Қоғам • 18 Қаңтар, 2021

Ұлттың жаңа болмысын қалай қалыптастырамыз?

1577 рет
көрсетілді
36 мин
оқу үшін

Ғалымдардың пайымдауынша, жер бетінде екі мыңнан бастап, төрт мыңға жуық ұлт пен ұлыс, халық бар көрінеді. Кесіп-пішіп айта қоятын нақты сан әлі де жоқ. Себебі кейбір халықтар ғасыр алмасқан сайын жоғалып, жұтылып, өзге халықтарға сіңісіп кетіп жатады. Сонда ұлттан ұлтты, халықтан халықты ерекшелеп, айқындап тұратын нендей құдірет бар? Әрине әрбір ұлтқа тән өзіндік келбет, салт-дәстүр, әдет-ғұрып бар делік. Одан бұрын жұрттың жеке болмысы, өмірлік ұстанымы, өзіндік қасиеті болмаушы ма еді? Қазақтың «болмысы бөлек» дегені осыған саяды.

ХІХ ғасыр ХХ ғасырға ойысар тұста біз де жоғалып, жұтылып кетудің аз-ақ алдында қалдық. Жаһандану мен урбандалудың уынан ұрттаймыз деп ХХІ ғасырда да көсегеміз көгере қоймады. Шегенделіп тұрған шекарамыз бар демесеңіз, интернет желісі іске қосылғалы бері ғаламтордағы, әлеуметтік желідегі әлпетіміз ұлттық болмысымызды ұлықтай алған жоқ. Қайтпек керек? Бәлкім, заман талабына сай келетін, ғасыр сынынан сүріндірмейтін жаңа болмысты қалыптастыру қажет болар. Осы бір өзекті мәселені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та назарға алып, былтырғы Жолдауында халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыруға, тұтас ұлт сапасын арттыруға қатысты ой-пікірін ортаға салды.

Президенттің пайым-пікірін «Egemen Qazaqstan» газеті ұйымдастырып, онлайн режімде өткен дөңгелек үстелде сарапшылар қауымы ұштай түсті. Дөңгелек үстел жұмысына Парламент Мәжілісінің VI шақырылымының депутаты Кәрібай Мұсырман, ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы, Жоғарғы сот жанындағы Сот төрелігі академиясының профессоры, философия ғылымдарының докторы Төлеуғали Бөрібаев, исламтанушы Қайрат Жолдыбайұлы, журналист Дархан Әбдік, Нұр-Сұлтан қалалық ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов, Қазақстан Жазушылар одағы Семей өңірі филиалының төрағасы, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Мерей Қарт қатысты.

Ұлттың жаңа болмысын қалай қалыптастырамыз?

Коллаждарды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

– Кәрібай Иманжанұлы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында халқымыздың жаңа бол­мысын қалыптастыру, тұтас ұлт са­пасын арттыру міндетін жүк­те­ді. Президенттің осы тапсырмасын орын­дауға Парламент қалай үлес қос­пақ?

Кәрібай МҰСЫРМАН:

1

– Мемлекет басшысы Жолдауында қазақ қоғамында үстемдік құруға тиісті жаңа қағидаттар ретінде жас ұрпаққа терең білім беру, оларды еңбекке тәр­биелеу, кез келген істі кәсіби шебер­лік­пен атқару, баршамыздың бойымызда темірдей тәртіп және жоғары жа­уапкершілік, әділдік, адалдық, ұқып­ты­лық, тиянақтылық сынды асыл қа­сиет­тер болуы қажеттігін қа­дай айт­ты. Президентіміздің алға қой­ған хал­­қымыздың жаңа болмысын қа­лып­тас­ты­ру, ұлт сапасын арттыру міндеті Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен үндес әрі сабақтас.

Мемлекет басшысы қазақ зиялы­ла­­рының жаңа кезеңдегі міндеті – ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнық­ты­ру және ұлт сапасын арттыруға атсалысу деп атап көрсетті. Бұл міндет Пар­ламент депутаттарына да ортақ. Мем­лекет басшысы ұсынған «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесін орнықтыру мақсатында біз заң жобаларын қарау барысында ұлттық құндылықтарға жете мән беруіміз қажет. Әрине ең алдымен, білім беру, мәдениет пен өнер, жұмыспен қамту, сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелеріне баса көңіл бөлгеніміз жөн.

– Ұлттық болмысымыздың негізін ұлттық құндылықтарымыз құрайды емес пе?

Төлеуғали БӨРІБАЕВ:

1

– Біз ұлт болмысын оның рухынан, дүниетанымы мен ұстанымдарынан, құн­ды­лықтары мен салт-дәстүрінен, мәдениеті мен философиясынан іздейміз. Қазақ халқының рухани болмысы үнемі өзгеріп, заман ағымына сай бейімделіп, жаңарып отыратын құбылыс. Ұлттың рухы өзгермесе – даму да, жасампаздық та, жеңіс те, жетістіктер де болмас еді. Ұлттың рухы өзгермесе өркениетке сай салмақты талғам да жасай алмас едік. Тіпті керек десеңіз болмысымыздың кедір-бұдырын, қисықтары мен «әттеген- айларын» түзете де алмас едік. Ақыры тарихи жеңілістер мен күйреулерге жол беріп тынар едік.

