Әділдік игі істерден құралады
«Фемида Қазақстан» заңгерлік орталығы жақында ғана ашылса да оның Instagram-дағы кәсіби заңгерлік парақшасына тіркелушілер саны күн санап өсіп келеді. Бұл – қазақтілді аудитория тарапынан мемлекеттік тілде сауатты іс жүргізе алатын адвокатқа сұраныс жоғары деген сөз. «Біздің мақсатымыз – халыққа құқықтық жағынан қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да көмек беру. Себебі әділдік осындай игілікті істерден құралады», дейді Ләззат Кендебайқызы. Ол – Ақмола облысының Адвокаттар алқасының мүшесі, Түркістан облысында бірнеше жыл мамандандырылған экономикалық сотында, кейіннен елордадағы төрелік сотында судья болып жұмыс істеген. Соңғы үш жылдан бері адвокаттыққа біржола бет бұрған Ләззат Кендебайқызы әріптесі, құқық қорғаушы Айнұр Махметовамен бірге қолға алған «Фемида Қазақстан» заңгерлік орталығының басты мақсатын – қазақтілді құқықтық контент құру деп түсіндірді.
Ауыл-аймақтағы қарапайым халыққа тегін құқықтық көмек көрсетіп жүрген заңгерлерді біріктірген ортақ қағида бар. Ол – қазақ тіліне деген құрмет, қарапайым халыққа деген қамқорлық. «Қазақы аудиторияны құқықтық сауаттандыру мақсатында контент қалыптастыру бұрыннан ойда жүрген еді, дейді заңгер. – Себебі заң саласында жүрген 15 жыл ішінде біраз әлеуметтік әлсіз топтарға тегін құқықтық көмек бердік. Сондағы байқағаным әрі жаныма батқаны – қарапайым халықтың құқықтық сауатының өте төмендігі. Кәсіби біліміміз бар, тәжірибеміз жеткілікті. Неліктен құқықтық көмекке зәру халыққа қолұшын созбасқа? Неге ауыл-аймақтардағы, шет өңірлердегі тұрғындардың заңдық сауатын көтермеске? Осы ойлар мазалап жүргенде Айнұр Хасенқызымен жолымыз түйісті. Айнұр екеуміздің ойымыз да, идеямыз да бір жерден шықты. Бір сөзбен айтқанда, екеумізді біріктірген бір мақсат – қарабайыр тіршілікпен жүрген ел-жұрттың құқығын қорғау, заңдық сауатын арттыру. Ал бұл жобамызды әлеуметтік желінің көмегімен іске асыру – бүгінгі уақыттың талабы. Пандемия өмір салтымызды өзгерткенін өздеріңіз де білесіздер. Қазір барлық іс-шара онлайн өткізіледі. Осыған орай біз де халықты онлайн сауаттандыру мақсатында арнайы құқықтық парақшамызды аштық. Бұл бір жағынан білім-біліктілігімізді әлеуметтің сынынан, тұрмыстың тезінен өткізуге туған бір мүмкіндік».
Тікелей эфирде – тегін құқықтық көмек
«Фемида Қазақстан» кәсіби парақшасында тегін құқықтық кеңес тікелей эфирде беріледі. Сол себепті де көптеген мәселе ашық әлі өткір талқыланады. Еліміздің түкпір-түкпірінен хабарласатын сан мыңдаған адам сотта, прокуратура секілді мемлекеттік органдарда өкілдік ету, азаматтық, әкімшілік және қылмыстық істер бойынша адвокат болу, сотқа дейінгі тергеу амалдарына қатысу бойынша көмек сұрап жатады. Біздің мақсат – шешілу жолдарын көрсету, бағыт-бағдар беру.
Елімізде білікті, кәсіби заңгер және адвокат көп. Бірақ қазақ тілін жетік білетін, заң терминдеріне сауатты, сотта ойын еркін жеткізіп, мемлекеттік тілде іс жүргізе алатын тәжірибелі құқық қорғаушылар саусақпен санарлық. Қазір, мысалы, елордада сот істерінің 98 пайызы орыс тілінде өтеді. Біздер қазақ тілінде жүргізілуін талап етіп жатамыз. Бірақ көп жағдайда бұл талабымыз қанағаттандырылмайды, айтатын сылтау-себебі көп. Өзге этнос өкілінен ешкім болмаса да басынан аяғына дейін ресми тілде өтетін сот процестеріне қатысуға мәжбүрміз. Мен екі тілде де еркін іс жүргізе беремін. Мәселен, Айнұр Қазақстанда жүрген шетел азаматтарына қатысты азаматтық, әкімшілік істерді түрік, ағылшын тілдерінде де жүргізеді. Алайда жұмыстағы басты ұстанымымыз – талап-арызды қазақ тілінде жазу, істің тек қазақ тілінде жүргізілуін талап ету. Өйткені заң саласында мемлекеттік тіл мәртебесінің басымдығы іс материалдарының қазақ тілінде толтырылуын талап етуден басталады.
