Әдебиет • 13 Қаңтар, 2021

Үшінші тармақтың үрметі

983 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

Үшінші жолдың ұйқастан басы азат. Еркіндіктің бәрі осы үшінші жолда тұрады. Үшінші жолды оқығанда арқа-басың кеңіп қалғандай болады. Кейде өлеңге осы үшінші жолдың еркіндігін берсе ғой деп ойлайсың. Бірақ ақындар үшінші жолды ешқашан менсінген емес.

Үшінші тармақтың үрметі

Егер менсінсе, «Абайдың заманында бір буынды ұйқастырушы еді, біз бір­неше буынды қатар ұйқастырамыз» деп айта ма?! Ал үшінші жолдың ұйқаста мүл­дем шаруасы жоқ. Соған қарамастан тілге де икемді, жүрекке де жылы тиеді. Өзі елеусіз болғанмен, үшінші жолдың қыз­меті де үлкен.

«Туғанда дүние есігін ашады өлең,

Өлеңмен жер қойнына кірер денең.

Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен,

Ойласаңшы, бос қақпай елең-селең», – дейді Абай.

Осындағы үшінші жолдың әбжілді­гіне қайран қалмасқа әддің жоқ. Бірақ Абай бірінші жолда да мағынасыз сөз айтып отырған жоқ қой. Әлеуметтік жүгі әлемет осы бір жолдың өзіне қаншама дүние сыйып тұр десеңізші. Ұзақ сапарға шық­қан керуеннің басындай көңілді һәм мұңлы леп еседі.

Екінші жолда да тұтас жаратылысты тұжырымдап алдыңа тосады. Осында Абай ұйқас үшін өлеңнің жолын сындырыпты десе, қалай күлкілі естілер еді. Өйткені мұнда сөздің ұйқасынан бұрын, ойдың ұйқасы өзінен-өзі үйлесе кетіп тұр. «Бірнеше буынның ұйқасынсыз-ақ» «теп-тегіс, жұп-жұмыр».

Ал енді қара өлеңге қарасаңыз, онда әр жол мақал, әр жол мәтел. Әр жол әрнені айтып тұрғандай көрінсе де, әрбірінің өзінше мағынасы бар. Қара өлеңнің қай-қайсысын алсаңыз да ойсыз жолдарды ұйқастырған емес. Оны шығар­ған халық ұйқасынан бұрын, мағынасына мән бергенін байқайсыз.

«Су ағады арықта шыр айналып,

Өлмегенге мал бітер бір айналып.

Оралыңның барында ойна да күл,

Кім бар, кім жоқ келгенше

жыл айналып».

Ұйқас алдамшы әсер ғана. Тереңіне үйіріп әкеткен ұйқас емес. Бірімен бірі іштей үндескен ой. Кәдімгі мұхиттағы ңөң-айсберг сияқты. Мағынасыз алына салған жол да, сөз де жоқ. Әр жолын естігенде арқа-басың шымыр-шымыр етеді. Бірінші жол да өмір, екінші жол да өмір, қалған екі жол да өмір-өлең.

«Осы жерде ұйқас алға шығып тұр ма, ой алға шығып тұр ма?» деп жайдақ сұрақ қоймай-ақ қоялық. Бұл шумақты кім шығарса да, ұйқассыздықтан қаш­паған, бірінші, мағынасыздықтан қаш­қан. Әйтпесе, «Дүниені жүрсеңіз шыр айналып» деп бірінші жолды екіншісіне сәйкес келтіре салу түк те қиын емес. Онда өлеңнің мәні де, дәмі де, сәні де кетер еді.

Қызық үшін үйдегі өлең кітаптарды бірінен кейін бірін алып ақтара бастадым. Ұйқас үшін алынған мағынасыз жолдар бірі­нен кейін бірі ұшыраса берді. Қара өлең­дей әр жолға өзінше мағына жүктеп қой­са, тағы түсінесің. Сол бірінші, екінші жол­ға аса сұранып тұрмаған тармақ­тар­дың ұйқас үшін алынғаны бірден білі­ніп тұрады.

Оның бәрін теріп берсең, өкпелет­пейтін адам қалмайды екен. Себебі ондай мағынасыз жолдар әдебиетте мойын­далған мықты ақындарда да кез­деседі. Түсінікті болу үшін: «Қызығы түгіл қиындығына тоймаймын, Келеді күн­дер, жанымда мысқал қоймай мұң» деген жолды ғана келтірейік. Бір қарасаң түп-түзу, теп-тегіс, бірақ екінші тармағы мағынасыз һәм түсініксіз.

