Алматы әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын карантин шаралары - әлеуметтік қашықтықты сақтап, бетперде режимінің сақталуын күшейтуге, сондай-ақ мүмкіндігінше жабық үй-жайларда ұзақ уақыт болудан бас тартуға шақырады.
Алматы қаласы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметі бойынша, аурудың ең көп таралуы 20-39 жас аралығында – 35% және 40-59 жас аралығында - 31% байқалады. Бұл жаңа жыл алдындағы және келесі демалыс күндері корпоративтік кештерді өткізумен және сауда нысандарына барумен байланысты.
Қоғамдық орындардың ішінде (сауда, қоғамдық тамақтану нысандары) – 41%, отбасылардағы байланыс – 27% және қоғамдық көлік – 21% құрайды.
Осыған байланысты алматылықтарға сақтық шараларын қатаң сақтау, мүмкіндігінше адамдар көп жиналатын орындардан аулақ болу, бетперделерді дұрыс пайдалану, жеке гигиенаны сақтау секілді ескертулер жасалады. Сондай-ақ зейнеткерлердің тұрғын үйден шығуын шектеу қажет. Респираторлық инфекциялардың белгілері пайда болған жағдайда жеке бөлмеде оқшауланып, учаскелік дәрігерді үйге шақыру және коронавирустық инфекция диагнозы қойылған кезде жақын адамдарының, туыстары мен көршілерінің жұқтыруын болдырмау үшін карантиндік стационарға жатқызудан бас тартпау керек.
Айта кету керек, инфекцияның сырттан келу жағдайларының тіркелуі жалғасуда. 06.10.2020 жылғы кезеңнен бері коронавирустық инфекцияның 77 жағдайы тіркелді. Өткен тәулікте Дубай – Алматы рейсімен келген жолаушыларда коронавирус инфекциясының 2 жағдайы анықталды.
Сонымен бірге, әлемде COVID-19 жағдайы ушыға түсті. Елдер алдын алу шараларын күшейтуде. Мысалы, Нидерландыда шектеулерді 9 ақпанға дейін ұзартты. Италияның денсаулық сақтау министрі Роберто Сперанца Парламентке төтенше жағдайды 30 сәуірге дейін ұзарту туралы хабарлады. Швейцария коронавируспен күресу үшін карантинді одан әрі күшейтіп, 22 қаңтардың орнына оны қыстың соңына дейін жалғастырды.