Экология • 13 Қаңтар, 2021

Киік атқандарға – 2 млн теңге айыппұл

708 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Павлодар облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар әлемін қорғау мекемесінің хабарлауынша, бұрнағы жылдары киіктер өңірде 10-15-тен ғана топтанып жүрсе, қазір түз еркесінің саны 8 мыңға жеткен. Бұл – киіктерді сақтау жолындағы қатаң жауапкершіліктің нәтижесі.

Киік атқандарға – 2 млн теңге айыппұл

Еліміздің Орман шаруашылығы ­жә­не жануарлар дүниесі комитеті ғылыми мақ­саттардан басқа, 2023 жылға дейін киік­терді атуға тыйым салу туралы мо­раторий енгізгені белгілі. Мақсат – бра­коньерлікпен күресті күшейту, сон­дай-ақ табиғатты қорғау заңнамасын бұзу­дың жолын кесу. Жануарлардың си­рек кездесетін және жойылып бара жат­қан түрлерін қорғауды өңірдегі «Ор­ман және жануарлар дүниесін қор­ғау аймақтық мемлекеттік инспекция­сы» мен «Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» жүзеге асыруда. Сонымен қа­тар облыс аумағында «Аңшылық» шаруа­шы­лығының арнайы мекемесінің тірек бе­кеттері орналасқан. Мекеме 123 млн гек­тардан астам орман аумағын тәулік бойы бақылайды. Қазір тіпті қасқырды ату үшін де арнайы рұқсат қағазы талап етіледі.

Жануарлар дүниесі аумақтық инс­пек­циясының басшысы Руслан Төлен­баев­тың айтуынша, былтыр елікті заң­сыз аулаудың екі оқиғасы тіркеліпті. Ор­ман­шылар Аққулы ауданы, Бесқарағай орман шаруашылығында полиция қыз­мет­керлерімен бірге елік атқан үш бра­ко­ньерді ұстаған. «Бұл құқықбұзушылық үшін айыппұл мөлшері 350 айлық есеп­тік көрсеткішті құрайды. Киіктер ерек­­ше қорғалатын орман аумағында атыл­ған­дықтан, табиғат байлығына қол тигіз­ген­дер 2 млн теңгеден астам қаражат тө­лейді», дейді инспекция басшысы.

Киіктерді заңсыз ату немесе зиян кел­тіргені үшін, жануардың еркегін атқандар үшін 500 АЕК, ал аналық киік пен төлін атқандарға 350 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Жыл сайын желтоқсанның 1-інен 31-іне дейін «Киікті қорғау» шара­сы­ның қысқы кезеңі өтеді. Жұмыс тиім­ділігін арттыру үшін биыл киік санағына МИ-2 ұшағы тартылды.

Орманшы Қажмиден ағамыздың ай­туынша, желтоқсан айында еркек киіктер едәуір әлсірейді, бұл браконьерлер мен жыртқыштар үшін оңай олжа. Ал киіктердің жаппай қырылу уақыты көбінесе мамыр айында, яғни төлдеу кезінде болады.

«Киік дейміз, елік те дейміз, қазір қасиетті жануарларды қорғау шаралары жүргізілуде. Бұл жануардың төлдеуі де қызық. Алғашқы төлдеуінде бір лақ, ал екінші төлдеуінде екі-үш лаққа дейін туа береді. Құралайдың салқыны түскенде, мамыр айының 10-15-і күндері төлдеуі басталады», дейді орманшы.

Бұл күндері басқарма мамандары өңірдегі Орман және жануарлар дүниесін қорғау аймақтық мемлекеттік инспекциясы, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ор­ман­шыларымен бірлесіп, Май және Баян­ауыл, Аққулы аудандарының аума­ғындағы ормандарда киіктерді қорғау шараларын тұрақты жүргізуде.

Полиция департаментінің мәліме­тін­ше, «Қызыл кітапқа» енген жануарларды қорғау жергілікті полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында. Мысалы, «Браконьер» жедел алдын алу іс-шарасы барысында былтыр полиция қызметкерлері табиғатты қорғау заңнамасындағы 760 құқық бұзушылықты анықтады, оның ішінде 324 адам балық аулау ережесін және 365 адам аң аулау ережесін бұзған. Жалпы сомасы 5,2 млн теңгеден астам әкімшілік айыппұл салыныпты. Инспекция қызметкерлері «Атылған киіктерді сатып алу және сату бойынша» әлеуметтік желілердегі хабарландырулардың таралуына тұрақты түрде мониторинг жасап, бақылауға алған. Киік мүйізінің заңсыз айналымына қарсы күрес күшейтіліп, оны елден тыс жерлерге әкетуге тосқауыл қойылған.

 

Павлодар облысы