Бірақ ақындар үшінші жолда түзеледі де, төртінші жолда тиянақталады. Жоға­рыда мысалға келтірілген өлеңнің де үшінші жолы анық, төртінші жолы қа­нық. Кейде өлеңді асығып оқығанда, үшін­ші мен төртінші жолын теріп оқып ке­тетінің де содан болса керек. Ұйқасқа бағынбайтын еркін ой үшінші жолда ойқастап, тоқетері төртінші жолда айтылады.

Бір қызығы, халық арасына аңыз болып тараған ақындардан өңделмеген жолдарды жиі ұшыратасыз. Өңдеп жіберсе, жып-жылмағай болып шыға келер еді де, тартымдылығы бірден жоғалар еді. Ондай өңдемесе де өңін бермейтін жолдар Есенқұл Жақыпбекте жетіп артылады, мысалы. Аңыз ақын  Мұқағали Мақатаев та ұйқас үшін өлең табиғатын бұзбаған. 

«Сен қайтесің жаныңды

мұң бас­қанда,

Өз-өзіңмен оңаша сырласқанда.

Ақтарылғым келеді барып менің,

Өгейсіген өзіңдей мұңдастарға», – дейді Мұқағали.

Мұқағалиден алынған осы шумақты Оразақын Асқар қара өлеңге теліпті. Шынында да егер Мұқағали шебер ұйқас қуса, бұл өлеңді басқаша жазар еді.

Шебер етікші құсаған біреуге өңдеуге берсе де жымын білдірмей жіберуі бек мүмкін. Бірақ біртуар ақын демекші, біртуар өлең де қайта өңделмейтін болуы керек. Әуенімен, әуезімен, ішкі ұйқасымен тұтаса туады.

Арқа-жарқа болып ақтарылған ақын­ның шын бейнесін мұнда да үшінші жол­дан табасыз. Үшінші жол ақынның аусар көңілімен де, аңсар еркіндігімен де ұштасып тұр. Әрине, мұндай ойлар мен сезімдер басқа жолдарда да айтыла береді. Бірақ ақынның алыс-жақыннан толғай келіп, тұйғынша түйілетін тұсы үшінші тармаққа тән.

Әдебиетте еркін ойлы ақындар жоға­ры бағаланады. Үшінші жолдың ер­кіндігін символдық түрде алға шы­ғарып отырғанымызды өзіңіздің де ішіңіз сезген шығар. Бұл бір көзге көрінбейтін, қол­мен ұстауға да келмейтін тылсым сыр сияқты дүние. Мәселен, Серік Ақ­сұңқарұлының ерекшелігі неде десе, әрнені айтарсың, бірақ бір нәрсені тап басып айта алмайтын сияқтысың.  

«Бұ дүние мені ұната қойған жоқ», дейді ақын үшінші жолда. Ойын еркін айтуға бірінші, екінші жолда ұйқас мұр­сат бермеген шығар. Ал үшінші жол­да тағы­дай тарпып, бөрідей ұлиды. Содан соң: «О дүниенің де ойы маған белгілі», десе, ондағы ой үшінші жол­ға сүйеніш қана. Осындағы үшінші жол­дың зары не зар екен, құлақ түріп, бірге сыр­ласайықшы.

«Құл мен күңге күнде таба болатын, Нәлет біздің жүріске!» десе, қауып айтқаны. «Анда-санда ғаламды тану үшін, Көз салармын аудандық газеттерге» десе, тауып айтқаны. «Дүниеден Ақан сері қайтты да, Серуенге шықпай қойды сексен қыз!», десе налып айт­қаны. «Кімсің десем, қазақпын дейді, Қазақ­тың басы – қолында!» десе, арып айтқаны.

Құдды үшінші жол еркіндікке ша­қырып атойлатқандай тебірентеді. Та­ба болғысы жоқ, танығысы келеді, Ақан серіні іздейді, қазақ болғысы бар. Мұн­дағы үшінші жолда не ерекшелік бар десеңіз, мына тармақты қараңыз. «Ішінде оның Алаш жоқ, Абай да жоқ, Ішіп кеткің келеді соны көріп», дейді ақын. Төртінші жолды өзі де күмәнданғандай жақшаға алып жазады.

