Оқиға • 15 Қаңтар, 2021

Қар барысы көбейіп келеді

998 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Соңғы кезде Жамбыл облысының аумағынан қар барысы жиі кездесуде. Тіпті осы уақытқа дейін тау тағысының бірнешеуі камераға да түсіп қалған.

Қар барысы көбейіп келеді

Мұндай жағдай бастапқыда көптің таңданысын тудырғаны рас. Себебі өңірде қар барысы бұрын-соңды көп болмаған. Жуырда Меркі ауданының аума­­ғынан тағы бір қар барысының арнайы камераға түсіп қалғаны тура­лы ақпа­рат тарады. Бұл ақпа­рат әлеуметтік желі­лерге де жүк­теліп, көптің талқысына түсті.

Қар барысы туралы аталған ақпарат­тың мән-жайын білу үшін «Меркі орман шаруашылығы» мекемесі директоры­ның орын­ба­сары Азат Еренсізге хабар­лас­қанымызда, ол Меркі ауданы аума­ғындағы тау шатқалдарынан тағы бір қар барысының арнайы камераға түсіп қалғанын айт­ты. Қар барысы соңғы рет өт­кен жыл­ғы 25 желтоқсан күні көрін­ген. Тау тағысы осы­мен бірнеше рет камераға түс­кен. Жалпы, Мер­кі ауда­ны аумағын­дағы ерекше қорғалатын табиғи аймақта бүгінде 8 қар барысы бар. Оның ішінде 2 барыс аталық, 2 барыс аналық болса, қалған 4-еуі аландары екен.

Қазіргі кезде қар барыстары Әулие­ата аймағында тұрақтанған. Ал болжам бо­йынша бұлар көрші Қырғыз мем­лекетінің тауларынан ауып келген болуы да мүмкін. Дегенмен, табиғаттың баға жетпес байлығы – қар барыстарын сақтап қалу аса маңызды. Азат Еренсіздің айтуынша, қар ба­рысына аңшылар тарапынан кез келген уақытта қауіп тө­нуі мүмкін. Алайда ол ерекше қор­ғалатын табиғи аймақтарға үнемі рейд жүргізіліп отыраты­нын жеткізді. Аталған аңды сақ­тап қалу мақсатында тиісті ша­ра­лар да қабылданған. Тіпті Мер­кі тауларындағы қар барыс­тары туралы БҰҰ «Даму» бағ­дар­ламасына да хабарланған. «Қызыл кітапқа» енетін сирек жануар алғаш рет Жамбыл облы­сының аумағында 2018 жылы тіркелген. Қазіргі кезде орман ша­руа­шылығының аумағын­да қар барыстары жиі пайда бо­ла бас­тағандықтан, оларға 11 фо­тотұзақ орнатылған.

 

Жамбыл облысы