Таным • 14 Қаңтар, 2021

Дүниетаным айнасы

640 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Хакім Абай мұрасының басым бағыттары: ұлт мұраты мен елдік мүддеге келіп сая­ды. Ол, әсіресе, поэтикалық өнері мен «Қарасөздер» мұрасынан кең көлемде көрініс береді. Хакім Абай бастапқы тұстан-ақ «...өз сөзім – өзімдікі» дегенді анық айтып, келесі кезекте мақсат-мұраттарын айқындап, осы бағыттағы ұстаным-көзқарастарына мықтап табан тірейді. Көрген-білгенін ақыл көрігінде қорытып, таразыға салады. Жан-жүрек үнін айқын, көңіл толқынын ашық, дүниетаным айнасын кең түсіреді. Анығында, өмірін, уақытын босқа өткізу, еңбегін-кәсібін бағаламау, білім-ғылым, дәстүр, дін, тарих пен таным, тәлім-тәрбие ісіне мән бермеу, т.с.с. ақиқатын айтып, маңызын ашады. Қысқа ғұмырдың алдамшы, өткіншілігін тамыршыдай тап басады. Баянсыз, тұрлаусыз сиқына бас шайқап, іштен тынады. Мұның өзі «Жақсы болсаң, жарықты кім көрмейді» деген өмір философия­сынан алынған толғам-толғаныстарымен табиғи үндесіп, сабақтасып-ақ тұр.

Дүниетаным айнасы

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Шындық жүзіне тура қарасақ, «Қара-сөздердегі» ұлт мұратынан бастау алған, қоғамдық құбылыстар арқау етілген, өмір өрнектері мен уақыт бедері кең көлемде көрініс беретін тағылымды тұстар кеше мен бүгіннің байланыс-бірлігін, дәстүр құндылығы мен ұрпақтар сабақтастығын табиғи жалғап, тығыз ұштастырғаны терең танылады. Қоғамдық мүдде алға шығады. Көптің мұрат-мүддесі көзделеді. Уақыт бедері байыпты бағаланады.

 «Қарасөздер» табиғатына еркін енсек, Хакім Абай ұлт мұраты, елдік мүд­де мәселесін – еңбек, білім, ғылым, өнер төңірегінде кеңінен өрбітеді. Алыс-жақын елдердің (мысалы, орыс, но­ғай, сарт, т.с.с.) өмір-тұрмыс, кәсіп-дағ­дыларына, дәстүрлеріне ден қояды. Олар­дың білім-ғылымға, еңбекке, өнерге, саудаға бейімділігі, содан алға озып, ілгерілегені үлгі етіледі.

Ал надандық пен жалқаулық, ең­бек­сіз­дік бен жылпостық, залымдық пен зұ­лым­дық, ұрлық пен бұзақылық сыры былай беріледі: «...ғаламға белгілі данышпан­дар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі – қорқақ, қайратсыз тартады, әрбір қай­ратсыз – қорқақ, мақтанғыш келеді; әр­­бір мақтаншақ – қорқақ, ақылсыз, на­дан келеді; әрбір ақылсыз – надан, ар­сыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұ­рамсақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, еш­кімге достығы жоқ жандар шығады». Бұл тұстардан, сөз жоқ, өмір-тұрмыстағы кәсіп-дағды, дәстүрден өзге, еңбек мұ­раты басым бағыттарға ие болады. Ар ісін, ақиқат ілімін, жан-жүректің нұры мен сәулесін бәрінен жоғары қояды.

«Қарасөздердің» асыл арқауы мен бас­ты бағыттары адам әлемін ашуға арналады. Адам мұраты мен адамшылық жолы, ар мен ұяттың маңыз-мәні мынаған келіп саяды: «Адам баласы жылап туады, кейіп өледі. Екі ортада бұл дүниенің рақатының қайда екенін білмей, бірін-бірі аңдып, біріне-бірі мақтанып, есіл өмірді ескерусіз, босқа, жарамсыз қылықпен, қор етіп өткізеді де, таусылған күнінде бір күндік өмірді бар малына сатып алуға та­ба алмайды.

 Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам сау­мақ – өнерсіз иттің ісі. Әуелі құдайға сиы­нып, екінші өз қайратыңа сүйеніп ең­бегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды». Біздіңше, бұл жерде өмір мұраты алдыға шығып, ел­дік мүдде, адам еңбегі, дос-дұшпан, жақ­сы-жаман қасиеттер, бос уақыт мәні, мал-жан сыры айқындала түседі. Оның қа­дір-қасиеті, белгі-ерекшеліктері, мән-ма­ңызы жан-жақты ашылады.

Хакім Абай білім-ғылымға, өнерге сер­гек қарайды. Оны оқып-білу, үйрену ке­ректігіне көп көңіл бөледі. Оған қа­тысты: «Адам көңілі шын мейірленсе, бі­лім-ғылымның өзі де мейірленеді, тезірек қолға түседі» дейді. Одан кейінгі жерде: «...ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез де­ген сауыты бар. Сол мінез бұзылмасын! Көрсеқызарлықпен, жеңілдікпен, я бі­реудің орынсыз сөзіне, я бір кез келген қызыққа шайқалып қала берсең, мі­­нез­дің беріктігі бұзылады. Одан соң оқып-үйреніп те пайда жоқ. Қоярға ор­­ны жоқ болған соң, оларды қайда сақ­тайсың? Қылам дегенін қыларлық, тұ­рам дегенінде тұрарлық, мінезде аз­ғырылмайтын ақылды, арды ақтарлық беріктігі, қайраты бар болсын? Бұл бір ақыл үшін, ар үшін болсын!» дегенді анық айтады. Ақыл-парасат, ар-намыс, жүрек ісі жоғары қойылады.

Хакім Абай ақиқат хақында айтқанда: «Хақтың бір аты – Алла, ғылым – Алланың бір сипаты» дегенді баса көрсетеді. Иман ісін алға шығарады. Білім-білікті, дін-дәс­түрді, өмір тағылымын, тарих мәнін үл­гі етеді.

Анық аңғарылатыны, «Қарасөздер» та­биғаты мен мазмұнынан ұлттық мұрат, елдік мүдде, адам мен оның өмірі, еңбек мәні, дәстүр мен дін, тарих пен таным, діл мен тіл, тәлім-тәрбие арналары кең түрде көрініс береді. Айталық, бастапқы тұстан-ақ ел-жер, білім-ғылым, дәстүр-дін, ұлт пен ұрпақ қамы, өмір-дүние дидары, жас­тық-кәрілік сипаты кең орын алады. Баян­сыз өмір, байлаусыз тірлік, талайлы тағ­дыр мәні айқындалады («Бірінші сөз»).

Келесі кезекте, еңбек етіп, өнер қуып, мал тауып, өмір-дүние дидарында өз ор­ныңды айқындаудың мәні ашылса («Екінші сөз»), бұдан кейінгі жерде адал ең­бек, әділетті іс ардақталып, арамдық пен қулық жолының қысқа да бұралаң тұс­тары айқындалып, мін-сын ретінде әш­кереленеді («Үшінші сөз»), өмір мұ­раты, еңбек мәні көрсетіліп, осының не­гізінде: «...Әрбір орынды харекет өзі де уайым-қайғыны азайтады, орынсыз күлкіменен азайтпа, орынды харекетпен азайт!» дегенге басымдық беріледі. Тиянақты тұжырым былай беріледі: «Адам баласы жылап туады, кейіп өледі. Екі ортада, бұ дүниенің рақатының қайда екенін білмей, бірін-бірі аңдып, біріне бірі мақтанып, есіл өмірді ескерусіз, босқа, жарамсыз қылықпен, қор етіп өткізеді де, таусылған күнде бір күндік өмірді бар малына сатып алуға таба алмайды.

Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам сау­мақ – өнерсіз иттің ісі. Әуелі құдайға сиынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, ең­бегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де бе­реді, құр тастамайды» («Төртінші сөз»). Өмір мәні, еңбек нәрі, ел-жер, бірлік-тірлік, адамдық борыш, білім мен ғылым ісі, дәстүр мен дін, тарих пен таным, ұлт пен ұрпақ қамы, тәлім-тәрбие сипаттары, ұнамсыз мінездері бірқатар мақалдар мәйегі арқылы да ма­ңызды жүйе құрайды: «Түстік өмірің бол­са, күндік мал жи», «Өзіңде жоқ болса, әкең де жат», «Мал – адамның бауыр еті», «Ер азығы мен бөрі азығы жолда», «Берген перде бұзар», «Алаған қолым – береген», «Қайраны жоқ көлден без, қайыры жоқ елден без», «Өнер алды – бірлік, ырыс алды – тірлік», «Жарлы болсаң, арлы болма», «Қалауын тапса, қар жанады», «Атың шықпаса, жер өрте», «Алтын көрсе, періште жолдан таяды», «Ата-анадан мал тәтті, алтынды үйден жан тәтті» («Бесінші сөз», «Алтыншы сөз», «Жиырма тоғызыншы сөз»).

Бұдан басқа, жан мен тән сипаты («Жетінші сөз», «Қырық үшінші сөз»), әке мен бала, ұлт пен ұрпақ қамы («Оныншы сөз»), ақыл-парасат, жүрек-иман мәні
(« Он үшінші сөз», «Он төртінші сөз», «Он бе­сінші сөз»), білім-ғылым жолы, ақыл, қайрат, жүрек ісі, талап пен талапсыз ор­ны («Он жетінші сөз», «Отыз екінші сөз», «Қырық төртінші сөз») жан-жақты ашылады. Кербездің екі түрлі қылығына мән беріледі. Оның мәнісіне былай тұ­жырым жасалады: «...Кербез дегенді осындай кер, кердең немеден безіңдер деген сөзге ұқсатамын. Тегінде, адам ба­ласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мі­нез деген нәрселермен озбақ. Онан бас­қа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» («Он сегізінші сөз»). Адамдық әлемі, өмір, дүние мәні, ең­бек си­паты, бақ пен сор, жақсы мен жаман, дос пен дұшпан, ұстаз бен ғалым, шә­кірт сипат­тары («Отыз жетінші сөз»), адам­шылықтың басты ұстанымы мен өл­шемі – махаббат, ғаделет, сезім дүниесі төңі­регінде кең өріс алып, өмір тағылымы, дәс­­түр нәрі, тұрмыс сипаты шынайы шын­­дықтар тұрғысынан зерделеніп, байып­ты бағаланады («Қырық бесінші сөз»).

Абай әлемінде – жүрек ісі, ақыл мен тіл мұ­раты терең көрініс табады. Ақын адам әле­мін айқара ашып, ондағы қозғалыс-тір­шіліктің басты факторы, өмірдің өзекті Һәм өшпес қуатты қайнар көзі – жүрек шын­дығын, ақыл-парасат нұрын, дін-дәс­түр әсерін, рух пен тіл мүмкіндіктерін кең көлемде ашады. Адам мұратын, өмір мәнін, тіршілік нәрін – жүрек ісімен сабақтастықта сөз етеді. «Тірі адамның жүректен аяулы жері бар ма?» деп өмір-тір­ліктегі жүрек ісі арқылы жүзеге асатын жағ­даяттарға айрықша мән береді. Ақын айтқан: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыс­тық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» мәселесін, «Жүрек – теңіз, қызықтың бәрі – асыл тас», «Достық, қастық, бар қы­зық – жү­рек ісі», « Күйесің , жүрек, күйе­сің» сын­ды ар-ұяттың маңыз-мәнін елдік мүдде тұр­ғысынан, парасат биігінен қоз­ғайды. Нәти­жесінде: «Қазақ та адам баласы ғой, көбі ақылсыздығынан азбай­ды, ақыл­дының сөзін ұғып аларлық жү­ректе жігер, қайрат, байлаулылықтың жоқ­тығынан азады. Білместігімнен қылдым дегеннің көбіне нанбаймын. Білімді білсе де, арсыз қайратсыздығынан ескермей, ұс­тамай кетеді. Жаманшылыққа бір ілігіп кет­кен соң, бойын жиып алып кетерлік қай­рат қазақта кем болады» дегенді анық айтады. Ал «Тіл жүректің айтқанына көн­се, жалған шықпайды. Амалдың тілін ал­са, жүрек ұмыт қалады» деп «жүрек-таразы» екенін алға тартады
(«Он төртінші сөз» ). Мұның өзі – қайрат, ақыл, жүрек үшеуінің өнер айтысындағы – «жүректі жақ­тадым» деуі («Он жетінші сөз»), сосын «адам баласы адам баласы­нан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озық» екенін көр­­сетуі өмір мәні, уақыт шындығы еді («Он сегізінші сөз»).