Демек, халқымыздың рухани болмысына тән қасиеттердің бірі, ол үнемі даму, жаңғыру, оның өзге­ріс­тер­ге бейім­ділігі, ашықтығы, жаңа­ға құш­тар­­лығы. Бұл Ұлы дала берген қасиет. Дегенмен осыны желеу етіп, соңғы кездері өзінің төл болмысынан жеріну, бас­қаның қаңсығына таңсық болып еліктеу, талғамсыздық таныта отырып бөгденікін өзінікінен жоғары қоюдың кең етек алып отырғанын айта кеткен жөн. Бұл үрдіс ұлттың өркениетке қосар үлесіне өз көлеңкесін түсірері сөзсіз. Сон­дықтан халқымыздың жаңа болмысы бө­теннен көшіре салу, жасанды немесе мәжбүрлеу емес, қазақтың төл, шынайы құндылықтары негізінде жүзеге асуы керек. Жасампаздықтан жұр­дай тобырлық еліктеуді өркениеттік тағы­лық десе де болады. Себебі онда өзін жоғалту, өзін қор санау басымдыққа ие.

– Рухани болмысымыз жаңарып отыратын құбылыс болса, жаңғыруға де­ген халықтың тілегі мен ниеті бұған дейін де болғаны ғой?

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ:

1

– Сірә, біріншіден, жаңа болмыс немесе жаңғыру халықтың тілегінен, сұра­ны­мынан туындауы керек. Бұл бізде бол­ды ма, бар ма? Әрине, бар. Қазақ­стан­ның ақылы бар азаматы «советтік та­нымның», «экономика әл-ауқатқа аз әсер беріп жатқан жағдайдың» өзгеруін әл­деқашан қалаған. Тіпті бұл сұраным тә­уел­­сіздіктің алдында да бар еді. Екін­ші­ден, «жаңа болмыс» кітапқа суретін салып, жүзеге асыра салатын дүние емес. Бұған қатысты елде бір тілек, бір жүрек болуы керек. Құрақ көрпе се­кіл­­ді Қазақстан қоғамын қоя тұрып, 100-150 үйлі ауылыңыздың мақсат-мүд­де­сін, арман-тілегін біліп көріңізші. Рас, «иманды, бақуатты болсақ!» дейді, бірақ иман жолында бірауызды ма, білім-бі­лік­ті ме, әл-ауқат жөнінде іскер ме, асар-үме жасауға ықыласты ма – ойланып қаласыз.

Иә, Қазақстан қоғамы біз айтқандай нағыз «құрақ көрпе» болса жақсы ғой. Се­бебі онда үйлесім бар және шебер, ісмер оны келістіріп құраған. Бір идеяға бағындырған. Мысалы, бізді соңғы кездері Солтүстік Қазақстанның тағдыры қатты алаңдатып тұр. Былай қарағанда, жері мен ауа райы жағынан ол өңірдің елор­дадан айырмашылығы шамалы. Бірақ сол­түс­тігіміздің демографиясын, ішкі мигра­циямызды реттей алмай-ақ қойдық. Мұ­ның себеп-салда­рын түсінеміз. Бірақ за­манға және сын-қатерлерге қарап, бөркімізді түзу киюі­міз қажет қой. Біз осы жер­ден де «ұлттың жаңа болмысын» көр­гі­міз келеді немесе оны ел болып бірлесіп жасауымыз қажет.

– «Сұраным тәуелсіздіктің алдын­да да бар еді» деп қалдыңыз. Осы тұс­та өткенге көз жүгіртіп көрейік­ші. Ұлт бол­­мысын қалып­тас­тыруға деген XVIII-XIX ғасыр­лар­дағы ұмты­лы­­сы­мыз, Алаш қайрат­кер­ле­рі­нің қа­жыры қан­­дай еді?

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ:

– Мемлекет және қоғам қайраткері Смағұл Сәдуақасұлын білмейтін, оқыма­ған адам кемде-кем. Басқа-басқа, ол 20-жылдары қазақ жері мен елінің тұтастығына тер төгіп, Сейітқали Меңдешұлы бас­таған қайраткерлер қатарында бүгін­гі Қазақстанның солтүстік өңірін Сібір­рев­ком­ға қосылып кетуден сақтап қалған болатын. Сол Смағұлдар ХХ ғасыр басында дәл Қызылжарда жастардың тұңғыш газеті «Жас азаматты» өмірге әкеліп, Омбыда басылым аттас ұйымды жандандырып, қазақ астанасы Орынборға Қазақстан жастарының көшбасшысы ретінде шақырылып еді. Сөйтіп кешегі Алаш пен большевиктік Қазақстан арасында жүріп елшіл жастардың болмысын қалыптастырғанына тарих куә.

Жалпы, Алаш қайраткерлерінің қай ұстанымы болсын маңызды. Ғылым-білімдегі де, билік-саясаттағы да, адами өмірдегі де. Олардың мұрасымен та­ныса келе, зиялылар қай мәселені болсын ақыл мен тәжірибеге салып, содан қорытынды шығарғанына көзіміз жетті.

