Спорт • 13 Қаңтар, 2021

Самбода бай дәстүріміз бар

500 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstan» газетінде «Сам­бодан да талай саңлақтар шықты» атты көлемді мақала 16.11.2020 жарық көрді. Ол жерде біз Кеңес Одағы дәурінде жерлестеріміздің аса жауапты жарыстарда қол жеткізген жетістіктері туралы кеңінен баяндадық. Сондай-ақ тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде бағындырған белестеріміз жайында басылымның алдағы нөмірлерінің бірінде әңгімелейміз деп уәде еткен едік.

Самбода бай дәстүріміз бар

 

Қазақстан тәуелсіз мемлекет және дербес команда ретінде әлем чемпионатына алғаш рет 1992 жылы қатысты. Минскіде ұйымдастырылған жарыста самбошыларымыз алты жүлдеге қол жеткізді. Ақтық сынға алқынбай жеткен Ержан Иманжүсіпов (48 ки­ло) пен Сәлкен Жартыбаев (68 кило) шешуші тұста ұтылды. Екеуі де жергілікті балуандарға есе жіберді. Ержан Николай Цыпандиннен, Сәлкен Валерий Даниловтан ұтылды. Жанат Байшолақов (62 кило), Людимла Симутина (44 кило), Айсара Керімбекова (48 кило) және Сәуле Ғабдуллина (56 кило) қола медальді иеленді.

Самбоның басы-қасында жүрген азаматтар арасында іртікі шығып, 1993 жылы әр федерация өз чемпионатын жеке-жеке өткізуді құп көрді. Бірі – Кстовода, екіншісі Омбыда өтті. Қазақстанның балуандары соның екеуіне де қа­тысты. Ал ең үздік өрендеріміз іргедегі Омбыда бақ сынауға бел буды. Бұл жарыс­та жеңіл салмақтағы Бауыржан Садыханов әлем чемпионы атанса, Руслан Сейілханов, Қарлығаш Әжімова, Жа­мал Бозова және тағы бір­қатар жерлесіміз жеңіс тұғы­рына көтерілді. Кстовадағы додада қос қола медальді ен­шіледік.

1994 жылы барлық саңлақ кейіннен келмеске кеткен Югославияның Нови Сад қаласына жиналды. Бұл жарыста бес бірдей спортшымыз жеңіс тұғырына көтерілді. Бе­сеуі де қола медальді иеленді. Олар – Ға­лымжан Сапарғалиев (48 кило), Ғалымжан Жылкелдиев (57 кило), Зекен Шәймерденов (62 кило), Сәлкен Жартыбаев (68 кило) және Руслан Сейілханов (82 кило).

1995 жылы Софиядан қоржынымыз бос қайтса, әйелдер Калининградта бірнеше жүлде алды. 1996 жылы Токиода Сәуле Ғаб­дуллина (56 кило) әлем чемпионы атанды. Бұл күн Қазақстан спорты тарихында алтын әріптермен жазылуға тиіс. Себебі оған дейін спорттың бірде-бір түрі бойынша қазақ қыздары арасынан әлем чемпионы шықпаған. Сол көшті бұрынғы Торғай облысы, Аманкелді ауданының тумасы Сәуле Жаңбырбайқызы бас­тады. Жапонияда Мағрипа Әбішева (52 ки­ло) күміс алса, Қорған Тұрымбетов (52 кило), Берік Жетпісбаев (62 кило) және Жамал Бозова (80 кило) қола медальді еншіледі.

1997 жылы Тбилисиде жалғыз Дінмұхамед Мүсірәлиевтің (74 кило) қоласын қанағат тұтсақ, 1998 жылы Калининградта Қоныс Жет­пісов (52 кило) екінші орын алды. Асхат Шахаров (68 кило) пен Сәуле Ғабдуллина (56 ки­ло) үшінші сатыға табан тіреді. 1999 жылы Испанияның Хихон қаласында Қоныс пен Асхат финалда сүрінсе, Раиса Баялиева (64 кило) мен Алмагүл Кашина (80 кило) қолаға қол созды.

