Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Қазақ газет-журналдары орысша басылымдардың аудармасы болып қалатындай қауіпке ұшырады. Мәселе республикалық деңгейге дейін жетіп, нағыз ұлтжанды қайраткерлердің жанкешті күресінің арқасында қазақ баспасөзі жабылмай қалды.
Мұндай дағдарыс қазақ елі автономияға қолы жеткен тұста болмаған. Мұхтар Әуезов «Қазақстандағы ұлттар» деген еңбегінде 1926 жылы жүргізілген санақта қазақ халқының саны 3 627,6 мың адам болып, өз республикасында 58,5 пайызды құрағанын келтіреді (Анығында жазушының келтірген саны біршама жоғары, себебі ол кезде Қазақ автономиялық советтік социалистік республикасының құрамына Қарақалпақ автономиялы облысы болды).
Одан кейінгі 15 жылда қазақтар алапат ашаршылыққа ұшырап, қуғын-сүргін, тәркілеу нәубеттерін бастан өткергенде өз республикасында 1939 жылы 2 327,2 мың адамға дейін кеміп, үлесі 38 пайыз ғана болды.
Демограф-ғалым Мақаш Тәтімовтің есебінше, Ұлы Отан соғысында майдан даласынан қайтпай қалған 600 мың қазақстандықтың жартысына жуығы жергілікті ұлт өкілдері болған. Соған қарамастан 1959 жылы өткен Одақтық халық санағында қазақтардың 20 пайызға көбейгені тіркелді. Дегенмен 1926 жылғы санына тек 1966 жылдары ғана жете алды. Сөйтіп демографиялық құлдырау 15 жылға, тоқырау 25 жылға созылды. Оны еңсеруде соғыс ауыртпалығынан кейінгі туу деңгейінің күрт өсуі және Қытай Халық Республикасынан 1959-63 жылдары кері қайтқан 200 мыңнан аса қазақтың қосылуы зор әсер етті.
Қазақ ұлты мен жеріне Сталин басқарған қызыл империяның жасаған қиянаты мен зұлымдығы адамның қиялына қонбайтын шекке жетті. Геноцидке бергісіз осы қылмысын жасыру үшін советтік диктатура оған қатысы барларды да, қарсы шыққан қазақ қайраткерлерін де 1931-1939 жылдары қынадай қырды, ұзақ мерзімге соттап, жер аударды. Отбасы мүшелері мен жақындарын да лагерьлерге айдады.
1991 жылы тәуелсіздікке қол жеткізген қазақ халқының нағыз демографиялық қайта өрлеу дәуірі басталды. 1989 жылдың наурыз айында өткен халық санағында өз республикасында 39,7 пайызға әрең жеткен қазақтар тәуелсіздіктің алғашқы 20 жылында 6 534,6 мың адамнан 3 562,1 мың адамға көбейіп, 10096,8 мың деген санды көрсетті, үлес салмағы 63,1 пайызға көтерілді.
Міне, бұл Тәуелсіздіктің қазақ халқына берген нағыз ең басты әрі маңызды жемісі, нәтижесі еді. 150 жыл Ресей империясының, 75 жыл КСРО-ның құрамында жүргенде азшылыққа айналып, өз жерімізде өзіміз жаутаңкөз байғұстың күнін кешкен кептен құтылдық.
Әрине саяси азаттыққа жеткенімізбен рухани дербестікке толық қол жеткізуге әлі де біраз жыл керек. Ол үшін халқымыз өз елінде өз тілінде өмір сүре алатын дәрежеге жетуі қажет. 2009 жылғы санаққа қайта оралайық. Оның нәтижесінде халықтың жалпы саны 16010,0 мың адамды құрады, бұл 1991 жылға қарағанда (16 464,5 мың) 454,5 мың адамға кем көрсеткіш еді. 2009 жылғы Ұлттық халық санағына дейін елімізден сыртқа, негізінен өздерінің тарихи отандарына кем дегенде 4,5 млн-дай адам көшіп кетті. Есесіне 900 мыңдай қандасымыз алыс-жақын шетелден көшіп келді.
Сыртқа қоныс аудару салдарынан орыстар 2 434 мың адамға, украиндар 563,2 мыңға, немістер 604,1 мыңға, беларусьтер 116,1 мыңға, поляктар 25,2 мың адамға азайған. Қатары сиреген халықтардың ішінде татарлар мен башқұрттар, шешендер мен ингуштер, гректер мен молдавандар, чуваштар мен мордвалар да бар. Сонымен бірге республикадағы түркі тілдес өзбек, ұйғыр, түріктер 212 мың адамға көбейген. Саны өскен халықтардың қатарында дүнгендер (30,2:52,0 мың), тәжіктер (25,5: 36,3), күрдтер (25,4: 38,3) көзге түседі.
2019 жылы, әрі кетсе 2020 жылы өтуге тиіс болған Ұлттық халық санағы түрлі себептермен және коронавирус пандемиясының кесірінен осы жылдың төртінші тоқсанына қалдырылды. Сондықтан 2021 жылдың халық санағында күтілетін нәтижелерге тек ағымдағы статистика деректеріне сүйеніп болжам жасауға болады.
Иә, ондай болжамдар жасалып та жатыр.