Отандық ғылымды дамытудың өлше­мі ретінде гуманитарлық салаға әлемдік жоғары рейтингті журналдарда мақала шығаруды міндеттеген және оны білім заңы талаптарына енгізіп кеткен сол кездегі сала басшылары жаратылыстану және техника ғылымдарының өкілі болса да, олардың Thomson Reuters, Scopus ба­засына кіретін бірде-бір жөні түзу мақа­ласы болмаған. Тура «Молданың айт­қа­нын істе, істегенін істеменің» кері...

Елге қажетті және құрғақ есепке құ­­рылмаған ғылым мен білімді дамыту – Алаш ұстанымында бірінші кезекте тұр. «Академиктердің көз жасын» ескерсек, бұл проблема әлі де көкей­кес­ті. Екінші маңызды мәселе – мектеп пен оқулық. Осылардың соңғы 15-20 жылдағы жағ­дайына қарап, «біреулер мәселені шешуді әдейі созбалап жүр немесе толық шешудің жөнін білмейді» деген ойға келесіз. Алаш зиялылары болса, мәселен, «Тарих пәні» деген бір ғылыми топ құрып, баста­уыш сыныптан бастап, докторантураға дейін қандай пән оқытылатынын, оған қандай оқулық жазылып, хрестоматия түзілетінін, оны кімдер жазып, кімдер сыннан, талқыдан өткізетінін анықтар еді. Соған сай ұлтқа жанашыр мемлекеттен тиісті қаржы бөл­діртіп, бәрін тап-тұйнақтай орындатар еді. Бізге ұнайтын және біз әрқашан бағалайтын Алаш ұстанымы – осы.

– Тарихқа үңілсек, «Жеті жар­ғы» се­­кілді Қазақ хандығының заң­да­рын­да ұлттық болмысымыз ерек­ше­­леніп тұ­рады. Осы орайда қазіргі таң­да тәуел­сіз Қазақстанда ұлттық ерек­­ше­лі­гі­мізді танытатын заң бар ма?

Кәрібай МҰСЫРМАН:

– Бүгінгі заманның «Жеті жарғысы» – баршамыз «Ата Заңымыз» деп қас­тер тұтатын Конституциямыз ғой. Онда Қазақстан Республикасының пре­зи­дент­тік басқару нысанындағы бір­тұтас мемлекет екендігі, қазақ тілі мем­ле­кет­тік тіл екендігі, еліміздің тұтас­ты­ғын бұзуға, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық араз­дықты қоздыруға бағытталған қоғам­дық бірлестіктер құруға тыйым са­лын­ғандығы, азаматтардың тарихи және мәдени мұралардың сақталуына қам­қор­лық жасауға міндеттелгендігі – ұлт­тық ерекшелігіміздің ескерілгендігі емес пе?!

– Өткен ғасырдағы саяси қуғын-сүр­­гін­нің қанды қасабы ұлттың жаңа бол­мысын қалыптастырғысы келген қай­раткерлерімізден айырды. Со­ла­қай саясаттың ұр-тоқпағы сүт бе­ті­не шығар зиялыларымызды қал­қып алып қана қоймай, асыл дініміз­ден де ажыратып тастады. Сол ді­ні­міз­бен сабақтас болмысымыз да бар емес пе еді?

 Қайрат ЖОЛДЫБАЙҰЛЫ:

1

– Президент атап көрсеткен ауқымы өте кең міндетті ойдағыдай жүзеге асыру ісіне діни қайраткерлер мейлінше атсалысуы тиіс. Меніңше, халқының ба­сым бөлігі Ислам дінін ұстанатын еліміз­де діни қызметкерлердің, дәлі­ре­гі имамдарымыздың, дінтанушы-ғалым­дарымыздың әлеуеті бұрынғыға қарағанда қазір әжептәуір көтерілді. Діни, рухани білімі, мәдениеті жоғары, ұл­тымыз Исламның ұлы жолымен жүр­ген­де ғана өркендейтінін терең түсі­не­тін, теріс пиғылды күштерге қарсы күресте тәжірибесі бар, қисынсыз уа­ғыз­дарға қарсы ғылыми дәлелді уәждер айта білетін имамдарымыздың қалың шоғыры қалыптасты. Тек осы күшті тиімді пайдалануға мән бергеніміз абзал. Қоғамымыздағы ниеті оң, пейілі ақ діни қайраткерлеріміз қашанда елі­міздің болашағы үшін қызмет етіп келе жатқанын ескере сөйлесек, алда­ғы уа­қыт­та да олар ұлтымыздың заманауи бол­мысының өзегін Ислам құн­ды­лық­­та­ры­мен сусындатуға қызмет ете бере­ті­ні­не сенім мол.

– Сонымен ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру үшін Абай айтқан «бес дұшпаннан» бөлек тағы неден арыл­ғанымыз жөн?

Дархан ӘБДІК:

1

– Абай айтқан «бес дұшпан» қоғамға емес, әрбір жекелеген адамға қатысты айтылған кемшіліктер. Бұл дертпен адам­зат пайда болғаннан бері күресіп келеді. Аталған кемшіліктер кез келген қоғамда бар. Бұл философиялық мәселе, сол себепті оны шексіз талқылауға болады. Оны талқылау биліктің, оның ішінде Президенттің не Парламенттің мәселесі емес. Билік қоғамды қалыптастыратын механизмдерді талқылауы тиіс. Олар ақылдыға да, ақымаққа да, еңбекқорға да, жалқауға да, министрге де, даяшыға да ортақ болуы тиіс. Билік Абайды емес, БҰҰ қабылдаған адам хақының әлемге ортақ декларациясын оқысын да, біз өз аза­маттарымыздың осы бір хақылары мен құқықтарын қамтамасыз етіп отырмыз ба, жоқ па деп ойлансын.

Біз жабық қоғамнан шығып ашық әлеммен таныстық. Енді кішкентай ұлттарға тән комплекстерден арылып, ашық әлемнің азаматы болған ләзім. Діндар емес, зайырлы, ұлтшыл емес, толерантты, патриоттарынан либералдары басым, сол дәуірдің озық технологияларына қол жеткізген, ғылымы мен өнері жетілген қазақтілді қоғам көргім келеді.

– Сіздер не дейсіздер?

Төлеуғали БӨРІБАЕВ:

– Бүгінде Абай сөзінің маңыз­ды­лы­ғын, өзектілігін ерекше сезінесің. Қазір «бес дұшпаннан» басқа, ұлт тағ­ды­рына тікелей қатысы бар Абайдың «Бас-басына би болған өңкей қиқым» деген сөзі ерекше мәнге ие болуда. Жел қалай соқса, солай сөйлейтін дәр­мен­сіз қиқымдар мен әлсіздер билік басына өрмелеуде. Жаттанды, жалған бағдарламалар жасап, жарнамалатып жатқан «белсенділерді» көргенде еркісіз жағаңды ұстайсың. Саяси додада ол ұлтқа сөз айтар, сөзін өткізер, халқын соңынан ертер тұлғалардың тым аздығы немесе жоқтығы өзегіңді өртейді. Ылғи үмітсіздер, даралығы жоқ, пенделер тобыры.

Дәурен БАБАМҰРАТОВ:

1

– Абай айтқан «бес дұшпан» мәңгі философиялық категориялар іспетті. Оған жаңа тізімді қосуға да болмас, алу­ға да болмас. Дегенмен бүгінгі қа­зақ арасында кеңінен таралған тағы бір-екі қисық әдет ол «құмарлық» және «қисынсыз еліктеу» болып тұр. Құмар­лық дейтініміз, ұлт жас­­тары жаппай құмар ойынға бет алды, оның арты талай трагедияға ұласып жатыр. Құмарлықтың бір көрінісі есірткі, оның неше түрлі синтетикалық өкілдерін қазір өрімдей қыздар, буыны қатпаған ұлдар тұтынып, ұлт алдында қауіп қылып отыр.

Еліктеу дейтініміз, отбасы мен адам өмірінің мәніне қатысты қазір әлемде түрлі жаңа көзқарастар пайда болған. Өмір мәні ләззат пен рахат деп топшылайды қазір кейбір «тектілер». Жақсы дей алмайтын тұстары жетерлік. Соған түгел қоғам болып еліктеп отырған жағ­дайымыз бар.

– Ұлдарымыздың ұлықты, қыз­дары­мыздың қылықты қалы­бын жо­ғалтпай, сақтап қалу арқылы ұлт­тың жаңа болмысын қалып­тас­тыра ала­мыз ба?

Мерей ҚАРТ:

1

 – Ең алдымен «болмыс» деген ұғым­ның мәнін ұғып алсақ. Мемлекеттің әлеу­меттік қуаты, мәдениеті, экономи­ка­сының деңгейі, рухани әлеуеті тұ­тас­тай ұлттық болмысты сипаттайды. Сондықтан елдік сана мен ұлттық мүд­­д­ені ұшпаққа шығармай, далақтау бе­кершілік.

 Жаңа заман, яғни жаңа болмыс қа­­лып­­тастыратын жастар ресурсы. Бі­лімді hәм ұлтшыл тұлғалар қалып­тас­тыратын ішкі және сыртқы болмыс мемлекеттік, елдік принципке тәуелді. Осы тұста Ә.Бөкейханның «Ұлтқа қыз­мет ету – білімнен емес, мінезден», деген данышпандығын қоса айтып өткен жөн. Біздің бүгінгі болмысымыз, ертеңгі мақсатымыз – әлеуеті жоғары, рухания­ты кемел, жастары білімді, ғылымы ілгері, технологиясы дамыған, ең бастысы ұлттық мемлекетке айналуымызда.

– Ұлттық болмыстың түп-тамыры діні­мізде, ділімізде, ең бастысы қазақ ті­лі­мізде тұрған жоқ па? Жалпы, жаңа бол­­мысты қалыптастыруда білім мен ғы­лымның, мемлекеттік тілдің ма­ңы­зы қандай?

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ:

– Бір өте ауыр ақиқатты айтайын! Қазір педагогика немесе методика саласында, білім саласын ұйымдастыру ісінде А.Байтұрсынұлының еңбектерін оқымақ түгілі, атын естімегендер жүр. Мәселен, әлі күн тәртібінен түспеген «ба­лаға қай сыныптан бастап шет ті­­лін оқыту керек?» деген мәселені ала­йық­шы. Технологиясы мен білігі бізді шаң қаптыратын Жапония мен Гер­мания шет тілін бастауыштан кейін оқытады. А.Байтұрсынұлы мұны 110 жыл бұрын айтып, дәлелдеген. Жоқ, біз­дің білгіштер ұлт ұстазының бұл өсие­тін місе тұтпайды.