Әрине, сынау оңай, іске асыру қиын. Бұған адвокаттық қызметім кезінде анық көзім жетті. Қазақты қазақ қолдамаса, бізге ешкімнің де жаны ашымайды. Жақында «Шекарадан заңсыз өтті» деп істі болған Қытайдан келген қос қандасымыз Мұрагер мен Қастер деген жігіттердің қорғаушысы болдым. Қазақ тілінде ғана сөйлеп, қазақша ғана түсінетін қандастарымыз бен ауылдағы ағайынның ресми тілден көп қағажу көретініне намыстандым», деді құқық қорғаушы.
Заң тілінің өте қасаң екенін ескертіп өткен адвокат: «Халыққа заңды қарапайым өз тілінде ұғыныңқы етіп түсіндіргені қажет. Кез келген заң нормаларын ана тілімізде жатық, түсінікті етіп жеткізуге болады. Жаттанды заң атаулары мен сан тарау баптармен жұртты жалықтырып алмау керек. Өзі де түсініксіз заңды қойыртпақтап айта бастаса, оны ешкім қабылдамайды», дейді.
Қаржылық сауатсыздықтың салдары
Адвокаттың айтуынша, тегін құқықтық көмек беру кезінде халықтан келіп түсетін сұрақтардың басым бөлігі борышкерлерден алимент өндіруге қатысты екен. Эфир кезінде 4-5 мың сұрақ қойылса, соның жартысынан көбі осы мәселені қозғайды. Бұл елімізде алимент төлемейтін әкелердің проблемасы өзекті екенін аңғартады. Көп қойылатын екінші сұрақ қарыз өндіруге байланысты. Қарапайым жұрт бір-біріне қарыз бергенде, нотариуске барып, займ шартын жасау немесе қолхат алу керектігін біле бермейді. Ауызша жасалған келісіммен қомақты қаржыларын ұстата салады да, кейін қарызын қайтара алмай, сорлап жүреді. Қарызын ауызша мәміле, куәгер, хат алмасу арқылы да өндіруге болатынынан жұрттың дені хабарсыз. Сотта қарызды өндіру бойынша дау туғызу жолдарынан бейхабар. «Қазіргі таңда онлайн займ беретін ұйымдардан аузы күйгендер өте көп», дейді адвокат. – Онлайн несие алудың жолы тез әрі ыңғайлы болғанымен, олардың жылдық пайыздық мөлшерлемесі өте жоғары. Қарапайым тілмен айтсақ, 25 мың теңге алса, бұл сома жылдың соңында 700-800 мыңға дейін өседі. Егер қарызын уақтылы төлемесе, негізгі сомаға қосылатын үстемеақысы тағы бар. Ұлттық банк, қаржы нарығын реттейтін құзырлы органдарға бағынбайтын мұндай ұйымдар займ алушылардың төлем қабілеттерін тексермейді. Сосын қарыз уақтылы төленбесе, оларды не күтіп тұрғанын жіті түсіндіріп те жатпайды. Соңғы мәліметтерге сенсек, соңғы 1-2 жылда елімізде 7,5 миллион онлайн займ жасалған екен. Бұл – бір жағынан, халықтың қаржылық сауатсыздығының салдары. Халық несие алу мәдениетін білмейді. Тегін жатқан дүниедей қарайды. Сол себепті де елімізде займның өсімпұлын алып тастап, негізгі соманы өндіруге қатысты сот істері өте көп.
Қылмыстық істер бойынша қаржы пирамидасының құрығына түскендер, алаяқтардың құрбаны болғандар, оның ішінде жер, баспана алып беремін, үйдің кезегін жылжытып беремін, ұлыңды оқуға түсіремін, қызыңды жұмысқа тұрғызамын деп ақшасын алып, алдап соғатындар азаймай тұр. Біреудің жеке мәліметтерін пайдаланып, екінші деңгейлі банктерден несие алатындар да көп. «Егер әр қазақ қаржылық және құқықтық жағынан сауатты болса, ешкімге есесін жібермес еді. Ешкімнен қағажу да көрмес еді. Қарапайым заң талаптарын бала кішкентайынан отбасында біліп өсуі керек. Құқықтық тәрбие жұмыстары мектеп қабырғасынан басталса, оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай құқық негіздері түсіндірілсе, құба-құп», дейді Ләззат Кендебайқызы.
Адам тағдырын шешу – ауыр іс
«Сіз үшін қандай істерді қарау ауыр?» деген сұрағымызға сәл ойланып барып жауап берген адвокат: «Отбасындағы зорлық-зомбылық – қазақ әйелі ретінде жүрекке ауыр салмақ салатын істердің бірі. Әдетте ауылдағы нәзік жанның көбі «Ел не дейді?», «Ұят болар», «Бала-шағам үшін көнемін» деп отбасындағы бұл мәселені жабулы күйінде қалдырғысы келеді. Күйеуінен қорлық көріп, жұдырығына төзіп жүрген әйелдердің көбінде психологиялық жарақат бар, ал отбасындағы осындай қатыгездікті көріп өскен баланың жүрегінде қаталдық ұялары сөзсіз», деді.
Рас, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан ең көп зардап шегетіндер – әйелдер мен балалар. «Бірақ сонда да қыз-келіншектердің көбі бұл туралы айта алмайды, күйеуінің үстінен арыз жазбайды, іс қозғатпайды, «балам үшін шыдаймын» деп отбасының ішкі жарасын жасыруға тырысады. Әйелге қол көтеретін еркектердің өзі бала кезінде осындай тәрбиені көріп өскендер
болуы да мүмкін. Отбасындағы зорлық-зомбылық тұрмыстық деңгейге қарамайды. Қара нан жеп, қара су ішіп отырса да, барына қанағат етіп бақытты өмір сүріп жатқандар бар. Зәулім сарайда тұрса да, ішінде берекесі жоқ, уақыт өте сезімдері суып, сыйластықтары құрып жатқан шаңырақтар да жетерлік. Түптеп келгенде, осының барлығы тәрбиеге келіп тіреледі», деді құқық қорғаушы.
«Жекеге жазып, жағдайын айтқанымен, аты-жөнін жасырып қалғысы келетіндер өте көп. Бұл қазақы әйелге тән мінез ғой. «Ел не дейді?», «Ұят болады» деп үйіндегі мәселені жалпақ жұртқа жайғысы келмейді. Оның үстіне «Ұрса, әкесі ғой, шыда», «Бала-шағаңды әкесіз өсірмексің бе?» деп жан-жақтан қыспаққа алатындар тағы бар. Мұндай әйелдер көбіне заңдық қана емес, психологиялық тұрғыдан көмек пен қолдауға зәру. Сол себепті олармен профилактикалық жұмыс жүргіземіз, қандай жағдайда не істеу керектігін, қандай құқықтық, әлеуметтік басымдықтары бар екенін айтып, түсіндіреміз. Әкімшілік істер бойынша полицияға арызды қалай беру керек екенін көрсетеміз. Осы мәселеге қатысты арыз-шағымдардың дені еліміздің қазақы менталитеті сақталған оңтүстік және батыс аймақтарынан көп келеді», деді мәселенің түп-тамырына үңілген заңгер.
Тілдік барьер мен заңдағы шикілік – қазақтілді құқық қорғаушылар бетпе-бет келетін басты мәселелердің бірі міне, осылар. Мұны адвокат та жоққа шығармайды. «Қазақ тіліндегі заңдарға реформа жасау керек. Заң мемлекеттік тілде әзірленсе, қазіргі көп мәселенің түйіні шешілер еді. Себебі екі түрлі заңда бір-біріне қарама-қайшы келетін нормалар да кездеседі. Парламентте отырғандардың басым бөлігі кәсіби заңгерлер емес. Ал заңды әнші, спортшылар емес, кәсіби білікті заңгерлер
жазуы керек. Заң – адам тағдырын шешуде маңызды мәнге ие құжат. Ал бұл құжат науқаншылыққа салынып, қалай болса, солай дайындалып, сауатсыз аударылып қабылданса, оның зардабын қарапайым халық тартады. Халықтың мұң-мұқтажы мен заңды мүддесін құр қағазбен, бір-біріне нормалары қайшы бап пен екіұшты тармақпен шектеп қоюға болмайды», деді.
Қазақ қызына тән қайсарлық пен өжеттілік әр сөзінен сезіліп тұрған Ләззат Кендебайқызы: «Алдағы уақытта ауыл-аймақты, түкпірдегі елді мекенге дейін аралап, қолымыздан келгенше көмегімізді беріп, халықтың құқықтық сауатын арттырғымыз келеді. Заңдық көмек, қарапайым жұрт күнделікті бетпе-бет келетін заң нормаларын түсіндірудің ауадай қажет екеніне көзіміз жетті», дейді. Сол себепті бір мақсатқа бірігем деген білікті заңгерлер қатарларына қосыламыз, елжанды азаматтар қолдау көрсетеміз деп сенім білдірсе, пікірлес, әріптес болуға дайын екенін де жеткізді.
Бану ӘДІЛЖАНОВА,
журналист
НҰР-СҰЛТАН