Оңайға соқпаған шешім
Байденнің саяси бәйгеден бас тартып, орнына вице-президент Камала Харристің келуі таң атып, күн батқанға дейін саясатты сапырып отыратын батыстың ақпарат құралдары үшін таптырмас тақырып болды. Дегенмен Байденнің өзі мұндай шешімге келуі оңайға соқпағанын айтты.
Ол өзінің жарыс жолынан шығатынын Х-тегі парақшасы арқылы мәлімдеді. Ұлтқа үндеуінде Америка халқына қызмет ету өзі үшін үлкен міндет, абырой болғанын атап өткен президент, партия мен елдің мүддесі үшін сайлауалды кампаниядан кететінін және ендігі бар күш-жігерді осы кезеңмен аяқталатын өзінің президенттік қызметіне қарай бұратынын атап өтті.
Сондай-ақ мәлімдемесінде АҚШ президенті вице-президент Камала Харриске қызметі үшін айрықша алғыс білдіріп, оны сенімді әрі ерекше серіктес екенін айтты.
Мәлімдемеге дейінгі жағдайға тоқталсақ, Ақ үй мен Джо Байденнің сайлауалды науқанына қатысты жоғары лауазымды шенеуніктер өткен аптада танымал демократтардың Байденді сайлаудан бас тартуға шақырған ұсыныстарына қарамастан, президенттің биылғы жарыстан бас тартар ниеті жоқ екенін айтқан болатын.
Ковидке кезекті мәрте шалдығып, Делавэрдегі резиденциясында емделіп жатқан Байденнің сайлаудағы командасы сенбі күні ол Ақ үйге оралған соң қатысатын үгіт-насихат шараларының кестесін жасауға кіріскен.
Алайда жексенбі күні сенімді ақпарат көздері арқылы Байденнің өз шешімін өзгерткені белгілі болды. Ол сенбі күні кешкісін өзінің 50 жылдық саяси мансабындағы ең күрделі шешімдердің бірін қабылдап, жарыстан бас тарту керек пе, жоқ па деген мәселені мұқият ой елегінен өткізген.
Шешім қабылдау үдерісі аясында ол өзінің ең жақын кеңесшілерінің бірі Стив Ричетти, бас стратегі Майк Донилон, аппарат басшысының орынбасары Энни Томасини және бірінші ханым Джилл Байденнің аппарат басшысы Энтони Бернал сияқты көмекшілерінің шағын тобымен ақылдасқан.
«ВВС» басылымының жазуына сүйенсек, бұл топ негізінен Байден сайлау науқанында Трампты жеңе ала ма, әлде жол беріп қоя ма деген сұраққа жауап іздеген. Жексенбі күні де Байден Ақ үйдегі салмақты адамдармен бейнеконференц байланыс арқылы мәслихат құрған.
Әрине, тың деректерді, қарсыластар қысымын, жақтастардың ұсынысын барынша саралаған Демократиялық партияның қайраткерлері бірауыздан Байденнің кандидатурасын тоқтатуға тура келетін шешім қабылдаған.
Дегенмен Байденнің жарыс жолынан шығатынын алғашында Ақ үйдегі санаулы адам ғана білген. Тіпті неге екені белгісіз, бұл мәлімдемені жұртшылыққа қандай жолмен жеткіземіз деген де мәселе туындапты. Ақ үйдегілер бұл хабарды бір-бірінен естісе, АҚШ және әлем халқы Х-тегі Джо Байденнің парақшасынан оқыды.
Бас тартудың басты себебі
Қазіргі президент Джо Байденнің сайлаудан бас тартуының көпшілікке белгілі бірнеше себебі бар. Оның соңғы кездері сөзінен жаңылып, тіпті қайда тұрғанын ұмытып, журналистер қойған кей сұрақтарға біртүрлі жауап қатуы өзге партия өкілдерінің күлкісін келтірсе, өз жақтастарының алаңдаушылығын туғызғаны рас. Соңғы дебаттағы Трампқа жол беруі президенттің өзін де біраз ойландырған сияқты. Сарапшылар мұндай келеңсіз жайттарды 81 жастағы Байденнің денсаулығымен тығыз байланыстырып, түсіністікпен қарауға тырысып-ақ бақты. Ал бірақ келесі президенттік кезеңде оны қарсыластары ғана емес, жалпы Америка халқы да көшбасшы ретінде көре алмайтындарын түрлі сауалнама арқылы жеткізген.
Мәселен, АҚШ вице-президенттігіне Республикалық партиядан үміткер Дж.Д.Вэнс қазіргі президент Джо Байденнің когнитивті қызметінің бұзылғанына қатысты ақпаратқа білдірген пікірінде ондай адамның ел басқара алмайтынын айтып, демократтар Байденнен отставкаға кетуін талап етуі керек деген болатын.
Сондай-ақ Д.Трамптың сайлауалды кампаниясын қаржылай қолдап отырған америкалық миллиардер, SpaceX-тің негізін қалаушы және X компаниясының қожайыны Илон Маск та қайбір күні құры қарап отырмай АҚШ президенттігіне кандидаттарға қатысты шарттарды өзгерту қажеттігін де айтып қалды. Ол тіпті Х-тегі жазбасына президенттікке үміткерлердің жасына шектеу қою керек дегенді де қоса кетті. Оған қоймай «Әлдебіреудің ұзақ өмір сүретінін кім ойлапты» деген мағынадағы ауыр әзілін де араластырып, Байденнің жасының келгенін меңзегендей болды.
Байденді көндіруге тырысқандардың ішінде әйгілі актер әрі демократиялық партияны қолдауға белсенді түрде қаржы тартумен айналысатын Джордж Клуни да бар. Ол «New York Times» басылымының бағанындағы шағын мақаласы арқылы қазіргі президентті сайлауалды жарыстан шығуға ашық шақырды. Ол Байденнің осы кезге дейінгі саяси мансабында біраз бәсекеде бағы жанып, топ жарғанын айтып, ендігәрі уақыт өткен сайын бұл жолғы жарыста алға суырылып шыға алмайтынын атап өткен.
Жалпы, Байденге қатысты мұндай әңгімелер Пенсильвания штатындағы Трампқа жасалған қастандықтан кейін күрт көбейіп кетті. Тіпті республикашыл партияға мүше америкалықтар бұл озбырлықты Байденнің нұсқауымен болып отыр деп те айыптады. Өйткені ол қастандыққа қатысты күмәнді жайттар да жоқ емес.
Қайтсем де президент боламын деп жүріп, бір өлімнен қалған Республикалық партия көшбасшысы Дональд Трамп президенттің мәлімдемесінен соң «Джо Байден АҚШ тарихындағы ең сорақы президент болды» деп қойып қалды. Ал Камала Харристі жеңу өзіне Байденді жеңуден де оңайырақ деп, ендігі қарсыласына қарата сайлауалды «психологиялық қысым» көрсетуін бастап кетті.
Демократтар қолдаған Харрис
Әрине, демократтардың ендігі көзірі болып отырған Камала Харрис вице-президент ретінде онша көп таныла қоймаған саяси тұлға. Дегенмен оның кандидаттығын партияның 50 штаттағы басшылары түгел қолдап, дауыс берді.
Осылайша, АҚШ президенті Джо Байден президенттік бәсекеден кеткеннен кейін вице-президент Камала Харрис Демократиялық партияның ресми кандидаты атанды. Дегенмен, сарапшылар америкалықтар оны мемлекет басшысы ретінде қатты қалап тұрмағанын айтып келеді. Яғни америкалықтардың көпшілігі консервативті көзқарас ұстанған және әйел адамды АҚШ президенті етіп сайлауға дайын емес.
Қалай десек те, АҚШ вице-президенті Камала Харрис Демократиялық партиядан президенттікке үміткер болу үшін делегаттардың жеткілікті ресми қолдауына ие болды. Бұл туралы Associated Press «Дүйсенбі күні кешке қарай Харрис кем дегенде 2579 делегаттың қолдауына ие болды, AP мәліметтері бойынша, дауыс берудің бірінші турында жеңіске жету үшін оған 1976 делегаттың даусы жеткілікті болған», деп жазды.
Әрине, бұл цифрлар түпкілікті емес және Харристің ресми кандидатурасын білдірмейді. Делегаттар Чикагода 19 тамыз күні өтетін партия съезінде әлі де дауыс беруі керек. Дегенмен CNN хабарлағандай, демократтар Харристің 7 тамызға дейін ресми расталатынан қатты үмітті екен.
Ал Харристің өзі көпшіліктің қолдауына ие болғанын мақтан тұтатынын айтып, ел-жұрттың алдына көп шыға бастады. «Мен кандидатураны жақын арада ресми түрде қабылдауды асыға күтемін», деді ол өз мәлімдемесінде.
Бір қызығы, Джо Байден президенттік жарыстың аяқталғанын жариялағалы бері Харристің науқанға қатысуына қызығушылар көбейіп, жетекші демократтар оның кандидатурасын қолдау үшін тіпті кезекке тұра бастады. Бұған дейін белгілі болғандай, алғашқы 24 сағатта вице-президент Демократиялық партия донорларынан рекордтық сома – 81 миллион доллар жинаған, ал қайырымдылықтың едәуір бөлігі шағын донорлардан келген.
Қысқасы, Байденнің науқаннан кетуі бұлтсыз күндегі найзағай жарқылындай әсер қалдырды. Расында бүкіл әлем көз тігіп отырған АҚШ-тағы қос партияның сайлауалды үгіт-насихаты нағыз шоуға айналып кететіні бар. Әсіресе биылғы бәйгеде Трамптың оққа ұша жаздағаны, Байденнің салмақтап барып айтқан тосын мәлімдемесі әлем халқын тың саяси ойларға жетеледі.