«Қазақстандағы Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы ұлттық заңнамаға және халықаралық нормаларға сәйкес өткізілді. Сайлау нәтижесі Қазақстанның одан әрі қарқынды дамуына үлес қосады деген сенімдеміз. Біз осы сайлауда байқаушы қызметін атқарып, өз миссиямызды орындадық. Сондай-ақ бұл құрамда Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғыз елінің өкілдері де бар. Бақылаушылық міндет Қазақстанның заңнамасына және халықаралық стандарттарға сай жүргізілді және аккредиттеу кампаниясы барысында саяси партиялардың өкілдерімен кездестік», деді О.Кожаман. Қазақстанда сайлау бойынша жұмыстар 253 аумақтық және 10 063 учаскелік сайлау комиссиясында өткізіліп, 300-дей үміткер мен 12 млн сайлаушы тіркелген.
Халықаралық байқаушының айтуынша, заңнамаға сәйкес, сайлаудың жалпылама объективті өтуіне бақылау жүргізіліпті. Сонымен бірге COVID-19 пандемиясы жағдайы ескеріле отырып, сайлау учаскелерінде санитарлық талаптар қатаң сақталған. «Миссия басқа да халықаралық байқаушылармен ынтымақтаса отырып, сайлауды қадағалады. Халықтың барлық жастағы тұрғындары сайлауға қатысты, бірқатар сайлау учаскелерінде ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған пандустар болған жоқ. Біздің ойымызша, ол сайлаушылардың қатысуына, дауыс беруіне кедергі болады. Ал жалпы Қазақстанның ұйымдастырған сайлауы басқа елдер үшін үлкен тәжірибе болады деп ойлаймын. Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттары сайлауы ашық транспарентті түрде және ұлттық заңнама мен халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізілді деп есептейді», деп қорытындылады О.Кожаман.