«Қарасөздер» мұрасының үздік үлгісі, өр­некті өнегесі – «Отыз жетінші сөзде»  жинақы, жүйелі беріледі. Хакім Абай мұнда өмір­дің өрнекті тағылымдарын, тәлімді тәжі­рибелерін барыншы қо­нымды, қыс­қа-нұсқа үлгіде жеткізеді. Ха­кім Абай­дың даналық мәйегіне ай­налған, ақыл-нақыл, өсиет сөздері ағар­тушылық һәм дидактикалық сипаттары­мен де мән­ді. Әсіресе, адам әлемін, оның өмірі мен еңбегін, кәсіп-дағдысын, тұрмыс-тір­шілігін, жақсы-жаман жағ­даят­­тарды, дос-дұшпан әрекеттерін, отба­сылық тір­лікті, әке мен бала, ер-әйел қарым-қаты­насын, т.с.с. белгі-ерекше­ліктерін ашады.

Хакім Абайдың «Қарасөздері» поэ­зия­лық туындыларынан өзіндік өзге­шелігі бар, өмір тағылымы мен тәлімдік қырлары басым еңбектер қатарына жатады. Оның көпке ортақ ұнамды тұс­тары әр кез-ақ зиялы қауым мен зерт­теушілер назарын аударғаны анық. Айталық, алғашқы абайтанушы Ә.Бөкей­хан Абай әлемінің мәніне терең үңіліп, қыр-сырына еркін енеді: «... Абай ас­қан поэтикалық қуаттың иесі, қазақ хал­қының мақтанышы болды. Абай сияқты ха­лықтың рухани творчествосын осыншама жоғары көтерген қазақ ақыны әлі кездескен жоқ. Оның жылдың төрт мезгі­ліне арналған (көктем, жаз, күз, қыс) тамаша жырлары оны Еуропаның атақты ақын­дарының қатарына қосар еді».

Ал М.Әуезов пен Ж.Аймауытұлы «Абайдың өмірі һәм қызметі» атты мақа­лада («Екеу» бүркеншік есімді қолданған) ақын мұраты мен мұра-мирасына, абай­танудың өзекті мәселелеріне ден қояды:

«Абайдың ең бір артық өзгешелігі заман­ның ыңғайына жүрмей, өзінің «өздік» бетін мықтап ұстап, ақылға, ақи­қатқа, көңілдің шабытына билетіп, көз тұн­дырарлық кемшілік, міннің ортасында туып, ортасында жүріп, үлгілі жерден өрнек алып келген кісідей ашық көзбен қарап, барлық мінді мүлтіксіз суреттеуі  – жырақта жүріп қылт еткенді көретін қырағы қырандай сыншылдығы.

...Абайдың пайдасыз сөзі жоқ. Ахлақ, адамшылық туралы айтқан терең ма­ғы­налы, үлгілі сөздері кемшіліктің мі­незін тәрбиелеп, ақыл көзінің ауданын кеңейт­пек. Жүректен толғанып, ыза мен қайрат айдап шыққан қайғылы, хафалы, зарлы сөздері адамның ақылын өз ішіне үңілтіп, жанымен сыр таластырып ұғып, оқып түсін­діргендердің сезімін тәрбиелемек».

