Турнир барысында италиялық Сальваторе Карузо (әлемнің 76 ракеткасы) мен Маттео Берреттини (10 ракетка) және франциялық Тристан Ламазин (271 ракетка) мен Жереми Шардиді (72 ракетка) жолынан ығыстырған жерлесіміз финалда Аустралияның өкілі Алекс де Минаурмен күш сынасты. Ол да осал ойыншы емес, қазіргі кезде әлемдік рейтингте 23 орында тұр. Десек те, Анталияға жақсы даярлықпен келген Бубликтен қазақстандық жанкүйерлер жеңіс күтті. Осыған дейін ол АТР додаларында екі рет финалға шыққанымен, бас жүлдеге қол жеткізе алмаған еді. Бірақ сын сағатта Александрдың ескі жарақаты сыр берді. Содан кортқа шыққанына жеті минут болмай жатып, жерлесіміз жарысты аяқтауға мәжбүр болды.
Түркиядағы табысының арқасында Александр Бублик 20 мың еуро табыс тауып, әлемдік рейтингте 49-дан 45-орынға көтерілді.