Күні бүгінге дейін қаржы нарығы қосарланған базалық мөлшерлеменің – Ұлттық банктің коммерциялық банктер мен екінші деңгейлі банктерге арналған базалық мөлшерлемесінің, оған қоса екінші деңгейлі банктердің экономиканы қаржыландыру үшін беретін ресми қайта қаржыландыру мөлшерлемесінің қысымында өмір сүріп келгені белгілі. Енді сарапшылар еліміздің қаржы нарығы Ұлттық банк бекіткен бірегей базалық мөлшерлеме заңымен өмір сүру үшін Бас банк пен ЕДБ-ның ара қатынасын және оларды қаржыландыру мөлшерлемесінің қандай болатынын заңмен шегелеп алу қажеттігін айтып отыр.
Апта басында Қазақстанда «базалық мөлшерлеме» ұғымы заңнамалық тұрғыдан бекітіліп, «қайта қаржыландырудың ресми ставкасы» ұғымы алынып тасталды. Бұл өзгеріс 2021 жылғы 2 қаңтардағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға сәйкес енгізіліп отыр. Бұдан былай базалық мөлшерлеме ақша-кредит саясатының негізгі құралы болмақ. Сондай-ақ ақша-кредит саясатының операцияларында сыйақы мөлшерлемесін белгілеуге арналған басты бағдар болатынын Ұлттық банк ашық айтып отыр. Сарапшылар бұл шешім Ұлттық банктің құзыретін күшейтіп, коммерциялық банктердің жұмысын белгілі бір деңгейде шектейтінін айтады.
Сөзіміздің дәлелі ретінде төмендегі жайттарға назар аударсақ та жеткілікті. Ұлттық банк коммерциялық банктерге несиені базалық мөлшерлеме бойынша береді, ал ЕДБ-ға келгенде бұл түсінік қайта қаржыландыру мөлшерлемесі болып өзгертіліп отырды.
Ұлттық банк пен ЕДБ арасындағы қаржыландыру мәмілесі қандай шарттармен жасалатыны туралы мәлімет күңгірт. Сарапшылар ұзақ жыл бойы қосарланған базалық мөлшерлеменің ықпалында болудың басты себебі осы екенін айтады. Егер бас банк бұл шешімін соңына дейін табандап тұрып қорғаса, «банктер неге ашқарақ?» деген мәселе күн тәртібінен түсіп, ШОБ-қа немесе жекелеген тұлғаларға несие берудің әлемге ортақ талаптарына бір қадам болса да жақындаймыз.
Ұлттық банктің екінші деңгейлі банктерге қаржы бергені үшін маржасының қандай мөлшерде екенін біз білмейміз. Сарапшылар валюталық саясат нұсқаларын таңдау кезінде нақты экономикамен байланысты ғылыми негіз бен кешенді әдіс жасалмағанын ескертуден жалыққан емес.
Қаржыгер Бейсенбек Зиябеков теңгенің валюталық бағамын тұрақтандыруға өте жоғары талап қойылып, сонымен бірге нарықтық бағам динамикасына ықпал мүмкіндігі шамадан тыс жоғары бағаланғанын айтады. Бұл жағдай ұлттық валюта эмиссиясына бақылау жасаумен ғана емес, биржада валютаны сату-сатып алу процесін басқару мүмкіндіктерімен де байланыстырылыпты.
Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Несие пайызын банктің қаржылық жағдайы айқындайды
Үкімет пен Ұлттық банк жыл сайын инфляция себептерін қарастырған кезде ауыл шаруашылығы өнімдері бағасының өскеніне сілтеме жасайды. Былтыр Ресейде қант бағасының өсуіне байланысты (импорт инфляциясы) бізде де өнімнің осы түріне баға күрт көтерілді.
– Қазақстан – тәуелсіз ел. Инфляция немесе ұлттық валютаға дем беретін фактор көрші мемлекеттерден қант немесе көкөніс жеткізілуіне байланысты болмауы тиіс. Бұл үшін Үкімет пен Ұлттық банк ақша-несие, фискалды саясат құралдарын білікті пайдаланып, елдегі қант қызылшасы мен көкөніс өндірісін ынталандыруы керек. Валюталық саясатты жүргізу тактикасы бойынша дамыған нарықтық экономикасы бар елдер мен Қазақстанның тәжірибесін салыстыру алдыңғы кезекте долларландыру деп аталатын проблемадағы бірқатар айтарлықтай айырмашылықты көзге шұқып тұрып көрсететін мүмкіндік береді, дейді Б.Зиябеков.