Төртінші жол бірақ бүгінгі қазақтық сиқың мен сықпытыңды көрсетіп тұр.

Әлдекімдер айтып жүргендей ұйқас­тан ұятты болуымыз мүмкін, бірақ ойдан ұятты емеспіз! Ұйқас керек болса: «Құдірет жоқ Құдайдың қуатындай, Ұят берді – Ұлтымның Ұятындай! Топыраққа керемет кие салды, Бөкейханнан – Әли­хан туатындай!» деп термелете жөне­лер едік.

Осы шумақтардың бәрінде түпкі ой үшінші жолға қазық байлаған деп көсем­сігелі отырған жоқпыз. Бірақ ақын­ның қоғамға өткізгісі келген идеясы үшінші жолда тұр. Ол бірінші, екінші және төр­тінші тармақпен жасырылған. Қазақ­ша ойлайтын оқырман соның өзіне-ақ арқаланып кетеді. Соның аясында киелі топырақ идеясы санаға сіңіп те үлгереді.

Серік Ақсұңқарұлы ең алдымен еркін ойдың ақыны. Оқырманға ойын ірікпей айтатыны ұнайды. Прозада жазушының табиғатты неге суреттеп отырып алаты­нын білесіз бе? Себебі оның айтатын да, жазатын да  шындығы жоқ. Сол сияқ­ты поэзияда да ұйқаспен әуреленіп кете­тіндер өзінің кемшілігін ұйқаспен бүр­кемелейді. Оның әдемі ұйқастарын «социалистік тәртіптен туған» деп түсін­сеңіз де болады.

Жойыт жұрты, – тебіренген теңізше,

Дәл біздей-ақ егілді ғой – егілсе.

... Мұқағали шыққан елден, Мұсадай,

Бір пайғамбар шығу керек, меніңше?

Талай ақын «Мынадан менің ұйқасым мықты ғой» деп шыға келуі мүмкін. Бірақ ой мықты ма, идея өтімді ме, мәселе сонда. Біреу «Ондай пайғамбарымыз бар емес пе деп айтады-ау» деп те жасқанбайды. Себебі «Өлеңсіз пенде өлмес-ау, Өлсе соры қалың – Халық өледі! Салып өледі соңғы әнін!» деген ақынның ниеті таза.

Иә, ұйқасы жоқ үшінші жол еркін­діктің символы іспетті. Шерағаң туралы: «Арыстан гүрілдейді түсімізде, Ол – бізді ит пен құсқа қимағаны», десе де сол. Оның өлеңдерінде үшінші жол қалай оқы­саң да жалын күдірейтеді де тұрады. Бірақ басқа тармақтары да мағы­насыз емес. Ойға қалай келеді, қағазға со­лай түседі.

Ойын ірікпей айтатын ақынның та­қы­рыбы да ірі, сөзі де кесек. «Мен Ал­тайдан алты ағаш боп шығып ем, Алты Алаш­қа айналдырған – Тәңірі», деп толғайды ақын. Мен өзім жыраулар жалған айтыпты, эпоста өтірік айтылыпты дегенді естіген жоқпын. Қайта он­дағы жыр жолдары дерек таппаған жерде дерек орнына жүрген.

Ақын: «Бал – таңдайым, Жарқырап ақ маңдайым, Мен – Эпостан туғанмын», деп өзі де бірнәрсені біліп айтқандай. Сондықтан да «Қазақ тілін тастап көш­кен жұртыңа, Азаттығым, қайда жө­неп барасың?!» деп айтуға «эпостың бала­сының» толық құқы бар. Құлағыңа «Қазақтың ханы Абылай, Абылайым бұл қалай?» деген де сарын жетеді.

Міне, осы ақын биыл мемлекеттік сый­лық алды. Қуғын-сүргін заманы  бол­ғанда ит­жеккенге айдалып кетер ме еді. Кеңес за­маны болса да цензурадан өтпей қала­тын еді. Тәуелсіздік бірте-бірте тілімізді де тағына қондырар деген үміт зор. Сол тіл­­дің тірегі – эпостың тілі бола ма, әлде бүгін­гі қойыртпақ тіл бола ма, бір Алла бі­леді.

Бірақ шыны керек, бүгінде өлең оқыл­майды. Себебі бірінші, екінші жолдарда мағына жоғалып барады. Бұл бас­тап­қы жолдар көбінесе ұйқас үшін жазылады. Одан мағына көрмегеннен кейін, оқыр­ман өлеңді жылы жауып­ қоя салады. Ақын еркін ойымды үшін­ші жолда айтам деген­­мен, оған оқырманның төзімі жете қоймай­ды.