Әрине жаңа сапаға көшудің ірге­лі тірегі – білім мен ғылым. Бізге шы­ғар­­машыл, ойлы, парасатты, мемле­кетшіл педагогтер мен ғалымдар керек. Солар «темірқазық қағидаттарды» анықтап, күндіз-түні осының негізін, қа­лыптастыру тетігін, дамытудың жөн-жоба­сын зерттеуі қажет.

1

– Осы ұлттық болмыс мәселесінің құ­қықтық нормаларына қайтып ора­лайық. Заң қабылдау барысында хал­қы­­мыздың ерекшеліктері ескеріле ме? Ке­йінгі кезде талқыланып жатқан кей заңдарда бұл мәселе кемшін түсіп жат­қандай көрінеді?

Кәрібай МҰСЫРМАН:

– Әрине, ескеріледі. Мысалы, атаулы әлеуметті көмекті алайық. Бертінге дейін бұл көмек өздеріне ұсынылған жұмысты істегісі келмейтін азаматтарға да беріліп келді. Біз Үкіметтің оны тоқтатып, ұсы­ныл­ған жұмыстан бас тартатындарға қаржылық жәрдем беруден бас тарту жөніндегі ұсынысын қолдадық. Мұны ұнатпай, күңкілдеп жүргендер де бар. Бұл ретте біз ұлы Абай бабамыздың «есектің артын жусаң да, мал тап» деген сөзін ұмытпауымыз керек.

Осы орайда бір айта кетерлік ма­ңызды жайт – Парламент Мәжілісі ашық форматта жұмыс істейді. Заң жо­­ба­ларын талқылауға саяси пар­тия­­­­лар­дың, үкіметтік емес және ха­лық­ара­лық ұйымдардың, тәуелсіз сарап­шы­­­лардың қатысуына мүмкіндік жасал­ды. Жұртшылықтың заң жобаларын Мә­жі­лістің ресми сайтынан оқып, ұсы­ныс беруіне болады. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» демекші, Парламент сай­лау­шылардың сынын тыңдауға дайын, тың­дап та жүр.

– Қай бағытқа қадам бассақ та ең алдымен әділдік үстемдік құруы тиіс. Он­сыз даму да, даралану да болмақ емес. Ұлттың жаңа болмысына әділдік қаншалықты негіз бола алады?

Төлеуғали БӨРІБАЕВ:

– Халқымыздың жаңа болмысын қалыптастырып, тұтас ұлт сапасын арттыруда әділеттіліктің маңызы зор. Президент өз Жолдауында осы мәселеге назар аударды: «Әділдік – қоғам дамуының маңызды шарты. Әділеттілік – әсіресе ел-жұрттың тағдырын шешу үшін аса қажет қасиет». Ұлт болмысында әділет­тілік нық орнау үшін заң әділетті бол­уы тиіс. Бізде заң мен әділеттілік арасында алшақтық бар. Заң мен арды бірік­тіру, құқықтың адамгершілік өл­шем­дерін күшейтудің маңызы зор. Заң мен арды біріктіруге кедергі келтіретін кешегі күннің рудименттерінен арылу қажет. Әзірге, ұлт санасында құқықтық ни­гилизм, заңды айналып өту дағдысы басым екенін айтуға мәжбүрміз. Қыс­қа­ша айтқанда, халқымыздың жаңа болмысында әділеттілік – еркіндік пен жа­уап­кершіліктің өлшемі ретінде ор­нығуы керек. Сонда ғана өркениеттік дамуға сай құқықтық мәдениет қалып­тасады.

Дәурен БАБАМҰРАТОВ:

– Мен де ұлтымыздың жаңа болмысы ең алдымен іскерлікке, өзара адалдыққа және қоғамдағы әділеттілікке негіз­де­луі керек деп есептеймін. Іскерлік дейтініміз, әлем қазір мың құбылып тұр, талай кәсіп пен қызмет түрлері қыс­қарып, жаңа экономикалық даму үр­дістері 180 градусқа бұрылуы ықтимал. Осындай өзгерістер алдында халқымыз өз ішінде бір-біріне адал болып, қоғамдық тепе-теңдікті тура ұстап, әділ, іскер болуға ұм­тылса игі.

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ:

– Әділдік орнасын десек, біз ең алдымен мектепке деген қоғам көзқарасын өзгертуміз керек. Оны тек мемлекеттің мойнына асып қоюға болмайды. Мек­тепте директордан бастап әрбір пән мұғалімінің сапасын ата-аналар да ба­қылап, қадағалап отыруы керек. Шүкір, қа­зір мектеп мұғалімінің жала­қы­сы ептеп көтеріліп келеді. Енді соған сай бәсеке де, таңдау да жүру қажет. Бала­ның сапалы болуына мүдделі – ата-ана да, мемлекет те. Дәстүрлі қазақ қоғамы тарихын еске алыңызшы, медреседе оқып жүрген шәкіртті молда-мұғалім ретінде ауылға алдыртқан кім? Әрине, бастамашыл ата-аналар. Олардың азын-аулақ қаражаты шәкірт-мұғалімді де көтерген, өз балаларының да сауатын ашқан. Біз осы қарым-қатынасты бүгінгі жағдайға лайықтауымыз керек. Дәл қазір мұғалім мен дәрігерге қоғамның зор қолдауы қажет.

