Руханият • 15 Қаңтар, 2021

Бір қызды ұзатарда

271 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қара түнді жарық қылып бұршақ жауды. Тіпті лашығымның ішіне сүмбі гауһардай кесек бұршақтар үдере қадалып, қозғала алмай отырып қалдым. Аузын қайдан ашып қойды екем? Сүңгідей қадалған бұршақты жарып өтіп есік жабу деген қиын іс. Бұршақ бір сәт толастай қалып соңы себелеген жаңбырға айналды.

Бір қызды ұзатарда

Құбылмалы қараша Алма­тыны сиқырлап тұр. Жібек жаң­­бырды бір ауа арасындағы же­лемік ұршықтай иіріп, түнді толқыта бастағанда ұмтылып есік жаптым. Тағы да сой бұршақ жауа ма екен деп қауіптеніп түзге шығып келуге ентелеп есік ашып келесі тамның түбіне жеткенімде мас кісідей сенделіп, ессіз түрде тамды иығымен соққылап, арқасымен күңірентіп жүрген ағамды көрдім. Аталас, әкемнің інілері болып келетін кісі еді. Адамзат ретінде сөйлесуге еш мүмкіндік жоқ, бурадай жарап, түрі сөзбен ұғысатындардың санатынан бәз-баяғыда шығып кеткен. Ол неге мұншама күйге түсті екен? Шарап ішкен жан емес. Неге, неге? Елбелеңдеп бір жүргінші өтіп бара жатыр еді зор денесімен там-үйді, қуысты жонымен соққылап қасіреттің құж қимылындай сергелдең ұрғанда ол шошынып жылыстап тынды. Бұл жолда ағамды ешбір жан ырыққа әкеле алмас!

Өте қорқынышты кесапатқа айналған. Жолындағыны қи сыпырып, балшықтай езбек! Түзге шығам деп үйден аттап алып ағамның тосын құбылысынан сескеніп, бірде ақылым жетпей аң-таң күйде қабырғаға тығыла кеттім. Ағам иық-жонымен тар қуыстарды ұрғылап мен тұрған жерге сенделектеп жетіп келгенде биік тамнан қасқырша қарғып төбесінен қарап тұрдым. Келесі үйдің ауласынан секіріп түсемін бе деп ойланып тұрғанда ағам тура сол жаққа жылжып келіп те қалды. Екеуіне де бармай, там ұшымен жүріп отырып үйлер арасындағы қысқа сайраққа секіріп түстім. Бір ғажабы ағам жолындағының бәрін соғып, қиратып жаныма келген кезде де ешкімді көрген жоқ, мені де. Көзін тұман жалап кетіпті, домбығып, күжірейіп жыртқыштай қалғып тұр көзі. Ал әрекеті ширақ, жойқын әрі мас. Мас қимылдың шарап­пен қатысыздығын, кілті басқа нәрсенде екенін меңзеп ем. Ол нәрсе не екен? Жас кезінде татты ма, татпады ма, білмеймін, менің көзқарасымда ол ауылдың сыйлы адамы, шарап татып алатын әдетін көрмегем. Жаңа­ғы сайраққа секіріп түсіп орны­ғып тұрғанымда анадайда жар­қыраған сайрақпен әлде бір ке­ңестен жұқа ақ шашы күмістей жар­қыраған, қасқа маңдай, ба­тыр кескінді, бойы аласа, арық­тау әкем тіп-тік күйде шашынан, көзінен бері кәдуелгі күндеріндей нұр шашып келе жатыр екен, мен тіпті үйге қайтқан әкемнің дәл алдына ыршып түскен сияқтымын.

– Ағаңды көрдің бе? – деді.

– Иә, ол кісі бір түрлі ғой, – дедім.

– Қызы ұзатылатын болып соған шыдамай жүр. Қызының ұзатылу кеңесінен келдім. Күйеу бала ағаңның алтын бүйрегін қан-тамырымен қосып қопсытып жұлып әкетіп бара жатыр. Ағаң тіпті жәдігөйге айналып кеткен шығар.

– А,а,а... былай деңіз. Жаңбыр тоқтап, түн демігіп тыншып тұр.

– Ағаң қызын біреуге берем деп емес, өзі жақсы көріп өсірді ғой. Одан артық бүйрегі де, бауыры да бар ма?!

Бір ұлы құсаланған, шерменде болып күйік басқан түн келді. Жаңа ғана лашығымның алдында жауһардай саусылдап төгілген бұршақты түннің рахаты, күлгін-көк түннің ғажайып періштелік бояулары көзден тайған. Есең­гіреп бүйрегін қан тамырымен қоса қып-қызғылгөйге күйінде жіптей суырып тартып, жібін беліне орап ағадан қадам тас­тап шегініп ұзап бара жатқан күйеу баланың күйін, ағамның долданып, қасіреті шеңбірек атып, толқыны бұзылған күйін сезіндім. Әкем дұрыс айтады, «Ол қарындасымызды біреуге берем» деп емес, «өзімнің сүйген қызым, құлыншағым!» деп өсірді емес пе?!

Жас кезінде ер жүрек жігіт­тердің бірі болған ағам ерегес­кенге кезіксе ат бауырынан үзең­гісін суырып алып, бас­тан салып кететін батырдың өзі болған. Енді мынау кеше ғана балауса, сүйріктей әппақ қа­рын­­дасымыз ең үздік оқушы бо­лып жүр еді, көзіме лақтай ғана көрінуші еді. Енді міне ол да бой жетіп ұзатылайын деп жатыр. Қайран қалдым ағама, ұза­тылады деген қарындасыма!

Дәл қазір туыстар үшін дүние табиғи қалыппен емес, арсы-күрсі мақаммен дөңгелек айналуда. Шеңбірек қағып, толғаныс атады бағанағыдай, ештеңе өзгермеген, дүние, ағам, әкем, біз бәріміз құсалы!

Осыдан бес ай бұрын маусым айында әкем кенже қызы Алтайды басқа ауданға ұзатып еді, ол кезде мен бара алмадым. Енді бүгінгі Алматыдағы қо­ңырқай кеш осылай. Қиын, қиын!

Акуладай атылып тұратын әкемнің айбарлы мінезі, іштен тынған қоңыр кербездігі мен жайсаңдығы, көзінің алдын қою жиектейтін қасіреттері... Иә, әкем сол кезде дүниені бауырына бірнеше бүктеп өзгерген шығар?!... Әкемнің өзіне түр-тұлғасы, айбары мен өжеттілігі, намысы мен арлылығы тартқан баласы еді әпкем. Менің отым, менің өрттілігім ол басқа, әкемнің қарапайым қалыбы – сол қызы еді. Күйіктенбей қайтсін әкем. Түн ішін жарқыратқан жұқа шашы, көзінің от сиқы... түсінікті сөз­дері бұл түнді мамырасан күйге бөлеп тұр. Енді қайтуым керек, күңіренген әкемнің інісін қолтықтап қайтуым керек пе?

Ұлы әкелер үшін қыз ұза­тылуы мерей емес, айдаһармен бірге от жалап күрсіну ғана!

 

Көкбөрі МҮБАРАК