Біздіңше, ұйқасқа тәуелділік – ақын­дар әлі күнге ала алмай келе жат­қан пси­­­хо­логиялық кедергі. Кейбір ақын­дар­дың қолданған ұйқастары соцреализм құр­сауындай өлең шумақтарын қалай қысып тұратынын байқау қиын емес. Кейде ұйқас үшін алынған сөздер өлеңнің бастапқы мағы­насын қарадай әлсіретіп, ойды бұлдыра­тып жібереді.

Рас, өлеңінің әр буыны ұйқаса туатын сирек таланттар болады. Оған та­ға таңбалы тармақтары табиғи бояуға қа­нық Жұматай Жақыпбаевты жатқызар едік. Поэзиядағы мұндай өрнек прозада бір кезде Төлеубек Жақыпбайұлының қол­таңбасынан кездескені есімізде. Соған қарағанда сөз нақышы поэзияда да, про­зада да қолдан жасалмайды.

Өз басым ақындар ұйқасқа шеберлік үшін ғана байланып қалды дегенге сен­беймін. Өрде меңзегеніміздей, олар өлең ұйқасын ұштаған сайын оқыр­маннан әлденені жасырғысы келетін сияқты. Жаңалық айтпау, идея таппау, ойын өткізе алмау, ашық пікірге бармау соған әкелетіндей. Оның орнын сұлу сөзбен тол­тырып, әдемі ұйқаспен алмастырып әлек.

Бір тапқыр сөз, жалғыз ұтқыр ой үшін бес-алты шумақ өлең жазу да кейін­нен шық­ты. Әйтпесе айтар ой өлең­нің соңында емес, ішінде айтылатын. Әр­бір шумақтың ғана емес, әрбір жолдың да өзінше атқаратын қызметі бар. Мағы­насыз тар­мақ, мағынасыз шумақ деген аты-затымен жоқ. Әсіресе әр шумақта үшін­ші жол өзінің еркіндігімен өлең жүгін еңсере көтеріп тұрады.

Шын талантта қолдан қиыстырмай-ақ, өлең өзі ұйқасады. Сыртқы ұйқастан гөрі, ішкі ұйқас тегеурінді келеді. Өйт­кені ол сөздің ұйқасынан бұрын, ой­дың ұйқасына құрылады. Олай болмаса: «Бұдан құрап өлеңді, одан құрап, Жүрген мына шәйірге обал, бірақ: Көк Тәңі­рі сала ма оған көзін, Хантәңірі ала ма одан қуат?». Мұны жазған біз емес, ойы бізбен үндес Серік Ақсұңқарұлы.

Ұйқас керек әрине, ұйқассыз өлең болмайды. Бірақ ұйқас өлеңді күшейт­пейді. Сондықтан да арқа-басты бір жазып алу үшін үшінші жол енгізілген болуы керек. Бүгінгі ұйқассыз жазылып жүрген өлеңдерді жаңалық деп жар салу да бекершілік. Өйткені ол бар-жо­ғы үшінші жолдың басқа тармақтарға көшкен үйреншікті үлгісі ғана.

Қайткенде де үшінші жолы мықты ақынның өлеңі де мықты. Мысалы, Серік Ақсұңқарұлы: «Алтай – Алаштың алтын тағы еді бұрынғы, Басына шыққанда желпілдеп желмен тұлымым», дегенде ерекшеленбейді. Соған ілестіре: «Менің жүрегім ат ойнап аузыма тығылды», дегенде күшейіп: «Сенің де басың айналған шығар, құлыным?»  дегенде ерекшеленеді.

Керемет ұйқас көріп тұрған жоқпыз, алайда қинап ұйқастырсаңыз әсері бірден кеміп сала береді. Жалпы, шығар­машылықта «Бір жазғанды екі өңдеу туындының әсерін кемітеді» деген түсінік бар. Қалай дегенде де өңдемей тұра алмайсыз ғой, тек сол қайта өңде­ген­де ал­ғашқы әсерін жоғалтып алмау керек. Серік Ақсұңқарұлында сол әсер, сол екпін сақ­талатыны байқалады.