Ғасырлар тоғысында Асхат Шахаровтың бақ жұлдызы жанды. 74 кило салмақта белдескен ақтөбелік апайтөс барлық қарсы­ласының аяғын көктен келтіріп, бас жүлдені қанжығасына байлады. Киевте өткен сол жарыста Дінмұхамед Мүсірәлиев (82 кило) пен Раиса Баялиева (64 кило) қола медальдерді мойындарында жарқыратты.

2001 жылы Красноярскіде Қоныс Жетпісов (52 кило) әлем чемпионы атанса, Сәуле Ғаб­дуллина (56 кило) күміс, ал Жанар Дүй­се­кенова (52 кило) мен Алмагүл Кашина (+80 кило) қола алды. 2002 жылы Панамада Дінмұхамед Мүсірәлиев (82 кило) пен Алена Середа (60 кило) екінші, Татьяна Шишкина (48 кило), Мұрат Досанов (52 кило), Айбек Атажанов (62 кило), Асхат Шахаров (74 кило) және Расул Үсенов (90 кило) үшінші орындарды иемденді. 2003 жылы Санкт-Петербургте өткен доданы Қазақстан құрамасы үш қоламен қорытындылады. Сол жүлденің иегерлері – Бірлес Есенғалиев (52 кило), Марат Таханов (57 кило) және Қайрат Күнсафин (68 кило).

2004 жылы Кишиневте Асхат Шахаров (74 ки­ло) екінші рет әлем чемпионы атанды. Бір­лес Есен­ғалиев (52 кило) пен Меңдіхан Жәкенов (57 кило) қола медальді иеленді. 2005 жылы Астанада Асхат­тың тағы да асы­ғы ал­шысынан түсіп, мәр­тебелі атаққа үшін­ші мәрте қол жеткізді. Атал­ған додада алтын тұғырға көтерілген қазақ­тың қайсар ұлын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың өзі құттықтағаны әлі есімізде. Дидар Молдағалиев (57 кило), Арсен Хатип (68 кило) және Жұлдыз Айтмағамбетованың да (72 кило) да сондай мүм­кіндіктері болды. Алайда олар ақтық айқаста ұтылды. Тимур Оңдағанов (62 кило), Дінмұхамед Мүсірәлиев (82 кило), Келбет Нұрғазина (48 кило), Раиса Баялиева (60 кило), Динара Оразбекова (80 кило) және Алмагүл Кашина (+80 кило) қола жүлдені еншіледі.

2007 жылы Прагада Раиса Баялиева (60 ки­ло) көздеген мақсатына қол жеткізіп, алтыннан алқа тақты. Ерболат Байбатыров (52 кило), Азамат Мұқанов (62 кило) және Асылбек Әлкей (68 кило) үшінші орынға тұрақтады. 2008 жылы Санкт-Петербургте Ерболат ерледі. Аса жеңіл салмақта күрескен Оралдың оғыланы төрткүл дүниенің теңдессізі деп танылды. Келбет Нұрғазинаға (48 кило) күміс, Азамат Мұқанов (62 кило) пен Ленария Меңғазоваға (52 кило) қола бұйырды.

2009 жылы Грекияның Салоники қала­сында Қазақстанның самбошылары өз тарихында тұңғыш рет қос алтынға қол жеткізді. Оның иегерлері – Ерболат Байбатыров (57 кило) пен Дәурен Жайнақов (57 ки­ло). Арман Сәрсенбин (68 кило), Қалжан Тайжанова (68 кило) және Әлия Жыл­қы­баева (72 кило) шешуші тұста ғана өз қарсыластарына есе жі­­­берсе, Азамат Мұқанов (62 ки­­ло) пен Асылбек Әлкей (68 кило) үшін­­ші орынды иеленді.