Сарапшы Ұлттық банктің шешімі банк несиесінің пайыздық ставкасына тікелей ықпал ететін факторға айналуы мүмкін екенін, біақ оған да тым сене бермеу керегін айтты. Несие пайызына ең алдымен банктің қаржылық жағдайы әсер етеді. Өзіндік капиталы жеткілікті көлемде қалыптаспаған және несиелік портфелінің нашарлауы нәтижесінде табыс деңгейі төмен банктер агрессивті пайыздық саясатты ұстанады. Сонымен бірге оған инфляция да әсер етеді. Яғни инфляция өскен сайын соған сәйкес пайыздық ставка да өсіп отырады. Бұдан шығатын қорытынды: несие пайызының жоғары шегі нарықтық талаптарға қарай айқындалатын болса, төменгі шек банктің қызмет көрсету ахуалына қарай айқындалады. Қазақстанда ақша массасының көптігіне қарамастан, несиенің пайыздық ставкасы өзге елдермен салыстырғанда неге жоғары деген сауалға жауап беру үшін жоғарыда айтылған екі бағытты терең зерттеген жөн.
Сарапшы айтып өткендей, бірінші кезекте банк қызметінің өзіндік құнына ерекше назар аударылуы тиіс. Бұл шетелдік банктерге филиалын ашуға рұқсат алу мүмкіндігіне байланысты өте маңызды мәселе болып саналады. Банк жүйесінің бәсекеге қабілеттілігі туралы айтқанда алдымен оның нарықтық экономикасы дамыған елдердің банк жүйесімен қаншалықты бәсекеге түсе алатынын ескеру керек. Сонымен бірге ел ішінде де олар бір-бірімен бәсекелес болғаны дұрыс.
– Дегенмен, дәл қазір Ұлттық банк бұл шешімі арқылы бір оқпен екі қоянды атып алды деуге болады. Себебі енді ДСҰ жағдайында халықаралық қаржы саясатымен өмір сүреміз. Ал халықаралық талап бойынша қаржы саясаты тек базалық мөлшерлемеге ғана бағынады. ДСҰ талаптары барлығына ортақ. Күні ертең елге келетін банктер тек бір заңға – Ұлттық банк бекіткен базалық мөлшерлемеге бағынады. Ал біз осыған дейін оны екі бөліп қарап, коммерциялық банктердің мүддесіне басымдық беріп келдік. Ұлттық банк бұл шешімі арқылы ішкі нарықты қосарланған базалық мөлшерлеменің қыспағынан құтқарады, екінші деңгейлі банктердің несиелік айналымға түспей бос жатқан қаржысын квазисекторда немесе басқалай қаржылық депозиттерде жатып қалуына жол бермейді деп үміттеніп отырмын. Енді бас банктің ЕДБ-ға қатысты ұстанымы немесе қаржыландыру маржасы туралы мәліметтер ашық болуы керек. Шешімі сонда ғана нәтижелі болады, дейді Б.Зиябеков.
Тиімсіз тұстары қандай?
Бұл шешімге Ұлттық банк пен Үкімет дайындықпен келгенін айтуға тиіспіз. 2020 жылдың 4 қарашасында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсімді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырған болатын. Мөлшерлеме қаржы нарығында теңгемен қаражаттың құнын басқару үшін пайдаланылатыны сол кезде айтылды. Ұлттық банк ұстанымына ден қойсақ, базалық мөлшерлеменің деңгейін кезең-кезеңімен қайта қарай отырып, базалық мөлшерлеменің деңгейі туралы шешімді икемді өзгеріс тетігіне сәйкес қабылдайды. Сонымен бірге заңнамадан «ресми қайта қаржыландыру ставкасы» ұғымы алынып тасталды, ол «базалық ставка» ұғымымен ауыстырылды. Жоғарыда аталған ережелер биылғы жылдың басынан күшіне енді.
Б.Зиябеков айтқандай, валюталық бағам – пайыздық ставка және бюджет тапшылығы секілді факторлармен басқарылатын макроэкономикалық құбылыс. Әлемдік тәжірибе негізінде валюталық саясатты жүзеге асыратын екі негізгі нұсқаны көрсетуге болады: еркін айналымдағы валюталық бағамдар, реттелетін валюта айналымы. Ұлттық банк айшықтап отырған базалық мөлшерлеме – тұрақты фиксациялық бағам ғана. Валюталық саясаттың бұл түрі тұрақсыз экономикадағы ішкі дағдарыстық ахуалда қолданылғаны дұрыс. Бұл инфляцияның аз болуына ықпал етеді. Соған қарамастан, валюталық алыпсатарлыққа жол ашып, елде тұрақсыздықты дамыту қаупі бар.