ХХІ ғасырда отырып, «пәлен деген аймақта түген деген пәннің мұғалімі жетпейді» деу ұят емес пе? Мемлекет үшін де, қоғам үшін де! Мектеп түзелсе, оқушының сапасы артса, қос тараптың мейірімі күшейсе, қоғамның деңгейі өседі, жауапкершілігі артады, әділдік те болады.

– Президент өз Жолдауында «Ұлты­­мыз жаңа сапаға көшуі үшін біз­­­­дің күнделікті өмірлік ұста­ным­да­рымыз да өзгеруі керек» деген пікі­рін білдірді. Осыған қатысты ойла­ры­ңызды білсек...

Қайрат ЖОЛДЫБАЙҰЛЫ:

– Бұл орайда бірінші кезекте жас­тарды, жас ұрпақты лайықты тәрбие­леу, оларды түрлі бағыттағы зиянды дүниелерден барынша қорғау ісі өте өзекті. Біз жастарымызға отбасын құрудың, шаңырақта жиі кездесетін түйткілдерді тиімді шешу жолдарының, әке, ана, келін болу әдебінің, қоғамдық қарым-қатынастарға бейімделудің қыр-сырын үйретуді өз деңгейінде жол­­ға қоя алмай келеміз. Осы олқы­лық­­тың жағымсыз салдарлары бүгінгі қоғамымызда анық көрінуде. Мектеп жасындағы балаларымыздың бойындағы қабілет-қарымын ашатын, пайдалы дағдыларға, еңбекке баулитын, жақсы азамат болып қалыптасуына ықпал ететін дәрістер жүргізілуі тиіс. Жастарымыз білім­ді болумен қатар шынайы өмір­ге де дайын болуы қажет.

Уақытты бағалауды, оны тиімді пайдалануды үйретудің қажеттілігі анық сезілуде. Қоғамымыздағы ақпараттың дұрыс-бұрысына көзі жетпей тұрып сену, оны өзгелерге тарату белең алуда. Сондықтан жас өскінді ақпаратты сараптай алуға, кез келген дүниеге сын көзбен қарауға, объективті баға беру қабілетін қалыптастыруға көңіл бөлетін уақыт жетті. Жастарымызға интернетті, әлеуметтік желіні уақыттарын ысырап етпейтіндей ұтымды қолдануды, әлеуметтік желіде пікір жазу мен көп­ші­лікке ақпараттар ұсыну мәдениетін, жалпы интернетті тиімді пайдалану тәсілдерін, тіпті этикасын мектеп қабыр­ға­сынан үйретудің маңызы сезілу­де.

– Жаңа заманда жаңғыртуға болатын, ұлттық таным-түйсігімізде сақ­тал­ған қандай ізгі қасиеттерді дамыт­қанымыз дұрыс?

Мерей Қарт:

–  Қазақ ұлтына тән ерекшеліктер өте мол. Ұлттық код, әдет-ғұрып, бай тіліміз осы құндылықтарды сақтау арқылы асқақтаймыз! Біздің ел – батыр халық, ақын ел! Халық ауыз әдебиеті, эпос-жырлар, дастандар, тарих қатпарындағы сан ғасырлық мұралар, бәрі-бәрі ұлттық құндылықтарымыз!

 Жаңа заман қазағы, жаңа ғасыр жас­­тары білім мен ғылымда көш бастаса, көштен қалмайтынымыз ақиқат. Салт-дәстүр, әдет-ғұрып, қазақ ұлтына тән ерекше болмысты ұлықтау, білім мен ғылымға көңіл бөліп, ең бастысы бай тіл­і­міздің мәртебесін жоғарылату ар­қылы ұлттық болмыстың қағидалары қалыптасады. Өзге елдің қаңсығын, менталитетімізге жат мәдениетті ұлттың қанына сіңіруден аулақ болғанымыз жөн. Әлеуметтік теңсіздік, діни күштер, жемқорлық сияқты кертартпа дүниелерге жол бермеу қажет.

– Ұлтымыз жаңа сапаға көшуі үшін қандай қағидаттарды темірқазық етіп алуымыз керек?

Төлеуғали БӨРІБАЕВ:

– Менің ойымша, Президент бұл сұраққа Ахмет Байтұрсынұлының сөзі­мен нақты жауап берген. Дегенмен, ұлттың жаңа сапаға көшуі үшін мына қағи­даттарды темірқазық ретінде ұсы­нуға болатын тәрізді: бөгденікін өзіні­кінен жоғары қоюдан, бөтеннен көшіре салуға дайын тұрудан, жасанды көрініс жасаудан, ұлт мүддесін қорғауда сат­қын­дық пен солқылдақтық танытудан бас тартуды қазіргі кезеңде темірқазық етіп алуымыз керек сияқты. Сонымен бірге билігі мен халқы бір-бірінен дұрыс түсінуден, өзара құрмет етуден қалып отырған жағдайда ұлттың ішкі бірлігі мен татулығына ерекше назар аудару қажет деп есептеймін. Сондықтан Президенттің «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» – тезсисінің маңызы өте зор.

– Алып-қосарларыңыз бар ма?

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ:

– Жаңа сапаға көшудің қағидаты өз тарихи тәжірибемізден және әлем тәжіри­бе­сінен алынуы қажет. Өз тәжіри­беміз не айтады? Бұған Ахмет Байтұрсынұлы мен Қаныш Сәтбаевтың бастамаларын еске алсақ та жеткілікті. Мәселен, Ақаң – Қазақ елін Алаш ұсынған форматта жүйелеп, жетілдірудің басы-қасында болған тұлға. Бірақ тағдыр мен тарихтың ащы бұралаңында Алаш тарих сахнасында ұзақ тұра алмады... Сондықтан ол Қазақ кеңестік республикасы платформасында ұлт білімін жаңа сапаға көшіруге тырыс­ты. Соған күш жұмсады. Біріншіден, не жоқ, не барына талдау жасады. Екіншіден, жаңа өкіметтің бастамаларына ұлттық мазмұн берді. Үшіншіден, «тартпада жатқан» бұрынғы бастамаларын (оқулық жазу, тездетіп маман даярлайтын оқу орындарын, академиялық орталық пен университет ашу, елшіл көркем әдебиет қалыптастыру, ақын-жазушылардың басын қосу, «Қазақ» газеті рухындағы басылымдарды өмірге әкелу т.б.). Әрине, А.Байтұрсынұлы үшін басты қағидат – елдікті сақтау мен жаңа жағдайда дамыту еді.

Ал орныққан кеңестік республи­ка­дағы Қ.Сәтбаевтың түпкі мақсаты – Алаш ісін жалғастыру, былайғы көрнекі мақсаты – Қазақстан қажет ететін ғылым мамандарын әзірлеу болды. Ресейдің орталық жоғары оқу орындарына әлеуеті бар жастарды білім алуға жіберу, Ғылым академиясы институттарында тың жо­ба­ларға мұрындық болу оның – осы аядағы батыл қадамы. Міндетті орындау мен жауапкершілікті жоғары ұстау – Қ.Сәтбаевтың айнымас қағидаты.

Дархан ӘБДІК:

– Жаңа сапаға көшу үшін сапалы азаматтар қажет. Сапалы азамат қалып­тас­ты­ру үшін сапалы білім, сапалы медицина, сапалы заңдардың атқарылуы, демек сапалы билік қажет. Сапалы билік тек қана демократиялық сайлау барысында қалыптасады. Тек қана әділ сайланған билік сайлаушыларының алдында жа­­­уап беріп, қоғамның талабын орындайды. Сапалы қоғамның тағы бір алдыңғы шарты, бұл азаматтардың – хақы. Сөз бос­тан­дығы, ар бостандығы, сайлау және сайлану хақы. Бұл хақынан айрылған адам ерікті азамат емес.

– Ертеңгі ұрпақтың бойына ұлттың жаңа болмысы болуға лайық нендей қасиеттерді сіңіре аламыз?

Қайрат ЖОЛДЫБАЙҰЛЫ:

– Балаларымызға басқамен тіл табы­су­ды, дұрыс сөйлесе білуді үйрету қа­жет. Жастарға өмірде кездесетін қиын­­дықтарға мойымай, керісінше оны ше­шуге, қиындықты еңсеруге, көңіл күйін басқаруға дағдыландыратын моти­вациялық дәрістер жүргізген абзал. Бұған қоса қаржылық сауаттылық, ақшаны үнем­деудің тәсілдерін меңгерту де ма­ңыз­ды. Нақтылай айтқанда, «отбасын құру», «сауатты тамақтану», «тайм менеджмент», «қаржылық сауаттылық», «өзіңе сенімділік», «эмоциялық интел­лект», «адамдармен тіл табысу», «проб­ле­маларға мойымай, оны шеше білу» және тағы да басқа мәселелер бойынша ел ішінде түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылса, мектеп қабырғасында ар­найы дәріс жүргізу қолға алынса ұлты­мыз­дың уақыт талабына сай болмысын қалыптастыру жолындағы игі іс болар еді.

Бұл мәселелерге Ислам діні тұрғы­сынан қарап, түсіндіру уағыздары көптеп жүргізілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Осы тұста имамдарымыздың әлеуетін тиімді пайдалансақ, ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруда діни қайраткерлердің рөлі айқын көрінер еді. Жалпы ұрпақ тәрбиесіне, ұлтымыздың рухын өсіріп, өркендеуіне әрбір азамат өз үлесін қосса, хал-қадерінше рухани игілікке қол ұшын берсе, алда тұрған міндеттерді орындауға әбден болады.

– Ұлттың жаңа болмысы туралы айтқан кезде жұртқа үлгі боларлық бел­гілі бір мысалдың да болғаны жөн. Ондай мысал бізде бар ма?

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ:

– Жаңа болмыс қалыптастырудың жарқын мысалы – елорда. Қазақ ұғымымен айтсақ, «астана» деп, ойдан да, қырдан да адамдар жиналды. «Келме», «қала жабық» деп ешкім кеудесінен итерген жоқ. Міне, қала халқы миллионнан асты. Ендігі міндет – қала қазағын сапаландыру. Біз елорданың мектептеріне, мәдени орындарына жиі барып тұрамыз. Байқағанымыз: оқушының өзі астаналық екенін сезінеді. Бұл жерде «сапаландыру» тетігі мұғалім мен ата-ананың мойнында. Әрине, бәрі тап-тұйнақтай деуге әлі ерте. Бірақ дұрыс бағытта.