2011 жылы Вильнюсте Ер­болат Байбатыров (57 ки­ло) өзінің спорттық мансабында төр­тінші рет әлем чем­пионы атан­ды. Медет Оң­дағанов (52 кило) күміске, ал Асыл­бек Әлкей (68 кило) мен Раушан Алысбаева (56 кило) қолаға қол жеткізді. 2012 жылы Минс­кіде жеті қандасымыз жеңіс тұ­ғы­рына көтерілді. Асылбек Әлкей (68 кило) мен Қалжан Тайжанова (72 ки­ло) екін­ші орын алса, Кенжезәру Қашқынова (48 ки­ло), Ділбар Өмірәлиева (68 кило), Ерболат Байбатыров (57 кило), Бағдат Жарылғасов (62 ки­ло) және Азамат Мұқанов (68 кило) үшінші сатыға табан тіреді.

2013 жылы Санкт-Петербургте табысты өнер көрсете алмадық. Нева жағалауында тек Алмас Сүлейменов (52 кило) пен Ділдәш Күріш­баеваның (68 кило) қола медальді иеленуге күш-жігерлері жетті. Есесіне 2014 жы­­лы Жа­понияның Наритада шаһарында әлем чем­пиондарымыздың қатары тағы бір сам­бошымен толықты. Бұл атақ Гауһар Тұр­махановаға (52 кило) бұйырды. Сол межеден көрінуге Ділдәш Күрішбаеваға (68 кило) бір ғана қадам жетпеді. Есет Қуанов (62 кило), Асылбек Әлкей (74 кило) және Еділ Үсенов (+100 кило) үшінші орынды еншіледі.

2015 жылы Касабланкада Бейімбет Қан­жанов (52 кило) қарсылас шақ келтірмей, әлем чемпионы атанды. Айгүл Байқұлова (48 кило) мен Гауһар Тұрмаханова (52 кило) финалда сүрінсе, Есет Қуанов (62 кило) пен Ділдәш Күрішбаева (68 кило) қола медальді иемденді. 2017 жылы Сочиде Есет ерледі. Шешуші айқаста ресейлік Аслан Мударновтың аяғын көктен келтірген Қуанов жер-жаһанның үздігі деп танылды. Бейімбет Қанжанов (52 кило) пен Әлібек Зекенов (90 кило) екінші, Гүлнұр Ер­болова (52 кило) мен Аида Карчаева (56 ки­ло) үшінші орындарды олжалады.

2018 жылы Бухаресте қос жүлдені қанағат тұт­тық. Есесіне бір алтын алдық. Бұл жолы Нұр­бол Серіковке (68 кило) тең келер ешкім табылмады. Гүлнұр Ерболова (52 кило) тағы да қолаға қол созды. 2019 жылы Сеулде Болатбек Райым­құлов (52 кило) пен Ділдәш Күрішбаева (68 кило) күміспен күптелсе, Рахат Жаңаниет (62 кило), Динара Жұмабаева (60 кило) және Ажар Салықова (64 кило) жүлдегерлер санатына қосылды.

Міне, Тәуелсіздік алған кезден бері әлем чемпио­наттарында Қазақстанның самбошы­ларының қол жеткізген табыстары осындай. Бір қуантарлығы, әлем чемпионатында жеңіс тұғырына көтерілген балуандарымыздың 97 пайызы өз қандастарымыз. Осы жайттың өзі қазақ самбосының болашағы жарқын еке­нін аңартса керек. Сөз орайы келгенде, жоғарыдағы жетістікке жетуімізге Керей Қойшыбектің сүбелі үлес қосқанын айта кеткен абзал. Ол 1992-2010 жылдар аралығында еліміздің ұлттық құрамасының бас бапкері болды. Одан кейін тізгінді Қайрат Шаңғараев ұстады. Бұл жаттықтырушы да отандық самбоның өркендеуіне біраз еңбек сіңірді. Одан бөлек, әр өңірде жемісті еңбек етіп, талай дарынды жастың томағасын сыпырған майталман мамандар жетерлік.