Аймақтар • 13 Қаңтар, 2021

Қапшағайда жасырын жұмыс істеген казино анықталды

717 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қапшағайда полицейлер карантин талаптарын бұзып, жасырын жұмыс жасаған казиноны анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қапшағайда жасырын жұмыс істеген казино анықталды

Қапшағай қаласы Полиция бөлімінің қызметкерлері арнайы рейд барысында коронавирустық індеттің жаппай таралуының алдын алуға бағытталған карантиндік шектеулерді ескермей, жасырын қызмет еткен казиноның әрекетін әшкереледі.

– Облыстық Бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес барлық казинолардың қызметіне шектеу қойылған. Алайда, қаладағы бір казиноның ойыншыларды қабылдағаны анықталды. Біз барғанда ойын мекемесінде 60 жуық адам болды. Аталған дерек бойынша жинақталған фото-бейне материалдар тиісті шара қолану үшін мүдделі мемлекеттік органға жіберілді, – деді қалалық Полиция бөлімінің бастығы Манат Айтмұханбетов.

Санитарлық дәрігердің қаулы талаптарын сақтамай, карантин ережелерін өрескел бұзған казино иесіне 900 мың теңгеден астам айыппұл салынған. “Тәртіпке бағынған құл болмайды” дегендей, полицейлер тұрғындар мен кәсіпкерлерді санитарлық дәрігердің қаулысында көрсетілген талаптарды бұлжытпай орындауға және ұлт денсаулығына бей-жай қарамауға шақырды.

Естеріңізге сала кетейік, індеттің алдын алу үшін тәртіп сақшылары халыққа тегін медициналық бетперделер таратып, қоғамдық орындарда, көліктерде санитарлық-қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау және бетпердені тағып жүру қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізуде.