерей есімді ұлына қойылған, құлпытасты қойған баласы Хасан (Қасен).
Қорымдағы тағы бір құлпытаста:
1-жол: Аштарқан (Астрахан) жерінде
2-жол: сұлтан Салауаткерей
3-жол: Дәулеткерей ұлының заужасы (әйелі)
4-жол: Дос-Әлмұхамеджан қызы Нүри-
5-жол: жамал опат болды 36
6-жол: жасында 1887-ншіде
Құлпытас жандарына, артына: Қабіріне зиярат ет, Рухына Фатиха қыл, деп жазылған. Бұл Салауаткерейдің жұбайы Нұржамалдың құлпытасы болып шықты.
Жалпы, қорымдағы 4-5 құлпытас жақсы күйде сақталған, қалған құлпытастар сол жерлерде жүргізілген сынақ салдарынан сынып, бөлшектеніп шашылып жатыр.
Бүтін құлпытастың бірінде:
- «Оның [Жер] бетіндегінің əр бірі фани»
2.бұл қабір Қалмақ қисымы 7-нші бөлімінің
3.төре руғылық қарабай тайфылық
4.Ғайдмұхамед Сүйінішәлі ұғлы 66
5.жасында офат 8-інші сүнбіле 1912-нші жылда
6.бұны қойды баласы Ғабдолрахман (төре таңбасы) деп жазылыпты.
Мақаланы жазудағы мақсат күйшінің 200 жылдығына орай іздеу, зерттеу барысында тапқан тың деректермен бөлісу.
Қақ төрінен орын алар тарихтың,
Есімдерін ерендер мен алыптың
Жазбау керек қағазға да, басқаға,
Жазбау керек, тіпті қара тасқа да,
Жазу керек, жүрегіне халықтың! – деп Жарасқан Әбдірашев жырлағандай, Дәулеткерей Шығайұлының есімі мен күмбір күйлері халық жадынан өшпейді.
Гүлмәру МЫРЗАҒАЛИЕВА,
Батыс Қазақстан облыстық Хан ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығының ғылыми хатшысы