Біз аталған еңбекті толық тәпсірлемей-ақ сол мақаладағы «Қоғам мен құндылық» деп аталатын тараудың айналасына ғана азырақ үн қосқымыз келеді. Бұл тараудың басты кілті – елдігіміздің іргесін бекітіп, тұрағын нақты айқындайтын Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейінгі кең байтақ жеріміз десек қателеспейміз. Бұл ретте Президент «Жерге байланысты бәріміз айқын білетін және бұлжымайтын ақиқат – қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды. Осыны әр азаматымыз санасына берік сіңіруі қажет», деп ең алаңдаулы мәселемізге нақты жауап бере отырып, сондай-ақ күні кеше қатерлі індетпен қоса іргемізден шыққан жалған да жала сөздерге тікелей жауап бергенін анық ұғуға болады.
Бізді алаңдататын бүгінгі сөз емес, сол дәйексіз, сауатсыз айтылған теріс тарихты ертеңгі ұрпақтың қиғаш оқитындығында сияқты. Әйтпесе кешегі сақ, ғұн бабаларымыздан бергі атақонысымыз біздің басты байлығымыз, заңды мұрамыз екенін көзі ашық, көкірегі ояу жұрт жақсы білуі тиіс. Оны, тіпті солтүстіктегі көршілеріміздің білімді тарихшыларының өздері-ақ айтып, жазып жатыр.
Бізді таңғалдырғаны Мемлекеттік Думаның «мүйізі қарағайдай» бірер депутаттары кез келген көзі ашық адам білетін тарихты әдейі бұрмалап, «Қазақтарға Ресей сыйға берген» деп ешбір қисынға келмейтін уәждерін үлкен мінбелерден даурыға қайталауы еді.
Алайда олардың аяқ астынан салған бұл қисынсыз әрекеттеріне тек қазақстандықтар ғана емес, тіпті оны естіген кез келген шетел азаматтары да таңғалды.
Тіпті өрескел қатеге көз жұмып қарауға арлары шыдамаған нағыз ғалымдар қолдарына қалам да алды. Ресейдің өз ішінен де жоғарыдағы «жер даулаушыларды» тоқтамға шақырып, тарихқа зер сала үңілуді ескерткен тарихшылардың шыға бастағанына риза болдық. Әлем халқының басына төнген өткен жылғы үрейлі індеттің шеңгелінен әупірімдеп шығып, тек жақсы ниет, жақсы үміттермен қарсы алған біз жаңа 2021 жылдың алғашқы күндерінде-ақ, Ресей тарихшысы Дмитрий Верхотуровтың «Ресей зеңбіректің күшімен қазақтардың жерлерін басып алған!» деп тайға таңба басқандай етіп жарияланған мақаласын ғаламтордан оқып, «Е, бәсе, тентегіне қой дейтін саналы азаматтар бар екен-ау!» дедік. Енді сол ресейлік тарихшы Д.Верхотуровтың аталған мақаласындағы сөздеріне кезек берейік:
«Әрине, Ресейдің қазақтарға сыйлыққа берген ешқандай жерлері болған жоқ және бұл бәріне белгілі. Біріншіден, Ресей бодандығына кіргенге дейін-ақ қазақтардың өз жерлері болды және олар сол қоныстарымен бірге Ресей империясының құрамына енді» дей келіп, тарихшы сонау 1731 жылдың 26 наурызында Әбілқайырдың Кіші Жүздің ханы атағын алып, ант берген сәтіндегі сөзін былайша келтіреді:
«Такожде купцам российским подданным, ездячим из Астрахани и других мест караваном и особ к нам кайсакам и чрез наши жилища и кочевья в другие места, никакого препятствия и обид не делать…» деп сол кездегі тарихи құжаттағы сөздерді дәлме-дәл еш өзгеріссіз жеткізеді де:
«Көріп отырғанымыздай, үйлер мен қоныстар, сәйкесінше олар орналасқан жер де орыс ханшасына ант қабылдаған сәтке дейін болған. Бұл құжат Вячеслав Никоновтың және қазақ жерін Ресейден сыйға алған деп пікір білдірген бар адамның тұжырымын жоққа шығарады. Керісінше, қазақтар Ресейдің құрамына өзінің кең-байтақ жерімен енген. Мұндай антты орыстың қоластына кірген барлық қазақ хандары берген және олардың жері о баста болғанына ешкім күмән келтірмеген» деп соқырға таяқ ұстатқандай етіп ап-анық орыс тілімен түсіндіреді. Сондай-ақ Д.Верхотуров Қазақстанның солтүстік өңірлері де ешқашанда орыстарға тиесілі болып көрген жоқ деп кесіп айтады.