Ақынның алғашқы әсері суымаған «Кейкінің басы» атты сұмдық өлеңі бар. Онда Махамбет пен Кенесарының басы құсаған  Кейкінің басын туған жерге әкеле жатады. Осындағы «Ата жаудан көңілі қалған, қайран, Бас, Арт жағына қайырыла бір қарады» дегенде, үшінші жолдағы ақиқат пен төртінші жолдағы мистика керемет шендесе қалғанын көресіз.

Одан кейін де ұйқас керек болғандық­тан бастапқы екі жолға сыймаған дерек үшінші жолға еркін жайғасып, ереуіл­дете жөнеледі. «Белес, белес, белес деп, Айдарынан сипағандай жел ескеп; Бас келеді тоқсан жылдай көрмеген, Өз денесі өз көзіне елестеп!». Үшінші жол бол­маса бұл дерек айтылмай қалар еді деме­сек те, табан тірегені сол тармақ болып тұр.

Содан соңғы «Бас келеді баса көктеп ғасырды, Әлихан мен іздеп Қаныш... Қасымды» деген қос тармақта да шарт­тылық бар шығар. Ал мына үшінші жолдағы «Қарай бермей жаутаң-жау­таң ауыңа, Көкке қарай көтер, қазақ, басыңды!»  деген тармақтың десі бөлек. Өлеңнің рухы төртінші жолда тұрған­мен, уыты үшінші жолда тұрғаны айтпаса да түсінікті.

Үшінші жолға өзінен өзі екпін тү­сіп тұрады. «Аппақ қарға оранып төңі­рек бұл, Неге ұлып тұр ит-құсы, көні кепкір?!» десе, жай-күйді бергені. «Ала сиыр тағы да түсіме еніп, Маған қарап қалай бұл мөңіреп тұр?» десе, ойға салмақ салғаны. Ке­лер шумақтың үшінші жолында «Қара сиыр қартайып етке өткенде, Ала сиыр еді ғой асыраған», десе, обал-сауапты айт­қаны.

Бірақ бұл жай тұрмыстық өлең емес, үрім-бұтақты түгендейтін мифтік сюжет. Оны терең түсіну үшін алдыңғы үшінші жол­дағы түс пен кейінгі үшінші жолдағы өңге үңіле түскен жөн. Мұндағы мифтің сы­ры «Түсіме еніп ол неге мұңданады, Бұлт астында бұлыңғыр күн барады. Ала сиыр аш қалса, Ақсұңқардың, Тұқы­мынан бұл жақта кім қалады?» деген шумақта тұр.

Осының бәрі өлеңді мағыналы етіп жазу мақсатынан туған. Осы артықшы­лығын ақынның өзі де біледі. «Алаш Анам осында жинап алды, Менен бас­қа сайраған бұлбұлдарын», дегені сәні бар, мәні жоқтықты меңзегені болар. Келесі шумақтағы «Бойың қалай демей­тін, ойың қалай» деген үшінші жолдың тұспалы да сол ойсыздық шығар.

Ақынның «Әдеби орта» деген өле­ңі­нен мысал келтіру де ауыр. Ол жа­ғын оқырманның өзі тауып оқуына қал­дырайық. Бірақ осы өлеңнің өз орта­мыздағы ойсыздық туралы екенін білген дұрыс. «Қарсы алдымда Абай тұр, қабақ түйіп» – үшінші жол, «Қасымым тұр қасқайып! ...Пастернак тұр...» – төртінші жол. Әлгі орта Абайға амал жоқ, Абайдан басқасын тәрк еткен.

Біз айтқан үшінші жол ұйқасына қарай басқа жолға да ауысып кетуі мүмкін. Алайда көп ұйқастың ішінде ада­сып, екпінін жоғалтып алатын тәрізді. Серік Ақсұңқарұлының бір өле­ңін­де «Ойрантау түрегеліп қарсы ала­тын» деген үшінші жол бар. Соған «жар  салатын» деген секілді бір ұйқас­ты қосарлай қойсаңыз, мәні кетіп қалатындай көрінеді.

Батыс ақындарының арасында «ұйқасқа бағынбау» деген түсінік болыпты. Мұны естіген жоқпыз десеңіздер өздеріңіз білесіздер. Бірақ ұйқассыз өлең жазатындар әлемде небір дүр сый­­лықтарды алып жатқанға ұқсайды. Оның басты себебі, әр жолға мағына жүк­тейді және ойын еркін айтады. Сірә, оқырманға де еш бүкпесіз емін-еркін сырласқан ұнайтын болуы керек.