Абай әлемі, ондағы ел мүддесі мен мұ­раты, руханият құндылықтары әр кез-ақ ұлт қайраткерлері мен қаламгерлерінің, ға­лым-ұстаздардың назарын аударып келгені анық. Айталық, академик М.Әуезов Абайдың ақындық мұрасы мен «Қарасөздері» хақында былай деп жа­зады: «...Абайға ақындық үлкен қадір­лі мағынасы бар әлеуметтік қызмет, қо­ғам­дық зор еңбек боп танылады. Ол надандық, зорлық, жуандық, пәлеқорлық сияқ­ты атқамінерлер мінезімен мықты тұрып алысуға кіріскен еңбегі. Абайды кейінгі буынға және сол кездегі қалың елге, көпшілікке, саналы жастарға на­ғыз қадірлі Абай етіп көрсететін еңбе­гі. Ақындықты сыншы, тәрбиеші, қа­сиет­ті дос етіп ұсынады. Зұлымдық, надан­дықпен кектене алысады. Мін атаулыны көзге шұқып, басқа сабап айтады».

Бұдан басқа «Қарасөздер» көркем про­заның өзінен бөлек, Абайдың өзі тап­қан бір алуаны болып қалыптанады. Бұл сыншылық, ойшылдық және көбіне адамгершілік, мораль мәселелеріне ар­нал­ған өсиет, толғау тәрізді.

Абайдың «Қарасөздеріне» қатысты ға­лым-тілші Р.Сыздықованың көзқарас-ұста­нымы берік. Ғалым-тілші бұл бағыт­тағы ізденістері төңірегінде төмендегіше ой қорытады: «... Абай прозасы тілі мен стилі жағынан толыққанды шығар­ма­лар екенін баса айтамыз. Бұл туын­ды­лар­дың басымы дидактикалық әңгі­ме, фи­лософиялық этюдтер, тарихи очерк­тердің алғашқы үлгілері, қазақ жазба дүниесіндегі таза ұлттық тілдегі соны бас­та­малар деп танимыз. Ұлы Абайдың сан қилы еңбегінің бір қыры да осы жерде».

«Қарасөздер» – Абай әлемінің айнасы, ұлт руханиятының көркем шежіресі. Елдік мұрат-мүдденің, дін мен дәстүрдің, халықтық дүниетанымның, тарих пен танымның қазыналы қайнары. Өмірдің өрнекті, өнердің өрісті көркем көкжиегі. Уақыт бедерінің шынайы сырлары.

Ақиқатында, Хакім Абайдың поэти­калық өнері мен «Қарасөздер» мұрасында ұлттық мұрат пен жалпыадамдық құн­дылықтар кең орын алады. Адамзат өр­кениетіне тән ағартушылық құбылыс, ұлт мұратына негізделген ұлылық ұла­­ғаты, рухани тұлғаның болмысы ай­қын аңғарылады. Ол, әсіресе, тұңғыш Пре­зидент – Елбасының «Абай аманаты», Президент Қ.Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасыр­­дағы Қазақстан», «Абай – рухани реформатор» атты бағдарламалық бағыт-мақсаты айқын мақалаларынан кең көлем­де көрініс тапты.

Ендеше, хакім Абайдың «Қарасөз­дер» мұрасы – жан-жүректің жазбасы, дүниетаным айнасы. Ұлттық мұрат пен елдік мүдденің, заман шындығының шынайы көрінісі. Адам әлемінің, өмірі мен еңбегінің жарқын жолы. Мұның, сөз жоқ ұлттық және жалпыадамдық құн­дылықтар мәнін айқындауда, өмір өрімі мен дүниетаным сырын, руханият өрісін ашу ісінде маңызы зор.

 

Рақымжан ТҰРЫСБЕК,

филология ғылымдарының докторы, профессор