Бұдан әрі ресей тарихшысы 1784-1790 жылдары қазақ жерінде әскери қызмет атқарған майор И.Г.Андреевтің сол кезде жазған «Описание Средней орды киргиз-кайсаков» деген еңбегі мен 1832 жылы тарихшы А.И.Левшиннің Орынбор мұрағатынан алып жазған қазақтар туралы әйгілі еңбегін мысалға келтіре отырып:
«Дегенмен осы үш мысал жеткілікті деп ойлаймын. Бұлар – қазақтар онда бірдеңе ойлап тапты деп айтпасы үшін орыс куәліктері. Олар шын мәнінде, ненің және қалай болғанын жақсы көрсетіп тұр. Егер Никонов немесе оның жақтастарының бірі келіспейтін болса, онда зеңбіректі бекіністер желісі «сыйлықпен» келісілгені қалай екенін түсіндіріп берсін. Демек, қырғыз-қайсақтардан, яғни жер «тарту етілгендерден» қорғау үшін. Тарихи мәселе айқын: қазақтар Қазақстан аумағында тұтас, әсіресе Солтүстік Қазақстанда ҚазақАССР құрылғанға (кейін ҚазКСР және қазіргі Қазақстан) дейінгі ұзақ уақыт бойында тұрған. Демек, ешқандай да «сыйлық» туралы әңгіме болуы мүмкін емес», деп сөзін әрі қарай сабақтайды. Бірақ Верхотуровтың осы мақаласындағы «В.Никоновтың қазақ жеріне мәлімдеме жасауына кейбір қазақ ұлтшылдарының қазіргі Орынбор, Омбы тәрізді Ресей аумағындағы жерлерге қатысты және жиырмасыншы ғасырдың 30-жылдарындағы аштыққа қатысты Ресейдің атына айтқан кінәлаулары себеп болды» (ауд.автор.Ш.А.) деген сөздері сәл асығыстау айтылған секілді. Оқырманға түсініктірек болу үшін Д.Верхотуровтың бұл сөздерін де аудармасыз келтіре кеткенді жөн көрдік:
«Однако тема территориальных претензий поднималась снова и снова. По моим наблюдениям за этой темой, обсуждаемой уже много лет, в кругах казахских националистов сложилось мнение, что с Россией можно и не считаться. Мол, как это Россия смеет не прислушиваться к нашим претензиям?! Мягкие предупреждения либо игнорировались, либо встречались с возмущением и гневными отповедями. Сдержанная позиция России воспринималась как слабость. Но нужно помнить, что Россия – держава памятливая. На выпады непременно последует ответ в подходящих обстоятельствах» дей келіп, оған мысал ретінде Шешенстанда болған жағдай мен күні кеше ғана болып өткен Таулы Қарабақ соғысын мысалға келтіреді. Верхотуровтың Ресеймен санаспайтын «қазақ ұлтшылдары»деп отырғанының нақты кімдер екенін түрін түстеп, атын атап көрсетпеген соң, бұл сөздің қаншалықты шындыққа жақын екенін біле алмадық. Біздіңше бәрі де жоғары өркениеттілік талаптарына жүгінген қазіргі заманда бір-бірімен санаспайтын ел жоқ-ау!
Дегенмен де Ресей тарихшысының: «Соглашениями о взаимном признании и о границах мы подвели итоговую черту под предшествующей историей, в которой было много всяких событий, хороших и не очень, и договорились жить в мире и сотрудничестве. Это бесспорная ценность для обоих стран, на мой взгляд, самоочевидная. Всякие заявления о территориальных претензиях с обоих сторон я рассматриваю как вредительство» деп осы бір аяқ астынан бұрқ ете түскен өнбес дауды ендігі жерде мүлде доғару керектігін баса ескерте отырып, мақаласын аяқтауы оның зор парасаттылығын танытса керек. Жерімізге көз сұққан ресейлік депутаттар өз отандастары, тарихшы Верхотуровтың мақаласын зерделей оқып, мүмкін осы жолы сабаларына түсер. Ойланар. Өйткені өнбес даудың қашан да өштестікке бастайтыны ақиқат.
Ата-бабаларымыз өз ұрпақтарына аманаттап кеткен байтақ өлкемізге қатысты мәселеде өз үнімді қосуым перзенттік парызым болғандықтан жазған бұл мақаламды Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жоғарыда аталған баяндамасындағы халқымызға жігер бере арнаған батыл ойлы, парасаттылыққа толы сөздерімен аяқтағанды жөн көрдім.
«...Қазір кім не айтса да, біздің екіжақты келісімдермен бекітіліп, халықаралық деңгейде танылған шекарамыз бар. Енді оған ешкім дауласа алмайды».
Шаяхмет АЛЖАМБАЙ,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі