Саяси партиялардың Алматы қаласы мәслихаты депутаттығына кандидаттарды ұсынуы екі ай бұрын басталып, сайлау күніне бір ай қалғанда жергілікті уақыт бойынша 18.00-де аяқталды. Алматы қаласының аумақтық сайлау комиссиясы 5 саяси партиядан 118 кандидатты тіркеді.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес мәслихат депутаты болып сайлану үшін азамат Конституцияның 86-шы бабыбның 3-ші тармағында белгіленген талаптарға сай болуы, сондай-ақ, Конституцияның 33-ші бабының 2-ші және 3-ші тармақтарына және осы Конституциялық заңға сәйкес сайлау құқығына ие болу керек.
Алматы қаласы мәслихаты сайлауының қорытындыларына сәйкес партиялық тізімдер бойынша дауыстар мынадай болып бөлінді: сайлаушылардың 68,11% «Nur Otan» партиясына дауыс берді, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы 10,11% дауысқа ие болды, «Ауыл» демократиялық патриоттық партиясы сайлаушылардың 7,68% дауысын алды, Қазақстан халық партиясы - 7,31% және «Адал» саяси партиясы - 6,79% дауыс алды.
Алматы қаласы аумақтық сайлау комиссиясының шешіміне сәйкес дауыс беру қорытындылары бойынша саяси партиялар арасында депутаттық мандаттарды бөлу кезегі анықталды.
- «Nur Otan» партиясы
- Қазақстанның «Aк жол» демократиялық партиясы
- «Ауыл» демократиялық патриоттық партиясы
- Қазақстан халық партиясы
Жанна Асанова айтуынша, «Nur Otan» партиясы 29 депутаттық мандат алды, Қазақстанның «Aк жол» демократиялық партиясы 4 мандатқа ие болды, ал «Ауыл» демократиялық патриоттық партиясы мен Қазақстан халық партиясы әрқайсысы 3 мандаттан алды.
Естеріңізге сала кетейік, партиялық тізім бойынша Алматы қаласы мәслихатына дауыс беру 2021 жылдың 10-шы қаңтарында жергілікті уақыт бойынша сағат 7.00-ден 20.00-ге дейін өтті. Сайлаушылардың белсенділігі 30,25% пайызды құрады.