Бір жолы бір жолына бағынбайтын кәдімгі қара өлеңнің өңін айналдырған түрі секілді. Тек ұйқасы міндетті түрде жол­дың соңына емес, кез келген жеріне қойыла береді екен. Ол сөзі әуенімен жарыса жүретін қазақы қайырымға келе де қоймас. Біздің айтып отырғанымыз да ондай ұйқассыз өлең емес екенін жоғарыда құлаққағыс еттік.

Әйтпесе «Күн мен түн күнде келіп қырқысқанда, Дүние дүр етіп кеп, гүл құшқанда» деген жолдарды да Серік Ақ­сұңқарұлы жазды. Осындағы бүкіл ұйқасты ұстап тұрған «ү» деген жалғыз әріпті сөзге ұста ақын қалай ойнатады. Ал «Арқадан мен іздеген Күнекей Қыз, Жүр екен күлімсіреп Түркістанда» дегені шығыс тәмсілін еске салады. 

Өлең қазір ұйқас қуалап, мағынасыз­дыққа ұшырады. Серік Ақсұңқарұлы мағынаны ұйқасқа құрбан етпеген ақын­­дардың бірі. Басқа тілге аударса, ұйқасын аудармайды. Ойын, идеясын, мазмұнын аударады. Сонда оның өлеңдері жалаң сөз болып шықпайды. Герольд Бельгердің шығарманың кем­шілігі басқа тілге аудар­ғанда көрінеді дегені кейде рас сияқты.

Ойдың өлеңнің соңында емес, ішінде айтылғаны сом алтындай салмақтандыра түседі екен. Сол сияқты жолдың соңын­дағы ұйқастан гөрі, ішіндегі ұйқас әуез­дірек естіледі. «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма, Өткір тіл бір ұялшақ қыз болмай ма?» дегенде Абай өлеңді ғана емес, тұтас дүниені ұйқастырып тұр емес пе?! 

Абайдың жолын ұстаған ақындарға ақыл айтудан аулақпыз. Бірақ бізге аулақта жатқан: Тыныштықбектің еркін тармақтардан құралатын өлеңдеріндегі ойшылдығы; Светқалидің да бағзылар­ды бәдіздеген бәйітсымалға бойсалдығы; Серік Ақсұңқарұлының да шынымен де эпостан туғандай сомдап-сомдап сөй­лейтін тарпаңдығы ұнайды.

Үшінші жолдың үрметі өлеңдерінің төрт жол, төрт тармағынан бірдей өре тұра­тын ақындар бұлар. «Патша өкіме­тін де жек көрген, Совет өкіметін де жек көрген» (С.Ақсұңқарұлы) олар соцреа­лизмді де жек көретін болулары керек. Олар кейбірінің ұйқасы тастай болса да, ұйқас деген психологиялық кедергіден баяғыда өтіп кеткен. Сондықтан да оларда сөз де еркін, ой да еркін.

Тәуелсіздік алғанымызға отыз жыл өтсе де ойы өзгермеген адамдар бар. Отыз жылда ұйқастың құрсауынан шы­ға алмаған ақындар да аз емес. Серік Ақ­сұңқарұлының «Замана пойызын­да» деген өлеңі соларға арналған. «Социализм» дей-тұғын станса бұл. Түс! – деді Ол. – Секіріп түсіп қалдым»,  дейді ақын өткенге жүгірте шолу жасап.

Одан кейін «Репрессия» дейтұғын стансадан, Күллі бекзат, тектімді түсіріп ап!» деген жолдарды оқисыз. Содан соң «Капитализм» дейтұғын стансадан, Енді тағы итеріп түсіріп тұр!» деген жолдар да кезегімен келеді. Өлең «Енді тоқтар бекетің «Алаш» деген, Естіледі бір дауыс айдаладан» деген жолдармен аяқталады.

Осы өлеңде үшінші жолға атан түйенің белі кететіндей салмақ салынып тұр. Бірінші жол басшы, екінші жол қосшы, төртінші жол төреші деп тәмсілдей беруге де болады. Бірақ соның бәрі ұйқастан азат үшінші жолдың үрметі екенінде дау жоқ. Үрметі ұлардай шулаған қара өлең Серік Ақсұңқарұлы меңзеген «Алаш» аялдамасына аман-есен жетсе екен деп тілейсің іштей. Үрметің аман болсын, Алаш!

 

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК