Білім • 12 Қаңтар, 2021

STEM – білім берудегі тың бағыт, жаңа тренд

2643 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында цифрландыру барлық реформаның басты элементі екеніне маңыз берді. Бұл – сәнге айналған үрдіске ілесу емес, ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі құралы, табысты болудың бас­ты кілті. Соның ішінде білім беру, экономика, халыққа қызмет көрсету салаларын цифрландыруға қарқын беру түбегейлі өзгерістерге серпін бермек.

STEM – білім берудегі тың бағыт, жаңа тренд

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Қазіргі күнде әлемнің да­мыған мемлекеттерінде «цифр­лы экономика» термині жиі қолданылады. Бұл ұғым ілге­­рі­леудің күретамыры са­на­ла­тын экономиканың түр­лі салаларын цифрлы трансфор­мациялауға негізделген жаңа технологиялардың дамуы­на бай­ланысты пайда болды. Сарапшылардың пайымдауынша, 2035 жылға қарай Жапонияда қызмет көрсету мен жұмыс үдерісінің жартысынан астамы автоматтандырылатын болса, АҚШ-та роботтар барлық жұмыстың 47 пайызға жуығын орындамақ. Әсіресе жаңа технологиялар бөлшек сауда, қонақүй бизнесі, ауыл шаруашылығы, көлік және тау-кен салаларына кеңінен енгізілмек.

Халықаралық менеджментті дамыту институтымен жыл са­йын құрастырылатын эко­но­ми­калардың цифрлы бәсекеге қабілеттілік рейтингісінде Қа­зақстан 36-орынды иеленді. Бұл ретте цифрлы дағдылардың даму деңгейі бойынша еліміз 4-орынға ие болса, бизнес-сарап­тамада ауқымды деректерді пайдалану бойынша 13-сатыға, ал технологиялық трансферт бойынша 38-орынға қол жеткізді.

Елдің болашағы – цифрлы технологияда. Цифрландыру ар­қылы бәсекеге қабілеттілікті арттырып, әлеуетімізді арт­ты­­ра­тынымыз белгілі. Оны күн­­делікті өмірімізге енгізу барысында азаматтардың цифр­лық сауаттылығын көтеру, тұр­­ғындардың экономикалық белсенді тобының құзыреттілігін дамыту үлкен маңызға ие. Осыған орай Л.Н.Гумилев атындағы Еу­разия ұлттық университеті «Цифр­лы Қазақстан» мемлекет­тік бағдарламасын іске асыру шеңберінде мамандарды даяр­лаудың тың бағыттарына бет бұрды. ЕҰУ – «QS Top 50 Under 50» жоғары оқу орындарының әлем­дік рейтингіне кірген елі­міз­дегі бірден-бір білім ордасы. Сонымен қатар оқу орны – Еу­ра­зиялық университет­тер қа­уымдастығының, Азия уни­верситеттері қауымдастығының, Түркі елдері университеттері ода­ғының, ТМД елдерінің Желілік университетінің, Шанхай уни­верситеті ұйымының, STARNET және ICRA-Net сынды ұйым­дардың мүшесі.

Университеттің Ақпараттық технологиялар факультеті экономика мен педагогиканың түр­лі салаларындағы ақпараттық тех­нологияларға, ақпараттық жүйелерді әзірлеу бойынша жо­ғары технологиялық жобаларды басқаруға, компьютерлік инженерия мен бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеуге, жасанды интеллект жүйелері мен өнеркәсіптік робот-техникаға байланысты жоғары білікті кадр­ларды даярлауды серпінді жүзеге асырып келеді. Бүгінде оқу орны IT-мамандықтары бойынша қазіргі заманғы жоғары білім беруді дамытудың негізгі ба­ғыттарын, оқытудың жаңа инно­вациялық нысандарын енгізуге, білім алушылардың заманауи шығармашылық қабілеттерін дамытуға үлкен маңыз береді. Бұ­лардың барлығы да экономи­каны цифрландыруға, еңбек на­рығындағы бәсекелестіктің кү­шеюіне әсерін тигізетіні бел­гілі.

Көптеген операцияны авто­мат­тандыру экономиканың жаңа секторларында жаңа жұмыс орын­­дарының пайда болуына алып келеді. Бұл мәселе жаһан­дық білім берудегі тың бағыт, жаңа тренд ретінде саналатын STEM тәсілі арқылы оңтайлы шешім табады.

2007 жылы АҚШ-та STEM-білім инновациялар мен мек­тептегі білім беруде көшбасшы ретіндегі мәртебесін сақтау үшін мем­лекеттік деңгейде қолдау алды. Сондай-ақ Германия, Ита­лия, Франция, Ұлыбритания сияқ­ты Еуроодақ елдері білім бе­рудің бұл түрін дамыту бо­йын­ша арнайы мемлекеттік бағ­дарламалар қабылдады. Ал елі­мізде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында робот-техника, 3D-принтинг сияқты STEM-нің басты элементтерін мектеп бағдарламасына енгізуге ерекше назар аударылуда. Бүгінде Назарбаев зияткерлік мектептері мен өзге де жекеменшік білім беру ұйымдары аталған жаңашыл­дықтарды қолдана бастады.

Жаңа технологияларды да­мытуға және басқаруға қажетті құзыреттерді қалыптастыруға арналған зертханалар ашылып, STEM мұғалімдерін даярлайтын орталықтар пайда болуда. Еңбек нарығын зерделейтін болсақ, медицина, экология, нано-технологиялар секілді салаларда STEM сауаттылығы бар мамандарға деген сұраныс артуда. Бұл тұрғыда жоғары оқу орындарының алдында тұрған негізгі міндеттерінің қатарына бакалавриат және магистратура деңгейінде қолданбалы білім беру бағдарламаларын құ­ру, оқытудың инновациялық әдістемелерін енгізу мәселесі қо­йылып отыр. 2019 жылдан бастап отандық және шетелдік университеттердің өзара әріп­тестігінің нәтижесінде STEM мұға­лімдерін даярлау сапасын арттыруға бағытталған арнайы жоба бастау алды. Осыған сәйкес ЖОО-ларда STEM Teacher Training магистрлік бағдар­лама­лары әзірленіп, STEM Өңір­лік ресурстық орталықтары құ­­рылуда. Сондай-ақ бұл тарапта арнайы жобалық топ құ­рылып, алдын ала талдау, зерделеу жұмыстары қолға алынды. STEM-пәндерді оқыту ерек­шеліктерін анықтауға және оның білім берудегі маңызын анық­тау мақсатында педагогтер мен мектеп оқушылары ара­сында арнайы сауалдамалар жүр­гізіліп, тренингтер серия­сы ұйымдастырылды. Ал өткен жылы серіктес универси­тет­тердің оқытушылары мен білім алушылары және мектеп мұға­лімдерінің қатысуымен «STEM мұғалімдерін оқытуға ке­шенді тәсіл» атты халықаралық жазғы мектеп өткізілді. Тағы бір айта кетерлігі, осы оқу жылынан бас­тап Еуразия ұлттық уни­верситеті «STEM-білім бе­ру» бағдарламасы бойынша ма­гис­тратураға білім алушыларды ал­­ғашқы қабылдауды жүзеге асырды. Алмасу бағдарламалары аясында алдағы оқу жылында магистранттар ресейлік және шетелдік серіктес университеттерде оқуын жалғастырып, мектептерде STEM оқуын енгізу ар­­­қылы білім беру кеңістігін өз­­герту дағдыларын алады. Бұл бас­­­тамалардың барлығы да цифр­­­­­лы біліктілігі жоғары, бі­лім­­­ді мамандардың даярлануына жол ашатыны рас.

Халқымыздың ойшыл пер­зенті Шәкәрім Құдайберді­ұлы­ның «Құбылған әлем жарысы – ақылды жанның табысы» деген ұлағатты сөзі бар. Әлемде технология көз ілеспес жылдамдықпен күн сайын жаңарып, даму үстінде. Келешекте елдің байлығы, да­му көрсеткіші, халықтың әл-ауқаты жерасты байлықтарының көлеміне қарай емес, заманауи технологияны қаншалықты игергеніне, онымен жұмыс істеу әдетінің қалыптасуына байла­нысты болмақ. Бұл тұрғыда уа­қыт талабы мен заман ағымына бе­йімделген мамандардың бәсі басым болатыны белгілі.

 

Айнұр ЖҰМАДІЛЛАЕВА,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, STEM тобының жетекшісі