Тарих • 12 Қаңтар, 2021

Жаһанша мінген мерседес

994 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Күнбатыс алашордашылар тарихының білгірі, жазушы Әнес Сарай: «Бірінші және екінші Жалпы қазақ сиезінен кейін алашордалықтар большевиктермен келісе алмай тартысып жатқан тұста Уфада Уақытша үкі­мет орнап, оның басқару органы «Учредительное соб­рание» («Комуч») дейтін құрылды, деп хабарлайды Egemen.kz

Жаһанша мінген мерседес

1918 жыл­­дың шілде айында  Ә.Бөкейханов, Ә.Ермеков, М.Шоқай, У.Танашев төртеуі «Комичпен» к­еліс­сөз жүр­­гізді. Нәтижесінде, «Комуч» Күншығыс Алашорда әскеріне 2 млн сом ақша, 3000 әскерге киім-кешек, қару-жарақ берді. Ал  Күнбатыс Алашордаға  2000 мылтық, 37 пулемет, 2 зеңбірек, 2 автомобиль  берді» дейді  («Егемен Қазақстан», 20 наурыз 2018).

Жоғарыда айтылған 2 автомобилдің бірін – Күнбатыс алашордашылар көсемі Жаһанша Досмұхамедұлы тақымдаған екен. Соңғы жылдары өңірде «Жаһанша міңген мерседес қайда?» деген сұрақ туындауда.

Бұл мәселе жайлы 2013 жылы Орал қаласында жарық көрген «Дана» журналының 7-ші санында: «Жаһанша мінген мерседес маркалы жеңіл көлік Жымпиты топырағын басқан тұңғыш машина. Бір қызығы, 1919 жылы Ойыл уәлаят үкіметі Қызылқоғаға көшкенде, көшпен бірге жалғыз машина кеткен екен. Ал өзіне тиеселі көлікті Жаһанша алашорданың барлық құжаттарымен бірге бір түнде жасырып көміп тастаған», деген дерек жазылыпты.

Жуықта Орал қаласына барған сапарымызда Күнбатыс алашорда жайлы зерттеген ғалымның бірі Даметкен Сүлейменовадан сұрағанымызда: – Бұл оқиға жүз пайыз шындық. Тіпті мұны Жаһанша атамызға белнемере болып келетін туысқаны Бисенғали Қуанышәлиевтың өзі растап отыр, - десе, белгілі өлкетанушы Жайсаң Ақбай: «Жымпиты өңірінде әлі күнге дейін айтылатын, бала күнімізден естіген бір әңгіме бар. Ол – Жаһаншаның машинасы құпия құжаттармен бірге көмілгендігі. Машинаны көмген – мылқау көрікші-ұста екен. Ел аузындағы әңгімеге қарағанда, семіз жылқыны сойып, үлкен-үлкен киіздерді жылқы майына тоғытып, машинаны соған орап көмген» деп жазыпты («Дана» журналы, 2013 ж. № 7).

Өткен жылдары батысқазақстандық ынталы топ Жаһанша жасырған машинаны іздеу үшін арнайы экспедиция құруды да жоспарлағанымен, оған мына пандемия кесірін тигізген сыңайлы. Десе де бұл талпыныс ізсіз қалмаған көрінеді. Жуықта ғана Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданында ашылған «Алаш және Қайыржан Хасановтың тарихи-өлкетану музейі» төріне Жаһанша міңген мерседестің макеті қойылыпты.

 – Бұл макетті жасамас бұрын, - дейді музейді салған ағайындылардың бірі Нұржан Қайыржанұлы: «Жаһанша атамыз мінген мерседестің маркасы қандай, ол қай жылы өндірілді деген сұрақтарға жауап іздедік. Сөйтіп, мамандармен ақылдасып, құжат бойынша іздеу салдық. Нәтижесінде, Жымпиты топырағында көмілген мерседес 1912 жылы өндірілген модель екенін анықтадық. Сөйтіп, өткен тарихты жаңғырту мақсатында оның мәкетін жасап музейге қойдық» дейді.