Соның бірін «Егемен Қазақстанда» журналист Рауан Қабидолда «10 жылда 12 пайыз ғана өсеміз бе?» деген мақаласында (20.11.2020) жариялапты. Ал болжам жасаушы «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-ның департамент директоры Дмитрий Шумеков көрінеді. Ол алда тұрған санақ бойынша пікір айтпай, бірден 2030 жылға болжам жасапты. Мақаламыздың басында республика халқының кеңес заманында және тәуелсіздік жылдарындағы демографиялық дамуына бекер тоқталған жоқпыз. Соған сүйеніп және Ұлттық статистика комитеті жариялаған 2020 жылдың басындағы Қазақстанның этностық картасының деректерін негізге ала отырып өз болжамымызды келтірейік.
1992 жылдың басында Қазақстанда 16 450 мың адам тұрды. 29 жыл өткен соң 2020 жылдың 1 қазанында елімізде, ресми статистикаға сенсек 18 809,2 мың жан бар көрінеді. Жалпы өсім 14,3 пайызды құрайды(12% емес). Бұл өсімнің өзі 2011 жылдан бері қарай болды, себебі сол жылдың басында ғана 16 450 мың деген санға қол жетті. Ал соңғы жылдары Қазақстаннан жаппай көшу де, көшіп келушілік те саябырсығанын ескерсек, қосылған 2 360 мың адамның негізінен қазақстандықтардың табиғи өсімі арқасында болып отырғанын көреміз. Коронавирус пандемиясы халық санының өсуін біраз тежегенімен, жыл аяғына дейін тағыда 50-55 мың адамға көбейіп 18 860 мыңға жетуге мүмкіндік бар деп болжауға болады. 2021 жылы қазан айында белгіленген Ұлттық халық санағына амандық болса, 19 млн 50 мың адаммен бармақпыз.
Енді 2030 жылы болатын халық санын мөлшерлеп көрейік. Халық санының өсуі-өспеуі адами факторға байланысты екені белгілі, ал ол өз кезегінде саяси-экономикалық тұрақтылыққа, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайға, сондай-ақ халықтың ұлттық құрамына да байланысты. Үстіміздегі жылдың басында елдегі 18 631,4 мың халықтың 68,5 пайызы, яғни 12 765 мың адамның қазақ ұлтынан екенін статистика дәлелдеп отыр. Мұның сыртында бала туушылық потенциалы жоғары өзбек пен ұйғыр халықтарының саны да жедел өсіп келеді. Бұған көшіп келушілер мен кетушілердің әсерін қоссақ, Қазақстан халқының қатарына жыл сайын орта есеппен 250 мың адам қосылмақ. Енді осы санды 2022 жылдан 2030 жылға дейінгі 9 жылға көбейтсек, 2 250 мың деген сан шығады. Мұны биылғы санақта жететін 19 050 мыңға қоссақ, 21 300 мың адам болады. Ал бұл сан былтырғы жыл басындағыға (18 631,4 мың) қарағанда 14,3 пайызға көп.
Кез келген болжам үш нұсқамен жасалады: төменгі, орташа және жоғары болжам желілері бойынша. Біз болсақ, төменгі мен орташаның арасын алып отырмыз. Халық өсімінің төрттен үшін табиғи өсім, яғни бала туушылық беретінін ескерсек, әрине жас отбасыларын неғұрлым көп сәбилі болуға ынталандыруға моральдық және материалдық, сондай-ақ медициналық қолдау көрсету бүкілхалықтық іс болып табылады. Республика Үкіметінің 2021 жылдан басталатын «Аңсаған сәби» бағдарламасы бала сүйе алмай жүрген жұбайларға арналған. Мені ойландыратын жайт мынау: дені сау, әп-әдемі қыздарымыздың тұрмысқа шыға алмай отырып қалуының көбейіп бара жатқандығы. Бұл категория әсіресе қала мен кенттерде етек алған. Қырыққа келіп үйленбей жүрген жігіттер де аз емес. Сонда бұлармен кім айналысады? Кім оларға көмектеседі?
Әрбір саналы азаматты Отанымыздың, халқымыздың болашағы толғандырады. Тәуелсіздігіміздің 30 жылында 8 миллионнан 13 миллионға, немесе 62 пайызға өскен қазағымыз келесі 30 жылдықта, яғни 2050 жылы ел аман, бейбіт заман болса 21-22 миллионды еңсерері сөзсіз. Сол кезде Қазақстан халқының жалпы саны 27-28 миллионнан кем болмақ емес.
Әгәрәкім сыртта жүрген 4-5 млн қазағымыздың тағы бір-бір жарым миллионы тарихи отанына бет бұрса, еліміздегі халық саны 2050 жылы «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» мөлшерлеген 25,4 млн адамға емес, 30 миллиондық межеге жетер еді. Және оның 80%-дан астамы қандасымыз болып, мемлекеттік тілді қолдану мәселесі де өзінен-өзі түпкілікті шешілер еді. Алла соған жазсын дейміз. Өскелең халқымыздың босағасы алтын, болашағы жарқын боларына кәміл сенемін.
Ертай ЖӘНІБЕКОВ,
экономика-қаржы қызметінің ардагері
Қарағанды облысы,
Шет ауданы