Ұлттық банктің биржалық нарықтан қаржы алып, халықаралық резервін көтергені белгілі. Мұндай жағдай соңғы бірнеше жылда әлденеше рет қайталанды.
– Егер ағымдағы жылы да Ұлттық банкте осындай жағдай қайталанса, яғни алтын-валюта резерві айналымдағы ақша массасынан бірнеше есе артық болса, елдегі ақша ресурстары шетелдердің экономикасын қолдауға бағытталып, Қазақстанның қаржы игілігі резервтер орналасқан шетелдік қаржы институттары мен мемлекеттік органдарының төлем қабілетіне бағынышты болып қалады, – дейді Б.Зиябеков.
«Альпари» сараптамалық агенттігінің өкілі Анна Бодрованың айтқанына ден қойсақ, базалық ставка – ақша-несие саясатының құралы ғана, бұл ақша нарығындағы номиналды банкаралық ставкаларды реттеу үшін қолданылады. Ол мөлшерлеменің өзгергені инфляция параметрлеріне ақша нарығының пайыздық ставкалары мен айырбас бағамы арқылы әсер етеді. Базалық мөлшерлемені негізгі құрал ретінде анықтай отырып, орталық банк белгілі бір инфляция шегі мен айырбас бағамын қалыптастыру ниеті туралы жариялайды.
Қаржыгер Ілияс Исаев та Ұлттық банк 2016 жылдан бастап ақша-несие саясатының негізгі құралы ретінде базалық мөлшерлемені қолданып келе жатқанын айтады. Сонымен қатар базалық мөлшерлеменің маңызды практикалық қолданбалары бар екенін айтқан сарапшы пандемиялық дағдарыс кезінде Ұлттық банк базалық мөлшерлемені түзету арқылы коммерциялық банктерге арзан өтімділікті ұсынады, инфляцияны мақсатты диапазонда ұстап тұруға, банк жүйесін тұрақтандыруға және теңгенің айырбастау бағамының қысқа мерзімді ауытқу амплитудасын жанама түрде шектеуге көмектеседі.
Сарапшының пікірінше, базалық ставканың өзгеруінің ішкі нарыққа әсері дамыған елдермен салыстырғанда соншалықты мықты деп айтуға да келмейді. Бұл объективті факторларға байланысты. Біз тәуелсіздік жылдарында аймақтардың дербес банктері тұрмақ, салалық банктерді дамыта алмадық. Нәтижесінде жекелеген салалардың банктік қызметтермен қамтамасыз етілуі сын көтермейді. Банк жүйесіне назар аударар болсақ, соңғы жылдары жаңадан ашылып жатқан банктер жоқ, банктер бір-біріне жұтылып, іріленіп жатыр. Мұндай жағдайда салалық банктерді дамыту жайлы айтудың өзі мүмкін емес. Нарықтық экономикада монополия немесе олигополия бәсеке негізінде, оған қажетті жағдайлар жасалған жерде пайда болады.
Инвестициялық тартымдылық төмендеуі мүмкін
І.Исаев айтқандай, нарықтық экономикада монополия немесе олигополия орнаған жерде оның жұмысын бақылау қиынға соғады.
– Ұлттық банк табандылық танытпаса, қаржы нарығы біразға дейін қосарланған пайыздық мөлшерлеме жағдайында өмір сүреді. Ішкі нарықтың индикаторы сауда балансының жағдайына, тікелей шетелдік инвестицияларға, стратегиялық сауда серіктестеріміздің экономикалық жағдайына тәуелді. Өздігінен ел экономикасының сапалы және тұрақты өсуін қамтамасыз ете алмайды. ДСҰ жағдайына ендік. Қаржы саясатындағы кейбір көлеңкелі тұстар енді ғана жүйеленіп жатыр. Қолға алып үлгерген тірліктер – бір, үлгере алмай жатқанымыз – мың, дейді ол.
Сарапшы ЕАЭО алдындағы міндеттемелеріміз де бар екенін еске салды. Уақыт өткен сайын ЕДБ инвестициялық тартымдылығынан айырылып, қаржы олигархтары үшін пайдалы болудан қалып барады. Банктердің бір-біріне жұтылуы мен сатылуы соның дәлелі. Егер жағдай осылай жалғаса берсе банктер ДСҰ жағдайында да Ұлттық қорға немесе мемлекетке астыртын жағдайда қол жая беруі мүмкін. Осындай жағдайда Ұлттық банктің бұл шешімін не бел кетеді, не белбеу кетеді деп суреттеуге болады.
АЛМАТЫ