– Дін мен дәстүрді тең ұстауға, оларды үйлесім тапқан рухани тұтас күш ретінде қарастыруға келіспейтіндер бар. Олардың мұндай ұстанымдарына қатысты не айтасыз?

Қайрат ЖОЛДЫБАЙҰЛЫ:

– Ислам діні қазақ даласына келгелі бері дәстүріміз, өмір сүру салтымыз, ұлттық құндылықтарымыз дініміздің қағидаттарымен жымдасып қатар өмір сүріп келе жатыр. Дін мен дәстүр ұлтымыздың қос қанаты секілді. Бұл екеуінің бірінсіз халқымыздың болашағын елестету қиын. Олай болса, осынау екі алып ұстынға арқа сүйеп қана қоймай, оны қастерлеп, насихаттап жүруіміз керек. Біздің жастарымыз дінге бет бұруын тоқтатпайды. Дін – ағып жатқан өзен. Оған тосқауыл қойсақ, белгілі бір уақыттан кейін арнасынан тасиды. Бақылаудан шығып кетеді. Сондықтан дінімізді мемлекеттің, халқымыздың бірлік-ынтымағы, мүддесі жолында дұрыс бағытқа бұра білуіміз керек. Біз сыртқы және ішкі жағымсыз экспансияларға дін арқылы қарсы тұра аламыз. Біз адамсүйгіштікке тәрбие­лей­тін идея­ны дамыта отырып, интеллектуал мұсылмандарды тәрбиелеуіміз керек.

– Ұлттың болмысы құқықтық норма­ларда көрініс таппайынша көп мәсе­­ленің шешіле қоймасы анық. Хал­қы­мы­здың жаңа болмысын қалы­п­тас­ты­руға, тұтас ұлт сапасын арт­ты­руға арналған нақты заң жобалары бар ма?

Кәрібай МҰСЫРМАН:

– Әзірге ондай нақты заң жобасы Үкіметтен де, депутаттардан да түскен жоқ. Менің ойымша, осы аса маңызды мәселені бір заң қабылдаумен шешу қиын. Президентіміз айтқандай, бұл – ең әуелі қазақ зиялыларының міндеті. «Жалғыз ағаш орман емес, жалғыз кірпіш қорған емес» дегендей, бәрін Мемлекет басшысына, Парламент пен Үкіметке жүктеп қойсақ, ал өзіміз нақты істен сырт қалып, тек бақылаушы және сынаушы болып отырсақ, аса үлкен өзгеріс бола қоймас.

Айталық, әділдік пен адалдық, ұқып­тылық пен тиянақтылық мәселелерін қандай заңмен шешуге болады? Бұ­лар­дың бәрі әрбір отбасы мен мектептегі тәлім-тәрбиеге, одан қалды әдеби кітап оқуға байланысты емес пе?! Мәселен, мен Джек Лондонды, Оралхан Бөкеев пен Дулат Исабековті оқымасам, кеңес заманында, бала кезімде кедейшілікте өскендіктен, ақшаның, яғни баюдың соңына түсер ме едім, кім білсін. Елба­сының «Рухани жаңғыру» бағдар­ла­масын бос ұраншылдыққа айналдырмай, ең алдымен ысырапшылдық пен тойшылдықты тыюмыз қажет. Даң­ғой­лық пен мақтаншылықтың өрбуіне жол беріп тұрған бәленбай ауданның, облыстың құрметті азаматы, бәленбай сыйлықтың лауреаты, ешқандай ғы­лы­ми жаңалық ашпаса да бәленбай академияның мүшесі деген сияқты ресми түрде құрметті, ал шындығында есі бар жұрт құрметтемек түгіл, күле қа­рай­тын атақтарды беруді тыю керек деп ойлаймын.

 

P.S. «Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру. Адамды жəне қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Жаңарған ұлт қана жаңғырған елдің жетістігін жаһан жұртына таныта алады. Мен халқымыздың əлем үлгі тұтарлық жақсы қасиеттерінің көбірек болғанын қалаймын», дейді Мемлекет басшысы. Шақырған жерге кешігу дегенді білмейтін, әр сағатын санап, минутын есептеп жүретін адамдар туралы айтқанда, көбіне-көп неміс халқын мысалға аламыз. Ал әр бастаған ісіне мұқият назар аударатын, заманауи технологияны дамытуда көш басында тұрса да ұлттық болмысынан, әлемге үлгі боларлық салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпынан, байырғы болмысынан ажырамаған халық деп жапондарды тілге тиек етеміз. Білімі мен ғылымын дамытып, ақыл-ойын, ұйымшылдығын, іскерлігін алдыңғы орынға шығарған халық ретінде еврейлерге іштей сүйсінетініміз бар. Осы халықтардың қай-қайсысы болсын көштен қалу тұрмақ, сол көшті бастап жүріп-ақ ұлттық болмысын ерекшелейтін көшелі істер атқарып жүр. Ендеше, отыздыққа ұмтылған ұлт үшін ойланарлық һәм соған ұмтыларлық-ақ жайт...

 

Рауан ҚАБИДОЛДА,

Абай АСАНКЕЛДІ,

Меруерт БҮРКІТБАЙ,

Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»